Реферат тақырыбы: «Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығының күштеп бұзылуының салдары»


Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығының күштеп бұзылуының салдары



бет3/5
Дата08.02.2022
өлшемі97,87 Kb.
#98065
түріРеферат
1   2   3   4   5
Байланысты:
Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығының күштеп бұзылуының салдары

1.Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығының күштеп бұзылуының салдары


1.1 Меншіктен айыру және ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру
6

1922 жылы 30 желтоқсанда Кеңестік Социалистік республикалар одағы (КСРО) құрылғаннан кейін елде социализм орнату доктринасы іске асырыла бастады. Ол үш үлкен міндетті: индустрияландыруды (аграрлы елден дамыған индустриялы елге); ұжымдастыруды (социалистік ұжымдық ауыл шаруашылығын құру); мәдени революцияны (сауатсыздықпен күресу, кеңестік білім жүйесін құру, ғылым мен мәдениетті, кеңестік идеологияға қызмет ететін зиялы қауымды және жаңа өмір салтын қалыптастыру) қамтыды.


Алғашқы қадам елді индустрияландыру саясатынан басталды. 1925 жылы желтоқсанда БКП (б) XIV съезі өтіп, онда елді индустрияландыру бағытына көшіру туралы шешім қабылданды.
Большевиктер 20-шы жылдары ЖЭС-ті ұзақ мерізімді саяси стратегия деп есептеді. Сондықтан, олар ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек еді.
Алайда, большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: “Жайылымдық жерді бөлу деген не?“ дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін және өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін “Бұл кіші Қазан“ – деді.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда “Жерге орналаспай жерді пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы” заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық және жайылымдық жерлер жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді. Бұл жұмысты жоғарыдан жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды және бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару комитеттері жанынан ерекше жедел “бестіктер“, ал болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан “үштіктер“ ұйымдастырылды. Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған бұл “бестіктер“ мен “үштіктер“ құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бекітілді. Шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты құрылған бұл төтенше және заңсыз органдар кеңес үкіметінің басқа да шараларын жүзеге асыруда таптырмас әдіс болды. Қазақстанда большевиктер 1926-1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6 %-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді.
Ф.Голощекин алғаш “Кіші Қазан“ төңкерісін бір ғана әлеуметтік-саяси науқанмен, яғни шабындық-жайылымдық және егістік жерлерді қайта бөлумен аяқтай аламын деген пікірде болды. Большевиктер жерге орналастыру жөніндегі бұл шара әсіресе ауылдағы байға өте тиімді болып отырған жерді дәстүрлі қауымдық (рулық) пайдалануды жояды деп есептеді.
Алайда Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін қамтамасы ете алмады. Оның себебі бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жәй бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың дәстүрлі шаруашылығында, керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді, яғни көшпелілер үшін жайылымға сұраныс мал басының санына және оның құрамына байланысты болды. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер бөлінісі нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден келер пайда жоқ еді. Себебі ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана емес, тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауыл-шаруашылық құрал саймандарына, егетін тұқым және т.б. заттарға өте зәру болды.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмаков, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы қабылданды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты тереңдей түсті.
1929 жылы 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мөжілісінде Голощекин астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құқын беретін қаулы шығартты.
Астық пен ет дайындау мәжбүрлеу, жазалау және үрей туғызу арқылы жүргізілді. Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Мысалы, астық салығынан 2 жыл мерзімге босатуға жататын Түркістан облысындағы көшпелі мал шаруашылығы Талас және Созақ аудандарында астық даярлау жүргізілді. Ал етке өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп жатты. Мәселен, Балқаш ауданында бар малдың басы 173 мың болса, етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленді. Ауданның 3 жылда етке мал өткізу жоспары 160 мың бас малдан 1,5 млн бас малға, яғни 10 есеге дейін өсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет