Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
К. Л. Есмағамбетов
Р. М. Таштемханова
Мұстафа Шоқайдың тарихи бейнесі
Тарих мамандықтарының студенттеріне арналған оқу құралы
Павлодар
Кереку
2010
ӘОЖ 94 (574)-05 (075.8)
КБК 63.3 (5 Каз) 6-8я73
Е 83
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің тарих және құқық факультетінің оқу-әдістемелік
кеңесімен басуға ұсынылды
Пікірсарапшылар:
Х. М. Әбжанов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары;
З. Е. Кабульдинов - тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің гуманитарлық факультетінің деканы;
Қ. М. Алдабергенов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің, журналистика кафедрасының меңгерушісі.
Есмағамбетов К. Л., Таштемханова Р. М.
Е 83 Мұстафа Шоқайдың тарихи бейнесі : тарих мамандықтарының студенттеріне арналған оқу құралы / К. Л. Есмағамбетов, Р. М. Таштемханова. – Павлодар : Кереку, 2010. – 389 б.
Қазақстан тарихының Жаңа және қазіргі заман мәселелерін зерттейтін тарих мамандығының оқытушыларына, магистранттарына және студенттеріне арналған оқу құралы. Мұнда қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі үшін қажымас күрескері болған Мұстафа Шоқайдың қайраткерлігінің негізгі кезеңдері ашып көрсетілген.
ӘОЖ 94 (574)-05 (075.8)
КБК 63.3 (5 Каз) 6-8я73
© Есмағамбетов К. Л., Таштемханова Р.М., 2010
© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2010
Материалдық дурыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты
Кіріспе
Жеке тұлғаның адамзат тарихында алатын орны зор екені, әлеуметтік дамудың жеке адамсыз – тұлғасыз дамуы мүмкін еместігі белгілі. Жеке тұлғаның ролі, әсіресе ел тарихының бетбұрыс кезендерінде арта түседі. Отанымыздың тарихындағы осындай күрделі кезең өткен ғасырдың басында болған еді. Кеңес өкіметінің орнауымен қазақ халқы керемет қиын жағдайларды бастан кешуге мәжбүр болды, осылардың салдарынан халқымыздың этнос ретінде өзін-өзі сақтап, аман қалуы мәселесі өткір тұрды. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» кітабында былай деп жазған болатын: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ». Біздің мемлекетіміздің қазіргі дамуы барысында уақыттар сабақтастығы айқындалып, тарих сабақтарының мән-маңызы арта түседі.
ХХ ғасырдың басында мемлекетіміздің саяси тарихында айқын із қалдырған, өз ұлтының мүддесін жан аямай қорғап, адал қызмет еткен нар тұлғалар қазақ халқының жадында жатталып қалады.
Өткен ғасырдың нар тұлғаларының қатарында лайықты орнын алған Мұстафа Шоқай десек, бұл күрескердің халық бақыты жолындағы жанқиярлық қызметі туралы «Мұстафа Шоқайдың тарихи бейнесі» деген жаңа оқу құралы ұсынылып отыр. Оқу құралы кіріспеден, жеті тараудан, тест сұрақтарынан, реферат тақырыптарынан, сонымен қатар, әрбір тарауы алғысөзімен және ұсынылған деректі меңгеруге бағытталған міндеттер кешенінен тұрады.
Кіріспеде шоқайтанудың даму тарихының негізгі кезеңдері, деректемелік негіздері сипатталады. Бұл мәліметтерге сүйеніп мынадай қорытындылар мен салдарларды назарымызға алу қажет:
- Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай (1890-1941 жж.) болатын. Қазақ халқының аса күрделі «соқтықпалы да соқпақты» тарихының басты мазмұнын азаттық үшін, өзін этнос ретінде және өмір сүру кеңістігін сақтап қалу үшін күрес құраса, осы күрестің алдыңғы сапында тұрған да М. Шоқай. Сол себепті оның өмірі мен жанқиярлық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеп, зерделеу – біздің парызымыз. Сонда ғана «бүгінгі бостандықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің өзінен-өзі келіп, басымызға қона қалмағанын, азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны шашылып, жаны қиналғанын, жазықсыз зардап шеккенін» ұғынамыз.
- Шоқайтанудың негізі Түркияда қаланды. М. Шоқайдың мұраттас жолдастары, саяси күреске бірге қатысқан серіктері өз естеліктері мен еңбектерінде қазақ қайраткерлерінің дүниетанымы мен қайраткерлік болмысын қалпына келтіру жолында ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл елде соңғы уақытта шоқайтануға қосылған қомақты үлес ретінде А. Қараның еңбегі ерекше аталады.
- Соңғы кезде Мұстафаға Батыс елдерінде де назар аударыла бастады. Алайда кеңес идеологтары мен олардың Шығыс Еуропа елдеріндегі пікірлестері КСРО-ның ыдырауына дейін шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын түрлі лақаптар таратып, М. Шоқайды фашистік Германияның «тыңшысы» ретінде көрсетуге әрекеттеніп келді. Тек Қазақстанның тәуелсіздік алуымен ғана М. Шоқай туралы объективтік еңбектер жарық көре бастайды. Оның қызметінің алғашқы кезең туралы материалдар Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында ұшырасады. Қазақстанда М. Шоқайдың елмен байланысы жөніндегі материалдар қазақ зиялыларының БК(б)П Орталық Комитетіне, партиялық бақылау органдарына жазған хаттары, ОГПУ өкілдеріне берген жауаптары, есепті баяндамалар т.с.с.құжаттар сақталған Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының қорларында ұшырасады.
- Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген кезінде Мұстафаның түрлі саяси ағымдармен таныс болуы, түрік жастарының шерулеріне қатысуы, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы жанындағы Бюро жұмысына араласуы, эмиграциядағы қызметі туралы материалдар Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында, Ресей Федерациясының сыртқы саясаты мұрағаты, Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағаты, Ресей армиясының әскери мұрағаты, Ресей жаңа заман тарихының мемлекеттік мұрағаты шоғырланған.
- Жалпы кіріспеде Мұстафа туралы мәліметтер салыстырылады, тарихнамасы беріледі. М. Шоқайдың «Таңдамалы» екі томдық шығармалар жинағына енген мақалаларының кейбіреуінің аудармалары да көңілден шықпайтыны көрсетіледі.
- М. Шоқайдың өмірі мен қызметін зерттеудің негізгі дереккөзі оның Франциядағы жеке мұрағаттық қоры болып табылады. Онсыз Мұстафаның қайраткерлігі мен ғұламалығына, тәлімгерлігі мен шешендігіне, дүниетанымы мен мақсат-мұраттарына, адамгершілік биік қасиеттеріне көз жеткізу қиянға соғады. Ол туралы еңбектердің көбінің жалаң баяндауларға, патетикаға негізделіп келе жатқандығы осы себептен.
- Француз институтының кітапханасында сақталған қазақ қайраткерінің жеке мұрағаттық қоры Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде баға жетпес дереккөз болып табылады.
- М. Шоқайдың саяси ұстанымы мен дүниетанымын анықтауда Парижге келіп орналасқаннан кейін француз үкіметінің назарын аударуды көздеген «Түркістан ұлттық қозғалысының мақсаттары мен бағыттары» деген 36 беттік памфлетінің маңызы зор.
- Зерттеуші дереккөздерді барынша қамти отырып, оларды сын елегінен өткізу, жүйелеу, пайымдау арқылы жақындай түсуді ғана көздейді.
1 М. Шоқай дүниетанымының қалыптасуы
Алғысөз
Қазақстанның отарлық бұғаудан құтылып, тәуелсіз елдер қатарына қосылуы сан ұрпақтың құрбандықтарға толы күресінің жемісі екендігі әлем жұртшылығына аян. Осы жолда бүкіл өмірін сарп еткен қазақ жерінің ұлы перзенттері аз емес. Олардың ішінде Кеңес Одағындағы ұлттық проблеманы әлем сахнасына шығарып, отарлық озбырлық пен өктемдікке қарсы азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруға, стратегиясы мен тактикасын анықтауға өлшеусіз үлес қосқан М. Шоқайдың есімі ерекше аталуы тиіс.
Тарауда Мұстафа Шоқайдың дүниеге келуінен бастап елдің қоғамдықсаяси өміріне араласа бастаған кезі қамтылады. Осы тарауда берілген мағлұматтар негізінде осындай негізгі қорытындылар мен салдарды ерекше атап өтуіміз қажет:
- Мұстафа қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумағындағы Сұлутөбе теміржол стансасынан он бес шақырым жердегі Наршоқы мекенінде 1890 жылдың 7 қаңтарында (ескіше 1889 ж.25 желтоқсанда ) дүниеге келген. Қыпшақ тайпасының Бошай бөлімінен тарайтын Жанайға жатады. Қолда бар мағлұматтар Мұстафаның ел билеген ділмар, қан майданында жерін сыртқы жаулардан қорғаған батырлар әулетінен екендігін растайды. Торғайдың бірінші әйелінен Шоқай (Шоқмұхаммед), Қалымбет (Қалмұхаммед), Әліш (Әлмұхаммед), Оспан, ал Шоқайдан Сыздық, Мұстафа, Нұртаза деген үш ұл, Әтіркүл, Фатима (олар кейбір зерттеулерде Сара, Ниса деп те аталады) екі қызы тарайды;
- Алты жасар Мұстафа алғашқылардың бірі болып 1891 жылы ағасы Әліш салған медресе табалдырығын аттайды. Зеректігі арқасында Мұстафа мектеп шәкірттерінің ішінде бірінші болып әптиектен Құранға шығады;
- 1902 жылдың тамыз айында Мұстафа Ташкент ерлер гимназиясына оқуға түседі. 1910 ж.ол гимназияны латын, француз, неміс тілдері мен математикалық география бойынша «жақсы», ал қалған пәндердің барлығын «үздік» деген бағамен бітіреді;
- Петербург университетінің мұрағаттық қорында Мұстафаның 1910 жылдың 6 шілдесінде студент қатарына қабылданғаны және үлгерімі жөніндегі мағлұматтар бар. Осындағы сынақ кітапшасына қарағанда Мұстафа 1910-1914 жж.университеттің заң факультетінде оқып, жылына екі рет сынақтан өткен, пәндерді «өте қанағаттанарлық» және «қанағаттанарлық» деген бағаларға тапсырған;
- М. Шоқайдың зерттеу жұмыстарына қабілеттілігі В.В.Бартольдтің, В. В. Радлов, Бодуэн де Курте, А.Н.Самойловичтің құлағына шалынады. Өз халқының ауыз әдебиетіне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне қызығушылығы М. Шоқайды Ташкент гимназиясында оқып жүрген шағында «Түркістан археология әуесқойларының» жиындарына әкеледі;
- М. Шоқайдың ұлтжанды қайраткер ретінде қалыптасуында патша өкіметінің орыстан өзге халықтар жөнінде жүргізіп отырған отарлық саясаты үлкен рөл атқарады. Мұндай жағдайда Ресейдің ірі қалаларында оқып жатқан түрік-мұсылман жастарының саяси өмірге тартылуы заңдылық еді. Әуел баста «қайырымдылық қорлары», «жерлестіктер» ретінде ұйымдастырылған түрлі қоғамдар өздерінің жарғы талаптарының шеңберлерінен шығып, ұлттық талап тілектер қоя бастайды. Петербургте Мұстафа алғашқы күндерден-ақ түрікмұсылман жастарының ортасына түседі. Мұнда ХІХ ғасырдың аяғында әзірбайжан қайраткері Ә.Топчибаши қазақ қайраткері С.Жантөриннің көмегімен «Мұсылман қайырымдылық қоры» құрылады. Кейін, ХХ ғасырдың басында, түрік-мұсылман қозғалысы жетекшілерінің қолдауымен «Мұсылман студенттерінің орталық комитеті» ұйымдастырылады;
- Саяси жұмыстағы алғашқы қадамдарында Мұстафа әлеуметтік мәселелерге бүйрегі бұруынан біраз уақыт жұмысшылар қозғалысының ықпалына түскенге ұқсайды. Мұстафа кейін Перовск депосының теміржолшыларымен кездесіп, оларды өз жағына тартуға тырысады. Алайда оның социал-демократтар мен эсерлердің ықпалындағы жұмысшылар қозғалысымен қарым-қатынасы мардымды өрбіді деуге негіз жоқ. Олардың әлеуметтік мәселені жалпыұлттық мүддеден жоғары қоюы Мұстафа көзқарасына қайшы келеді. Бірте-бірте М. Шоқай ұлттық мәселені қоғам дамуында басым фактор деп тани бастайды. Жалпы алғанда осы кезеңнен бастап М. Шоқайдың қоғамдық өмірге, өз халқының тағдыр-талайына көзқарасының қалыптасуы тұтастық сипат алып, патша өкіметінің жергілікті тұрғындарды өз атамекендерінен ығыстырып, олардың орындарына славян қоныстанушыларын әкеліп орналастыру, ислам дінін қуғындау және білім саласындағы саясатына қарсы бағытта дамиды;
- Ислам дінімен мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде күрес жүргізу мақсатында Ішкі істер министрлігі жанынан православие діні, Ішкі істер мен Халық ағарту министрліктері өкілдерінен тұратын «Ерекше кеңес» деп аталатын ұйым құрылады. Ол түрік халықтарының мәдени-діни бірлігі Орыс мемлекетіне қауіпті болып есептеледі деген қорытындыға келеді. Патша үкіметінің арандатушылық саясатына қарсы Петербургте оқып жатқан түрік жастары да, олардың ішінде М. Шоқай да баспасөз беттерінде өз пікірлерін білдірді;
- М. Шоқай үш алыпты өмір бақи ұлықтап өтті. А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалы», Ә.Бөкейхановтың «Қырғыздары», М.Дулатовтың «Оян, қазақ» өлеңдер жинағы оның рухани азығы болды десек те артық айтқандық болмас. 1912 жылдан М. Шоқай Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы мүшелерімен қоян-қолтық араласып, солардың ақыл-кеңесімен әрекет етеді. М. Шоқай «Бюро» жұмысына 1916 жылдың 1 қарашасынан бастап кіріседі;
- М. Шоқайдың ұлттық қайраткер ретінде саяси сахнаға шығуына 1916 жылғы Түркістан мен Қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалысы қуатты серпін берді.
Мұстафа Шоқай – отаршылдықтың ойраны мен қайғы-қасіретін бастарынан өткерген қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. халықтардың тағдыры өз тағдырымен біте қайнасқан, ұлт мүддесі өз өмірі мен күресінің мақсат-мұратына айналған, жиырма жыл бойы Еуропа төрінде Алаш идеяларын жалғастырып, тәуелсіздік туын көтерген сондай тұлғаларының бірі де, бірегейі де сол.
Қазақстанның отарлық бұғаудан құтылып, тәуелсіз елдер қатарына қосылуы сан ұрпақтың құрбандықтарға толы күресінің жемісі екендігі әлем жұртшылығына аян. Осы жолда бүкіл өмірін сарп еткен қазақ жерінің ұлы перзенттері аз емес. Олардың ішінде Кеңес Одағындағы ұлттық проблеманы әлем сахнасына шығарып, отарлық озбырлық пен өктемдікке қарсы азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруға, стратегиясы мен тактикасын анықтауға өлшеусіз үлес қосқан М. Шоқайдың есімі ерекше аталуы тиіс. Жапон ғалымы Уяма Томохико М. Шоқай шығармаларымен танысқаннан кейін былай деген-ді: “ХХ ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде Абдурашид Ибрагим, Мирсаид Сұлтанғалиев, Заки Валидов (Тоған), Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Махмуд Бехбуди, Абдурауф Фитрат, Файзулла Қожаев, Мехмед Эмин және тағы басқа көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлері шоғыры пайда болды.
Тіпті осы жұлдыздардың ішінде Мұстафа Шоқаев (1890–1941), немесе Шоқай бірегей орын алады” [1].
Мұстафаның халықтардың өзара өркениетті қатынастар орнатуы, ұлт-азаттығы қозғалысының жақтастары мен жаулары, тәуелсіздік үшін күресте этностық тұтастықтың маңызы жөніндегі теориялық пайымдаулары, шығармашылық мұрасы адамзаттың рухани байлығының бір арнасын құрайды.
Мұстафа қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумағындағы Сұлутөбе теміржол стансасынан он бес шақырым жердегі Наршоқы мекенінде 1890 жылдың 7 қаңтарында (ескіше 1889 ж. 25 желтоқсанда) дүниеге келген [2]. Қыпшақ тайпасының Бошай бөлімінен тарайтын Жанайға жатады [3]. Қолда бар мағлұматтар Мұстафаның ел билеген ділмар, қан майданда жерін сыртқы жаулардан қорғаған батырлар әулетінен екендігін растайды.
Ел аузындағы әңгімелер Әмудария бойындағы Жұмық бидің қызына үйленген Торғай (Мұстафаның атасы) озық ойлы, парасат-пайымы мол, Сыр өңіріне беделді кісі болғандығын жеткізеді [4]. Ал, Жұмық би Хиуа ханының жақын туысы болған.
Торғай Қуатбайұлының тұсында Сыр өңірінің көп бөлігін Қоқан хандығы билеген. Ол (1792–1872) және Тұрғанбай Сіргебайұлы (1794–1850), Тұрсынбай Бүркітбайұлы (1788–1873) Шымкент, Түркістан, Жаңақорған, Жөлек аймағындағы қыпшақтарды билейтін датқалар ретінде белгіленеді. Торғай Қуатбайұлының қызметі туралы мұрағат қорларында шағын деректер ұшырасады. 1853 жылы ол Қалыбай Тоқсаба, Тұрсынбай датқа, Бабабекпен бірге орыстардың олардың бекінісін қиратып кеткендігін хабарлап, Елек ханнан көмек сұрайды [5]. Кейін Торғай Хиуа ханының датқасы (1830–1860) болады. Жасақ бастығы ретінде орыс әскерлеріне қарсы соғысады [6].
Торғай елдің арасында бірлік пен тыныштықты сақтауда, отырықшылық өмір салтын уағыздауда көп еңбек сіңіреді. Сыр бойында атағы шыққан ол Тұрсынбай, Досбол сияқты өзі секілді елбасыларымен сыйластық қатынаста болып, ел ішіндегі дау-жанжалдарды ақылдасып шешіп отырады. Ел аузында осыдан Торғайдың “менің екі қанатым бар: бірі – Игілік әулие, екіншісі – Жаназар батыр” деген сөзі сақталған.
Мұндағы Игілік әулие – Торғайдың немере ағасы, ақылшысы да, алып күш иесі Жаназар батыр қорғанышы болған. Жаназар Досқанұлы қыпшақ әскерлерінің жүзбасы санатында Жөлек, Жаңақорған, Созақ бекіністері үшін Қоқан басқыншыларына да қарсы күреседі [7].
Торғайдың елді қорғаған батыр інілерінің бірі – Әжібай Қарпықұлы (1791–1866), ол Арқа елінде Сарыторғай, Қараторғай, Жыланшық өзендері бойындағы және Сыр бойын жайлаған қыпшақтардың белгілі биі болады.
Сырдария облысының генерал-губернаторы Н. И. Гродеков, ғалым А. Самойлович Торғайды этнографиялық білімі терең, өз халқының әдет-ғұрпын жақсы білетін адам ретінде суреттейді [8].
Торғайдың бірінші әйелінен Шоқай (Шоқмұхамед), Қалымбет (Қалмұхамед), Әліш (Әлмұхамед), Оспан, ал Шоқайдан Сыздық, Мұстафа, Нұртаза деген үш ұл, Әтіркүл, Фатима (олар кейбір зерттеулерде Сара, Ниса деп те аталады) екі қызы тарайды [9].
Шоқай ширек ғасырдай би-болыс атанып, ел-жұртына беделді, қазақ, өзбек халықтарына, лауазымды орыс шенеуніктеріне танымал болады.
Ол ағайын-туыстарымен 1890 жылдың көктеміне дейін Орынбор – Ташкент теміржолы бойындағы Сұлутөбе бекетінен бес шақырым жердегі Әулиетораңғыл деген мекенде тұрады.
Мұстафаның әкесі, ұрпақтарының айтуына қарағанда, 1916 жылы сексен жасында дүние салған [10]. Демек ол кісі 1836 жылы дүниеге келген.
Мұстафаның туысы Ә. Аманқұлов та өз естеліктерінде “Шоқай 1916 жылы дүниеден өтіп, 1917 жылдың тамыз айында “Шұбыра тоған” деген жерде асы берілді” деп жазады. Осы пікірді 2007 жылдың мамыр айының орта кезінде өзіміз Шиелі ауданының 1 мамыр ауылына іздеп барып әңгімелескен Әліштің немересі, Бәкірдің ұлы Ғани да, Қызылорда қаласындағы “Мұстафа Шоқай қорының” президенті Базарбай Атабаев, Мұстафаның жиеншары Қалымбетов Ойдан, Тасбөгет кентінің тұрғыны көнекөз қария Тәжімов Жұмабек дұрыстыққа саяды.
Жаңадан жаулап алынған өңірлерде билік жүйесін орнықтыру мақсатында жүргізілген орыс саяхатшыларының және қызмет бабымен Сыр бойындағы қазақ ауылдарын аралаған орыс чиновниктерінің еңбектерінде Шоқай есімі аталмай қалмайды. Әкесі Торғай секілді, оның да шариғат заңын, халықтың әдет – ғұрпын, жол – жосығын жақсы білетіндігі айтылады.
Шоқайдың халық арасындағы беделімен орыс өкіметі де есептескен. Оның парасат-пайымының жоғарылығы Сыр өңіріне ғана емес, қырғыз, өзбек елдеріне де белгілі болған. Шет жерде туған інісіндей болып, “Яш Түркістан” журналын бірге шығарысқан Абдуақап Оқтай 1941 жылдың 11 қазанында Истанбұлдан Берлиндегі Мұстафа Шоқайға жолдаған хатында: “Сексен жастағы Шоқайбек қажы баба да ел мен ұлт ісі жолында жан-тәнімен қызмет еткен деп есітеміз”, – дейді [11].
А. Оқтайдың сөзіне қарағанда, Шоқай қажылыққа барып қайтқан, өмірінің соңғы күндеріне дейін ел қамын ойлаған, парасат-пайымы жоғары адам ретінде ел есінде қалады.
Торғай датқаның әулеті заман ағымын сезіне білген. ХІХ ғасырдың 80-жылдарында оның үшінші баласы Әліш патша үкіметінен рұқсат алып, Әулиетораңғылдан (қазіргі 1 мамыр ауылы) төрт сыныптық медресе салдырады. Алайда 1890 жылы Сырдария қатты тасып, Әулиетораңғылдағы мектеп үйі судың астында қалады. Шоқайдың да, оның басқа туыстарының да ауылы Әулиетораңғылдан он бес шақырым жердегі Көксу өзенінің сағасындағы Наршоқы деген мекенге қоныс аударады.
Бұрынғы кездері Наршоқының құмдауыт биігіне көтерілгенде Әулиетораңғыл көз ұшында тұратын. Қазіргі кезде нар өркешіне ұқсас шоқы біршама шөгіп кеткен дейді Мұстафаның ауылдастары. Наршоқыда Әліш мектеп ашу ісін қайтадан қолға алып, мектеп үйін салдыртуға Ташкенттен арнайы құрылыс маманын шақыртады. Наршоқы құмында орналасқан Шоқай қыстауының жанында бой көтерген жаңа мектеп үйі 1896 жылы шәкірттер қабылдайды. Алты жасар Мұстафа ағасы Сыздық, немере ағасы Бәкірмен бірге алғашқылардың бірі болып осы медресе табалдырығын аттайды. Мұнда Ахмет ишанның баласы Мұстафа да оқиды. Ишанның бұл баласы кейін “Ғалия” медресесінде, Бұқарадағы “Мир Арабта” оқуын жалғастырып, Ташкенттегі “Көкілташқа” түседі. Екі бөлмелі медресенің құлаған орны әлі күнге дейін сақталған. Шоқай да, Әліш және Мұстафаның басқа туыстары да осы маңнан 300–400 метрдей жердегі қорымда жерленіпті.
Медреседе Ерімтөре дүнияуи пәндерден, Ахмет ишан (1861–1926) діни пәндерден дәріс береді. Ерімтөре орысша оқыған, білімді ұстаз болғанға ұқсайды.
Зеректігі арқасында Мұстафа мектеп шәкірттерінің ішінде бірінші болып әптиектен Құранға шығады. Медресені екі жылда тамамдаған алғыр інісін Әліш Қызылордадағы орыс-қазақ мектебіне алып барады.
Наршоқы кезінде Бақалық, Сарышығанақ деп те аталған секілді, ал Әліш мектебін, қызыл кірпіштен салынғаннан соң “Қызыл үй” деген. Ел аузында Әліштің осы мектепті ашар алдында Ыбырай Алтынсаринмен танысқандығы туралы әңгіме бар, қайсыбір жылы Әліш жолы түсіп, Ырғыз жаққа, одан кейін Орынборға барып қайтады, осы сапары барысында қазақ даласына мәшһүр бола бастаған ағартушымен ұшырасып, оның “Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку” және “Киргизская хрестоматия” деген кітаптарының бірнеше данасын ала келген. Егер бұл екі оқулықтың да Орынборда 1879 жылы шыққандығын ескерсек, Әліштің Ыбыраймен ұшырасып әңгімелесуі ХІХ ғасырдың 80-жылдарының аяғы 90-жылдардың бас кезінде орын алған деп жорамалдауға болады. Мұстафа сауатын осы оқулықтар арқылы ашады.
Мұстафаның оқу-тәрбие мектебінің негізін медресемен қоса, би ауылына келіп ел мен жер жағдайын толғаған дуалы сөз иелері, ақын-жыраулар қалайды. Ол жастайынан Сыр өңіріндегі Досбол би, Күдеріқожа Көшекұлы, Будабай Қабылұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы сынды шешен, би, ақын-жыраулардың сөздерін тыңдап, ұлттық мұрадан нәр алып өседі. Зайыбы Мария Яковлевнаның Мұстафаны “есту қабілеті жоғары болған, музыканы өте жақсы көрген... Есте сақтау қабілеті өте күшті, кез келген нәрсені тез есіне түсіретін” деп сипаттауы да осыдан, дәстүрлі мәдениет аясында тәрбиеленгендігінен болса керек. Ол бес жасында домбыра тартуды игереді, ақынжандылығы, сезімталдығымен ерекшеленеді. Кейін Париждегі этнография мұражайынан (“Адам мұражайы”) қазақтың домбырасын көріп, көзіне жас алуы жүрек түкпірінен шыққан елі мен жеріне сағынышы еді. Мұстафа әкесімен бірге Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата секілді қалалармен қатар, Темірлан, Қарнақ, Жусалы, Бөген, Сайрам секілді елді мекендерді аралап, халықтың тұрмысын өз көзімен көреді. Жергілікті патша әкімшілігінің озбырлықтарына куә болады.
Мария Яковлевна Мұстафа жеті жасынан бастап Перовскідегі мектепке барып оқиды [12] деп жазады. Өзбекстан мұрағатындағы өмірбаяндық құжатта ол “1899–1902 жылдар аралығында Перовск училищесінде оқыды” [13] делінеді. Мұндағы кейбір сәйкессіздік Мұстафаның туыстарының жадында сақталған мына жағдайға байланысты. Олар (Ғани Бәкірұлы, Б. Атабаев т. б.): “Мұстафа Қызылордадағы мектепте бір ай оқып, ауылына кетіп қалады. Содан соң оны әжесі қайта жібермей қояды. Тимофей деген мұғалімді жалдап, ауылда оқытады” дегенді айтады. Бұл әңгіме Мұстафаның Перовскідегі оқуында бір жылдан астам уақыттай үзіліс болғандығын меңзейді. Дегенмен Мұстафаның соңғы бес-алты жыл ішінде “отбасы дәстүріне сәйкес тәрбие мен білім алғанын” [14] мұрағат құжаттары дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |