Әлеуметтану ғылым ретінде тек XIX ғасырда пайда болған деп есептелінеді.
Огюст Конт (1798-1857) әлеуметтанудың негізін қалаушы болып табылады. Оның «Позитивтік философия курсы» атты еңбегі бар.
Конттың пікірінше әлеуметтану әлеуметтік статиканы және әлеуметтік динамиканы зерттеуі тиіс.
Әлеуметтік статика - қоғамдағы өмір сүріп тұрған құрылымдар. Әлеуметтік динамика - әлеуметтік өзгерістер үрдісі. О.Конттың пікірінше әлеуметтану қоғамды эволюциялық жолмен өзгертетін ғылым болуы тиіс.
Қоғамның нақты құрылымын зерттеуде Конт оның негізгі элементі ретінде отбасын алады. Адам отбасында жаратылыстық жағдайда болады. Осы жағдай барлық қоғамдық қатынастардың жаратылыстық негізі болып табылады.
Әлеуметтану қоғамды эволюциялық жолмен өзгертуде адам ақылына (интеллектуальдық эволюция) сүйенеді. Адам ақылы өз дамуында үш сатыдан өтті; 1) теологиялық, қоғамдағы өзгерістер қасиетті күштер әсерінен деп түсіндіріледі; 2) метафизикалық қоғамдағы өзгерістер абстрактылы-философиялық ұстанымдар көмегімен түсіндіріледі; 3) позитивті-ғылыми, бұл кезеңде адам ақылы реалды-шыншыл фактілерді зерттеуге тоқталады. Осылайша адам ақылының үш кезеңді дамуы туралы О.Конт заңы жалпы әлеуметтік даму теориясы болып табылады.
Классикалық әлеуметтану екі еуропалық социологтар М.Вебер және Э.Дюркгейм есімдерімен байланысты. Олар әлеуметтану ғылымының осы кезеңге дейінгі дамуының алдын анықтап берді.
Макс Вебер (1864-1920) неміс социологы. Еңбектері: «Протестанттық этика және капитализм рухы»; «Негізгі әлеуметтік түсініктер»; «Әлеуметтік-ғылыми және әлеуметтік-саяси танымдардың объективтілігі». Вебердің пікірінше барлық қоғамдық институттар, құрылымдар, мінез-құлық нысандары оларға адамдар берген мән-мағына нәтижесінде реттеліп отырады. Адамның субъективті мәні жалпыға айналып үлгілі түр (идеальный тип) пайда болады. Әлеуметтану дегеніміз адамдардың әлеуметтік әрекетін реттеп отыратын осы үлгілі түрлер туралы ғылым. Әлеуметтік әрекет кезінде даралық өз «Мен» дегенін іске асырады. Міне осы жерде әлеуметтану жаңағы «Мен» деген тұрғыдағы әлеуметтік әрекеттің қоғамдық үлгіге сәйкес болуын қамтамасыз етеді.
Эмиль Дюркгейм (1859-1917) француз ойшылы. Оның ілімінің негізінде «социологизм» тұжырымдамасы жатыр. Э.Дюркгейм пікірінше қоғам негізінде ерекше бір «ақиқат» бар. Ол адамдарды біртұтас етіп біріктіріп, олардың арасында байланыс орнатады. Сондықтан ол «ақиқаттың» өз жалпы және дара заңдары бар. Міне осы заңдар әлеуметтанудың зерттеу пәні. Себебі бұл заңдар бар қоғамдық көріністердің мінезі мен мәнін ашады. Бұл «ақиқат» қоғамның жеке мүшесіне өз байламдарын «күтініс», «талап», ұстаным, мораль және т.б. түрлерде тоқтады. Міне осы жекеден шығатын (себебі «ақиқат» мәнін жеке адамдар әрекеті толықтырады) жалпы байланысты Э.Дюркгейм «әлеуметтік факт» деп атады. Әлеуметтану әлеуметтік фактілер жөніндегі ғылым ретінде ерекше ақиқатты қарастыра отырып жеке адамды да нақты тұлға ретінде көрсетеді. Дюркгеймше айтқанда біздің барлығымыз да қоғам үшін белгілі бір мәнге иеміз. Әлеуметтану бізге осы жалпы ақиқатқа біздің әрқайсысымыздың кірігуімізге, әрқайсысымыздың өз шындығымызды әкеліп қосуымызға көмектеседі. Мысалы, Э.Дюркгейм үлкен статистикалық материал мен әлеуметтану әдістердің үлкен жиынтығын қолдана отырып зерттеген өзіне-өзі қол салушылар (суицид) мінез-құлқы және қоғамдық мінез-құлықтың аномия құбылысын ашуға көмектесті.
Қазіргі әлеуметтік теориялар
Қазіргі әлеуметтану бірнеше мектептер мен бағыттарға бөлінеді. Олардың көпшілігі бірін-бірі толықтырып, дамытып отыр. XX ғасыр әлеуметтануында үш бағыт біріктіріледі: функционализм, конфликтологиялық (дау-жанжал) әлеуметтану және символикалық интеракционизм.