Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: Мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру және педагог қызметкерлердi аттестациялау.
Дайындаған: Орынбасарқызы Ж
|
МНПМНО-18 тобыны магистранты
|
Тексерген: проф.Көкшеева З.Т.
|
Ақтау, 2019
ЖОСПАР:
1. Педагогикалық кадрларды аттестациялау технологиялары
2. Ұстаз еңбегін бағалауға қойылатын жалпы талаптар және оны бағалау көрсеткіштері
3. Педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру және өздігінен білім алуын жетілдіру
1. Педагогикалық кадрларды аттестациялау технологиялары.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; ... оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникация шешулерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы қол жеткізуге болады, яғни барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашатын жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды және ол педагогика қызметкерлерінен жаңа кәсіптік құзырлықты талап етеді.
Кәсіптік педагог сапалы біліммен қамтамасыз ететін қозғаушы күш. Осыған байланысты мұғалімдер мен басқарушы кадрларды аттестациялау ұстаз кәсібін ынталандырып, еңбегін нәтижелендіреді. Аттестация барысында мұғалімнің кәсіптік құзырлығына ғана диагностика жасалып қоймай, келешекте белгілі бағыттары анықталады.
Мектептің педагог қызметкерлерін аттестациялау бұрынғы Кеңес Одағында 1972 жылы енгізілді. Алғашқы аттестациядан кейінгі кезеңде аттестациялау туралы құжаттар білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай бірнеше рет өзгертіліп, толықтырылды.
Аттестацияның негізгі мақсаты – педагог қызметкерлердің кәсіптік біліктілігін көтеру, шығармашылық белсенділігін дамыту, педагогикалық еңбек сапасы деңгейінің өсуін ынталандыру, педагогтар еңбегін жіктеу арқылы олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Педагогтарды аттестациялаудың міндеті – педагогтың кәсіби деңгейіне сәйкес біліктілік санатын беру. Ынталандырудың негізгі құралы ретінде мұғалім еңбегіне ақы төлеуді жіктеу болмақ. Педагогтарды аттестациялау принциптері – еркіндік, жариялылық, жүйелік, тұтастық еріктілік және оның объективті, әділ өтуін қамтамасыз ету. Бұл принциптер аттестациялық комиссия жасақтауда қатаң сақталады.
Қазіргі ереже бойынша үш түрлі комиссия құрылады. Бас аттестациялық комиссия республикалық, облыстық деңгейде, ал аудандық, қалалық комиссия тиісті білім мекемелерінің деңгейінде құрылады. Ал білім беру мекемесінің аттестациялық комиссиясын құру педагогикалық кеңестің құзырында болады.
Құрылған әр комиссия өз құзырына сәйкес мәселелерді қарастырады. Ал аттестациялау комиссиясының негізгі шешімі – біліктілік санат беру. Қазір үш біліктілік санат берілген, олар жоғарғы санатты алу үшін республикалық, облыстық деңгейдегі аттестациялық комиссия, бірінші санатты алу үшін аудандық, қалалық деңгейіндегі аттестациялық комиссиясы, ал екінші санаттыалу үшін мұғалім мектеп аттестациялау комиссиясына өтініш береді.
Мұғалімнің немесе мектеп басшысының қызметі екі кешенді көрсеткіштермен бағаланады. Біріншісі – қызмет қорытындысын жинақтау, екіншісі – практикалық қызметті эксперттік бағалау. Бірінші көрсеткіш бойынша мұғалім шығармашылық есеп, ғылыми-әдістемелік немесе тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарды ұсына алады. Екінші көрсеткіш бойынша ол бірнеше нұсқада психологиялық-педагогикалық сараптаудан (экспертизадан) өтуі тиіс. Кейбір мектептерде аудандық, облыстық технология, тестілеу, эксперттік бағалау тәсілдері қолданылады. Дегенмен педагогикалық қызметті болжамдау және жинақтауды аттестациялау комиссия нақтылап, түзету енгізіп отырады.
Мұғалімдерді аттестациялау педагогтың біліктілігін жетілдіру жоспарына сәйкес бес жылда бір рет мұғалімдер біліктілігін көтеру институттарында немесе жоғары оқу орындарының факультативтерінде арнайы дайындық курстарынан өтеді. Кейде аттестация мұғалімнің педагогикалық біліктілігін айқындау үшін педагогикалық кеңестің шешімімен, басқару әкімшілігінің бастамасымен де жүргізілуі мүмкін. Біліктілікті көтеру немесе педагогикалық жоғары оқу орны базасында мұғалімдердің алған арнайы білімдерді практикалық тұрғыдан қорытып, мектепте сыннан өткізуді қажет ететіндігі аңғарылады. Мұндай жағдайда мектепте арнайы ұйымдастырылған әдістемелік жұмыстардың жүйесі мұғалім үшін баға жеткіліксіз көмек бола алады.
Шағын комплектілі мектептерде аттестация өткізуді ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Ондай мектеп мұғалімнің аттестациялауды аудандық білімінің немесе ірі мектеп базасында құрылған комиссия атқарады.
Мектеп тәжірибесі көрсетіп отырғандай, аттестациялаудың табысты болуы оны ұйымдастыруға, қорғау мен бағалаудың дұрыс жолға қойылуына, ұжымда іскер тілеулестік көңіл-күйдің қалыптасуына байланысты. Жалпы айтқанда, мұғалімдерді аттестациялау мектептің ғылыми-әдістемелік жұмыстарының стратегиясы мен тактикасын анықтаудың негізі болып табылады.
Педагогикалық қызметкерлерді аттестациялау технологиясы сатылап жүргізіледі, олар:
1) Бірінші саты – білім беру мекемесінің педагогикалық кеңес шешімімен аттестациялық комиссияны құру және оны берілген мекеме басшысының бекітуі, аттестацияны ұйымдастыруға жауапты адамдардың тағайындалуы.
Аттестацияны өту үшін педагогикалық қызметкердің жеке ісінен келесідей құжаттар тізімі ұсынылады: аттестация өтуге өтініш, біліктілікті жоғарылату нәтижесі бойынша құжаттың көшірмесі, бақылау және басқа да білікті жұмыстарды орындау нәтижесі бойынша эксперттік қорытынды, аттестациялық парақ, білім беру мекемесі басшысының берген хаттамадан көшірмесі.
2) Екінші саты – мұғалімнің біліктілік деңгейін, оның кәсіби әрекетінің нәтижесін бағалауды ұйымдастыру.
3) Үшінші саты – бұл мұғалімнің кәсіби әрекетін және біліктілік деңгейін бағалау.
4) Төртінші саты – аттестациялық комиссияның шешім қабылдауы және оның нәтижесі бойынша бұйрық шығаруы. Содан кейін аттестациялық комиссия шешімінің негізінде білім беру мекемесінің басшысы педагогикалық қызметкерге біліктілік санатын иеленуі туралы бұйрық шығарады. Соған байланысты педагогикалық қызметкердің санатына сәйкес еңбек ақы деңгейі көтеріледі.
2. Ұстаз еңбегін бағалауға қойылатын жалпы талаптар және оны бағалау көрсеткіштері.
Мұғалімнің кәсіптік дайындығы оның педагогикалық жоғары оқу орнын бітірумен аяқталмайды, ол мұғалімнің кәсіптік қызметінің бүкіл кезеңін қамтиды. Сонымен бірге мұғалімнің кәсіптік білімін үздіксіз көтеріп отыруы оның шығармашылық қабілетін және дербес педагогикалық тәжірибесін үнемі дамытудың шарты болып табылады. Егер мұғалім қоғамдық ортада белсенді позиция ұстанып, оның дербес тәжірибесі әлеуметтік және педагогикалық тәжірибемен кірігіп, педагогикалық ұжымның қолдануына ие болып, кәсіптік шығармашылық ізденісі көтермеленіп отырса, мұғалімнің кәсіптік шеберлігі мен педагогикалық мәдениетінің артуы барынша жемісті болады.
Аттестация мұғалімнің қалауымен жүргізіледі. Аттестацияны өтуге ықыласы бар педагогикалық қызметкерлер жалпы және дифференцияланған талаптарымен таныс болулары тиіс.
Мұғалім еңбегін бағалаудың жалпы талаптары келесі көрсеткіштер бойынша сипатталады:
1) Нәтиже көрсеткіші. Бұл мұғалім жұмысындағы шешуші көрсеткіштердің бірі, яғни оның педагогикалық әрекетінің нәтижелілігі. Оқушылардың пән бойынша білімдері мен олардың тәртіптілік сапасы:
- пән бойынша шындыққа негізделген білім қоры;
- қабылданған білімді қолдана алу іскерлігі (сауатты жазу, есептерді шешу);
- табиғатта және қоғамда болған құбылыстар мен процестердің мәнін түсіну;
- оқушылардың дербестік деңгейі, білімді кеңінен табу іскерлігі;
- маңызды машиналарды тану деңгейі, оқушылардың практикалық және экономикалық даярлығы (жас ерекшелігі мен бағдарламаны ескеру);
- жұмысына қатынасы, мектептегі тәртібі, қоғамдық пайдалы еңбек әрекетіндегі белсенділігі, эстетикалық және физикалық мәдениеті.
2) Процесс көрсеткіші. Оқу және тәрбие жұмысының барлық маңызды нәтижелерін көрсете отырып, мұғалім еңбегінің көрсеткіштерін шектеуге болмайды. Осы мақсатта мыналар оқылады:
- мұғалімнің өзінің кәсіби біліктілігін жоғарылатуымен жұмыс жасауы (біліктілігін арттыру курстары);
- сабақтың, сабақтан тыс оқу және тәрбие жұмыстарының сапасы;
- оқыту мен тәрбиелеу процесіндемұғалімнің оқушыларға жеке көзқарасты жүзеге асыру әскерлігі;
- балаларды тәрбиелеуде ата-аналарға көмек беру жұмыстары.
Мұғалім жұмысын бағалау үшін дифференцияланған көрсеткіштер келесі санаттар бойынша жіктеледі:
Екінші санатты мұғалім – 1-2 жылдық жұмыс өтілімі бар, сабақтың жоғары сапасын беретін, пәндік үйірмелер мен факультативтер жүргізетін мұғалімдер. Сынып жетекшісі болып атқаратын сыныпта пәндері және пайдалы істері бойынша жоғары көрсеткіштерінің болуы. Сонымен қатар өзінің біліктілігін жоғарылатуда жүйелі қызмет етіп, ата-аналармен жақсы жұмыс жасайды.
Бірінші санатты мұғалім – екінші білікті категориясы бар, біліктілігін арттыру курсын табысты аяқтаған, 1-2 оқушы түлектерінің болуы (бастауыш, 9 немесе 11 сынып түлектері). Оқушылар жоғары білім деңгейін көрсетеді. Сынып жетекшісі ретінде көптеген жұмыстар атқарады және мектепте сол сынып жоғары орындардың бірін алады, бұл оқушылар жоғары тәртіптілік деңгейімен сипатталады. Сонымен қатар мұнда ата-аналардың пікірі де ескеріледі.
Жоғары санатты мұғалім – бірінші білікті категориясы бар, біліктілігін арттыру курсын табысты аяқтаған. Жас және тәжірибесі аз мұғалімдерге көмек береді. Жұмыс әдіс-тәсілдерін өңдейді және оларды жетілдіреді. Педагогикалық форумдарға қатысып, баяндама жасайды, баспаға мақалалар шығарады.
Кез-келген саладағы басқарушы қызметкер өндірушілердің үздіксіз қызмет көрсетуі мен олардың игіліктері үшін мүмкіндіктер мен белгілі бір шарттарды құруды қамтамасыз етеді. Егер басқарушы мұндай шарттарды құруға қатыспаса, онда ол міндетті түрде қызметінен босатылуы тиіс.
Жалпы менеджердің кәсіби қызметіндегі еңбегін бағалау үшін келесі көрсеткіштерге назар аударылады:
1) басқару дағдысының болуы: жоспарлау, реттеу, қажетті жағдайда стандартты емес шешімдер қабылдау, әкімшілік ету, ресурстарды дұрыс қол-дану;
2) қызметкерлерді басқару дағдысының болуы: қол астындағыларды оқыту, қызметті бақылау, қызметкерлерді ынталандыру, реттеуді күшейту;
3) жеке бейімделу деңгейі: табандылық, қайсарлық, мақсаттың жолын ұстау, жаңаға қатынасы, біліктілігін жоғарылату;
4) жұмыс істеу сапасы: тәртіптілік, бақылаудың қажеттілігі, нәтижесінің тиімділігі.
Менеджер қызметін аттестациялау көрсеткіштеріне келесілер жатады:
1) білімі: жалпы дайындық деңгейі, арнайы дайындық деңгейі, аралас сұрақтарды білуі, жан-жақтылығы;
2) жеке қасиеттері: шындық, адалдық, денсаулығы, сыртқы түрі;
3) қабілеттері: ұйымдастыру, шығармашылық, басқару;
4) қарым-қатынас жасау қабілеттігі: тіл табыса алуы, сөйлеу мәдениеті, психологиялық тұрақтылығы, ақыл-ойының икемділігі;
5) жұмыс тәжірибесі: еңбек өтілімі, қызметінде алға жылжуы, қызметке сәйкестігі;
6) талпынысы: жеке талпынысы, жұмыс істеуге деген ынтасының болуы, болашаққа ұмтылуы.
3. Педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру және өздігінен білім алуын жетілдіру.
Мектептегі әдістемелік жұмыс педагогикалық мәдениетті көтерудің бірден-бір шарты болып табылады. Мұғалім әдістемелік жұмыстың қандай түрін таңдаса да, соңғы нәтижеде оның тиімділігі мұғалімнің өз бетінше білімін көтеруге байланысты болады. Сондықтан да үздіксіз білім беру процесін жоңары оқу орны – мұғалімдер білімін жетілдіру институты – семинар, курс, практикум және т.б. оқу түрлерімен шектеуге болмайды, оған осы оқу түрлерінің арасындағы тынымсыз ой еңбегін де жеткізу керек. Ересек адамның өз білімін көтеруі бойынша даралығымен ерекшеленеді, содан да мұғалімнің өз білімін көтеру жұмысына тәжірибелі әріптесі, беделді мектеп басшысы тарапынан тиянақты көмек қажет.
Біліктілікті арттыру – базалы мамандықтар аумағындағы кәсіптік білім мен тәжірибелік білімді жаңарту және тереңдетуге мақсатты түрде бағытталған процесс.
Мұғалімнің өзінің педагогикалық білімін көтеру оның өз бетінше педагогикалық құндылықтар, технология, шығармашылық тәжірибелерді игеруі қарастырылады. Оның мазмұны психологиялық-педагогикалық пен арнайы білімдердің, педагогикалық жұмысты ғылыми ұйымдастырудың негіздерінен тұрады және ол жалпы педагогикалық мәдениетті қамтиды.
Мұғалімге өз білімін көтеру жұмыстарын ұйымдастыруға нақты көмек көрсету үшін оның кәсіптік қызметіндегі сұраныстарын, қажеттілігі мен жеке қызығушылықтарын ескеру қажет. Мектепте арнайы ұйымдастырылған әдістемелік жұмыс мұғалімдердің жеке қажеттілігін ескеріп, жоспарластырылғанда мұғалім ұжымдық оқу түріне тартыла отырып, өзін қызықтырған сұрақтарға жауап таба алады.
Мектеп директоры және оқу ісінің меңгерушісі әдістемелік жұмысты ұйымдастырғанда өз мектебі педагогтарының алдындағы қиындықтарға баса назар аударады. Әркімге қатысты мәселелерді бірлесе талқылау мұғалімнің өз білімін көтеру әрекетіне ықпал жасайды. Сондықтан да директордық, оқу ісі меңгерушісінің өз білімін көтеруді ынталандыруы және оған басшылық жасауы негізінен жанама сипат алады.
Өздігінен білім көтеру ауқымды мәселелерді қамтиды. Әйтсе де, педагогикалық өз білімін көтеру мұғалімнің педагогикалық оқу орнында оқымаған, бірақ қазіргі уақытта мектеп үшін өзекті мәселелерге бағытталуы тиіс. Осындай мәселелердің қатарында педагогикалық қатынас, оқуды дербестендіру және жіктеу, дамыта оқыту, лицей, гимназия, колледж сияқты жаңа типті оқу орнында оқыту ерекшеліктерін атауға болады. Мәселелер топтамасының арасында оқушылардың ғылыми көзқарасын, оның рухани мәдениетін, азаматтық тәрбиесін қалыптастыруды атауға болады.
Әрбір мұғалімнің өздігінен білімін көтеруі ой еңбегінің техникасын білу, ақыл-ой әрекетінің дербес ерекшеліктерін ескеру негізінде құрылады. Мұғалімнің өздігінен білімін көтеруі оның бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, дербес жұмыс жоспар құрып, оны іске асра алуына тікелей байланысты.
Сонымен, мұғалімнің кәсіби даярлығы оқу орны қабырғасымен шектеліп қана қоймайды, ол оның кәсіби қызметі бойында жалғасып отыратыны анықталды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
2. В.Г. Шипунов, Е.Н. Кишкель. Основы управленческой деятельности. – М.: Высшая школа, 2000.
3. Сырымбетова Л.С., Жетписбаева Б.А. Педагогический менеджмент: Учебное пособие. – Караганды: Изд-во КарГУ, 2005. – 124 с.
4. Бердалиев К. Менеджмент: Лекциялар курсы. – Алм.: Экономика, 2005.
5. Каракулов К.Ж., Баймолдаев Т.М. Основы управления современной школой Алматы, 2002.
6. Васильев Ю.В. Педагогическое управление в школе. – М, 1990.
7. Регион: управление образованием по результатам. Под ред. П.И. Третьякова – М, 2001.
8. Баймолдаев Т.М. Педагогический менеджмент и современное управление школы. – А., 2001.
9. Лизинский В.М. Идеи к проектам и практика управления школой. – М.: Педагогический поиск, 2000.
Достарыңызбен бөлісу: |