Қорыта айтқанда, тіл мәдениетінің өзекті мәселесінің бірі – норма. Тілдік нормалардың анықтала, тұрақтана түсуі және олардың әлеумет тарапынан мақұлдануы, осылардың нәтижесінде қалыптастырылып хатқа түсуінің – кодификациялануының бүгінгі қазақ тілі үшін мәні өте-мөте зор. Бұл еңбектің тілдік нормаларды танытуда, олардың түрлерін, негізін, қазіргі күй-қалпын көрсетуде орны ерекше. Мемлекеттік мәртебеге ие болып, әлеуметтік қызмет өрісі кеңейе түскен бүгінгі тіліміздің лексика-фразеологиялық қазынасы молығуда; сөз жасаудың грамматикалық, семантикалық мүмкіндіктері күшеюде; функционалдық стильдердің белгілері анықтала түсуде; тілдің ауызша жұмсалу процесінде орфоэпиялық заңдылықтары айқындалуда; жазу мәдениетіне, яғни ғылыми негізде түзілген орфографиялық нормаларды жүйелі сақтау талабы алға тартылуда – міне, осылардың баршасы тіліміздің лексикалық, грамматикалық, стильдік, орфографиялық, орфоэпиялық нормаларының мақұлданған, зандастырылып хатқа түскен кодификациясын жақсы көрсетіп, дұрыс танытуды қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиет: Рабиға Сыздық «Тілдік норма және оның қалыптануы»