Дәрілік заттардың әсер ету механизмі. Дәрілік заттарды малдәрігерлік тәжірибеде тиімді пайдалану үшін олардың тек фармакодинамикасын ғана біліп қою жеткліксіз. Сонымен қатар сол фармакодинамиканы тудыратын негізгі себептер мен механизмін жете меңгеру керек.
Дәрілік заттардың әсер ету механизмі дегеніміз тірі организмнің биохимиялық және физиологиялық процесстерін белсендендіру, немесе әлсіздендіру арқылы ондағы жоспарланған өзгерістерді іске асыру.
Шартты түрде дәрілік заттардың механизмін үш топқа біріктіруге болады:
Дәрілік заттардың организмде тудыратын бірінші реакциялары;
Бірінші реакциядан туындайтын биохимиялық өзгерістер;
Биохимиялық қозғалыстардан болатын физиологиялық өзгерістер.
Өздерінің химиялық құрылыстары мен биологиялық негіздерінің әртүрлілігіне қарамай, дәрілік заттардың әсер ету механизмі молекулалық негізде жан-жақты болып келеді.
Әрбір дәрілік заттардың молекулалары тірі организмнің құрылысы жағынан ең жоғарғы комплементарлығы бар биомолекулаларымен өзара байланысады. Бұл байланыс неғұрлым берік болса, солғұрлым стимулда жоғары болады. Дәрілік заттардың резорбциясы жоғарылаған сайын олардың молекулалары комплементарлығы төмен биомолекулалармен де байланысады. Дәрілік заттардың әсерлерінің жан-жақтылығын осымен түсіндіруге болады.
Дәрілік заттардың қатынасатын рецепторлары организмдегі әрбір ағзалардың морфологиялық құрылыстарының барлығында кездеседі деуге болады: ядросында, цитоплазмасында, мембранасында, афферентті нерв талшықтарының үштерінде. Сондықтан да дәрілік заттардың әсер ету механизмінің негізгі себебі олардың сол құрылыстармен физико-химиялық қарым-қатынасында деп түсіну керек.
Дәрілік заттардың негізгі әсерлерін қамтамасыз ететін рецепторлар арнайы рецепторлар деп аталады: адренорецепторлар, холинорецепторлар және т.б. Афференттік және эфференттік нерв талшықтары организмнің барлық мүшелерінде орналасқан.
Дәрілік заттардан организмге келетін импульс алдымен афферентті нерв жолдарымен орталық нерв жүйесіне барып белгілі бір деңгейде тоқырайды да, эфферентті нерв талшықтары арқылы тиісті ағзалар мен жүйелерге бағытталады.
Дәрілік заттар мен организмнің арасында жүретін бірінші реакциялардан өте күрделі, жаңа биохимиялық комплекстер түзіледі. Бұл процесстердің барысында, әсіресе тотығу-тотықсыздану реакцияларының барысында, организмде көп мөлшерде энергия түзіледі. Олар АҮФ және макроэргиялық қосылыстардың молекулаларында жинақталады. Организмдегі биологиялық тотығудың бұзылуы жергілікті, немесе жалпы патологияның бір себептеріне жатады. Ал патологияның өзі тотығу процессін одан әрі асқындыра түседі. Организмде осындай бұзылуды болдырмау үшін дәрілік заттардың алатын орны ерекше.
Дәрілік заттардың фармакодинамикасы мен олардың әсер ету механизмі өзара тығыз байланыста жүретін, бірін-бірі толықтырып отыратын заңдылық. Неғұрлым бұл заңдылық жақсы игерілсе, солғұрлым қолданылатын дәрілік заттардың тиімділігі де жоғары болады.
Дәрілік заттардың тиімділігі көбінесе организмнің сезімталдығына байланысты.
Сезімталдық дегеніміз мал организмінің эндо- және экзогенді тітркендіргіштерге беретін жауабы. Малдарда сезімталдықтың өзгеруінің бірнеше түрлері кездеседі:
Организмнің сезімталдығын дәрілік заттарды қолдану арқылы реттеуге болады. Ондай реттелу нейрогуморалдық жолмен іске асады.
Нейрогуморалдық реттеу дегеніміз организмнің ішкі тұрақтылығын нерв жүйесі және қанда, лимфада, тін сұйықтарында болатын биологиялық белсенді заттар арқылы реттеу. Фармакологияда нейрогуморалдық реттеуді тексеруде олардың синапстар арқылы берілуіне, рецепторлардың жағдайына және медиаторлардың белсенділігіне көңіл аударады.
Медиаторлар дегеніміз нерв импульсын физиологиялық жүйелердің торшаларына, немесе басқа да нерв торшаларына жеткізетін химиялық қосылыстар. Медиаторлардың көпшілігі биогенді аминдер болып келеді. Осы импульстар берілетін жер синапстар деп аталады.
Рецепторлар дегеніміз тітіркендіруді қабылдайтын және нерв қозғандағы энергияны тасымалдайтын сезімтал нерв талшықтарының арнайы үштері.