Фазылжанова А.М.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты директорының орынбасары,
филология ғылымдарының кандидаты
ПРОФЕССОР З.М.БАЗАРБАЕВАНЫҢ ЕНБЕКТЕРІНДЕГІ ИНТОНАЦИЯ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТІҢ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ИНТОНОЛОГИЯСЫ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ тіл біліміндегі ең алғашқы елеулі еңбектердің бірі Қазақ грамматикасы болса, осы академиялық сипаттағы іргелі еңбектің мазмұнын байытып, бұған дейінгі Грамматикалардан сапалық тұрғыдағы үлкен айырмасын көрсетіп тұрған тараулардың бірі қазақ интонологиясы болды [1]. Бұл тараудың авторы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Фонетика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева. Профессор З.М. Базарбаеваның еңбектерінде алғаш рет қазақ интонациясы өз алдына тілдің жеке суперсегментті құрылымдық деңгейі ретінде автономды түрде зерттеліп, оның бірліктері – қазақ интонемалары, компонеттері мен параметрлері анықталып, қазақ интонациясын зерттеудің өзіндік әдістері белгіленді.
Қазақ интонациясы ғалымның еңбектерінен бұрын да зерттеу нысанына алынғаны белгілі, алайда ізденістер дені үзік-үзік болып, әрбір зерттеуші өзінің негізгі объектісіне қатысты ғана интонациялық құбылысқа сипаттама, анықтама беруге тырысты. Интонация турасында қазақ синтаксисі бойынша жүргізілген зерттеулерден мол дерек алуға болатын. Бірақ оларда интонация синтаксистік бірліктер беретін мағынаны ажыратуға қатысушы қосалқы құрал ретінде сипатталды, өз алдына жеке тілдік деңгей сияқты танылмады. Дегенмен де интонацияның сөздегі (речь), тілдегі қызметі мен орны туралы алғашқы білімдер осы сияқты жекелеген зерттеулердегі ізденістерден құралып жүйеленді.
Интонацияның тілдің сегментті бірліктерінің үстінен түсіп, өз алдына жүйе құрап, белгілі бір мағыналарды жеткізуші дербес функциялары бар, тілдік ұжымның санасындағы дыбыстық жүйеден бөлек құбылыс екендігі туралы алғашқы ғылыми түсініктер де болды.
Ең алдымен бұндай ғылыми білімдер жүйесі Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде берілді. Бір ерекше жайт, ХХ ғасырдың басында интонацияны зерттеу орыс ғылымында эксперименттік әдіске көшіп, тәжірибелік ізденістер нәтижелері көріне бастаған тұста қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы тәжірибе-құралсыз, көкіреккөзбен (интуиция) қазақ интонацияның басты ерекшеліктерін анықтап берген болатын. Мәселен, оның қазақ тілінің просодикасы (сөз әуезі) туралы ойлары интонацияны эксперимент арқылы зерттеудің алғашқы кезеңінде әртүрлі ғалымдар көтерген мәселелермен ұштасып жатты. Ахмет Байтұрсынұлының «тіл (лұғат) әуезділігі», оның ішінде «сөз әуезділігі», «сөйлеу әуезділігі» деп қарастырған құбылыстары қазіргі суперсегментті фонетикадағы «тіл просодикасы», «жеке сөз просодикасы» және «сөйлеу просодикасы» дегенге саяды. Мұндағы «тіл әуезділігі», сөз жоқ, интонологиямен, ал «сөйлеу әуезділігі» интонациямен байланысты құбылыстар [2].
Интонация тілде неғұрлым абстрактілі, неғұрлым жалпылама мағыналарды жеткізеді, оларға ойдың аяқталғандығы, аяқталмағандығы, сұрақ, хабарлау, леп сияқтылар жатады, сонымен бірге интонация сөйлеушінің көңіл күйінен хабар жеткізетін әсерлі құрал, ол қуаныш, реніш, таңдану, ашулану т.б. сияқты адамзатқа ортақ әмбебап эмоциялық жай-күйлерді білдіруде басқа тілдік құралдардан жоғары қызмет атқарады. Мұны профессор Қ.Жұбанов былай сипаттайды: «адамның көңілінің түрлі күйіне сөздің түрлі әні сәйкес келеді <...> Бұларды білдіруге арналған амалдық дауыс сазының да түрі көп кездеседі» [3].
Осы сияқты интонацияның басқа тілдік құралдармен селбесіп түрлі жалпы мағыналарды жеткізуші немесе синтаксистік бірліктердің безендірілуіне қатысушы сияқты грамматикалық қызмет түрлеріне арналған пайымдау, түсініктерді қазақ тіл білімінде С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, Т.Қордабаев, М.Балақаев, Т.Сайрамбаев, С Жиенбаев, Ш.Сарыбаев сынды ғалымдардың қазақ синтаксисі мен морфологиясына, пунктуациясына арналған еңбектерінен кездестіруге болады [4, 8-15].
Ал интонацияның табиғаты синтаксиске емес, фонетикаға қатысты құбылыс екенін айқындайтын еңбектердің дені 1965 жылғы А.Н.Нұрмаханованың түркі тілдеріндегі жай сөйлемдер типінің грамматикалық және интонациялық сипаттамасына арналған арнайы зерттеуінен [5] және 1969 жылы М.Г.Каспарова мен Ж.А.Аралбаевтың қазақ интонациясын зерттеу туралы жазған эксперименттік негіздегі тырнақалды мақаладан [6] бастау алды десе де болады. Сонымен бұл қатарды кейіннен Ж.Қалиев (1969), Ш.Әтенов (1972), Т.Кеншінбаев (1979), Ж.Өтесбаева (1990), Б.Мурзалина (1994) З.Базарбаева (1996), А.Фазылжанова (2000), А.Аманбаева (2006), Ж.Кеншінбаева, И.Баймұратова, Ә, және т.б. зерттеушілердің ізденістері толықтыра түсті. Осы қатарда профессор З.Базарбаеваның еңбегі қазақ интонологиясының дербес сала ретінде қалыптасуына негіз болды. Сонымен бірге ғалымның зерттеулері өзінен кейінгі ізденушілерге бағыт-бағдар көрсетті, оның өзіндік мектебі қалыптасты.
Профессор З.М.Базарбаеваның зерттеуі алғаш жарияланған жылдары, яғни ХХ ғасырды соңғы онжылдығында қазақ тіл ғылымында интерференция мәселесі төңірегінде көптеген жұмыстар жазылды. Ж.М.Өтесбаева өз еңбегінде қос тілді қазақтардың орыс сөзіндегі (в русской речи) қазақ тілінің просодикалық интерференциясын зерттеу жолдарын табуды мақсат етіп алып, қазақ мәтініне фонологиялық талдау жүргізіп, интонациялық конструкциялардың (ИК) толық жиынтығы мен олардың мағыналық мазмұнын анықтады [7]. Интонациялық конструкциялар әдісін Е.А.Брызгунова ұсынған. Ғалым орыс тіліндегі оның 7 түрін көрсетіп, төмендегідей анықтамасын береді: "Интонационная конструкция - тип соотношения тона, тембра, интенсивности и длительности звучащей речи, способный противопоставить несовместимые в одном контексте смысловые различия высказываний с одинаковым строением и лексическим составом или высказываний с разными синтаксическими строениями, но одинаковым звуковым составом словоформ" [8, 20]. Б.К.Мұрзалина тілімізде мұндай құрылымдардың бес түрін анықтап, оларды КИК (казахская интонационная конструкция) деп атауды ұсынады [9]. Е.А.Брызгунованың ИК-ларының шетелдіктерді орыс тіліне үйретудегі және ана тілінің орыс сөзіндегі (речь) интерференциясының алдын алудағы әдістемелік маңызы зор. Бірақ бұл әдістің қазақ тілі фонетикалық жүйесінің ерекшелікгерімен үйлеспейтіні, олардың жылжымалы, мағына ажыратқыш қызметтегі екпіні бар роман-герман немесе славаян тілдері үшін тиімді болғанымен, екпін орны тұрақты, сингармонизм заңдылығына бағынған сөз әуезі тән түркі тілдері үшін тиімсіз екені З.М.Базарбаеваның еңбегінде дәлелдi көрсетiлді. Сөйтіп, ғалым тіліміздің өзіндік ерекшелігіне байланысты қазақ интонациясын зерттеуде ұстанатын басты әдісті айқындап берді. Қазақ интонациясын зерттеуде құрылымның интонациялық центр, "постцентр" мен "предцентр" (Е.А.Брызгунова осылай көрсетеді) бөліктерін емес, интонациялық контурын тұтастай алып, глобальды түрде қарама-қарсы қоюға негізделген бағыт ұсынылды [10, 32]. Аталған әдістердің алдыңғысын екпіннің сөз ұйымдастырушы (словоорганизующий) қызметі бар тілдерде қолдану тиімді. Интонация бірліктерін анықтаудың глобальды әдісін қолдану тіліміздің сөзді біртұтас етіп тұратын сингармонизм сияқты ерекшелігімен түсіндірілді. Осы әдіске сүйеніп, жүйелі-функционалды бағыт негізінде релевантты акустикалық шамалардың (параметр) тұрақтылығына қарай профессор З.М.Базарбаева алғашқы болып тіліміздің сегіз инвариант интонемасын анықтады.
Қазақ интонациясының ең кіші бірліктерінің өзара айырым белгілерінің берілуі, элементтерінің көрсетілуі, басқаша айтқанда тұрпат межесінің айқындалуы әрі осыларға сәйкес мазмұн межелерінің, яғни функцияларының көрсетілуі – қазақ тіл біліміндегі бұған дейінгі интонация туралы ғылыми түсінікті кеңейтті, оның санадағы тілдің басқа жүйелері сияқты автономды құбылыс екенін және де табиғаты жағынан дыбыстық құбылыстарға, яғни фонетикалық деңгейге қатысты болғанымен, грамматикалық деңгей бірліктері сияқты белгілі бір мағынаны жеткізу арқылы таңбалық сипатқа ие екенін ашық дәлелдеп берді. Сөйтіп, интонемалар туралы алғашқы ғылыми білімдер жүйесі жасалып, сол арқылы интонация туралы ғылыми түсінік көкжиегі кеңіді. Сондай-ақ интонация бірліктерінің анықталуы арқылы саланың дербестігі әбден айқындалды. Қазақ интонациясының инвариант интонемаларының саны мен сипатының анықталуы қазақ интонологиясының дамуына алғышарт жасаса, бұл өз кезегінде осы инварианттардың вариант, вариацияларын анықтау бағытындағы жаңа ізденістердің туындауына жол ашты.
Мәселен, осымен байланысты ғалымның теориялық ұстанымдарына сүйеніп, әрі өзінің жетекшілігімен жасалған зерттеулерде интонация ең алдымен сөз (речь) аясында емес, тілдік деңгей ретінде қарастырылды. Егер оның тiлдiк деңгей ретiндегi қасиетiн ескермесе, ортақ тілдік ұжым мүшелерінің сөйлеуi барысында бiр-бiрiнiң сөзiндегi сегменттi бiрлiктердiң тiркесi арқылы жеткiзiле алмайтын сұрақ, хабарлау, бұйрық, түсiндiру, леп сияқы тағы да басқа универсалды қатысымдық категориялардың берiлуiн ажырата алуын қалай түсiндiруге болады? Әрине, әрбiр тiл иесi санасында, профессор З.Базарбаева көрсеткендей, сол тiлдiң просодикалық құрылымының инвариант бiрлiктерi сақтаулы, ажыратулы болатындықтан ажыратыла алады. Осыны интонацияның тiлдiк деңгей болуына негiзгi себеп ретiнде қарастыра отырып, ғалым қалыптастырған метептің өкілдері, ғалымның шәкірттерінің зерттеулерінде қазақ тілінің құрмалас сөйлемдерінің синтаксисте сараланған әрбір түрінің өзіндік интонациялық суреті болмайтыны экспериментті түрде дәлелденіп, сол арқылы интонацияның барлық жағдайда (құрылымдық) синтаксиске байлаулы емес екені көрсетілді, сондай-ақ глобальдық әдіс қолданыла отырып, екі синтагмалы сөз бөлігіндегі интонемалардың ара қатынасы қарастырылды, дайындықсыз сөйлеудегі интонацияның прагматикалық қызметі, функционалды стильдердің интонациялық безендірілуі, ондағы интонемалар, сөйлемнің коммуникативтік типтеріндегі интонемалар варианттарының көріністері, т.б. көптеген мәселе анықталды.
Ерекше айта кететін жайт, профессор З.М.Базарбаеваның зерттеулерінде интонема инварианттары сол кездегі озық Ресей фонологиялық мектептерінің әдіснамасы мен теориялық ұстанымдарына, тәжірибе жүргізу әдістемесіне сүйеніп анқыталғандықтан, объективтілігі күмәнсіз болды. Сондықтан да ғалымның зерттеулері жарық көргеннен кейін оларды негізге алмай, сілтеме жасамай кететін интонолог-зерттеуші кемде-кем болды. Сонымен бірге түркі тілдерінің просодикалық құрылымы ұқсас болғандықтан, ғалымның ұсынған қазақ интонациясын зерттеудің тиімді әдіснамасы мен интонациялық бірліктері туыстас басқа да тілдердің суперсегментті фонетикаға қатысты ізденістеріне арқау болды.
Сонымен, қорыта айтатын болсақ, профессор З.М.Базарбаеваның еңбектері қазақ интонациясы туралы ғылыми түсініктің жүйеленуіне, неғұрлым толық болуына, ал интонацияның қазақ тіл білімінде кенжелеп қалған саладан просодикалық элементтерден құралған инвариант бірліктері, олардың сөйлеудегі түрленімі – варианттары, зерттеу әдіснамасы мен әдісі, өзара жүйе құраған параметрлері мен тілдік әрі коммуникативтік функциялары бар еншісі бөлек, дербес сала ретінде қалыптасуына негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |