2.1.2 Адамның іс-әрекеті мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан топонимдер Кез-келген халықтың ономастиконының пайда болуы мен дамуында шаруашылық,
әлеуметтік-экономикалық т.б. факторлар белгілі бір орын алады. Мысалы, түркі тілдерінің
антропонимдер мен топонимдер жүйесінде үй жануарларының атынан жасалған атаулардың
көптеп кездесуі - халықтың бар өмірінің сол мал шаруашылығымен тығыз байланысты
болуында. Енді біраз атаулар әлеуметтік-экономикалық терминдерден, сондай-ақ қоғамның
материалдық және рухани мәдениетін көрсететін сөздерден тұрады. Көптеген атаулар әртүрлі
тарихи дәуірлерде туған көне сөздерден жасалып, қоғамның шаруашылық қызметінің сипатын,
әлеуметтік құрылымның деңгейін көрсетеді. Ономастика дамуында қоғамдық өмірінде болып
жатқан әлеуметтік, саяси және тарихи, мәдени процестер шешуші роль атқарып, әрбір дәуір
өзінің типтік ономастикондарын береді. Жалқы есімдер әрқашанда тарихи сипатта келеді. Олар
тарихтың тереңіне үңілуге көмектеседі, себебі олар үнемі қоғаммен, қоғамдағы саяси
оқиғалармен тығыз байланыста келеді.
«Ешқандай адам аяқ баспаған жер бетіндегі территорияда топонимдік жүйе болмауы да
заңды. Шаруашылық қызметі және табиғатты пайдаланудың дәстүрлерін көрсететін
топонимдер тіршілігі бар аудандарда ғана болады, ол жерлерді топонимдердің өзі -ақ өткен
тарихи уақыттарды, олардың шаруашылығын қалпына келтіре алады» деп, В.А.Никонов
географиялық атаулардың халықтың ескі шаруашылық сипаты туралы айтатынын жазды (2,
59).
Батыс Қазақстан топонимдерінің құрамында жергілікті халықтың іс-әрекет, тұрмыс-күй,
мал, жер шаруашылығы мен аң аулау, құс салу кәсібін көрсететін топонимдер көптеп
кездеседі. Малға жайлы жердің құнарлы-құнарсыздығын, құдық, бұлақ, өзендердің ащы-
тұщылығын, табиғат құбылысын көрсететін топонимдер де осы топқа жатады. Оларды
мағыналық жағынан орайлас келуіне қарай өз ішінен бірнеше түрге бөлдік: