КІРІСПЕ Тәуелсіздік туын биікке көтерген жас мемлекетіміздің бүгінгі жоғарғы білімді, саналы
әрбір азаматына өз туған жерінің тарихын, әрбір сөздің шығу тарихын да білетін кезі жетті.
Сондықтан бүгінгі таңда ономастика ғылымына басты назар аудару өміршең мәселенің бірі
саналып отыр.
Болашақты мәуелі бәйтерекке теңесек, сол бәйтеректің тамырын аялап, күту керек. Ал
тереңге кеткен тамыр сол халықтың ғасырлар бойғы тарихы болса, терек өзінің нәрін сол
тарихтан алады. Ендеше тілдің өткен тарихы сол тамырда жатыр. Егер тамырды аяламаса,
күтпесе, қашан болса да, мәуелі бәйтеректің бұтақсыз, жапырақсыз қураған ағашқа айналары
сөзсіз. Сондықтан өзіміздің ұлттық тіліміздің сипатын көрсететін ұлттың төл тума сөздері
жоғалмауы тиіс. Оны зерттеп жаңа ұрпаққа жеткізу арқылы ғалымдардың келер ұрпақ
алдындағы парызы өтелері сөзсіз. Демек, лингвистика ғылымының негізгі салмағы
ономастика, этнолингвистика сияқты салаларына жүктеледі.
Ономастикалық атауларды зерттеу - өте күрделі мәселелердің бірі. Соның ішнде жер-су
атауларын ел тарихымен, мәдениетімен сабақтастырып, оларды қоғамдық-әлеуметтік саяси
өзгерістермен астастыра қарастыру - ұлттық тілімізді зерттеудің терең арналарының өзекті
мәселелерінің бірі. Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық роліне қатысты академик Ә.Т.Хайдаров
кезінде былай деген болатын: «Ең алдымен, оның тірек болар үш тағаны -
жазу-сызуы (ұрпақ
арасын жалғастырар алтын көпірі),
ономастикасы «жер бетіндегі ескерткіші»),
терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екендігін мойындау қажет» деп атап
көрсетті (1, 3). Демек, ұлттық ономастиканың қоғамдағы ролін белгілеу арқылы оны жаңа
деңгейге көтеруге болады. Бұл жұмыс ономастиканың негізгі салаларының бірі - топонимияны
зерттеу арқылы жүзеге асады. Осыған орай, топонимдердің бұрын анықталмаған аймақтық
тобын ғылыми зерттеу нысанына айналдыру арқылы тың жетістіктерге жетуге болады.
Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі адамдар өмір сүру үшін күрес үстінде өзін
қоршаған ортамен, табиғатпен, өсімдік, жануарлар дүниесімен тікелей қарым-қатынасқа түсті.
Олар күнкөріс пен тіршілік жағдайында жер-суға, табиғат құбылыстарына тәуелді болып келді.
Сондықтан олар, ең алдымен, өздерін қоршаған ортаның қыр-сырын, тыныс-тіршілігін ұғынуға
тырысты. Сөйтіп, адамдар көне замандардан бастап өздерін қоршаған дүниенің тау-тасына,
өзен-көліне, орман-тоғайына, түз-даласына, ой-қырына ат қойып, айдар таға бастады. Алғаш
пайда болған атаулар күрделі сипатта болған жоқ. Олар, әдетте, жеке сөздерден тұрды және ол
атаулар қайталанып та беріліп отырды. Бірте-бірте ол сөздер географиялық терминдерге
айналды. Жалқы есімдер адам санасының дамуымен бірге күрделіленіп, екі немесе одан да көп
сөздер тіркесінен құрала алатын дәрежеге жетті. Ондай күрделі атаулар құрамында о баста
жеке бір объектінің атауы ретінде пайдаланылған