Жалпы атау - белгілі бір ұғымды білдіретін тау, өзен, қала, ауыл сияқты
сөздер және жеке атау.
Жеке атаулар әрбір географиялық обьектіге жеке дара беріледі.
Оларды бір обьектіден екінші обьектіге ауыстыруға болмайды.
Жалпы атаулар өмірдегі кез-
келген басқа заттармен географиялық атауларды біріктіреді. Олар жалпы есімдердің көмегімен
жасалады да, барлық бір типті, белгілі бір сипаты бар обьектілерге беріледі. Мысалы,
арал - бұл жан-жағынан сумен қоршалған құрылық. Географиялық обьектілер класы жер шарының
бәрінде бірдей қолданылады. Физика-географиялық обьектілердің атаулары өздерінің
физикалық қасиеттерінің негізінде пайда болады, ал ұсақ объектілер атауына олардың сыртқы
ерекшеліктеріне байланысты адам қиялындағы бейнелер негіз болады.
Кез-келген елдің топонимдері белгілі бір семантикалық заңдылыққа байланысты
құрылады. Ә.Әбдірахмановтың көрсеткеніндей, «Қазақ топонимиясындағы осындай
заңдылықтардың бірі - рельефтің геоморфологиялық құрылысын дәл беру және тұрған жердің
ең кішкене қасиеттеріне дейін дәл көрсету болып табылады» (75, 129).
Дәл осындай қасиеттер
Батыс Қазақстан топонимдерінде де бар. Тіпті олардың арасында ел өміріндегі тарихи
оқиғаларды көрсететін, жергілікті халықтың дәстүрін беретін, беріде болған оқиғаларды
суреттейтін атаулар да кездеседі. Егер
Бұланды, Қоянды, Шошқалы, Бөрілі деген топонимдер
сол жерде осындай жан-жануарлардың бар екенінен хабар берсе,
Ащыкөл, Борлытау, Тұщықұдық дегендер
көл, құдық, таудың осы жердегі қасиеттерін айтпай-ақ танытып тұр.
Сондай-ақ
Жаңакүш, Жаңаталап, Еңбекші, Бірлік дегендер өмірдің жаңа қоғамдық
құрылысындағы жаңалықтардан хабар береді.
Батыс Қазақстан топонимдері құрамындағы саны жағынан көбі де, лексикалық құрамы
жағынан алуан түрлісі де қоршаған ортаның физика-географиялық қасиетін көрсететін
географиялық атаулар болып табылады. Бұл саладағы топонимдерді қалыптасқан топтау
заңдылықтары негізінде қазба байлық, кеніш атаулары мен жер бетінің бедері, табиғат көрінісі,
ауа райының құбылысы, өзен-сулардың үлкен-кішілігі, дәмінің ащы-тұщылығына, өсімдіктер
мен жан-жануарлардың атауларына байланысты және түр-түс пен сандардан қойылған
топонимдер деп бөлеміз. Олардың едәуір бөлігін жер бедеріне, жазба байлықтарға, объектінің
көлеміне, түсі мен дәміне т.б. қасиеттеріне байланысты топонимдер құрайды.