1.2 Ішек метеоризмі
ішектерде ашу процестерінің күшеюінен және олардың моторлы-секреторлы кызметтерінің бұзылуынан газдардың сыртқа шығуы қиындағандықтан аш және тоқ ішектердін газға толып кетуі. Жиі жылқылар, сирек шошқа мен ит ауырады.
Себептері. Жылқыларды тез ашығыш шырынды азықтармен азықтандырғаннан және малды шық түскен жайылымдарға жайғаннан болады. Жылқыға жауыннан кейін, шық басқан және шөмеледе қызып кеткен шөптер қауіпті. Метеоризм өте ауыр өтеді, егерде жылқыларды бұзылған азықтармен (шіріген, көгерген, жатып қалған) піскен нанмен, жүгері собығымен, дәнді-дақылдармен азықтандырса [5,6,].
Метеоризмнің тууына мүмкіндік туғызатын себептерге жататындар: ауыр жұмысқа жегілгеннен кейін азықтандыру; азықтандырғаннан соң суғару, жылқыларды ауыр жұмысқа пайдалану; улы өсімдіктерден уланғаннан. Кейбір ішектердің метеоризмі механикалық бітелуден және тромбоэмболикалық шаншудан соң ішектердің метеоризмі туындайды.
Дамуы. Патологиялық процестің шешуші звеносына ішекте ашу процесі күшті жүргендіктен өте көп мөлшерде газдардың (көмірқышқыл газ, метан, азот, күкірті сүтек) жиналуы жатады. Аурудың бастапқы кезінде ішектердің перистальтикасы күшейеді және түйілмелі сипат алады. Біртіндеп перистальтика төмендеп, соңында мүлдем тоқтайды, ішек салданады.
Құрсақ қуысының қысымы артып, көк ет ығысады,құрсақ және көкірек қуыстарындағы ағзалар, қан тамырлары және лимфа тамырлары қысылады. Тыныстану және жүрек қызметі қиындайды, улану үдей түседі. Ауыр жағдайларда ішек тұзағы мен бұтағы ығысқандықтан олар бітеледі, шажырқай қатты тартылады, көк ет немесе ішек жыртылады.
Симптомдары. Ішектердің ауырсыну синдромы мен мазасыздану мал азықтанғаннан кейін байқалады, ал сонан соң ауырсыну тұрақты және өте азапты болады. Мал қатты терлейді, алға кедергіні байқамай ұмтыла береді, жерге қалай болса солай құлап түседі, аунайды, арқасымен аунап түседі, ит сияқты шоқиып отырады, қайта тұрады, осылардың бәрі бірнеше рет қайталанады. Іші үлкейген, бөшке тәрізді, анальді саңылауы айналып кеткен, қабыртқасы қатайған, перкуссиялағанда күшті атимпаниялық немесе тимпаниялық, кейде темір сыңғырындай дыбыс естіледі.
Бастапқы кезде перистальтика күшейген, қатты, соңынан бәсеңдейді және мүлдем тоқтайды. Газдардың бөлінуіде соған байланысты болады. Кілегейлі қабықтар гиперемияланған, көгілдір тартқан. Шеттегі веналар ісінген. Қан қысымы бастапқыда көтерілген, тамыр соғуы жиі, соңынан ол әлсіз, кіші, ал қан қысымы қалыптан төмен. Жүрек түрткісі және саздары күшейген. Тынысы жиі, минутына 25-50, көкірек типті. Ауру жедел дамиды 6-12, кейде 20 сағатқа созылады.
Балау. Ауруға тән ішек метеоризмнің клиникалық белгілері бар болса, анамнездік мәліметтерді ескеріп малға тірі кезінде диагноз қою қиын емес. Күдікті жағдайда тік ішек арқылы зерттейді, барлық ішектердің желденуіне қарап диагнозды анықтайды. Ішектің жыртылуына немесе туыпдаған метеоризмге кауіптенгенде құрсақ қуысы қабырғасын тесіп, пунктатты алады. Егер пунктат сарғыш түсті, мөлдір болса - асқынбаған метеоризм, пунктат қызғыш, құрамында эротроциттер бар-шажырқай қысылғандықтан, странгуляциялық бітелуден ішектің туындаған метеоризмі, пунктатта қан, азық бөліктері бар-ішектің жыртылуы, пунктатта лейкоциттер және эндотелий торшалары бар эксудат-перитонит.
Емі. «Шаншу» синдромыи (ауырсыну және мазасыздану) басады. Ол үшін 70-100 мл 10 %-ды хлоралгидрат немесе 0,25-0,5 %-ды новокаин ерітіндісін 1 кг дене массасына 1 және 0,5 мл есебінде, 100-200 л магний сульфаты ерітінділерін венаға немесе тері астына 5-10 г анальгиннің судағы ерітіндісін енгізеді. Ішектердің перистальтикасын қалыптастыру үшін венаға 200-300 мл 10 % хлорлы натрий енгізеді немесе тері астына өте аз мөлшерде (0,001-0,002 г) карбохолим қолданады.
Асқазаннан газды шығару үшін оған зонд енгізеді немесе асқазаның туындаған созылуында оны шуып-шаяды. Ішектер желге толып кеткенде асфмкция құбылысы күшейе бастағанда бүйен немесе үлкен жиек ішектерді сыртқа теуіп тұрған жерден теседі. Ол үшін жіңішке троакар немесе үлксн диаметрлі Бобров инесін пайдаланады. Ашу процестерін басу үшін зонд арқылы 15-20 %-ды ихтиолды 1 л суға ерітіп немесе 1 кг дене массасына 0,4-0,5 мл тимпанол енгізеді.
Жүрек қызметі әлсірегенде кофеин, інжу гүл немесе строфанта қолданады. Шаншуды басқаннан соң, ішектердің метеоризмі басылған кезде ішектердегі жиналған, ыдыраған жынды босатуға кіріседі. Ол үшін өсімдік майын немесе іш жүргізуші тұздар және де микробтарға қарсы (ихтиол, фталазол, норсульфазол, левомицитии т.б.) қолданады. Аурудан айыға бастаған малдарға диетикалық азықтандыру ұйымдастырылады.
Сақтандыру. Малдарға тез ашығыш азықтар бермейді. Малдарды шық түскен жайылымдарға және жаңбырдан соң жаймайды.
Достарыңызбен бөлісу: |