«Поэзия падишасы» Ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған



Дата03.12.2016
өлшемі75,34 Kb.
#3042



«Поэзия падишасы»

Ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған

әдеби-сазды кеш

Құрастырушы

ҚӘБ кітапханашы

Абильдинова Ж. К.


(Фанфарлар ойнайды, сахнаға  жүргізушілер шығады)

1 – жүргізуші: Армысыздар, қымбатты оқырмандар!

2 – жүргізуші: Қайырлы кеш, қымбатты қонақтар, жиналған қауым! Қазақтың сүйікті ақын қызы Ф.Оңғарсынованың құрметіне арналған  «Поэзия падишасы» атты әдеби – сазды кешіне қош келдіңіздер!

1 – жүргізуші:

Көңілді,жайлыкүнімді, 
Азапты қайғы мұңымды


Өзімменен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып

О, баста көріскенің үшін

Өлең, мен сені аялап өтем! деп толғаған Фариза Оңғарсынова бүгінде ортамыздан кетсе де, әдебиет әлемінде аты мәңгі сақталып қала беретін поэзияның өшпес жарық жұлдызына айналды.

2- жүргізуші : Иә, поэзияның биік шыңын бағындырған Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25-желтоқсанда Атырау облысы Новобогат ауданының  Манаш ауылында дүниеге келген. Әкесі еліне сыйлы, ашық-жарқын адам болған. Ол әкесіне арнап көптеген өлеңдер шығарған. Фариза әкесінен жастай қалып, анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Анасы көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, сұлу адам болған. Фариза анасы арқылы ертегі, аңыздарды кішкентайынан бастап құлағына құйып өседі.  Ақынның   бірнеше өлеңдеріне арқау болған- аналар тақырыбы.

1-оқушы:  «Перзент сөзі» өлеңі

 2-оқушы:   «Анама» өлеңі



1-жүргізуші: Фариза Оңғарсынова 1961 жылы Гурьев ( Атырау) педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, 1966 жылдан бастап мұғалім болып, содан кейін ауылдық мектепте директор болып, 1970 жылдан бастап  «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің, «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналының бас редақторларының қызметтерін  атқарды. Фариза өлеңдері 1958 жылдан басыла бастаған. Оған алғашқы назар аударған адамның бірі қазақтың ұлы ақыны, жастардың қамқоры Әбділда Тәжібаев еді. Ол Фаризаның алғашқы жырларынан-ақ оның бойындағы талантын танып, оны әкесіндей қолдады және ылғи да қадағалап, қуанып отырды. 

2-жүргізуші: Әркімнің туған жері, туған өлкесі бар. Туған жерге , туған елге деген махаббат әр адамның жүрегінен орын алады. Оған ақындар өлең жазса, сазгерлер ән арнаған. Сол сияқты Фариза да өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын өз өлеңдері арқылы бере білді.

«Ауыл десе , жайлайды жанымды үміт,

Сонда ғана атардай таңым күліп.

Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат

Мені мәңгі тартатын сағындырып...»деп туған ауылына деген махаббатын білдіреді.

1-жүргізуші: Фариза өлеңдері оқырмандардың жан азығына айналған қымбат дүние. Ол - мұғалім үшін тәрбие құралы. Көркемсөз майданында ақынға, жазушыға тән ерлік, батылдық, адалдық, ұлтжандылық, намысқойлық  сияқты адамгершілік - азаматтық қасиеттердің асқар биігінен көрінген ақын. Фариза жырлары кейінгі ұрпақты ар-намысқа, ерлікке, нәзіктікке, ананы, әкені, туған жер, адамзатты сүюге бастап апаратын ақ жол іспетті.

3-оқушы: «Туған жер» өлеңі

4-оқушы: «Туған ел» өлеңі

1-жүргізуші: Ақынның тұңғыш кітабы ол  «Сандуғаш» атты өлеңдер жинағы. Кейіннен «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Асау толқын» «Дауа» т.б өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара  жайлы «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудің бұлбұлымын» «Қарғыс» сондай-ақ «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Мүшәйра» т. б.   поэмалары жарияланды.

Өлең - өмір, өлең - сезім десек, сырлы лирикаға тән ерекшелік өмір құбылысын жүрек толқынысы мен шынайы тербеліс арқылы жеткізу болып табылады. Ендігі кезекті Фариза ақынның оқырман жүрегінен орын алған жырларына кезек береміз.



5-оқушы «Айша Бибі» өлеңі

6-оқушы . Жер мен адам» өлеңі

1-жүргізуші:

Фариза – үлкен ақын! Фариза, алдымен, лирик ақын![2] Ақындық әлемінің айшығы мен әшекейі де осы лирикасында жатыр. Лирика - әдебиеттің үш тегінің бірі және ежелгі жанр санатында бірегейі екендігі әлімсақтан белгілі. Ақын-лирик Ф.Оңғарсынова өлеңдеріндегі көпке таныс, ешкімге бас имейтін өзіндік дара мінезіді болды. Ақын түсінігінде поэзия патшалығы адамзат дамуы мен жеке адам психологиясына қызмет етер ерекше дүние.



7-оқушы: «Некелескім келмейді» өлеңі

8- оқушы «Мен саған ғашық емес ем ...» өлеңі

2-жүргізуші:

Жастар – жара түспеген жанына әлі


түсінгендей жанымды табынады;
менің асқақ әм мұңды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары...
Мен кешпеген дүние жоқ екенін

сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі, -деп Фариза Оңғарсынова өзінің келешек жастарға үлкен сенім артатынын білдірген.

Ақынның  беріліп, шабытпен кең жырлаған тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Ақын жырлары алғашқы сезімді, құмартуды, адамның басындағы кейбір сәтсіз сезімдер, біреуі сүйіп, екіншісі сүймеген , біреуі адал екіншісі опасыз сияқты құлап- жығылу сәттерін бейнелейді. Алғашқы махаббаттың алауына өртенген жастардың сезіміне, әсіресе қыз баланың алғашқы сезіміне ақынның махаббат лирикасы шипа ем, жанына дауа болары анық. Ақын сезім  жайлы мына өлеңінде:

Табынған боп, сүйген боп көндігер ем,

Көнер емес жүрегім сорлы денем.

Сыйлағаннан махаббат тумайды екен,

Сирек келер сезім ғой ол бір ерен,- деп жырласа,

Қыздардан ерлік қалған ба-

Құлай сүйсе де шектелген:

Сен алғаш сүйіп алғанда

Ашуланған боп кеткем мен.

Тыңдаушының сезімін баурап, махаббат жайлы әсем де әсерлі өлеңдер, сезім айдынындағы ғашықтардың назды сырына айналды. Фариза Оңғарсынова әйел тақырыбын  шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі. Оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғазиза Жұбановаға, күйші Дина Нүрпейісоваға, «Бибігүл - ән» жыры Бибігүл Төлегеноваға, «Назқоңыр» Роза Бағлановаға, «Жыр анасы» Мариям Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері Әлия мен Мәншүкке арналған. Оңғарсынованың көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған.



9- оқушы:   Аудармалар «Жыр жазамын» өлеңі

10- оқушы:  Ермагамбет Еламан 

11 оқушы:   Жасулан Мөлдір

2-жүргізуші:

Ф. Оңғарсынова- биік сезімнің ақыны. Оның көңіл-күй ырқына тез берілетіні, жаны тез жараланатыны да осыдан. Бүгінгі адам жанына , сезіміне оқыс әсер ететін жағдайлардың көптігі өлгендердің ғана жанын ауыртпайды. Фариза көңілін жайлаған адалдық, әсемдік, жақсылықты ғана мұрат тұтқан арман-тілек күнделікті өмір қайшылықтарымен үйлесімге келмейді де, ақын сезіміне кері әсер етеді.



1-жүргізуші:

  Фариза апамыздың өлеңдері әр тыңдаушының жүрегіне терең ой салып шабыттандырады. Қаншама жанды қара өлеңмен жұбатып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген сондай қайталанбас тұлға, поэзия падишасы ақын Фариза Оңғарсынова адалдық, намысқойлық, жаны да , ары да таза  ерлерге лайық биіктерде ғана көрінген ақын, қашанда сол биігінен көріне берсін дейміз.



2-жүргізуші:     Қадірлі қонақтар! Осындай жан дүниемізді байытатын , қиналғанда рухани байлығымызды кеңейтетін поэзияның падишасы болып, халықтың сүйікті ақыны болып жүрген, өмірін өлең деп ұққан, қазақ жырында өзіндік ақындық әлемінде өзіндік орны бар Фариза апамызға арналған кешіміз де өз мәресіне жетті.

2-жүргізуші: «Фариза» әні қосылады.

1-жүргізуші: Сіздерді кітап көрмені тамашалауға шақырамыз. Бұл кітаптарды А 4/1 аудиторисынан алуға болады.

2-жүргізуші:     Назар аударғандарынызға көптен – көп рахмет! Осымен әдеби – сазды кешіміз аяқталды.

1-жүргізуші: Қош сау болыңыздар!
ҚӘБ кітапханашы : Абильдинова Ж. К.

1 – жүргізуші: Жасулан Мөлдір Қаз Фил - 101

2 – жүргізуші: Мухитов Касымхан Қаз Фил - 101


  1. оқушы - Асылхан Болат ҚТМӘ -101

  2. оқушы – Сайлауова Фариза Қаз Фил -101

  3. оқушы - Жунусхан Даурен ҚТМӘ - 101

  4. оқушы - Жасулан Мөлдір Қаз Фил – 101

  5. оқушы - Балагазинова Айгерим Қаз Фил - 101

  6. оқушы - Амантай Мереке Жур – 101

  7. оқушы - Абишева Алина ҚТМӘ - 101

  8. оқушы - Жунусхан Даурен ҚТМӘ - 101

  9. оқушы – Ермагамбет Еламан Қаз Фил - 101

  10. Оқушы – Имашхан Акерке Қаз Фил - 201

  11. Оқушы –Қыдырғалиева Махаббат Қаз Фил - 101


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Жұмамұратова, С. Фариза өлендерінің тілдік ерекшелігі // Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте.- 2012.- № 2(37).- 16 б.

2.Мүтитегі З.Ж. Фариза Оңғарсынованың лирикасы: Оқу құралы .- Орал: БҚМУ РББ, 2002.- 188 бет. [3,4,33,34]

3. Дәрібаева А., Дүйсенова Р. Поэзия падишасы // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2012 .- №8. -110-113 б.

4. сайт: «Поэзия Падишасы» ..... www lada kz







Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет