Химиялық құрамы. Өсімдіктің құрамында алкалоид ахиллеин (0,05%), К дәрумені, сесквитерпендер, полисахаридтер, дубильді заттар, флавоноидтар, 1% дейін эфир майы, оның құрамына азулендер (25-30%), пинен, l-борнеол, күрделі эфирлер (10-13%), l-камфора, туйон, цинеол (8-10%), құмырсқа, сірке және изовалериан қышқылдары, спирттер (20%) кіреді. Эфир майы азуленді қосылыстарға байланысты қара-көк түсті, ол жапырақтарына қарағанда гүлдерінде көбірек. Сақталуы. Эфир майлы шикізаттарды сақтау ережелері бойынша теңдерге қапталған. Жарамдылық мерзімі 3 жыл. Қолданылуы. АІТ ойық жарасында, жедел және созылмалы дизентерияда, гепатиттерде, холециститтерде және ангиохолиттерде қолданады. Ащы зат ретінде тәбет ашатын жиынтықтар құрамына енеді. Гематуриямен (жедел және созылмалы циститтер, уретриттер, гломерулонефриттер, пиелонефриттер, бүйрек туберкулезінде және т.б.) қабаттаса жүретін нефрологиялық және урологиялық ауруларда, сонымен бірге жиі мыңжапырақ тұнбасын басқа да дәрілік өсімдіктер қоспаларымен қолданады. ТҮЙМЕДАҚ ГҮЛДЕРІ - FLORES CHAMOMILLAE RECUTITAE Дәрілік түймедақ - Chamomilla recutita L. (syn. Matricaria chamomilla L.) Күрделі гүлдер тұқымдасы – Asteraceae Биіктігі 15-40 см біржылдық шөптесін өсімдік. Сабақтары бұтақталған, жалаңаш. Жапырақтары кезектескен, отырыңқы, ұсақ бөліктерге екі қауырсын тілімделген. Гүл кәрзеңкелері дара, ірі, сабақ ұштарында және бұтақтарында орналасқан. Кәрзеңкелерінде ақ жалған тілді гүлдері бар, олардың шетінде орналасқан және көптеген ішкі қос жынысты сары гүлдер, олар конусты жалаңаш тұғырда. Кәрзеңкелері ұзын гүл тұғырында орналасқан, біртіндеп гүлдейді: ашылудың басында жалған тілді гүлдері жоғары қарайды, одан кейін горизонтальды орналасады және тұғыры созылады. Жемісі-тұқымша. Бүкіл өсімдік хош иісті. Мамырдан шілдеге дейін гүлдейді, маусымда жеміс береді. Химиялық құрамы. Гүл кәрзеңкелерінің құрамында 0,2-0,8% эфир майы бар, оның құрамына хамазулен кіреді. Эфир майы бұл қара-көк түсті қоймалжың сұйықтық, суда қиын ериді. Көк түсті болуы хамазуленге байланысты. Эфир майын сақтау кезінде хамазулен ауа оттегісімен тотығады және май әуелі жасыл, одан кейін қоңыр түсті болады. Бұдан басқа эфир майының құрамында, сесквитерпендер, кадинен, фарнезен, сесквитерпенді спирт бизаболол, каприл және изовалериан қышқылдары бар. Түймедақ гүл шоғырының прохамазулен матрицин және матрикарин лактоны (жоғарғы температурада осы екі зат та хамазуленге айналады), диоксикумариндер, умбеллиферон және оның метилді эфирі герниарин, триакантин, холин, фитостерин, салицил қышқылы, аскорбин қышқылы, каротин, ащы заттар, кілегей, шырыш алынады. Жер үсті массасының құрамында (шөпте) эфир майының 0,37%, мирцен және фарнезен бар. Қолданылуы. Түймедақ тұнбаларын ауыз қуысын және баспа, тонзиллит, ларингит кезінде тамақты шаю үшін пайдаланады. Түймедақты жиі басқа да дәрілік өсімдіктермен (шай түрінде) қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |