Пунктуацияның қолданылу тарихы
Пунктуация жазуда қолданылатын тыныс белгілерінің құрамын атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналарын және оларды қолдану ережелерін зерттейді. Пунктуация – латынның «пунктум» деген сөзінен алынған. Пунктумның мағынасы – нүкте. Қазіргі уақытта пунктуация тіл білімінің тыныс белгілері туралы, оларды қолдану ережелері ілім деген мағынаны білдіреді. Тіл дыбыстарының таңбалары сияқты, тыныс белгілері де графикалық шартты белгі болып табылады. Бірақ шартты белгі болғандарымен, атқаратын қызметтері жағынан да, қолданылатын орындары жағынан да бұл – екі бөлек категория. [2]
Әріп сөздің және оның формасының жеке дыбыстарын таңбалайды. Сондықтан ол - сөздің бір бөлшегі, жеке бір элементі болып есептеледі, де лексика мен морфологияға байланысты болады, яғни әрбір жеке сөзде қолданылады. Ал тыныс белгісі олай емес. Ол жеке дыбыс түгіл, тұтас сөзбен де беруге болмайтын күрделі ұғымды білдіреді. Мағыналарының күрделілігі жағынан алғанда, тыныс белгілері жазу тілінің көнерек заманында қолданылған пиктографиялық немесе идеографиялық белгілер тәріздес. Қолдану орны жағынан алғанда,тыныс белгілері, әріп сияқты, сөзде емес, сөйлеуде, сөйлемде қолданылады. Сөйлеудің, сөйлемнің қандай бөлшектерден құралғандығын, оларды қандай ырғақпен, қандай мәнермен, қандай сазбен оқу керектігін, қай жерде үзіліс, қай жерде кідіріс барлығын байқату қызметін атқарады. Сондықтан пунктуация сөйлеуге, сөйлемге, яғни синтаксиске, байланысты қолданылатын категория болып табылады.
Пунктуация, емле сияқты, дұрыс жазудың, жазылғанды дұрыс оқып, дұрыс түсінудің құралы. [10]
Пунктуация жазылған мәтіннің мазмұнын, негізгі ойды дұрыс түсінуге, оны мәнерлеп оқуға мүмкіндік жасайды. «Пунктуацияның негізгі қызметі – сөйлемді жазуда ойды беруге қатысты бөліктерге бөлуді нұсқау», - дейді С.И.Абакумов. Яғни пунктуация тілдің басқа элементтері сияқты жазуда ойды дұрыс беруге қызмет етеді. Пунктуацияны игеру – адамның сауаттылық мәдениетін арттырады. Мектеп оқушыларының тыныс белгісін еркін қоюын қамтамасыз ету үшін мұғалімнің пунктуациялық іскерлігі болуы тиіс. Ондай іскерлікті пунктуацияны оқыту оқыту әдістемесі қарастырады.
Пунктуация – адамдар арасында қатынас құралы қызметін атқаратын жазу тілінің маңызды бір саласы. Сондықтан жалпы тіл, қала берді жазу тілі сияқты, пунктуация да жалпы халықтық болып табылады. Оны қолдануда болсын, оқып тануда болсын жалпы халық таныған заң, ережелер басшылыққа алынуға тиіс. Олай болмаған жағдайда, пунктуацияның әрбір белгісінің мәнін, атқаратын қызметтері мен қолданылатын орындарын тануда, білуде жазушылар мен оқушылар арасында бірлік болмаған жағдайда, тыныс белгілері өзінің қатынас құралылық қызметін атқара алмайды. Егер ол жазу практикасында орныққан, көпшілікке танылған заң, ережелерге сай болмай, теріс қолданылса, оқуды, түсінуді жеңілдету былай тұрсын, қайта оны қиындатады, теріс ұғымның, теріс түсініктің тууына себепші болады.
Жазғанды, айтқан ойды басқалар қалай қабылдайды дегенді әр уақытта естен шығармаған жөн. [11]
Сөздерді дұрыс орналастырып айтпасақ, тыныс белгілерімен дұрыс бөліп жазбасақ, айтайын деген ойың теріс беріледі.
Пунктуация жазу тілінің дамуымен, әсіресе баспа ісінің дамуымен тығыз байланысты. Бірақ ол жазу тілімен бірге туып, әрдайым онымен қатар жасап келе жатқан категория емес. Тыныс белгісінсіз де жазу болған. Жазудың пикторграфиялық және идеографиялық түрлерінде жеке сөйлемге, жеке сөздерге сараланбай жүрген тізбекті жазу дәуірлерінде ешқандай тыныс белгісінің де және оған мұқтаждықтың да болмағандығы мәлім.
Тыныс белгісі – жазу тілінің жазу мәдениетінің, әсіресе баспа ісінің, дами түскен кейінгі дәуірінің жемісі. Баспаның өркендеуі, оның халық арасына тарап, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің көтерілуін, жазудың жалпыға бірдей ортақ заңдарға, ережелерге негізделіп, бір жүйеге келуін талап етеді. Жазылған пікір оқуға оңай, түсінуге жеңіл болуы үшін, түрлі ықшамды ұсақ бөлшектерге бөлу, әр бөлшектің бір-бірімен мағыналық қатынастарын көрсету қажеттіктері туады. Сол қажеттіліктен келіп, тыныс белгілері пайда болады. [10]
Жазу мәдениеті дамуының қазіргі сатысында тілдерде тыныс белгілерінің түрі де, атқаратын қызметтері де әр алуан. Бірақ солардың бәрі бір мезгілдің ішінде, бірден пайда бола қалған емес. Жалпы жазу тілі сияқты, тыныс белгілері де, оларға байланысты заң, ережелер де бірте-бірте дамып, жетіліп отырған. Алғашқыда тыныс белгілері жазылған пікірді әр түрлі мәнді бөлшектерге бөліп тұру функциясында ғана қолданылған. Сонымен бірге, олар түр-тұрпаты жағынан да, қызметі жағынан да қазіргі тыныс белгілерінен өзгеше болған. Орыс тілі пунктуациясын зерттеген ғалымдар орыс тілінің қолжазба түрінде сақталған ертеректегі жазу нұсқаларында сөйлеудің әрбір мағыналы бөлшектерінен кейін, көбінесе жеке сөздерден кейін, нүкте немесе бірнеше нүктеден құралған ромбик, қос нүкте тәріздес түрлі белгілердің қойылғандықтарын және олардың өздері де белгілі бір заңға, ережеге негізделмей, еркін қолданылатындықтарын айтады. Дәл осы тәріздес жағдай түркі тілдерінің көне замандардан қалған жазу ескерткіштерінде де кездеседі. [11]
Қазіргі заманда тілдерде кездесетін тыныс белгілеріне тән тағы бір қасиет – олардың интернационалдығы.
Тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да тілдердің басым көпшілігінде біркелкі болып келеді.
Қазақ тілінің пунктуациясы кенжелеп туып, кеш дамыды. Октябрь революциясына дейін белгілі бір жүйеге келтірілген, көпшілікке танылған пунктуациялық заң, ережелер болған жоқ. Ол уақыт үшін пунктуациялық ережелердің болмауының өзі де табиғи нәрсе еді. Өйткені тыныс белгісі баспасөз үшін керек. Ал пукнтуацияның тууына, оның дамуына ең бірінші қажеттілік болып табылатын баспасөз Қазақстанда тек совет дәуірінде ғана етек алып дами алды. Респуликамызда баспасөздің дамуы, оның бүкіл халық илігіне айналып, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің, сауаттылықтың шешуші бір саласы болып табылатын пунктуация мәселесін ғылыми негізде қалыптастырып реттеу міндетін қойды. [10]
Қазақ тілінің қазіргі графикасында, баспасөз тәжірибесінде ғылыми негізде қалыптасып орныққан, тұрақты жүйеге келтірілген әрқайсысының қолданылатын орындары, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары айқындалған тыныс белгілері бар. Құрамы, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары жағынан қаза тілі графикасындағы тыныс белгілерінің басқа тілдерде қолданылатын тыныс белгілерінен ешқандай өзгешелігі жоқ. Яғни тыныс белгілеріне тән
П.М.Мелиоранскийдің 1897 жылы шыққан «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген кітабында мысалдарға қойылған тыныс белгілері мынадай түрде болып келеді: Қысқа бақай, тар мықын, кебеже қарын, кең құрсақ... тарланым; Битке өкпелеп тоныңды отқа салма; Жігіт айтты: атын байлайтқғын болмасын.
В.Катаринский 1897 жылы шыққан «Грамматика киргизского языка» деген еңбегінде мынадай сөйлемдер келтіреді: «Орысша сөйлей білсек, бәрін де айтар едім. Бір жол бар – жақын, жақын болса да алыс. Әуелі ойла, сонын соң істерсің. Бұл мысалдардан П.М.Мелиоранский мен В.Катаринскийдің қазақ тілі грамматикаларында да тыныс белгілерінің бірсыпыра түрлерінің кездесетіндігі көреміз. Дегенмен, мұнда да пунктуациялық жүйе сақталынбайды.
1915 жылы шыққан «Жазу қағидалары» деген кітапшада тыныс белгілерінің қолданылуы туралы ережелер берілген. Онда тыныс белгілерінің жеті түрі ғана аталып, олардың әрқайсысына берілген ережелерге мысалдар келтірілген. Леп белгісі «дауыс ишараты» деп, сызықша мен жақша және көп нүкте «ишарат» деп, тырнақша «екі ишарат» деп аталады. [12]
Бұл келтірілген мысалдардан XIX ғасырда және XX ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс белгілері дұрыс, жүйелі түрде қолданылмаса да, таңбалардың элементі мен оларды пайдаланудың алғашқы тәжірибесі көріне бастағанын аңғартады, екіншіден, қазақ тілі пунктуациясы жүйелі, ғылыми негізде Ұлы Қазан социалистік революыиясынан кейін ғана орыс тілі пунктуациясы үлгісін басшылыққа ала отырып, қалыптаса бастады деген пікірімізді толық дәлелдей алады.
Орыс алфавитіне көшкен кезде, кейбір қазақ тілі мамандарының «Жазуда тыныс белгілерін дұрыс қоя білу керек, осы уақытқа дейін жұрттың бәріне бірдей заң болатындай тыныс белгілерінің ережелері жоқ, қазір қазақ халқы орыс алфавитіне көшір отырғанда, жазуда үлкен маңызы бар тыныс белгілерін дұрыс қоя білу мәселесін де осы бастын қолға алу керек» деген сияқты баспасөз бетіндегі пікірлері де қазақ тілі пунктуациясына назар аударып, оны жазудың көмекші құралы ретінде тануға түрткі болғандығы сөзсіз.
Қазақ тіліне ғана емес, басқа түркі тілдерінің жазуларындағы тыныс белгілерінің қолданылуына да орыс тілі тыныс белгілері игілікті әсер етті.
Түркі тілдері Қазан революциясынан кейін де біраз уақыт тыныс белгілерін ешбір ережесіз қолданды. Тіпті қазіргі уақыттың өзінде кейбір тыныс белгілері орыс текстерінде де солай қойылып жүр. Мысалы, бұрын жалпылауыш сөздерден соң қос нүкте қойылушы еді. Кейінгі уақытта жалпылауыш сөздерден соң сызықша қойылып келеді. Қазақ жазуындағы бірыңғай мүше алдындағы қос нүкте орнына қойылып жүрген сызықша орыс пунктуациясының әсерінен екендігі айқын. Демек, қазіргі қазақ тілінде тыныс белгілері бірыңғай мүше алдынан осылай екі түрлі болып келсін деген ережелерді кездестіре алмаймыз. [12]
Қазақ тіл білімінде пунктуация мәселелерінің зерттелу тарихын баяндағанда, тыныс белгілері жөнінде жазылған азды-көпті еңбектерді негізгі үш салаға бөліп қарауға тура келеді: тыныс белгілері туралы жазылған жеке мақалалар; тыныс белгілерінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда баяндалуы; тыныс белгілеріне арналған жеке кітапшалар және олардың жетістік жақтары мен кемшіліктері.
Қазақ пунктуациясының тарихы бойынша жазба текстердегі алғашқы тыныс белгілері – дауыс үзілістері. Дауыс үзілісінің өзі текстегі мағынаға қарай әр түрлі айтылады., яғни сөйлемдегі сөздердің арасында кідіріс түрліше болады. Ол кідіріс әрбір сөзден, сөз тіркесінен не сөйлемдерден кейін бірде аз, бірде көп тоқтауды қажет етеді. Бірақ олардың бәрі тыныс белгісі арқылы белгілене бермейді.
Сөйтіп, қазіргі қазақ тілі тыныс белгілерінің зерттелу тарихына көз жібергенде, біріншіден, тыныс белгілерінің көптеген мәселелерін зерттеп, өздерінің үлестерін қосқан қазақ ғалымдары аз емес, бірақ дегенмен де пунктуациялық теория және практикалық мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешу аса зор еңбекті қажет етеді. [13]
Біздіңше, тыныс белгілерінің қалыптасқан мынадай терминдерін қолданған жөн: нүкте, көп нүкте, қос нүкте, үтір, нүктелі үтір, сызықша, тырнақша, сұрау белгісі, леп белгісі және жаңа жол (немесе абзац).
Тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы да кездеседі. Мысалы, кейде дефис пен сызықша бір көлемде қойылады. Бұдан мағынаға онша нұқсан келмейді. Бірақ дефистің морфологиялық белгі екендігін айыру керек. Тыныс белгісіне кірмейтін морфологиялық дефис сызықшаның жарты сызығындай ғана көлемде қойылуға тиіс. Осы тәрізді, тырнақшаның алғашқы сыңарын тырнақшаға алынатын сөздің я сөйлемнің бірінші сөзінің төменгі жағынан ашудың орнына, оны сөздің жоғырғы жағынан ашып, екінші сыңарын тырнақшаға алынған сөздің я сөйлемнің соңғы сөзінің нүкте қойылатын жерінен төменірек қоюшылық бар. Мысалы: «Мүмкіндік», «реальность» дегенді мен де білемін дегенде тырнақшаның бірінші сыңары жоғары қойылмай, «мүмкіндік» сөзінің төменгі жағынан, ал екінші сыңары сөздің жоғарғы жағынан қойылады. [14]
Жазба түрде берілген ойды қағазға айқын түсіру үшін, ойымызды екінші біреуге жазба түрде дұрыс айтып беру үшін, әрбір дыбыстарды, әрбір тыныс белгілерін орын-орнына қоя білуіміз керек. Орфография мен пунктуацияны білмейінше, сауатты жазу мүмкін емес.
Пунктуацияны дұрыс қоя білудің бір критерийі – интонация болып табылады. Мұнсыз ешбір мағына айқындығы болмайды. Пунктуация жазу тіліміздің құралы болса, интонация – ауызекі тіліміздің құралы. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Сөйлеген сөзіміз екінші біреулерге түсінікті, құлаққа жағымды болу үшін, сөздерді мәнеріне келтіріп айта біліп, тыныс белгісі дұрыс қойылған текстерді айқын етіп оқи алатындай болуымыз керек, өйткені бір сөйлемді әр түрлі интонациямен оқу салдарынан сол сөйлемнен әр түрлі мағына туады, яғни адамның шындыққа, әр түрлі оқиғалар мен құбылыстарға қалай қарайтындығы сөйлеу интонациясынан аңғарылады. Қысқасы, сөйлеу интонациясы жазуда пунктуация арқылы беріледі. [15]
Достарыңызбен бөлісу: |