Рефлекцияны ұйымдастырудың жолдары. Кері байланыста қолданылатын әдіс-тәсілдер.
«Рефлексия» сөзі латын тіліндегі «reflexio» – «артқа қарау» деген ұғымынан туындайды. Джон Дьюи рефлексиялық ойлауды былай сипаттайды: «Қандай да болмасын бір пікірді не білімнің ықтимал көрінісін олардың негіздерін ескере отырып белсенді түрде, толассыз және мұқият қарастыру, осының салдарынан туындаған қорытындаларды талдау» (1,208 бет).
Жалпы алғанда рефлексия зерттеу секілді: адам мұнда өзінің ішкі дүниесін жан-жақты қарастырады, яғни өзін өзі зерттейді. Бұл зерттеудің басты тақырыбы адамның өзі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда рефлексия адамның өзінің ішкі ахуалы мен өзгерістерін тануы іспеттес: адам жасап жатқан әрекеттерін бір сәтке доғарып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіледі, өзімен өзі әңгімелеседі, сырласады, әрекеттерін талдап, оларға баға береді, өзіне «сырт көзбен» қарайды. Осыдан кейін әрекеттеріне өзгерістер енгізеді, кемшіліктерін түзейді, оларды болдырмаудың жолдарын қарастырады, болашақта қандай істер жасайтындығын жоспарлайды. Жалпылама алғанда, рефлексияның қадамдары мынандай болуы ықтимал:1)Аялдама жасау (тоқтау); 2)Артқа қарау: түсіну, талдау, бағалау; 3) Өзгерістер енгізу;
4)Болашақты жоспарлау.
Рефлексияның оқу процесінде алатын орны ерекше. Өйткені үйрену деңгейі адамның өз әрекеттерін ұйымдастыру мен өзгертулерді қалайша ойластыра білетіндігіне байланысты. Басқаша сөздермен айтқанда, рефлексия – адам миындағы метанымдық (метакогнитивтік, «танымды тану») процестермен байланысты. Рефлексияда адам өзінің ойлау, зерделеу процестерінің қалай өтетіндігі туралы ойланады, танымдық әрекеттерін түсінеді және түсіндіреді, оларға мақсат қояды, жоспарлайды, шешім қабылдайды, әрі қарай не болатындығын болжайды. Бұл әрекеттер арқылы адам өз білгенін сынайды, білімін сыни тұрғыдан талдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |