Кері байланыс
Рефлексия адамның өз білімі мен әрекеттерін талдау, сол туралы өзіне есеп беру болғандықтан мұнда басқа адамдардың пікірлері мен бағалауының алатын орны ерекше, өйткені өзіне сырт көзбен қараған адам басқа адамдардың өзі туралы пікірлері арқасында рефлексиясын тереңдете түседі. Өзі туралы сырт пікірлерді адам қарым-қатынаста біледі. Осындай қарым-қатынаста өзі туралы пікірді есту мен білуді кері байланыс деп атайды. Сырт пікірлер адамға өзінің қайда және қандай екендігін білуге көмектесіп, болашақ әрекеттеріне түзету енгізіп, оларды жоспарлау мүмкіндігін береді. Сол себепті кері байланыс – келесі әрекеттерді ынталандыруға бағытталған рефлексияның ақпараттық негізі (2,21 бет).
Адамның бір ерекше қасиеті бар: біз өзіміз туралы өзгелердің пікірін естігіміз келіп тұрады. Сондықтан да кез келген әрекеттен кейін басқалардан «Қалай болды? Мен сырт көзге қалай болып көріндім? Қалай сөйледім (жасадым, отырдым, тұрдым, жаздым, т.б. әрекеттерді келтіруге болады)?» деп өзіміз туралы пікірін сұраймыз. Сол әрекетті бақылаған адам өз пікірін айтады, бағасын береді. Оның пікірі өзіміздің оймен сәйкес келуі немесе келмеуі де мүмкін. Алайда сырт пікір бізге білім мен әрекеттерімізді түзету, өзгерту, жақсарту мүмкіндігін береді. Олардың мұндай пікірі біз үшін кері байланыс болады. Осылайша өзгелердің өзіміз туралы пікірлері бізге өзімізді тануға, ішкі
«Мен» — нің қалыптасуына көмектеседі.
Кері байланыс (ағылш. feedback) – адамның өзі куә болған оқиғаға немесе басқалардың әрекетіне айтылған пікірі, реакциясы. «Сырт көз сыншы» дегендей, мұндай сырт пікірдің өз әрекеттеріңді реттеуге, жақсартуға тигізетін септігі өте жоғары. Сол себепті бүгінде кері байланыс үйренудің (білім алу жүйесінің) маңызды ұғымы деп есептелінеді. Кері байланыс арқылы алынатын мәліметтер әсіресе өз біліміне түзету мен өзгертулер енгізу ісінде өте құнды болып табылады.Сондықтан да кемшіліктерді тіке бетке баспай, оларды жанамалай жеткізген жөн болар? Мысалы, мынандай сұрақтар арқылы: «Неліктен Сіз бұлай жасадыңыз (айттыңыз, жаздыңыз, ұйғардыңыз, т.б.)? Мүмкін олай емес, былай болар?» немесе «Егер мына жерге мынандай өзгертулер енгізсе, не болар еді?»
Негізінен кері байланыстың үш негізгі қызметін ажыратуға болады: әрекеттерді түзету мен реттеу, тұлға аралық қатынастарды реттеу, өзін өзі тану құралы. Сондықтан оның мазмұны жағымды, позитивті болу керек. Кері байланыстың негізгі идеясы жасалған істі бағалау емес (оның жақсы не жаман жасалынғандығын анықтау), керісінше, не жасалуы керектігін көрсету.
Сонымен, кері байланыс оқу/оқыту мен үйренудің/үйретудің қалай жүріп жатқандығын, оның сапасын анықтау мүмкіндігін береді. Кері байланыс арқылы оқу мен оқушылардың жетістіктері мен кемшіліктерін анықтауға болады. Кері байланыс дұрыс жауап немесе бағыт таңдалынып, қателерді түзету әрекеттерін іске қосады (4,98 бет).
Достарыңызбен бөлісу: |