Жер көшкіні(шөккіндер)
Гравитация күшінің әсерінен тепе-теңдікті сақтай алмай тау жыныстар массалары баурайдан төмен қарай сырғып барып орын ауыстыруы жер көшкіні немесе шөккіндер деп аталады. Бұл құбылыстардың бірнеше себептері болады. Көбіне ол табиғи немесе антропогенді себептер. Табиғи жолда шөккіндер баурайдың етек жағын су орып кетудің салдарынан құламаның тіп-тік жарға айналуынан, жауын-шашын және жер асты суымен аса ылғалдану себебінен жыныстардың босап кетуінен, жер сілкінісінің әсерінен де орын алады. Антропогенді (адамдардың шаруашылығына байланысты) себептерге баурайдағы баулар мен бақшаларды аса көп суару, жолдар жасағанда геологиялық жағдайларын есепке алмай топырақты алу, тағы басқа құрылыс және шаруашылық жұмыстарын жүргізуі жатады.
Көбіне шөккіндер көктем немесе жаз мерзімдерінде баурайдың еңкіші 20°-тан көп, және жоғарыда айтылған себептері жеткілікті болса кездеседі. Шөккіндердің артуына баурайды құраған материалдар (мысалы, құрамы құм-қиыршықты тасты болса) немесе сол бағытты жарықтар кесіп өтсе қосымша сеьепкер болады. Тау жыныстардың сырғуы баяу болуы да мүмкін, жылына бірнеше сантиметр шамасында. Аса ылғалданған балшықты жыныстардың шөккіні, тас, қар және басқа да материалдармен араласып жылжығанда, ол ірі апатқа, адам құрбандарына әкеліп соғуы әбден ықтимал. Өйткені дәл осындай жағдайда шөккіннің жылдамдығы өте биік, іс лезде өтеді. Ірі шөккіндер әдетте табиғи себептерден болып баурайларда 100-деген метрлерге созылады, олардың қалыңдығы 10-20 метрге дейін барады. Кейде шөккінге ұшыраған материал біртұтастығын сақтап жеке біртұтас дене сияқты қозғалады. Сырғыған жыныстардың көлемі миллион, керек болса миллиард текше метрді құрайды.
Әрине, шөккіндер құбылыстары осындай салмақтары мен жылдамдықтары арқылы адам өміріне, оның шаруашылығына қауіп төндіреді. Олар байланыс желілерін, туннельдерді, құбырларды, су бөгеттерді бұзып, ауыл шаруашылық алқаптарды, елді мекендерді жойып жібереді, ал кейде тау суларына бөгет болып тау көлдерінің пайда болуына әкеп соғады. Бұндай көлдер қашан болса да қауіпті, өйткені су жиналу барысында талай жерлерді басып кетеді, немесе ақырында көл тозып, бөгетті бұзып орасан зор топан суға айналады. Осы орайда бір мысал келтіріп кетсек, 1911 жылы Памир тауларында күшті жер сілкінісі болып, оның әсері үлкен шөккінді қоздырды, 2,5 млрд.м3 болпыр материал Мургаб өзенін тасалады да ұзындығ 54 км, тереңдігі 300 метр шамалас көлді түзді. Көл астында Усай, Сараз деген кишлактар мәңгіге қалды.
Әрине кенеттен басталатын шөккіндер аса қауіпті. Кейде жылжи бастаған шөккіндердің алғашқы белгілері көзге көрінеді – жердің бет жағында сызаттар пайда болуы, жол үстінің және жағалаудағы бекіністердің жарылуы, ағаштардың, телеграф бағаналарының қопарылуы. Жалпы, шөккіндер туралы мәліметтерді жинау олардың алдын алу үшін өте маңызды. Шөккіндерді айыра білсек олар ескі және осы заманғы, кішігірім дөңесті және ірі дөңесті, жыныстар блогы сырғанақтың үстімен жылжып шөгетін және опырылып құлайтын және тағы да басқа түрлеріне бөлінеді. Олардың зардабы айтарлықтай ауыр болғандықтан, олардан сақтануымыз тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |