Басқару жүйесі. Көшпелі қазақ қоғамында өзінің басқа ру жүйесі болды. Көне заманда қазақ жерінде сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың мемлекеттері болды. Орта ғасырларда наймандардың, керейлердің, жалайырлардың, қыпшақтардың мемлекеттіліктері болды. Ол мемлекеттіліктер жөнінде сендер төменгі сыныптардағы тарих материалдарынан білесіңдер және осы оқулықтың басқа тарауларынан танысасыңдар. XIV ғасырға дейін Қазақстан жерінде әртүрлі мемлекеттер болды, XV ғасырдан бастап Қазақ хандығы құрылды. Бұлардың барлығы да көшпелі қауымдастықтар құрған мемлекеттер. Сондықтан көшпелілерде мемлекеттілік болған жоқ, ал болса, «олар мемлекеттік басқару жүйесінің үлгісін отырықшы халықтардан алды, үйренді» деген пікірлер мүлдем қате. Қазақ жерінде хандық басқару жүйесі қалыптасқан XV—XVIII ғасырлар аралығындағы көшпелі қоғамның билік жүйесінде елдің ең жоғарғы саяси билігін хан жүргізді. Хан өкіметінің төмендегідей өкілеттігі және қызметі болды:
Хан бүкіл елдің, жердің иесі, қожайыны, басқарушысы болып есептелді. Қол астындағы елді, жерді қорғау оның басты міндеті саналды.
Хан бөтен елге соғыс ашу немесе бейбітшілік жөнінде келісім жасауға құқылы.
Хан бүкіл қазақ елінің атынан шетелдермен келісімшарттар жасады.
Хан елдің жоғарғы сотының қызметін атқарды, біреуді өлім жазасына бұйыруға немесе кешіруге құқылы болды.
Хан бүкіл елге қатысты заңдар, жарлықтар шығарды. Көшпелілерде қағандар, хандар, патшалар сияқты елбасыларына бағыну, солардың маңайына топтасу, ел бірлігін сақтау — ежелден қалыптасқан дәстүр. Өйткені оларда ел басқарушы адамдарға табыну дәстүрі болды. Сонау ғұндардың тәңірқұтыларынан, көне үйсіндердің күнбилерінен бастап, түркілердің қағандарына дейін ел басқарушыны тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді. Түркі заманының қоғамдарында қазақ хандарын да солай құрметтеді. Оларды хан сайлағанда, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге отырғызып көтерді.
Қазақ хандарының жанында ақылшысы, кеңесшілері, төбе билері, жасақтары, іс жүргізуші мемлекеттік қызметкерлері болды. Хан жергілікті жерлерді өзінің әрбір жүздегі өкілдері — сұлтандар арқылы, үлкен тайпа көсемдері — билер, ру-тайпа ақсақалдары арқылы басқарды.
Қазақ жүздерін, үлкен тайпалар мен руларды басқаруда билер кеңесі үлкен рөл атқарды. Жергілікті жердегі билікті билер, ру ақсақалдары жүргізді.
Мемлекеттік істерді бүкіл үш жүздің билік өкілдері жиналған құрылтайда, халық жиналыстарында шешті. Ел ішіндегі істерді — ру, тайпа, жүздер арасындағы жер дауын, жесір дауын, үлкен барымталар дауын үш жүздің басы қосылған үлкен астарда да шешіп отырды.
XVIII ғасырдың бірінші ширегіне дейін, яғни қазақ жерін Ресей империясы жаулап ала бастағанға дейінгі көшпелі, жартылай көшпелі қазақ қоғамындағы саяси билік түрі хандыц басцару болды. Сонымен қатар ел басқару жүйесінде ежелден келе жатқан дәстүрлі қоғамның потестарлық билік жүйесі кең орын алды. Потестарлық билік жүйесі дегеніміз — таптық қоғамға дейінгі және таптық қоғамның бастапқы сатысында сақталатын дәстүрлі билік жүйесі. Ол бойынша елді ханмен бірге ел арасындағы беделді ақсақалдар, билер, батырлар басқарды.
Хан билігі бүкіл елге қатысты жоғары саяси билік болса, ру, тайпа көлеміндегі нақты билік сол рулардан шыққан беделді ру ақсақалдарының қолында болды. Олар ру ішіндегі, рулар арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселелерін шешіп отырды. Ру ақсақалдары елдің дәстүрін, салтын бұлжытпай орындауды қадағалаушылар болды. Олардың билігіне туыстар, ағайын арасындағы дау-жанжалды шешу, көші-қон жолдарын, жайлау, қыстау жерлерін анықтау, рулар арасында келіссөздер, пәтуашылық жүргізу мәселелері кірді. Ру ақсақалдарының ішінен ел ішіндегі билер сайланды. Ру ақсақалдарының өзінің кеңесі болды. Кеңеске ел ішінде өмірлік тәжірибесімен, ақылымен, білім-білігімен ерекше беделге ие болған әр кіші рудың ақсақалдары кірді.
Достарыңызбен бөлісу: |