Экологиялық пирамида ережесі – экожүйедегі консументтер, продуценттер және редуценттер арасындағы олардың массасымен өрнектелген арақатынас заңдылықтары [1]. Осының нәтижесінде бір трофикалық деңгейден екіншісіне өткен сайын биомасса, сандық құрамы мен энергия азайып отыратыны анықталған. Бұл заңдылықты кезінде эколог Ч.Элтон зерттеп, өзінің есімімен «Элтон пирамидасы» деп атаған. Экологиялық пирамида ережесі көбіне бағана түріндегі сызбанұсқалар арқылы беріліп, табиғи бірлестіктердің белгілі бір өнімділігі арқылы ерекшеленеді. Ол массалық не энергиялық өлшем бірлігі арқылы өлшенеді. Экологиялық пирамиданың 3 типі бар:
Сандық пирамида, Биомасса пирамидасы, Энергия пирамидасы Сандар пирамидасы – әрбір қоректік тізбек деңгейлеріндегі организмдер саны арақатынасының заңдылығы. Сан пирамидасы диаграммасының биомасса мен энергия пирамидаларының диаграммасынан басты ерекшелігі – оның төменгі деңгейлеріне қарағанда жоғары деңгейлері бірте-бірте ұлғая түседі.
Сандар пирамидасының құрылуы мына факторларға байланысты:
Кез-келген экожүйеде ұсақ жануарлар саны жағынан ірі жануарлардан басым болады және тезірек көбейеді.
Кез-келген жыртқыш жануар үшін оның жемтіктерінің көлемінің төменгі және жоғарғы шегі бар. Жоғарғы шегі жыртқыштың өз денесінің көлемінен әлдеқайда ірі жануарға шамасы жетпейтіндігімен, ал төменгі шегі – жемтігінің көлемі тым кішкентай болғанына байланысты оны аулаудың мәнінің болмауы. Өйткені, жыртқыштарға ұсақ жануарларды көбірек аулауға тура келеді. Сондықтан да жыртқыштардың әр түріне оптимал көлемді жемтіктері азық болады.
Биомасса пирамидалары. Биомасса (гр. bios - өмір және масса) – бір түрдің,түрлер тобының немесе бүтіндей бірлестіктердің (өсімдік,микроағза және жануарлардың) тіршілік ететін мекенінің бірлік бетіне не көлеміне келетін жалпы құрғақ массасы [4]; аудан немесе көлем (г/м2 немесе г/м3) бірлігіне салмағы бойынша өрнектелген тірі ағзалар мөлшері. Өлшем бірліктері: кг/га, г/м2, г/м3, кг/м3, т.б. Өсімдіктердің биомассасы фитомасса, жануарлардың биомассасы зоомасса деп аталады.