Ақ Орданың саяси тарихы. Орта Азия мен Хорезмнің қала, егіншілік және сауда аудандарымен байланыс орнатқан Ақ Орда хандары біртіндеп Алтын Орда билігінен алыстай бастайды да, XIV ғ. алғашқы жартысында, яғни Ерзен және Мүбәрәк қожа (1320-1344 жж.) хандар тұсында біржола дербестікке өтеді. Ақ Орданың күшеюі Ұрыс ханның билігіне тұс келеді (XIV ғ. 60-70 жж.). Тарихшы Қадырғали би Қасымұлы Ұрыс ханды ақылды да батыл билеуші ретінде сипаттайды. Осы ханның тұсында қысқа мерзімге болса да Ақ Орданың билігі жеріне де тарайды. Ұрұс хан 1368-1369 жж. өз атынан Сығанақ қаласында теңге соқтырады. Ол 1374-1375 жж. Еділ бойына жорық жасап, Алтын Орданың астанасы Сарайды, Қажы-Тарханды алып, Кама Бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды. Осы кезде Орта Азияда Әмір Темірдің күшеюінен сескенген Ұрыс хан Сыр бойындағы өз иелігіне оралады. Хан жол бойында өзіне көмектесуден бас тартқан Маңғыстау билеушісі Түй-Қожаны жазалайды. Оның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге барып паналайды. Осы кезден бастап Темір Тоқтамысты пайдаланып, Ақ Орданы да, Алтын Орданы да басып алуға тырысады.
Әмір Темір Тоқтамысқа қару-жарақ, әскер беріп, Ақ Орданы басып алуға жібереді. Алайда Тоқтамыстың Ақ Ордаға жасаған бірнеше шабуылынан еш нәтиже шықпаған. Ұрыс хан мен оның баласы Тоқтақия қайтыс болғаннан кейін Темір Тоқтамысты Ақ Орда тағына отырғызды. Бірақ Тоқтамыс Ұрыс ханның екінші баласы Сауран түбінде тағы жеңіліске ұшырайды. Бұл жолы да Темір оған көмек беріп, қайта аттандырып, 1379 ж. Тоқтамыс Ақ Орданың билігін толық өзіне алады. ХІҮ ғ. аяғында Тоқтамысқа қарсы әрекет ете бастаған Темір оның орнына 1395 ж. Ақ Орда тағына Ұрыс ханның тағы бір баласы Қойыршық оғланды хан етіп қояды.
Ақ Орданың келесі ханы Барақ Сыр бойындағы қайтару үшін әрекеттер жасайды. Темірдің немересі Ұлықбектің әскерін жеңіп, көптеген қалаларды өзіне қаратады. Алайда 1428 ж. Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билік Жошының Шайбани әулетінің ұрпағы Әбілқайыр ханның қолына тиеді.
Мұсылман деректері Ақ Орданы билеген хандар шежіресін шамамен мынадай жүйеде береді: Орда Ежен, Сартақтай, Қойыншы, Баян, Сасы Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Ұрыс хан, Құйыршық және Барақ.хан.