ҚР Қылмыстық іс жүргізу қҰҚЫҒы пәні бойынша дәрістер конспектісі


Дәлелдеу теориясында ғылыми зерттеулер жүргізудің жалпы және арнайы әдістері мен амалдары туралы таным теориясында



бет12/35
Дата15.09.2017
өлшемі6,42 Mb.
#33464
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   35

2.Дәлелдеу теориясында ғылыми зерттеулер жүргізудің жалпы және арнайы әдістері мен амалдары туралы таным теориясында қалыптасқан қағидалар қолданылады. Таным теориясына сәйкес, ғылымның барлық салаларына ортақ зерттеу әдістері және ғылымның әр саласының ерекшелігіне байланысты қолданылатын арнайы әдіс-амалдар ажыратылады. Мысалы, дәлелдеу теориясында, ғылымның басқа да салаларында сияқты, зерттеу амалдарының мынадай түрлері кеңінен қолданылады: болжау, байқау, суреттеу, салыстыру, эксперимент жүргізу, үлгілер жасау (моделирование), логикалық талдау және қорытындылау. Ал, дәлелдеу мақсатында қолданылатын арнайы амалдарға әкілетті мемлекеттік органдар (қылмыстык ізге түсу органдары мен сот) жүргізетін тергеу (сда) әрекеттері жатады. Заңмен реттелген тергеу әрекеттері дәлелдемелерді жинау және зерттеу мақсатында тек қана қылмыстык істер бойынша қолданылады және бұл тергеу әрекеттеріне байланысты мәселелер дәлелдеу теориясында қамтылып зерттеледі.
3.Дәлелдеме көздері немесе дәлелдеу тәсілдері ҚІЖК-нің 115-бабының 2-бөлігінде егжей-тегжейлі тізбеленген және мыналарды қамтиды: куәгердің жауап беруі, жәбірленушінің жауап беруі, сезіктінің жауап беруі, айыпталушының жауап беруі, сарашпының қорытындысы, заттық айғақтар, процессуалдық іс-қимыл хаттамалары және өзге де құжаттар.

Кең ауқымды мағынасында дәлелдеудің көздері деп деректердің тікелей кездерін, сондай-ақ оларды алудың әдістерін, дәлелдеу барысындағы тексеру мен пайдалануды түсіну керек.

«Көз» ұғымын кең ауқымды мағынада түсіңдірудің құқықтық негізі бар. Мәселен, ҚІЖК-нің 116-бабында былай деп белгіленген: көзі белгісіз немесе сот мәжілісінде анықталуы мүмкін емес көздің мәліметтеріне негізделген куәгердің және жәбірленушінің жауаптары дәлелдемелер сипатында қызмет ете алмайды. Бұл ереже көз фактілер туралы мәлімет сақтаушы деп есептеуге мүмкіндік береді. Дәлелдемелер сипатында сақтаушылар емес, оларда негізі қаланған ақпарат есептеледі.

Дәлелдемелер көздерінің тізбесіне қатысты ғылыми әдебиетте әр түрлі кезқарастар калыптасты, олардың мәні негізінен тізбені кеңейту қажеттілігіне сүйенеді. Мәселен, П.П. Якимов дәлелдемелердің дербес көздері ретінде азаматтық талапкердің жауаптарын, азаматтық жауапкердің жауаптарын, олардың өкілдерінің жауаптарын қарауды ұсынады. А.С. Ландо осыған ұқсас көзқарасты білдіреді, ол көздер тізбесін кәмелетке толмаған айыпталушының заңды өкілінің жауаптарымен толықтыруды орынды деп есептейді.

В.Д. Арсеньевтің пікірі бойынша заттық айғақтар көздер бола алмайды, өйткені олар дәлелдеу тәсілдері мен дәлелдеме фактілер арасындағы аралық жағдайда орналасқан. Ол сондай-ақ заттық айғақтарға қатысты олардың «алғашқы көздері», яғни олар табылған және алынған орын туралы айтуды орынды санайды.

Дәлелдеме көздері түрлерінің мәні туралы көзқарастарға сыни талдау жасау П.П. Якимов пен А.С. Ландоның ұсыныстары ғылыми және практикалық мүдделілік туғызады және заң шығарушы қабылдап алуға тұрады деп есептеуге мүмкіндік береді. В.Д. Арсеньев көзқарасының жақтастары да, қарсыластары да бар. Іс жүргізушілік мағынада дәлелдеме көздері заттың өзі емес, іс үшін маңызы бар іс жүзіндегі деректермен ұсынылған, яғни дәлелдеме бола алатындай заттың қасиеттері деген Р.С. Белкин мен А.И. Винбергтің пайымдауы да дұрыс көрінеді. Сараптамалық зерттеуге арналған үлгілерге қатысты айтатын болсақ, онда М.М. Михеенконың пікірі бойынша олар заттық айғақтар да, ерекше түрдегі дәлелдемелер де, дәлелдеудің тәсілдері де болып табылмайды. Бұл көзқарас Н.А. Селивановтың пайымдауымен сәйкес келеді, ол былай деп жазды: «Затты заттық айғақ деп тану осы зат пен істің анықталған мән-жайы арасындағы байланыстың болуын көздейді. Ал салыстырмалы үлгілерге қатысты мұндай байланыс туралы айтудың өзі артық. Олар тергеліп жатқан оқиғамен емес, тергеумен байланысты және оның қылмыстық іске қатысына қарамастан белгілі бір субъектіні немесе объектіні сипаттайды. Салыстырып қарауға көмектесе отырып, мәні жөнінен үлгілер таным құралдары ретінде қызмет етеді және осы тұрғыда оларды заттық айғақтарды зерттеуді жүргізе отырып, сарапшы пайдаланатын құралдармен, құрылғылармен және басқа да тетіктермен, сондай-ақ зерттеуші өзінің қорытындыларында негізге алатын әдеби көздерде бар анықтамалық және ғылыми деректермен салыстыруға болады»1.

Дәлелдемелердің дербес көздері ретінде қылмыстық іс жүргізу заңы іс жүргізушілік іс-қимыл хаттамаларын атайды. Бірақ қандай да бір нақты қимылды заң ескертпейді. Тергеу іс-қимылдарының хаттамалары дәлелдеме көздері болып табылатын тізбе бөлігіндегі ғалым-процессуалистер арасында әр түрлі көзқарас орын алған. В.Д. Арсеньев қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген кез келген тергеу іс-қимылының хаттамалары ішінара дәлелдеме көздері болып табылады деп ойлайды. Оған керісінше Ф.Н. Фаткуллин мен В.Я. Дорохов істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-қимылдарының хаттамалары ғана дәлелдеме көздері болып табылады деп есептейді. Мәселе мәнісін осылайша түсіну дәлелдеме мақсатына анағұрлым сөйкес келетін сияқты, өйткені жекелеген тергеу іс-қимылдарының қосымша сипаты ғана бар және тікелей дәлелдемелер жинақтау тәсілдерін құрамайды (мәселен, мәйітті сойып көру оны қарауды және сот-медициналық сараптаманы жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған). Өзінің көзқарасын жақтай отырьш, В.Я. Дорохов былай деп жазды: «Хаттамалардың дәлелдеу маңызы туралы мәселе дәлелдемелерді жинақтаудың іс жүргізушілік тәсілдері больш табылатын тергеу және сот іс-қимылының хаттамаларына қатысты ғана қойылуы мүмкін».

Сонымен, дәлелдемелер көздері ҚІЖК-де толық келтірілген және кеңейтіп түсіндіруге жатпайды, мұның өзі тиісті емес көздерден және тиісті емес жолмен алынған дәлелдемелер қылмыстық процесте осы сипатында шыға алмайтындығы іс жүргізушілік құқығының ережесіне сәйкес келеді Заңда көзделген дәлелдемелер көзі іс жүзінде қолда бар көздің ҚІЖК-нің 115-бабының 2-бөлігінде көзделген тәсілдердің бірімен сәйкес келетіндігін білдіреді. Бұл орайда заң шығарушы істің мән-жайын дәлелдеу үшін ҚІЖК-де санамаланған кез келген көздер пайдаланылуы мүмкін екендігін белгілейді. Алайда белгілі бір жағдайларда мән-жай қатаң түрде белгілі бір көздерден анықталуы мүмкін. Мәселен, ҚІЖК-нің 240-бабьша сәйкес қаза табуының себептерін анықтау, дене жарақатының сипаты мен ауырлығын анықтау, айыпталушының, куәгердің және жәбірленушінің психикалық жай-күйін анықтау тиісті сот сараптамасын жүргізу жолымен мүмкін болады. Осы жағдайларда анықталатын фактілер дәлелдемелерінің бірден бір көздері сарапшылардың қорытындылары болады. Дәлелдемелердің көздеріне қатысты талаптардың осы категориясына адамның жасы туралы құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына күмән болған немесе АХАЖ-дың (азаматтық хал актілерін жазу) қажетті құжаттары болмаған жағдайда сезіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің жасын анықтау кезінде жасалатын сарапшылар қорытындылары да жатады.



Дәлелдемелерді жіктеу және оның практикалық маңызы

Сипатына және қалыптасуына қарай дәлелдемелер бірнеше топтарға бөлініп жіктеледі.

1. (Қылмыстың оқиғасына қатыстылығы бойынша дәлелдемеле) тікелей және жанамалы болып бөлінеді.

Тікелей дәлелдемелер деп қылмыстың оқиғасын, оның қалай болғандығын және кім жасағандығын көрсететін фактілідеректерді айтамыз. Мәселен, жәбірленушінің өзіне қарсы жасалған қылмыстың қалай болғандығы және оны кім жасағанды жөнінде жауабы тікелей дәлелдеме болып табылады. Сол сияқты, айыпталушының айыбын мойындап, қылмысты қалай жасағандығы жөнінде жауабы немесе қылмыстың қалай болғандығын өз көзімен көрген куәнің жауабы - бұлар тікелей дәлелдемелерге жатады.

Жанамалы дәлелдемелер деп қылмыстың оқиғасын және қылмысты кім жасағандығын тікелей көрсетпейтін, бірақ іске маңызы бар басқа мән-жайлар жөнінде фактілі деректерді айтамыз. Мәселен, куәнің айыпталушыны қылмыстың оқиғасы болған жерде көргендігі туралы жауабы жанамалы дәлелдемелерге жатады. Немесе, тінту жүргізу кезінде ұрланған заттардың айыпталушының үйінен табылуы мүлікті ұрлау жөніндегі қылмыстық іс бойынша жанамалы дәлелдеме болып табылады. Өйткені, бұл дәлелдемелер қылмыстың қалай жасалғандығын және оны кім жасағандығын тікелей көрсетіп тұрған жоқ. Бірақ, мұндай дәлелдемелердін, жиынтығын қолдана отырып, қылмыстық іске маңызы бар мән-жайларды анықтау мүмкін болады.

Дәлелдемелерді тікелей және жанамалы деп ажыратудын практикалық маңызы ол дәлелдемелерді қолданудың ерекшеліктеріне байланысты. Тікелей дәлелдемелерді қолданудың маңызды шарты алдымен олардың шындыққа сәйкестігін анықтау болып табылады. Мәселен, айыбын мойындаған айыпталушының қылмысты қашан, қай жерде және қалай жасағандығы туралы жауабы өтірік айтылмаған болса, бұл жауап оның кінәлілігін көрсететін тікелей дәлелдеме ретінде қолданылады. Жанамалы дәлелдемелерді де қолданғанда алдымен олардың шындығына көз жеткізу қажет. Бірақ, жанама дәлелдеме шындыққа жататын болса да, ол қылмыстын, қалай жасалғандығын және оны кім жасағандығын тікелей көрсетпейді. Дегенмен, жанамалы дәлелдемелердің жиынтығын қолдана отырып, дәлелдеу пәніне кіретін мән-жайларды анықтау мүмкін болады. Қорыта айтқанда, жанамалы дәлелдемелерді қылмыстық іске маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін қолдану бірнеше кезеңдерден өтеді:

1) алдымен олардың шындығына көз жеткізу;

2) оларды басқа дәлелдемелермен бірге қолдана отырып, іске маңызы бар мән-жайлардың дәлелденгендігі немесе дәлелден-бегендігі жөнінде нақты тұжырымға келу.

2.Айыптау пәніне қатысты дәлелдемелер айыптау және ақтау дәлелдемелері болып бөлінеді.

Айыптау дәлелдемелеі дегеніміз қылмыстың оқиғасын, қылмысты кім жасағандығын, сондай-ақ айыпталушының кінәлілігін, оның жауаптылығын ауырлататын мән-жайларды»і көрсететін фактілі деректер болып табылады.

Ақтау дәлелдемелеріне қылмыстың болмағандығын, іс қылмыстық жауапқа тартылған адамның айыпты емес екендігін, сондай-ақ оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды көрсететін фактілі деректер жатады. Ақтау дәлелдемелерінің, ерекше түрі «алиби» деп аталады. Яғни, қылмыс жасалған кезде айыпталушының басқа жерде болуы — оны ақтауға негіз бола алады. Бірақ, айыпталушының алибиі болуы оны барлық жағдайларда да ақтауға соқтырмайды. Өйткені, алибі бар айыпталушы бұл қылмысқа ұйымдастырушы немесе айдап салушы немесе көмектесуші ретінде қатысқан болуы мүмкін.

Дәлелдемелерді айыптайтын және ақтайтын деп бөлудің істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін маңызы бар. ҚІЖК 24-бабының 4-бөлігіне айтылғандай, қылмыстық істі жүргізу кезінде айыпталушыны әшкерелейтін де, ақтайтын да, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталуы тиіс. Осыған сәйкес, қылмыстық іс жүргізу органы сезіктімің және айыпталушының өзінің кінәсіздігі немесе кінәсінің аздығы, сондай-ақ өзін ақтайтын не жауаптылығын жеңілдететін дәлелдемелердің бар екендігі туралы барлық мәлімдемелерін тексеруге міндетті болып табылады.

Дәлелдемелердің қалыптасуы ретіне қарай, олар алғашқы және туынды болып бөлінеді.

Алғашқы дәлелдемелер деп іске маңызы бар мән-жайларды тікелей өздері қабылдаған қайнар көздерден алынған фактілі деректерді айтамыз. Мысалы, куәнің немесе жәбірленушінің өз көздерімен көрген немесе тікелей өздері естіген істің мән-жайлары туралы нақты жауаптары алғашқы дәлелдемелер болып табылады.

Туынды дәлелдемелер деп тікелей өздері қабылдаудың негізінде емес, бірақ алғашқы қайнар көздер арқылы пайда болған фактілі деректерді айтамыз. Мысалы, куәнің басқа адамнан естен білген істің мән-жайлары туралы жауабы немесе құжаттың көзшірмесі,сондай-ақ қылмыстың оқиғасы болған жерде табылған істердің көшірмелері туынды дәлелдемелерге жатады.

Дәлелдемелерді алғашқы және туынды деп бөлудің оларды қолдану үшін маңызы бар. Өйткені, туынды дәлелдемелер алғашқы дәлелдемелермен салыстырғанда оларға дәлме-дәл болмай, өзгерістерге ұшырауы мүмкін (объективтік және субъективтік себептерге байланысты). Мәселен, басқа адамнан естіп білген істің мән-жайлары туралы куә жауабының ол мән-жайларды өзі көрген адамның жауабынан айырмашылықтары болады. Сондықтан, қылмыстық іс жүргізу органы процессуалдық шешім шығарғанда негізінен алғашқы дәлелдемелерге сүйенуі тиіс. Осыған байланысты, туынды дәлелдемелер бар болған жағдайда бұл дәлелдемелерді қолдана отырып, алғашқы дәлелдемелердің өзін табуға шаралар қолдану талап етіледі.

Қорыта айтқанда, қылмыстық іс бойынша туынды дәлелдемелерді қолдаудың мынадай жолдары бар:

1)туынды дәлелдемелер алғашқы дәлелдемелерді табу мақсатында қолдануға жатады;

2)туынды дәлелдемелер қажет болған жағдайда алғашқы дәлелдемелерді тексеру үшін қолданылады (мысалы, іске маңызы бар мән-жайларды өз көзімен көрген куә жауабыи өзгертіп айтқан болса, бұл куә мен одан естіген куәнің арасында беттестіру жүргізу арқылы);

3)алғашқы дәлелдеме жойылып кеткен жағдайда, туынды дәлелдеме оның орнына қолданылады (мәселен, ауыр дене жарақаттарын алған жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, оның айтқанын естіген адамның куә ретінде берген жауабын қолдану). Мұндай жағдайда туынды дәлелдемені мұқият тексеріп, оның шындыққа жататындығына басқа дәлелдемелер арқылы көз жеткізу қажет болады. Дәлелдеменің қасиеті — бұл мәліметтерден өзгеше дәлелдемелердің ерекшелігін құрайтын белгілер. Олардың мазмұны мен нысаны іс жүргізу заңымен анықталады.

Дәлелдеменің қасиетіне жататындар: қатыстылық мүмкіндік және шынайылық. Қылмыстық заң қылмыстық іс бойынша олардың қатыстылығы тұрғысынан алғанда дәлелдемелерді ба-ғалау кезіндегі негізгі шарт болып табылады.

Дәлелдемелердің қатыстьшығы дәлелдемелердің мазмүнын сипатгайды жөне іске маңызы бар мөн-жайлардың бар екендігі туралы қорытындыға күмән келтіретін немесе растайтын болмаса теріске шығаратын нақты мәліметтермен іске қатыстылығы танылады (ҚР ҚІЖК 128-бап).

Дәлелдемелердің қатыстылығы — бұл оның іс бойынша сәйкесті іс жүргізу шешімдерін негізге қоятын және мәні бойынша бағалайтын, істің материалдық құқықтық мән-жайлары мен дәлелдемелер арасындағы себептік байланысты объективті түрде керсететін фактілерді анықтаудағы жарамдылығы.

Қылмыстық іс бойынша дәлелдеу затына енетін қандай да болмасын мән-жайдың бар не жоқ екенін анықтау үшін қолданғанда ғана тек сонда ғана дәлелдеме бұл іске қатысты болып табылады.

Дәлелдеменің қатыстылығын анықтау іс бойынша дәлелдеу процесі кезінде жүргізіледі, дәлелдеме жинаудан бастап мәселе шешіліп жатқанда қандай да бір тергеу әрекетін жүргізгенде және істің мән-жай тұрғысынан алғанда қандай нәтиже күтуге болады.

Дәлелдеменің қатыстылығын бағалау мен тергеуді жоспарлау тергеу мәліметтерін тергеу тәртібі, дәлелдемелерді жинау және оларды іске тігу жөніндегі процеске қатысушылардың ұсынысын шешу байланыстырылады.

Нақты іс бойынша дәлелдеу затына енетін мән-жайларды анықтау үшін маңызы бар мән-жайлар шегін алдын ала анықтау мүмкін бола бермейді. Бұндай мән-жайлар шегін ең алдымен тергеуші болған оқиғаны қарап, мәліметтер тексере отырып анықтайды, белгілейді. Олар процеске қатысушылардың ұсынысы бойынша да анықталуы мүмкін.

Дәлелдемелердің қатыстығы негізінен осы дәлелдеменің көмегімен іс бойынша дәлелдеу затына мән-жайлардың енетіндігі мүмкін болғанда, сондай-ақ бұл мән-жайды анықтауға өзінің мазмұны бойынша дәлелдеме қабілетті болғанда анықталады.

Дәлелдеменің мүмкіндігі деп дәлелдеме көзінің заңдылығын, алыну тәсілдерін және нақты мәліметтерді анықтау түсініледі. Бұл оның дәлелдеменің бекітілуі, зерттелуі, табылу тәртібі, шығу көзімен салыстырғанда заң талаптарына жауап беретін, іске маңызы бар мән-жайларды анықтау кезіңде пайдалану үшін жарамдылығы.

Дәлелдеменің мүмкіндігі — бұл дәлелдемелердің шығу көздерінің, әдістері мен тәсілдерінің олардың алынуына көмектескеннің заң тұрғысынан алғанда толыкқтылығы.

Заң бойынша дәлелдеудің міндеті айыптаушыға, анықтаушыға, тергеушіге, прокурорға және сотқа жүктелген (ҚР ҚІЖК 124-бап).

Заңда көзделгендей дәлелдеменің шығу көзі іс жүргізу кодексінің 115-бабының 2-бөліміне сәйкес күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің жауаптарымен, сарапшының қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен және басқа құжаттармен анықталады.

Дәлелдемелердің мүмкіндігінің келесі белгісі тергеу, өндірісінің және сот әрекетінің нәтижесінде олардың алынуының заңды тәсілі болып табылады. Дәлелдемелердің мүмкін еместік ұғымы заңды түрде бірнеше құқықтық актілерде бекітілген. Бұл ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясында, оның 77-бабының 9-тармағында «заңсыз тәсілмен алынған дәлелдемелердің ешқандай занды күші болмайды» делінген. Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін Қылмыстық іс жүргізу кодексі қайталайды, оның 116-бабында былай деп нақтыланған: «Дәлелдемелер ретінде нақты деректер мүмкін емес деп танылады, егер олар Қылмыстық іс жүргізу кодексі талаптарын бұзу жолымен алынған болса». Олар:

1) қинау, күш қолдану, қорқыту, алдау, сондай-ақ өзге де заңсыз іс-әрекеттер арқылы;

2) оларға түсіндірмеудің толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған қылмыстық процеске қатысушы адамдардың өз құқықтары міндеттеріне қатысты жаңылуын пайдалану арқылы;

3) іс жүргізу туындаған әрекетін осы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге құқығы жоқ адамның жүргізуіне байланысты;

4) іс жүргізу туындаған әрекетіне қарсылық білдіруіне жататын адамның қатысуына байланысты;

5) іс жүргізу іс-әрекетін жүргізудің тәртібін айтарлықтай бұзу арқылы;

6) белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын кезден;

7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдану арқылы.

Қылмыстық іс жүгізу кодексінің 116-бабында тізілгендер дәлелдеме алудың тиісті көздері дәлелдеме мүмкіндігінің критерийлері болып табылады. Бұлар:

1) күдіктінің, айыпталушының жауаптары;

2) жәбірленушінің, куәнің жауаптары;

3) сарапшының жауабы мен қорытындысы;

4) заттай айғақтар;

5) тергеудің және сот әрекетінің хаттамалары;

6) басқа да құжаттар.

Дәлелдеменің шынайылығы. Бұл олардың сипаттамасы сондай тексеру нәтижесінде анықталғандай, ондағы мәліметтер шынайы ақиқатқа, өмір шындығына сай келеді. Ақиқаттығы ешқандай күмән келтірмейтін, негізделген, дәлелденген білім шынайы болып табылады.

Сонымен, кез келген шынайы білім ақиқат болып табылады, алайда кез келген ақиқат шынайы болып табылмауы мүмкін.

Жеткілікті деп тиісті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін, іс бойынша ақиқатты анықтайтын, мүмкін болатын және шынайы дәлелдемелердің жеткілікті көлемде және бір жинаққа түгел жиналуын атайды.

Дәлелдеменің қатыстылық, мүмкіндік, шынайылык, және жеткіліктілік сияқты қасиеттерін зерттей отырып іс бойынша ақиқат анықталуы мүмкін, демек қылмыс жасаудағы адамның кінәсі де анықталады деген сөз.

Дәлелдемелердің қатыстылығы және іске жіберілуі

Іс бойынша объективті шындықты анықтау кезінде дәлелдемелерді іріктеудің бет алды сипаты болмаңцы. Іс жүргізушілік мағынасындағы белгілі бір дәлелдемелерді тергеудің және соттың қабылдауы, оларды нақты қылмыстық іс бойынша процеске тарту дәлелдемелердің қатыстылығы туралы мәселені шешуге негізделген. Дәлелдемелердің қатыстылығын - олардың және дәлелденуге жататын жағдайлардың арасында қисынды байланыстың болуы деп түсіну қабылданған, осыған байланысты қылмыстық іс бойынша белгілі бір фактілерді негіздеу немесе жоққа шығару үшін пайдаланылуы мүмкін3. Дәлелдемелердің қатыстылығының өлшемі сипатында мыналар көрінеді:

- дәлелдеменің ізделетін фактімен байланысы;

- нақты дәлелдермен анықталатын мән-жайдың іс үшін маңызы;

- тап осы мән-жайды анықтау үшін аталған дәлелдемелердің маңызы.

Дәлелдеменің ізделетін фактімен байланысының маңызы мынадан көрінеді: осы өлшемге сүйене отырып, «тергеу мен сот қылмыстық істерді тергеу және қарау кезінде өздерінің қолынан өтетін іс жүзіндегі материалдардың «үйіндісінен» оларды дұрыс шешу үшін қажетті деректерді тандап ала алады»'.

Келесі екі өлшем өзара байланысты және бір құбылыстың әр түрлі жақтарын білдіреді.

Дәлелдемелердің қатыстылыш туралы мәселені шешу үшін оларда бар ақпарат сипатының маңызы болмайды (дәлелдемелер ізделетін фактілерді растауы немесе жоққа шығаруы мүмкін). Қатыстылық - дәлелдеменің мәнділігіне ықпал ететін ішкі қасиетінің белгісі. Сонымен бірге осы айтылған белгінің сыртқы көрінісі мынадай: ол істі басы артық ақпаратсыз-ақ көптеген жағдайларды анықтауға қатысы бар материалдарды іске шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Дәлелдемелердің іске жіберілуі дегеніміз - көздерінің, олар алынған әдістер мен тәсілдердің заңдылығы көзқарасы тұрғысынан дәлелдемелердің жарамдылығы, толықтығы. Дәлелдемелердің іске жіберілуін қамтамасыз ететін іс жүргізу нысандарының мынадай элементтерін бөліп көрсету қабылданған:

- дәлелдеудің тиісті қатысушысы;

- заңда көзделген дәлелдеме көзі;

- заңға сәйкес тергеу іс-қимылын (дәлелдеме алуға көмектескен) өткізудің тәртібі.

Дәлелдемелердің қатыстылығы мен іске жіберілуі арасындағы арақатынасты аша отырып, В.Д. Арсеньев былай деп жазды: «Егер қылмыстық іс жүргізу дәлелдемелерінің мазмұны олардың іске катыстылығын көрсетсе, дәлелдемелердің іс жүргізу нысаны - олардың осы іс бойынша іске жіберілуін айқындайды».

Қылмыстық іс бойынша дәлелдеу пәні және дәлелдеу пәніне кіретін мән-жайлар

ҚІЖК-нің 117-бабында әрбір қылмыс бойынша іс кезінде дәлелденуге тиісті мән-жайлар аталып көрсетіл мән-жайларды білудің маңызы олар қылмыстық іс алдын ала тергеуді және сотта іс қарауды қай бағыттажүргізу. Ол бойынша «жүргізуқажеттілігін білдіреді. Сол мән-жайларды анықтау арқылы ғанақылмыстық іс жүргізу (органы ақиқатқа жету мақсатын орындай алады. Сондықтан ол мән-жайлар қылмыстық іс бойынша дәлелдеу пәнін құрайды деп қаралады. Яғни, қылмыстық іс бойынша дәлелдеу пәні деп әрбір қылмыстық істідұрыс шешу үшін маңызы бар және сондықтан анықталуға тиісті мән-жайлардың жиынтығын айтамыз. Бұл мән-жайларды анықтау және дәлелдеу қылмыстық іс жүргізу органдарының міндетіне жатады. Тергеуші, анықтаушы, прокурор және сотта істі қарау кезінде тараптар осы мән-жайларды анықтауға күш салады.

Дәлелдеу пәнінің мәні мен маңызын толық түсіну үшін оған кіретін мән-жайлардың әрқайсысына жекелеп тоқталу қажет. Яғни, ҚІЖК-нің 117-бабында көрсетілген ол мән-жайларға мыналар жатады:

1.Қылмыстың оқиғасы, жасалу уақыты, болған жері, тәсілі және басқа да мән-жайлары. Бұл мән-жайлар алдымен қылмыстың объектісі мен объективтік жақтарын анықтау қажеттігін көрсетеді. Сол мән-жайлардың негізінде қоғамға қауіпті әрекеттің (әрекетсіздіктің) болғандығына көз жеткізу және оны қылмыстық заңының бабы бойынша саралау мүмкін болады. Яғни, қылмыстың жасалған уақытын, жерін, тәсілін және басқа да жағдайларын анықтаудын бұл әрекетті (әрекетсіздікті) нақты түрде талдап қарастыру үшін маңызы бар. Мәселен, мүлікті ұрлау жеке адам тұрғын үйге жасарын кіріп немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған болуы мүмкін. Осыған сәйкес, жасалған ұрлықтың қылмыстық заң бойынша саралануы және оны жасаған адамдардың жауаптылық дәрежелері де бірдей болмайды.

2.Қылмысты кім жасағандығы, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі, кінәсінің нысаны, қыдмыстың қандай ниетпен жасалғандығы. Яғни, бұл топқа жататын мән-жайлар қылмыстың субъектісі мен субъективтік жақтарын қамтиды. Бұл мән-жайлар бұрын айтылған қылмыстың объективтік жақтарымен байланысты болғандықтан, олардың бірінің анықталуы істің басқа мән-жайларын ашуды жеңілдетеді. Мәселен пара алу фактісіғана жағдайда (қылмыстың оқиғасы), пара алушының кім екендігі де де осы кезде белгілі болады.

Қылмыстың субъектісін анықтау барысында оған бірнеше адамдардың қатысқандығы ашылған болса, олардың әрқайсы-қылмыс жасаудағы рөлін және қандай түрде қатысқан-(ұйымдастырушы, орындаушы, айдап салушы немесекөмектесуші) анықтау қажет. Ал, қылмыстың кейбір түрлері бойынша арнайы суъбектінің белгілері бар болғанда ғана ол адам қылмыстық жауапқа тартылады (мысалы, қызмет жағдайын пайдаланып жасалатын қылмыстар). Ондай қылмыстар қызмет атқару міндеттерін және қызмет жағдайын пайдалану арқылы жасалатын болғандықтан, оған сәйкес келетін қызмет жағдайы жоқ адамдар бұл қылмыстардың субъектісі бола алмайды.

Қылмыстың субъективтік жақтарын ашу үшін де өзара байланысты болып келетін әр түрлі мән-жайларды анықтау және дәлелдеу қажет болады: айыпталушының кінәлілігін, кінәсінің нысанын (тікелей немесе жанамалы кінәлілік, абайсызда жасалған қылмыс), қылмыстың қандай ниетпен және мақсатпен жасалғандығын. Бұл мән-жайлар қылмысты субъективтік жа-ғынан сипаттап, олар қылмыс жасаған адамньщ жауаптылығына әсерін тигізеді. Соның ішінде, қылмыстық занда көрсетілген жағдайларда ниет пен мақсат қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар ретінде қаралды (мысалы, қажетті қорғану шегінен шығу жағдайында қылмыс жасау жауаптылықты жеңілдететін болса, басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыс жасау жауаптылықты ауырлататын мән-жайларға жатады).

3. Айыпталушының жауаптылығының дәрежесімен сипатына әсер ететін мән-жайлар. Бұл топқа жататын мән-жайлар Қылмыстық кодексте көзделген жауаптылықты жеңілдететін және оны ауырлататын жағдайларға сәйкес қарастырылады. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылады: жағдайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасау; айыпталушының кәмелетке толмауы; айыпталушының жас балалары болуы; қылмыстық жауапқа тартылған әйел адамның жүктілігі; қылмыс жасағаннан кейін зардап шегушіге тікелей медициналық және өзге де көмек көрсету; қылмыстың салдарынан келтірілген мүліктік залал мен моральдық зиянның орнын өз еркімен толтыру; қылмыспен келтірілген зиянды жоюға бағытталған өзге де пайдалы іс-әрекеттер жасау және т.б. Ал, Қылмыстық кодекстің 54-бабына сәйкес, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларға жатады: қылмыстарды әлденеше рет жасау; қылмыспен ауыр зардаптар келтіру; алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасау; қылмыс жасағанда айрықша белсенді роль атқару және т.б.

Айыпталушының жауаптылығына Қылмыстық кодекстің 53 және 54-баптарында аталып көрсетілмеген басқа да жағдайлар әсеретеді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 53-бабы 2-бөлігінде айтылғандай, жаза қолдану кезінде осы бапта көзделмеген жағдайлар да жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілуі мүмкін. Ал, Қылмыстық кодекстің 26-бабы 3-4 бөліктерінде былай деп көрсетілген: қылмысты ұйымдастырушы мен қылмысқа айдап салушы, егер бұл адамдар мемлекеттік органдарға хабарлау немесе өзге де шаралар арқылы орындаушының қылмысты ақырына дейін жеткізуіне жол бермесе, қылмыстық жауапқа тартылмауға тиіс; егер қылмысты ұйымдастырушының немесе қылмысқа айдап салушының жоғарыда аталған іс-әрекеті қылмыстың орындалуын болдырмауға әкелмеген болса, олардың қолданған шаралары жаза тағайындау кезінде жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде қаралуы мүмкін.

4. Айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар. Бұл мән-жайлардың айыпталушының қоғамға қауіптілігі дәрежесін анықтау, оған әділ жаза немесе заңмен көзделген өзге ықпал ету шарасын қолдану және осыған байланысты қылмыстық істі соттың дұрыс шешуі үшін үлкен маңызы бар. Сондықтан, заң бойынша тергеу жүргізу барысында және басты сот талқылауында айыпталушының жағымды-жағымсыз жақтарын қамтитын деректердің барлығын анықтау талап етілді (жасы, денсаулығы, отбасы жағдайы, кәсібі, тұрмыстағы мінез-құлқы, мемлекеттік наградалары, бұрын сотталған ба және т.б.) Егер айыпталушының дене мүшелерінің немесе психикалық кемістіктері жөнінде мәліметтер бар болса, қылмыстық іс жүргізу органы ол деректерді ертерек анықтап, сол кезден бастап іске міндетті түрде қорғаушыны қатыстыру қамтамасыз етілуге тиіс. Айыпталушының есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық ауыруы бар немесе бұрын ол маскүнем не нашақор деп танылған болса, оған соттың шешімі бойынша қылмыстық жазамен қатар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану мүмкін (емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу).

Айыпталушының жеке басын сипаттауға оның қылмыс жасағаннан кейінгі мінез-құлқын және өзі жасаған қылмыстықәрекетке қалай қарайтындығын білудіңде маңызы бар. Сондықтан айыпталушының шын жүректен өкініш білдіруі, айыбын мойындап келуі, қылмысты ашуға, қылмысқа басқа қатысушыларды әшекерелеуге белсенді жәрдемдесуі болған жағдайларда, ондай деректер айыптау қорытындысында, сондай-ақ соттың үкімінде бағаланып көрсетілуге жатады. Ал, айыпталушының бұрын қылмыстық жауапқа тартылып сотталғандығына байланысты оның әрекеті қылмыстың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы деп танылатын болса, оған негіз болатын нақты деректерді айыптау қорытындысында және үкімде көрсету міндетті болып табылады. Қорыта айтқанда, айыпталушының жеке басын сипаттауға жататын аталған және басқа да жағдайларды анықтау істің мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеу принципінен туындайтындығын ескеру қажет.

5.Қылмыстың зардаптары, қылмыспен келтірілген зиянның сипатымен мөлшері. Қылмыстың зардаптары онымен келтірілген зиянның түрімен және мөлшерімен анықталады. Сондықтан зиянның үш түрге (моральдық, дене және мүліктік) бөлінетіндігіне сәйкес оның қандай түрі немесе түрлері келтірілгендігін, зиянның мөлшерін және қылмыстық әрекетпен (әрекетсіз-дікпен) зиянның арасындағы себепті байланыстың бар екендігін анықтап дәлелдеу қажет етілді. Мәселен, меншікке қарсы қылмыстар бойынша қылмыспен келтірілген мүліктік зиянның мөлшерін толық анықтау қылмысты дұрыс саралаудың маңызды шарты болып табылады. Сондықтан ондай қылмыстар бойынша зиянның мелшерін анықтамай тұрып, қылмыстың құрамын да анықтау мүмкін емес. Жеке адамға қарсы қылмыстар бойынша жәбірленушіге келтірілген дене жарақаттары ауырлығының дәрежесі және оның денсаулығына зақым келтіруден туындаған шығындар (емделуге, оны бағып-күтуге және т.б.) анықталуға жатады. Егер жәбірленушінің дәлелі бойынша оған қылмыспен моральдық зиян келтірілген болса, ондай зиянның болуына байланысты мән-жайларды да анықтау дәлелдеу пәнімен қамтылады. Ондай жағдайда, мәселен, жәбірленушінің ар-намысына тиетін, абыройын төмендететін мән-жайлардың болғандығын немесе жәбірленушіні, оның жақын туысқандырын ұайымға салуға соқтырған мән-жайлардың болғандығын анықтау талап етілді.

6.Әрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мән-жайлар.Ондай мән-жайлар Қылмыстық кодекстің 32-37-баптары негізінде қаралады. Осы баптарға сәйкес:

-қажетті қорғану жағдайында басқа адамға зиян келтіру, егер бұл орайда қажетті қорғану шегінен асып кетушілікке жол берілмеген болса, қылмыс болып табылмайды (32-бап);

-қылмыс жасаған адамға оны мемлекеттік органға жеткізу және оның жаңа қылмыс жасау мүмкіндігін тыю үшін үстау кезінде зиян келтіру, егер бұл адамды өзге амалдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды (33-бап);

-аса қажеттілік жағдайында зиян келтіру, яғни басқа адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен занды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндірген қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа амалдармен жою мүмкін болмаса және аса қажеттілік шегінен шығып кетушілікке жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды (34-бап);

-уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерлерінің не осы органның тапсырмасы бойынша өзге адамның жедел-іздестіру шараларын орындау кезінде заңмен қоргалатын мүдделерге зиян келтірген әрекеті, егер бұл әрекет қылмыстарды болғызбау немесе ашу, тергеу мақсатымен, сондай-ақ қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеу өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда жасалған болса, қылмыс болып табылмайды (34-1 бап);

-қоғамға пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшін орынды тәуекел еткен ретте зиян келтіру қылмыс болып табылмайды (35-бап);

-егер күштеп мәжбүрлеудің салдарынан адам өзінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) ие бола алмаса, ондай жағдайда қорғалатын мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды (36-бап);

-өзі үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау жөнінде іс-әрекет жасаған адамның қорғалатын мүдделерге зиян келтіруі қылмыс болып табылмайды, мұндай зиян келтіргені үшін заңсыз бұйрық немесе өкім берген адам қылмыстық жауапқа тартылады (37-бап).

7. Қылмыстың жауаптылық пен жазадан босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлар. Ондай мән-жайлар Қылмыстық кодекстің65-69-баптарын қолдана отырып анықталуға жатады. Атап айтқанда:

—65-бапқа сәйкес, қылмыстық жауапқа тартылған адамның шын өкінуіне байланысты (бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтығы қылмыс жасаған болса) ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін; сондай-ақ қылмыс жасаған адам (жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстарды қоспағанда) ұйымдасқан не сыбайластықтоп (қылмысты ұйым) жасауға дайындаған қылмыстарды болғызбауға, олар жасаған қылмыстарды ашуға, басқа да қатысушыларды анықтауға белсенді түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін;

—66-бапқа сәйкес, қажетті корғану шегінен асқан адамды сот істің мән-жайын ескере отырып қылмыстық жауаптан босатуы мүмкін;

—67-бапқа сәйкес, қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуына байланысты ол қылмыстық жауаптылықтан басатылуы мүмкін;

—68-бапқа сәйкес, қылмыс жасаған адамды; егер істі сотта қараған кезде жағдайдың өзгеруі салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауіпті емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін; сондай-ақ бірінші рет кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер Ол кейінгі мүлтіксіз мінез-құлқына байланысты сотта іс қаралған уақытта қоғамға қауіпті емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін;

—69-бапқа сәйкес, қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі өткен болса, тиісті адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Бұл аталған жағдайларда қылмыстық жауыптылықтан босатудың тәртібі жөнінде ҚІЖК 38-бабының 1-бөлігінде былай деп көрсетілген: сот, прокурор, сондай-ақ прокурордың келуімен тергеуші немесе анықтау органы тиісті жағдайаттар бойынша адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық істі қысқартуға құқылы; сондай-ақ сот қылмыстық жауапты-лықтан босата отырып, айыптау үкімін шығаруға да құқылы.

Жоғарыда қарастырылған мән-жайларды анықтау барлық қылмыстық істер үшін ортақ бола тұрып, сонымен қатар қылмыстық істердің топтық немесе жекелеген ерекшеліктеріие байланысты басқа да мән-жайларды істі жүргізу кезінде дәлелдеуқажет болатындығы ескерілуте тиіс. Соның бір көрінісі, мәселен, кәмелетке толмағандардың жасаған қылмыстары бойынша дәлелденуге жататын қосымша мән-жайлар болып табылады. Бұл жөнінде ҚІЖК 117-бабының 2-бөлігінде ҚІЖКтің 481-бабына сілтеме жасалған. Мұнда кәмелетке толмағандардың істері бойынша алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргізу кезінде арнайы анықталуға тиісті мән-жайлар аталған: кәмелетке толмағанның жасы (туған күні, айы, жылы), оның тұрмысы мен тәрбие жағдайы жәнет.б.

ҚІЖК 117-бабының 3-бөлігіне сәйкес, дәлелдеу пәніне қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайлар да жатады. Ол мән-жайлар бұрын қарастырылған қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарымен байланысты болып келеді және солардың негізінде анықталады. Мәселен, мүлікті ұрлауға ықпал еткен мән-жайлардың бірі күзетшінің өз қызметін атқаруға салқын қарағандығы болуы мүмкін. Оны анықтау қылмыстың объективтік жақтарын ашумен байланысты болып табылады. Қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайлар анықталған жағдайда тергеуші (анықтаушы) тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе оларды басқару қызметін атқаратын лауазымды адамдарға ондай мән-жайларды жою үшін қажетті шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізуге құқылы (ҚІЖК-нің 204-бабына сәйкес) ал сотта істі қарау кезінде сот бұл туралы жеке қаулы шығаруға құқылы (ҚІЖК-нің 387-бабына сәйкес).

Дәлрлдеусіз анықталатын мән-жайлар. ҚІЖК-нің 118-бабында дәлілдеусіз анықталатын мән-жайлар туралы айтылған. Бұл бапқа сәйкес, егер тиісті құқықтық тәртіппен керісінше дәлелденбесре, мына мән-жайлар дәлелдеусіз анықталған болып саналады: жалпыға бірдей белгілі фактілер, занды күшіне енген соттың шешімімен айқындалған мән-жайлар, адамның занды білуі, адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі және т.б.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет