Көшпеліліктің шығу тегі. Көшпеліліктің шығуы, көпшілік жағдайда, географиялық ортаның тікелей әсерімен байланысты. Сондықтан да көшпелілік белгілі бір нақты тарихи кеңістіктерде ғана таралды. Көшпеліліктің пайда болуы — белгілі бір климаттық жағдайлар, экологиялық ұяның шектеулі мүмкіндіктеріне, табиғи ресурстарға байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизикалық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Бұл қандай аймақтар және олардың экологиялық жүйесі қандай? Әдетте, бұл — далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері, тау қойнаулары. Мұндай жерде көбінесе жаңбыр аз, жылдық ылғалдың мөлшері 200—400 мм арасында ғана болады. Осындай аймақтарға Қазақстан, Моңғолия, Жоңғария, Арабия түбегі, Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік Азиядағы шөлдер мен шөлейтті аймақтар, Африка континенті жатады.
Қазақстан шеңберінде көшпелілік қалыптасқан аймаққа Каспий маңы ойпаттары, Үстірт, Торғай, Жем жоталары, Бетпақдала, Балқаш маңы далалары, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау жоталары, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле Алатауларының тау беткейлері және таулы өлкелері жатады. Бұл аймақтардағы өзен-сулардың маңайында, әсіресе осы аймақтар мен отырықшы-егінші мәдениеттер шекараларында маргиналдыц аймацтар қалыптасқан. Оларға тән шаруашылық-мәдени тұрпат — жартылай көшпелі шаруашылыц пен мэдениет. Мұндай аймақтарға Сырдың бойы, жартылай Ертістің, Тобылдың, Есілдің, Жайықтың бойлары, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы және тау бөктерінің кейбір алқаптары, Аралдың маңайы жатады. Жоңғар, Іле, Қырғыз Алатауындағы тау бөктерінде жылына 500 мм-ден астам ылғал түседі. Бұл өңірлерде, әсіресе өзен-көлі сулары маңайында ежелден егіншілік пайда болып, отырықшы мәдениет қалыптасқан. Құнарлы топырақты, жұмсақ климатты Сыр бойы, Шу, Талас аймақтарында қола дәуірінен бастап-ақ егіншілік дамып, орта ғасырларда біршама дамыған қала мәдениеті қалыптасқан. Дегенмен де осы егіншілік, отырықшы мәдениет қалыптасқан аймақтардың өз ішінде де мал шаруашылығы егіншілікпен қатар дамып, жалпы алғанда, бұл өңірлердің де шаруашылық-мәдени тұрпаты жартылай отырықшы, жартылай көшпелі болған. Әр заманда климаттық ауытқуларға, тарихи-саяси, этномәдени ахуалдарға байланысты бұл өңірлерде бірде отырықшы, жартылай отырықшы егіншілік шаруашылық пен тұрмыс қалыптасса (мөлшермен VI—XIII ғғ. аралығы), ал енді бір замандарда жартылай көшпелі, кей аудандарында тіпті көшпелі шаруашылық-мәдени тұрпаты қалыптасты.
Табиғи-климаттың өзгерістер ұлан-байтақ жерімізді ежелден мекендеген тұрғындардың шаруашылық мәдени келбетінің әр замандарда өзгеруіне әсер етті.
Климатологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша, жекелеген құрлықтарда жаһандық климаттық өзгерістер 100—200 жыл өткен сайын болып отыратын құбылыс. Қазақ халқының ата-бабасы өмір сүрген кең-байтақ аумақ бірнеше рет климаттың өзгерістерді бастан кешірді. Ол халықтың өмір сүру салтына, шаруашылық-тұрмыстық өміріне, мәдени дамуына, т.б. әсер етпей қоймады. Сондай-ақ ол жекелеген табиғи-географиялық аймақ тұрғындарының белгілі бір антропологиялық типінің қалыптасу үдерісіне де өз ықпалын тигізді.
Достарыңызбен бөлісу: |