1.1. Периодтық заң және атом құрылысы - мектеп химия курсының негізі.
Д.И.Менделеев ашқан периодтық заң - табиғат дамуының жалпы заңдарының бірі. Ол химиялық элементтер және олардың қосылыстары туралы білімді бір жүйеге түсіруге, түсіндіруге және батыл болжамдар жасауға мүмкіндік берді. Атомның құрылысын анықтауға, жаңа элементтер ашуға және синтездеуге жол-жоба көрсет. Периодтық заңның негізінде атомдық физика, геохимия және басқа да жаратылыстану ғылымы жедел дамыды.
Периодтық заң және периодтық жүйе - орта мектептегі химия курсының теориялық негізі. Бұлардың негізінде құрылған химияның мазмұны ғылыми жағынан шынайы, жүйелі және түсінікті болып келеді.
Периодтық заң және атом құрылысы өтілген соң химия курсының теориялық деңгейі артады. Оқушылардың түсінуінше химия суреттеме ғылымынан теориялық ғылымға айналады.
Химияны оқып үйренуде дедукцияның маңызы күшейеді. Ғылыми болжамның қүдіретіне оқушылардың сенімі артады. Ашылмаған химиялық элементтер және олардың қосылыстарының қасиеттері туралы Д.И. Менделеевтің батыл болжамдарының тәжірибеде расталуы оқушыларда мақтаныш сезімін тудырады.
Периодтық заң және атом құрылысы туралы оқу материалы элементтер және олардың қосылыстары қасиеттерінің периодты түрде өзгеретіні және оның себептері жөнінде ұғым қалыптастырады. Химиялық әрекеттердің жүру заңдылықтарын терең түсінуге жәрдемдеседі, бейорганикалық және органикалық химияның негіздерін саналы меңгеруге көмектеседі.
Оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптасуында периодтық заң және периодтық жүйенің маңызы зор. Баска ғаламшарлар мен жердің, жердегі тірі табиғат пен өлі табиғаттың материалдық бірлігіне оқушылардың көзі жетеді. Бұларда кездесетін заттардың барлығы санаулы ғана химиялық элементтердің қосылыстары болып табылады.
Элементтер арасындағы өзара байланыстың, жүйе мен жекенің арасындағы байланыстың мәні ашылады. Жүйеден тыс элемент бола алмайды, жүйе белгілі элементтерді толық қамтиды. Д.И. Менделеев жасаған периодтық жүйе Л. Мейер жасаған жүйеден барлық элементтерді қамтуы, ашылмаған элементтерге орын қалдыруы бойынша ерекшеленеді. Периодтық жүйеден химиялық элементтер атомдарының біртіндеп күрделіленуі, санның сапаға ауысуы айқын көрінеді. Реттік немір бірге артқанда атомның заряды, электрон саны артады, соған орай химиялық сапасы өзгереді. Біртіндеп металдық қасиет жойылып, бейметалдық қасиет күшейеді, содан соң инертті элементтер пайда болады. Осыған орай оқушыларда дүниені танып-білуге болатыны жөнінде нақтылы пікір қалыптасады. Галлийдің, скандийдің және германийдің болжанған қасиеттері мен тәжірибеде сыналған қасиеттерінің дәлме-дәл шығуы оқушыларды еріксіз таңдандырады, Д.И. Менделеевтің ғылыми ерлік жасағанына шүбәсіз сенеді.
Периодтық заң, атом құрылысы оқу материалын игеру барысьшда оқушылар өте көп салыстырулар жасап, қисынды ойлау барысын ұштай түседі.
Периодтық заң және периодтык жүйе тақырыбының орта мектеп курсындағы орны үздіксіз өзгеріске ұшырады. Ең алғашқы үлгілі бағдарламаларда ол химия курсының соңына орналастырылды. Одан кейінгі кешендік бағдарламаға кірмей қалды. Химиялық тұрақты бағдарламалардағы оның орны жөнінде екі түрлі пікір үстем болды.
Біріншісі бойынша периодтық заңдылықты түсіну үшін оқушылардың деректі материалдардан біршама әзірлігі болуы тиіс. Осы көзқарасқа сәйкес периодтық заң 9-сыныпта галогендер, оттекке ұқсас элементтер және сілтілік металдар өтілгеннен кейін оқылды.
Екінші пікірді қолдаушылар периодтық заң мен жүйені ертерек өтіп, химиялық элементтерді солардың негізінде оқып, үйрену тиімді деп есептеді. Осы пікірге сәйкес бұл тақырып 8-сыныпта оқылуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |