ҚР ҰҒА академигі А. М. Ғазалиевтың редакциясымен



бет5/9
Дата15.11.2016
өлшемі2,01 Mb.
#1805
1   2   3   4   5   6   7   8   9
А.Е. Даниярова,

Қарағанды мемлекеттік техникалық

мемлекеттік университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының

доценті, т.ғ.к.,

e-mail: aina171173@mail.ru



ДАНИЯРОВ А.Н. – КӨРНЕКТІ ПЕДАГОГ, ҒАЛЫМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАУ-КЕН КӨЛІГІ МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев, еліміздің Үкіметі, барлық деңгейдегі әкімдіктер тарихи естелікті қайта жаңғырту, жоғалтқан дәстүрлерімізді қалпына келтіру, мәдениет пен руханият мәнділігін мойындау жөнінде көп істер жүргізуде. Мемлекеттік мәдени саясаттың маңызды бөлігі Отанымыздың көрнекті қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын қорғау және пайдалану болып табылады, олардың өмірді сипаттау призмасы арқылы өздері басты қатысушылары болған тарихи оқиғаларының маңызын анағұрлым терең ашуға болады. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық прогресі зияткерлік әлеуеттің болуына байланысты, ал еліміздің болашағы білім мен ғылымның дамуына тікелей байланысты. Осыған орай, бұрынғы буынның тәжірибесін бағалау қажет.

Қазақстан білімінің ХХ ғасырдың 60-80 жылдары қарқынды дамуы бірқатар ірі ғалымдардың қызметімен анықталды, олардың арасында техника ғылымдарының докторы, Қарағанды политехникалық институтының профессоры Асылхан Нұрмұхаметұлы Данияровтың – кеңестік және қазақстандық талантты ғалымның, тау-кен көлігі ғылыми мектебінің жетекшісінің, Қазақстан білімі мен ғылымының көрнекті ұйымдастырушысының тұлғасы сол кезеңнің бүкіл жасампаз жұмыстарында айрықша көрінеді.



Асылхан Данияров 1935 ж. 10 тамызда дүниеге келген (арнайы құжаттарда туған жері Қарағанды облысы Нұра ауданы Казгородок ауылы деп көрсетілген). Оның әкесі Нұрмұхамет Данияров жеке кәсіпкер болып, Ақмола уезінде ғана емес, сондай-ақ барлық облыс бойынша кеңінен танымал атасы Данияр мен әкесі Қызметбай негіздеген істі жалғастырады. Ақмола ұзақ уақыт бойы Сібірді Орта Азиямен және Батыс Қытаймен байланыстыратын ежелгі сауда жолдарының торабында жүк тиейтін бекет болып келді. Қаланың орталық алаңында Қонақ үйлер қатарында сауда үйлері мен дүкендер болды, олардың бірі Данияр мен оның ұрпақтарына тиісті болатын.

Октябрь революциясының салдары байлар мен дәулетті шаруашылықтарды жою, орта шаруалардың жерін, мал-мүлкін тартып алу, мемлекет пайдасына барлық материалдық «артығын» экспроприациялау болды.

Бұл тағдыр Нұрмұхамет Данияровқа да жазылды. Отбасын қалай да асырау үшін Нұрмұхамет жақын жердегі Казгородок ауылына жылқышы болып орналасады. Таяу арада сол жерге өз үй-ішін көшіріп алады. 40-жылдардың басында Данияровтар Қарағанды қаласына көшіп келеді. 1946 ж. Асылхан Нұрмұхаметұлының анасы Ауа бала туысымен қайтыс болады, жаңа туған егіз нәресте тұрақтамайды. Шаруашылықтың, інісі мен сіңлілерін тәрбиелеудің барлық ауыртпалығы Асылханның әпкесі Мараштың иығына түседі.

1953 ж. Асылхан Данияров Жамбыл атындағы № 7 қазақ мектеп-интернатын үздік бітіреді де, күміс медальмен марапатталады. Үздік кәмелеттік аттестат еліміздің кез келген ЖОО емтихансыз түсуге мүмкіндік береді. Күнделік жазбаларда А.Данияров: «Ломоносов атындағы ММУ, Бауман атындағы МЖТУ, адмирал Макаров атындағы Жоғарғы теңіз училищесіне түскім келді, ал құжаттарды И.В.Сталин атындағы Мәскеу тау-кен институтына (ММИ) жібердім. Бұған Еркін Омаржановтың әкесі (мектептегі досым А. Данияровтың әкесі) көндірді. Кенші, ақша көп, студенттік киім, ол кезде көмірлі Қарағанды дүрілдеп тұрған болатын. Мені де, Еркінді де МТКИ тау-кен факультетіне, «Пайдалы қазбалардың кен орнына жұмыс жүргізу» мамандығына алды» - деп жазады.

1953 ж. шілдеде кенеттен әкесі қайтыс болады. Мәскеудегі оқу жоспарының бәрі бұзылады. Сол жылы Қарағандыда тау-кен институты ашылады. Халыққа білім беру облыстық бөлімінде Асылхан Данияровқа оның орта мектепті үздік бітіргені туралы анықтама береді. Осы ресми қағаздың негізінде оны шартты түрде (Мәскеу тау-кен институтынан құжаттары келгенше) Қарағанды тау-кен институтына алады.

Өзінің естеліктерінде А.Н. Данияров былай дейді: «Институт ғимараты жоқ. Алғашқы сабақтар тау-кен техникумында, бірқатар орынжайларда өткізілді. Сосын Бейбітшілік бульвары, 22-үйден 4 қабатты ғимарат берді. Міне, мен де студентпін. Бірінші ректор бұрын ММИ доцент болып істеген Нұрмұхамедов Жүніс Қадырбайұлы болып тағайындалды. Бір деканат, деканы – П.И.Кирюхин. Біздің алғашқы оқытушыларымыз: математикадан – Ш.У.Кан, сызба геометриядан – Брынза, теориялық механикадан – Б.И.Халепский, шетел тілінен - Л.Л.Тимохина. Үш топ - электр механиктері, кенші-технологтардан бес топ. Мен - топ комсоргымын. Бейбітшілік бульвары, 22-үйде оқимыз, дәрісханаларды жөнге келтіреміз, жер төле орынжайларында дәрістер тыңдаймыз, шаңғы тебеміз. Бейбітшілік бульвары қысқа, сайларға толы, бір көшеден кейін тұтқындар тоқыма фабрикасын салып жатыр».

1957 ж. 2 маусымдағы «Социалистическая Караганда» газетінде «Қарағанды тау-кен институтында емтихандар жүріп жатыр» атты жазба жарияланды, жазбада студент Асылхан Данияров туралы айтылған: «... есіктің арғы жағында емтихан жүріп жатыр. Оның маңынан студенттер аяғының ұшымен жүруге тырысуда, алайда бұл оларға сол жердің өзінде-ақ талас тудыруға, оқып үлгермеген беттерін қатты күбірлеп оқуға, әбігер тудыруға кедергі бола алмауда. Ақырында есік айқара ашылып, достары бір сәтте Асылхан Данияровты қаумалап қоршап алған.

- Қалай?


Асылхан сәл ұяла, сиясын кептіру үшін, сынақ кітапшасын бұлғайды.

- Әрине, бес! – деп жауап береді ол үшін біреу.

Кенші электр механиктерінің 3-тобы бүкіл төрт жыл ішінде Асылханның бұлжымайтын бестігіне үйренген. Осы сессия да ол үшін сондай табыспен өтуде: сынақ кітапшасына төрт үздік баға қойылып үлгерген».

Институтты аяқтағаннан кейін, Асылхан Данияров тау-кен инженер-электр механигі мамандығын алып, 1958 жылдың қыркүйегінен бастап 1959 жылдың мамырына дейін № 019 Новая шахтасында тау-кен шебері болып жұмыс істейді. 1959 ж. мамырынан 1960 жылға дейін электр темір ұстасы, сосын Сталинуголь № 1 тресінің Орталық электр механикалық шеберханаларында механик болады.

Сол жылдары КСРО-да тау-кен өнеркәсібі қарқынды даму үстінде болды, өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылысы қанат жайды, осыған орай жоғары біліктіліктегі мамандарды – кеншілерді дайындау мен одақтас республикаларда кәсіби ұлттық кадрлар үлесін арттыру қажеттілігі бірден артты. Қарағанды көмір бассейні үшін бұл мәселе бірінші кезекте тұрды. Асылхан Данияровқа Мәскеу радиоэлектротехника және тау-кен электр механикасы институтының сырттай оқу аспирантурасына түсуге ұсыныс жасайды.

Аспирантурада оқыған кездерінде (1961-1964 жж.) өзіне ғана сенуіне тура келеді. Материалдық көмек күтетін жері жоқ. Әпкесінде бұл кезде өзінің үлкен отбасы - бес баласы болды. Аспирантураның алғашқы жылдарында тұратын орын мәселесі туындайды, институт жатақханаларында орын жетпейтіндіктен, А.Данияровтың Мәскеуде бір бөлмені жалдап тұруына тура келеді. Таяу арада жатар орын мәселесі шешіліп, оған жатақханадан орын бөлінеді, көршісі ретінде шетелдік азаматты – египеттік ірі магнаттың ұлын орналастырады. А.Данияровты жатақханаға орналастырмас бұрын, оны институттың партия комитетіне шақырады да, «капиталистпен» қарым-қатынаста қырағылық танытуды міндеттейді. Ешбір материалдық қиындықтар мен мәселелерге қарамастан, бір ғана аспирант стипендиясымен жүріп, 1965 жылы мамырда А.Данияров өзінің аспирант-жолдастарының бірі болып, профессор А.В.Андреевтің жетекшілігімен «Қуатты таспалы конвейерлер жетегінің жұмысы кезінде таспа мен барабанның өзара әрекетін зерттеу» тақырыбына кандидаттық диссертациясын табысты қорғайды.

Аспирантурада оқып жүрген кездерінде де, одан кейін де, ғылыми-педагогикалық қызмет еткен жылдарында да Асылхан Нұрмұхаметұлы Данияровтың кәсіби көзқарастарының қалыптасуына, оның ғылыми бағытын таңдауына КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, Мәскеу тау-кен институтының (қазір – Мәскеу мемлекеттік тау-кен университеті (ММТУ)) профессоры - шахта және карьер көлігінің, тау-кен ісіндегі механикаландырудың маңызды бағыттарының бірінің негізін салушы Александр Онисимович Спиваковский; ҚазКСР ҒА академигі, Қазақстанның тау-кен ғылымындағы ірі ғалым, ҚарПТИ-дің тұңғыш ректоры Әбілқас Сағынұлы Сағынов және Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері, техника ғылымдарының докторы, ММТУ профессоры Григорий Иванович Солод зор ықпал етеді.

1964 ж. сәуірінен бастап А.Н.Данияровтың ғылыми, педагогикалық, ұйымдастырушылық және инженерлік қызметі оның өмірінің соңына – 1993ж. 2 наурызға дейін Қарағанды политехникалық институтымен байланысты болды. Ол мұнда 25 жыл бойы (1968-1993 жж. аралығында) өнеркәсіптік көлік кафедрасын басқарды, 17 жыл бойы (1970-1987 жж. аралығында) кешкі және сырттай оқу жөніндегі проректор болып қызмет етті.

Еліміздің ірі техникалық ЖОО бірі - Қарағанды политехникалық институты барлық бұрынғы Одақ өнеркәсібінің мүддесіне қызмет етті. Бұл жағдай онда қызмет еткен инженерлердің, кенші-ғалымдардың ғылыми көзқарастарына ықпал етіп, оларды кең техникалық көзқарастармен сусындатты.

Асылхан Нұрмұхаметұлы тамаша қабілетін терең және мол білімімен тоғыстыра отырып, өзінің ғылыми қызметін тау-кен ісінің өзекті мәселелерінің бірі – еліміздің тау-кен өндіру көлігінің арнайы құралдарын зерттеу мен жасауға арнайды. 1984 ж. А.Н. Данияров көп жылдар бойы жүргізген зерттеулер нәтижесінде Мәскеу тау-кен институтындағы мамандандырылған кеңесте «Тасты тау жыныстарына арналған күрделі трассалы карьер конвейерлерінің пайдалану және конструкциялық параметрлерін зерттеу және бекіту» тақырыбына техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне іздену диссертациясын табысты қорғады. КСРО Министрлер Кеңесіндегі Жоғарғы аттестациялық комитеттің 1986 ж. 27 маусымдағы шешімімен оған техника ғылымдарының докторы дәрежесі берілді.

Профессор А.Н. Данияровтың ғылыми және ұйымдастырушылық қызметінің ерекшелігі ғылыми қызметкерлер мен өндірісшілерді біріктіруі, оларды өнеркәсіптің маңызды мәселелерін шешуде жұмылдыра білуі болып табылды. Практикамен үнемі байланыста болуы оның зерттеуші-ғалым ретіндегі негізгі қасиеті болды. А.Н. Данияров жедел даму үстіндегі тау-кен техникалық білімінің қажеттіліктерін ескере жүріп, құнды-құнды: «Тасымалдық машиналар мен кешендер» және «Ашық кен орындарындағы конвейер көлігі» (1975 ж.); «Өнеркәсіптік көлік құралдарының сенімділігі» (1978 ж.); «Толассыз көлік құралдарын таңдау негіздері» (1980 ж.); «Өнеркәсіптік көліктің арнайы түрлері» (1981, 1983, 1984 жж., С.К.Малыбаевпен бірлескен); «Климаттық жағдайларды ескере отырып, карьерлер жабдықтарын таңдау» (1985 ж., В.Н.Кучинмен бірлескен); «Күрделі тасымалдық жүйелер динамикасы мен статикасы» (1986, 1987 жж., З.Т.Ақашевпен бірлескен) оқу құралдарын жазады.

А.Н. Данияров ұзақ уақыт бойы (1975-1993 жж. аралығында) КСРО ЖОО министрлігі ғылыми-әдістемелік кеңесі мен Ресей Федерациясы өнеркәсіптік көлік жөніндегі мүшесі және «Жоғары оқу орындарының хабарлары» сериясы бойынша «Горный журнал» журналының редакциялық алқасының мүшесі болды.

Көптеген жылдар бойы профессор А.Н. Данияров өнеркәсіптік көлік кафедрасында атқарылатын мемлекеттік бюджет және шаруашылық келісім-шарт жұмыстарының ғылыми жетекшісі болды. Оның жетекшілігімен жасалған ғылыми ұсыныстар өндіріске табысты енгізілді. Олар 200-ден астам ғылыми жұмыстар жариялады, өнертабысқа 40 авторлық куәлік алынды, жалпы алғанда 14 оқу құралы және 18 оқу-әдістемелік әзірлеме дайындалды. Көп жылдар бойы жүргізген зерттеулер нәтижесі бойынша (академик Ә.С. Сағынов және профессор З.Т.Ақашевпен авторлықта) – «Карьерлік пластинка тәріздес конвейерлерді жобалау және есептеу негіздері» атты ғылыми монография дайындалып, шығарылды, ол Қазақ КСР «Наука» баспасынан 1984 ж. жарық көрді. 1993 ж. Мәскеудің «Транспорт» баспасынан А.Н.Данияров пен оның алғашқы аспиранты – қазіргі кезде өнеркәсіптік көлік саласындағы жетекші мамандардың бірі, профессор, техника ғылымдарының докторы С.Қ. Малыбаевпен бірлесіп жазған «Өнеркәсіптік көліктің арнайы түрлері» атты оқулық басылып шығарылды.

Профессор А.Н. Данияровтың кітаптары мен оқу құралдары зор рөл атқарды. Ол бойынша тау-кен инженерлік факультеттерінің бірнеше буыны оқып келеді, оның еңбектерін қазір де пайдалануда. Ғалымның күші - өзінің болашақ идеяларын қаншалықты кеңінен таратып, өз шәкірттерінің ғылыми көзқарастарының қалыптасуына ықпал ете алатындығында. А.Н. Данияровтың ғылыми мектебі – бұл кітаптар, оқу-әдістемелік дайындамалар мен мақалалар, ізбасарлары (оның ғылыми жетекшілігімен 20-дан астам кандидаттық диссертация қорғалды) мен тәлімгердің ісін жалғастырушылар. Бүгінгі күні ҚарМТУ профессоры С.Қ. Малыбаев басқаратын өнеркәсіптік көлік кафедрасы университет профессорлары - З.Т. Ақашев, А.Н. Дедов, Т.К. Балғабеков, доценттері - Н.А. Данияров, Т.У. Сәрсембаев, А.З. Ақашев, Б.Б.Тоғызбаева сияқты белгілі ғалымдары мен педагогтары және басқа да көптеген жоғары біліктілікті мамандары бар жетекші шығарушы кафедралардың бірі.

А.Н. Данияров 30 жылдай ғұмырын ғылыми-педагогикалық қызметке арнады және осы жылдары жүздеген тау-кен инженер-механигін даярлады. Оның шәкірттерінің арасынан тау-кен өнеркәсібінің бірталай ірі қайраткерлері мен ғалымдары шықты. А.Н. Данияровтың педагогтық дарыны туралы айта отырып, олар оның дәрістері керемет қызықты болғанын айтады, оларды мазмұндаудың қарапайымдылығы мен материалдың зор мәнділігімен үйлесуіндегі оның қисындылығы мен құрылысының түзулігі ерекше еді. Асылхан Нұрмұхаметұлы ғылыми кадрлар даярлау бойынша және аспиранттардың жетекшісі, ғылыми және диссертациялық кеңестердің мүшесі немесе диссертация қорғау кезіндегі арнайы оппонент ретінде үлкен жұмыстар атқарды.

А.Н. Данияровтың көп жылғы шығармашылық жұмысы ғылым мен техникада үлкен із қалдырды. Оның шәкірттері мен ізбасарлары арасында ғылым докторлары мен кандидаттары, инженерлер мен ғылыми қызметкерлер бар. Профессор А.Н.Данияровтың ғылыми мектебінің өкілдері - С.Қ. Малыбаев, Т.Н. Бекенов, К.О. Оразов, Ж.М. Қуанышбаев, К.А. Омаров, И.И. Тазабеков сияқты белгілі ғалымдар, профессорлар, техника ғылымдарының докторлары; Т.Х. Хайруллин, А.А. Нәсіпқалиев, К.Г. Кәрімов, В.Н. Кучин, Н.Г. Горшкова, А.В. Рожков, Н.Т. Сағынтаев сияқты техника ғылымдарының кандидаттары, талантты, өкінішке орай өмірден ерте кеткен С.М. Әдекенов және т.б. Олардың бәрі Асылхан Нұрмұхаметұлының ғылыми жұмыстарды бағалауда жоғары талап және принциптілік байқататынын, бірақ бір мезетте жас ғалымдармен өзінің мол тәжірибесін және ақыл-кеңесімен бөлісуге, олардың диссертациялық зерттеулеріне көмек беруге тырысатынын айтады. «Табиғи дарындылық, ұйымдастырушылық қасиеттері, техникалық интуиция, айрықша теориялық білімдері – осы қасиеттердің бәрі А.Н.Данияровты іскерлік тұрғыдан анықтайды. Бір мезетте онда басқасы да – зор адамгершілік болды», - дейді академик Ә.С. Сағынов.

Өзінің қолжазбаларымен, өз шәкірттерінің, аспиранттарының ғылыми еңбектерімен күнделікті көп сағаттық жұмыстары, еңбектену, шығармашылық, тапсырылған іске жоғары жауапкершілік оның өмірінің басты мазмұны болды. Өзінің мол білімділігімен, үлкен мәдениеті және эрудициясымен, адал ниеттілігімен өзіне әр түрлі адамдарды тартатын.

А.Н. Данияров шығармашылық күшінің толысқан шағында, 58 жасында қайтыс болды. Қазақстан Республикасының Білім министрлігі Аппараты, Қарағанды облысының әкімшілігі, бұрынғы Одақтың бүкіл ғалымдары, олардың ішінде: Мәскеу және Санкт-Петербург мемлекеттік тау-кен университеттерінің, Тула және Солтүстік Кавказ мемлекеттік техникалық университеттерінің, Урал тау-кен институтының, Ростов на Дону қаласының техникалық университетінің, Қазақ политехникалық университетінің (қазіргі кезде – Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ), Алматы автожол институтының (қазіргі кезде – М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының) ұжымдары, Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары және оннан астам жеделхаттар мен көңіл айтуларда оны Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы ірі ғалым және ұйымдастырушы деп атайды. Олар А.Н. Данияровтың ерекше қасиеті - байыптылық, принциптілік, жүйелілік, жоғары мамандылық және азаматтық патриотизм екенін мәлімдейді.

Қазіргі кезде «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде жұртшылықтың Қазақстан тарихына, ғылымына, рухани өміріне және осы мәдениет иелеріне қызығушылығы артып келеді, еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын сақтау және дамытуға бағытталған ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Осыған орай, көрнекті ғалым, ғылым мен білімнің талантты ұйымдастырушысы профессор А.Н.Данияровтың естелігін мәңгі сақтау ісінде де жағымды өзгерістер болып жатқандығын атап өткен жөн, атап айтқанда, ҚарМТУ-дың «Өнеркәсіптік көлік» кафедрасына оның аты берілді; университеттің «үздік» оқитын студенттеріне А.Н.Данияров атындағы стипендия беріледі; ол соңғы жылдары тұрған Ермеков көшесіндегі 73/3-үйде мемориалдық тақта орнатуға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің келісімі алынды; 2008 жылы техника ғылымдарының докторы, профессор А.Н. Данияровтың ғылыми мектебі еңбектерінің циклі жаратылыстану ғылымдары бойынша үздік ғылыми зерттеулері үшін академик Қ.И.Сәтпаев атындағы мемлекеттік сыйлық алды. Осының бәрі Қарағанды облысының Әкімі Н.З.Нығматулиннің, ҚарМТУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиевтің және қаланың ғылыми жұртшылығының (ҚР ҰҒА академигі С.М. Әдекенов және т.б.), ҚарМТУ-дың Ғылыми Кеңесінің және техникалық университет түлектері ассоциациясының қоғамдық қоры (атқарушы директоры – профессор Т.С. Ынтықов), А.Н. Данияров атындағы «Өнеркәсіптік көлік» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің белсенді түрде қолдауымен жүріп жатыр.

Профессор А.Н. Данияровтың өмірі мен қызметі өз Отанының ғылымы мен білімін гүлдендіру ісіне қалтқысыз қызмет еткен көптеген адамдардың тағдырын бейнелейді.






Ф.К. Низаметдинов,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Маркшейдерлік іс және геодезия

кафедрасының меңгерушісі,

профессор, т.ғ.д.

e-mail: niz36@mail.ru

ПОПОВ И.И. – ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДА МАРКШЕЙДЕР

ҒЫЛЫМИ МЕКТЕБІН ҚҰРУШЫ
Попов Иван Иннокентьевич 1919 жылы 15 сәуірде Солтүстік Двинск өңірінде Чуприяново селосында дүниеге келген.

И.И. Попов біздің мемлекетіміздің дамуының қарқынды кезеңінде тәрбиеленген, Ұлы Отан соғысының және соғыстан кейінгі кезеңдердің барлық ауыртпалығы мен қайғы-қасіреті иығына түскен кеңес адамдарының қатарына жатады. Осыған қарамастан, ол өзін адам сүйгіштік, адамдарға сезімталдықпен қарау сияқты тамаша қасиеттерге тәрбиеледі. Оған таңғажайып еңбек қабілеттілігі мен еңбек сүйгіштік, жұмыста мұқияттылық, өзінің міндеттеріне ұқыпты, адал қарауы, өзіне және өз ұжымына талап қоя білуі тән.

Мектепті бітірген соң Попов И. Свердловск тау-кен институтына түсіп, оны «Маркшейдер ісі» мамандығы бойынша табысты аяқтайды. 1942 ж. Свердловск тау-кен институтын бітірген соң, Иван Иннокентьевич Урал көмір өнеркәсібінде шахталардың, «Свердловскуголь» комбинаты трестерінің бас маркшейдері, геолог-маркшейдер қызметі және Свердловск СХШ отын өнеркәсібінің басқармасын байыту бөлімінің бастығы болып 16 жыл қызмет етті. Өндірісте жұмыс істей жүріп, өзін ғылыми ой-өрісі кең шебер бақылаушы-зерттеуші ретінде көрсетті [1, 65].

Осы қасиеттері, әсіресе, Қарағанды политехникалық институтында қызмет еткен кездерінде айқын ашылды, онда ол 40 жыл табысты еңбек етіп, доценттен профессорға, ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесіне, «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының меңгерушісіне дейінгі жолды жүріп өтті.

Кафедра меңгерушісі бола жүріп, И.И. Попов оқу-әдістемелік жұмысқа көп көңіл бөлді. Ол студенттерді программалық-басқарып оқыту және проблемалық жағдайларды ойын түрінде модельдеу арқылы білімді бақылау жүйесін жасады. Нәтижесінде аталған жүйе КСРО ЖОО министрлігінің дипломымен марапаттады (1988 г.), авторлары: И.И. Попов, Г.Г. Поклад және Л.В. Сапожников

Құрылыс, жол-көлік, геоэкологиялық және экономикалық бейінде білім алатын студенттер оқитын «Геодезия» жалпы инженерлік пәніне арнап, оның жетекшілігімен оқу-әдістмелік қамсыздандырудың толық жинағы жасалды. Бұл кезде доцент Б.Ы. Жұмаділда, аға оқытушы К.А. Әміренов және Г.А. Ермекова белсене қатысқан геодезия және маркшейдерлік іс туралы мемлекеттік тілдегі оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындау бойынша көптеген жұмыстар атқарылды.

Ол инженер-маркшейдерлерді дайындаумен байланысты әдісьемелік сұрақтардың зерттеуге көп еңбегін сіңірді. Тамаша дәріскер болды, оның дәрістері жоғары ғылымилығымен, мазмұнының қарапайымдылығымен және түсініктілігімен өзгешеленетін.

Кафедраға жетекшілік етіп жүрген кезде институт маркшейдерлік-геодезиялық аспаптар, бұрыш өлшеуіштер, буссоль, теодолиттер мен дәлдігі әртүрлі нивелирлер, кипрегельдер мен мензулалар, гиротеодолиттер, гирокомпастар, ұзындық өлшеуіштер, лазерлік бағыт көрсеткіштер, жарық және радио қашық өлшегіштер, төрткілдештер мен өлшеуіш таспалар және рулеткалар сатып алады. «Маркшейдерлік іс» мамандығының арнайы пәндері бойынша кітапхананы жаңа оқулықтармен толықтырумен қатар, зертханалық және практикалық жұмыстарды орындау бойынша әдістемелік нұсқаулар, геодезия және маркшейдерлік істің негізгі курстары бойынша оқу құралдары әзірленеді [1, 105 б.].

«Политехник» (Қарқаралы қ.) спорт-сауықтыру лагері базасында оның жетекшілігімен оқы практикалырын өткізуге арналған геодезиялық полигон құрылады.

Профессор И.И. Попов мамандықтардың оқу-жұмыс жоспарлары мен пәндер бағдарламасын одан әрі жетілдіреді (1995 ж.), әдістемелік нұсқаулар мен құралдар шығарады және жаңа мамандықтың – «Қолданбалы геодезия» мамандығының ашылуы жүзеге асырылады. Ол І және ІІ буынның «Маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша мемлекеттік және білім стандарттарын әзірлеуге көмектеседі. «Маркшейдерлік-геодезиялық өлшеулерді автоматтандыру» оқу зертханасын құруға атсалысады. Қазақ маркшейдер ісі ғылыми-зерттеу институты (ҚазСҒЗИ) және «Центрмаркшейдерия» мемлекеттік кәсіпорны базасында кафедра филиалын ұйымдастырады. Кафедраның пән аудиториялары аргнайы плакаттармен, маркшейдерлік-геодезиялық аспаптармен және сызбалармен жабдықталады. Ол екі оқулық әзірлеп, жарыққа шығарған: «Маркшейдерия при подземной разработке» және «Маркшейдерские работы при рекультивации нарушенных земель».

Профессор И.И. Попов кафедраға жетекшілік еткен уақытта ғылыми қызмет жобалық және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен, өндірісімен тығыз байланысты жүргізіледі. Оның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен Қазақстанда тау жыныстарының физикалық-механикалық қасиеттерін және қия маңындағы массив құрылымын зерттеу, аршық қиябеттерінің орнықтылығының есептік сұлбаларын әзірлеу, аршық қиялары мен кертпештерінің құлама беттерінің оңтайлы параметрелерін негіздеу және жобалық пішінде қиябет орнықтылықтарын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу бойынша кешенді эксперименттік зерттеу жүргізілген. Зерттеу нәтижелері техникалық жобаларға кіргізілген және пайдалы қазбалардың кен орындарын қазу кезінде аршықтарға енгізілген [2, 115 б.].

Барлық уақыт ішінде оқытушылар меен студенттер шаруашылық-шарттық және мемлекеттік-бюджеттік ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген зерттеу тақырыптары аршықтардың керпештері мен қияларының және жыныс үйінділерінің қиябеттерінің орнықтылығын сенімді басқару әдістерін және теориялық негіздерін әзірлеумен; тау жыныстарының жылжу процесін және күрделі-құрылымдық кен орындарын қазу кезінде жерасты тау-кен қазбалары мен жер бетінің орнықтылығын басқару әдістері әзірлеу мақсатында тау қысымын зерттеумен байланысты. Шаруашылық-шартық ҒЗЖ Қазақстанның көмір, темір-кенді, жез-кенді, полиметал және басқа да кен орындарында өткізілді. Барлық орындалған жұмыстардың нәтижелері өндіріске енгізілген. 1981-1990 жж. 1,1 млн руб. құраған ҒИЖ орындауға кеткен шығындар кезінде жасалған әзірлемелерді өндіріске енгізуден келген үнем осы кезең ішінде 6,3 млн руб., яғни, қатынасы 1:5,6 руб. Болды. 1990 жылы жүргізілген шаруашылық-шарттық ҒЗЖ көлемі кафедралық ғылыми-зерттеу зертханалары бойынша 4 млн руб асады.

Ашық және жер асты жұмыстарында тау жыныстарының ығысу, тау қысымы, жер қойнауын қорғау мәселелері бойынша зерттеулермен айналыса жүріп [3, 104 б.], Попов И.И. аспирантураны басқарып, Орталық Қазақстанда бүкіл Одақты мойындатқан ғалымдар мектебін құрды. Оның жетекшілігімен 5 докторлық және 29 кандидаттық диссертация қорғалды. И.И. Поповтың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары әрқашан жоғары ғылыми деңгейімен, жаңалықтарымен, пайдалылығымен және тиімділігімен ерекшеленетін. Ол – 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 12 монографияның, маркшейдер ісі бойынша 2 оқулықтың және 6 кітапшаның авторы.

Көп жылдар бойы И.И. Попов Қарағанды политехникалық институтында «Знание» қоғамының төрағасы болды.

Иван Иннокентьевич спортқа, әсіресе, волейболға табынушы болды. Көптеген жылдар бойы ол «Сергектік және денсаулық» спартакиадаларында тау-кен факультетінің және институттың намысын табысты қорғап келді. Өзінің жас әріптестеріне денсаулық пен спорттық ұзақ өмір үлгісін көрсете жүріп, әрқашан сергек, жинақы көрінетін.

Иван Иннокентьевичтің табысты өндірістік, ғылыми және педагогикалық қызметі үкімет тарапынан бірнеше рет марапатталды: жеті медаль; ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы», КСРО жоғарғы білім саласындағы «Еңбектегі үздік табыстары үшін» белгілер; Алтын құрмет кітабына енгізілді, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы, Қазақстан Компартиясы ОК Құрмет грамотасы; ҚазКСР Министрлер Кеңесі сыйлығының Лауреаты.


Әдебиеттер тізімі
1. Попов И.И., Окатов Р.П., Низаметдинов Ф.К. Механика скальных массивов и устойчивость карьерных откосов. – Алма-Ата, 1986. – 256 с.

2. Попов И.И., Шпаков П.С., Поклад Г.Г. Устойчивость породных отвалов. – Алма-Ата: Наука, 1987. – 225 с.



3. Попов И.И., Жаркимбаев Б.М. Маркшейдерское дело. Маркшейдерс-кие работы при подземных разработках. Программированный учебник для ВУЗов, – Алматы, 2000. – 247 с.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет