Нұрсұлтан Назарбаев Қорының
студенттік шәкіртақысын беру ережелері
Жалпы ережелер
1. Бұл қағидалар жоғары және арнаулы орта (өнер және мәдениет) оқу орындарының күндізгі оқу бөліміндегі студенттерінің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметін көтермелеу мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының (бұдан әрі – Қор) студенттік шәкіртақысын беру тәртібін айқындайды.
2. Қордың шәкіртақысы байқау негізінде беріледі және жалпыға бірдей белгіленген шәкіртақылардан бөлек төленеді.
3. Қордың шәкіртақысы дербес, бір оқу жылына белгіленеді әрі маусым, шілде және тамыз айын қоспағанда ай сайын тек оқу кезеңінде (екі семестр) төленеді.
4. Шәкіртақының мөлшерін және санын Қор белгілейді.
2. Байқау іріктеуін өткізу тәртібі
5. Байқау іріктеуін Қор жүргізеді және байқау ережесі веб-сайтта жарияланады.
6. Байқауға Қазақстан Республикасының азаматы әрі төмендегі талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен арнаулы орта (өнер және мәдениет) оқу орындарының күндізгі оқу бөліміндегі студенттер қатыса алады:
1) ең кемі оқудың екі курсын сәтті аяқтағандар;
2) әрбір оқу жылындағы академиялық үлгерімі жоғары болғандар (үздік үлгерім);
3) қоғамдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысатындар.
4) республикалық, халықаралық фестивальдар мен байқауларда жетістікке жеткендер («Өнер және мәдениет» бағыты бойынша оқитын студенттер үшін).
Байқауға тиісті талаптарға сай келетін, тегін әрі ақылы негізде оқитын студенттер қатысуға құқылы.
7. Шәкіртақы тағайындау байқауы жыл сайын өткізіледі және екі кезеңнен тұрады:
1) Бірінші кезең жоғары оқу орындарында өздері белгілеген тәртіппен өткізіледі де қордың шәкіртақысына ұсыну үшін үздік студенттер іріктеледі (бұл оқу жылы аяқталғаннан соң екінші кезең басталғанға дейінгі аралықта өткізіледі);
2) Екінші (республикалық) кезең жоғары оқу орындары Қордың шәкіртақысына үміткер ретінде ұсынылған және байқауға қатысуға жіберілген студенттер арасында өткізеді (бұл әдетте шілде-тамыз айларында өткізіледі).
8. Байқау нәтижесі туралы ақпарат Қордың веб-сайтында жарияланады.
Қор шәкіртақысын тағайындау туралы тиісті келісім-шарт жасасу үшін стипендиат оқитын оқу орнының басшылығына жазбаша хабарланады.
Достарыңызбен бөлісу: |