Әрбір организм өз ата-аналарынан алған дайын гендер жиынтығымен туатыны белгілі. Бірақ тұқым қуу қасиетімен коса организмде өзгергіштік қасиет те болады. Өзгергіштік барлық тіршілік өкілдеріне тән қасиет. Организмдердің өзгергіштік касиеті негізінде жануарлардың, өсімдіктердің және микроорганизмдердің жаңа тұқымдарын алуға болады.
Өзгергіштік деп жаңа белгілерге ие болу немесе бұрынғы белгілерінен айырылу қасиетін түсінеді. Ол бір тұқымның алуан түрлілігінен көрінеді. Өзгергіштік тірі организмдердің тұқымқуалаушылық қасиетімен теңдес басты ерекшеліктерінің бірі. Ол тірі табиғаттың эволюциясы барысындағы бүкіл көп түрлілігіне негіз болғандықтан эволюцияның негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып табылады.
Өзгергіштіктің үлкен биологиялық маңызы туралы алғашқы жүйелі ғылыми пікір айтқан Ч. Дарвин болды. Ол тұқымқуалаушылық, өзгергіштік және сұрыптау (табиғи немесе қолдан сұрыптау) органикалық дүние эволюциясының негізгі үш қозғаушы күші екенін толық дәлелдеді. Ол өзгергіштіктің екі түрін айырды - а й қ ы н өзгергіштік - жеке түрлердің (индивидтердің) бір тобы екіншісінен белгілі бір айқын себептердің әсер етуінің салдарынан пайда болады.
Б е л г і с і з өзгергіштік - тек қана жекеленген түрлерге тән бір-бірінен айырмашылықтар болады. Дарвиннің пікірі бойынша осындай жеке организмдердің арасындағы ұсақ айырмашылықтар табиғи және жасанды сұрыптауға материал береді. Сонымен қатар, Дарвин өзара байланыстыру (коррелятивті) өзгергіштікке үлкен мән берген. Бұл байланыстыру организмдегі белгілердің өсіп-өну барысындағы өзара әрекеттесуінің нәтижесінде пайда болады.
Дегенмен, егер популяция аралық айырмашылық олардың тұқымдық ерекшеліктеріне байланысты болса, онда ол келешек ұрпаққа тарайды, яғни тұқым қуалайды. Егер айырмашылық сыртқы ортаның әсерінен (азықтандыру, күту т.б.) болса, онда осы себептердің әсері тоқталғаннан кейін, ол айырмашылықтар да тоқталады, яғни тұқым қуаламайды. Сондықтан, қазіргі көзқарас бойынша өзгергіштікті тұқым қуалайтын және тұқым қуаламайтын деп екіге бөледі.
Тұқым қуалайтын өзгергіштік деп нәсілдік қасиеттердің әсерінен (күшінен) туған, ұрпаққа берілетін, жануарлар мен өсімдіктердің жеке өмірімен ғана шектелген өзгергіштікті айтады.