Қамқа тон. Тонның ең әдемі, жылы, қымбат бағалы түрі қамқа тон деп аталады. Оны бұрын хан, би, бай, мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар мен әйелдер ғана киген. Киімнің бұл түрі ондатр, құндыз, бұлғын, манат тағы басқа бағалы аң терілерінен түгі сыртына қаратылып, астарланып тігіледі. Иін әбден қандырып, қынаға бояп, аң терілерімен жиектеп қой терісінен де тігетін үлгілері болады. Абылай ханның ұрпақтары ХІХ ғасыр басында аққу терісінен қамқа тон тіккізген. Уәли хан 1741-1821 өлгенде оның қамқа тонын Айғаным ханша 1783-1853 ханның сыйлас замандасы Байдалы биге кигізген.
Жақы. Ертеректе ауқатты адамдар киген, бұл күндері өте сирек кездесетін жағалы әрі асыл киімдердің бірі – жақы. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөледі.
Жақы тіктіру үшін жылқы ішінен қара, қоңыр жылқы атауында торы түсті мал таңдап алынады да арнаулы күтімде ұсталып, түгі әбден жетіліп, жылтырағаннан кейін сойып, терісін еппен сыдырып алып, илейді.
Жақы тігу үшін құлыншақ жалын арқасына, екі иығына келтіріп пішеді. Жылы болу үшін оған арасына жұқа мақта салып, астарлайды. Жақыға басқа тері немесе мата қосылмайды тек өз терісінен құрастырылып, тігіледі.
Жақы сәндікке де, жылылыққа да киіледі. Ол қазір ел арасынан кездесе бермейді. Алаш көсемі ардагер ақын, қайраткер Міржақып Дулатов киген тайжақы қазір Торғай қаласында А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов атындағы әдебиет музейінде сақтаулы тұр.
Шапан. Қазақтың ежелгі әрі кәделі – шапан. Шапан – арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, барқыт сияқты әдемі әрі мықты матадан қапталып, іші астарланған жылы киім. Ол тік немесе қайырма жағалы болады. Жағасы, өңірі, жеңі әсем ұлттық өрнектермен безендіріліп тігіледі. Кейде жиегіне әдемі болу үшін бағалы аң терілерінен, басқа қымбат матадан зер, бұлық немесе жұрын салынады. Шапанға түйме, әйелдер ілгек, қапсырма қадайды немесе сыртынан белбеу буынады. Шапан үлгісіне қарай қаптал шапан, сырмалы шапан, қималы шапан т.б. түрлерге бөлінеді. Бұл киімді еркек, әйел, бала-шаға да киеді. Қазір үлкен кісілер шапан киіп жүреді, өйткені, ол пальтодан гөрі тез киюге, отырып, тұруға аса ыңғайлы әрі жылы. Белгілі қайраткер жазушы Ғ.Мұстафин жасы үлкейгеннен кейін шапан киіп жүрген.
Ұлт дәстүр, салтында шапан сый-сияпат есебінде де жүреді. Құрметті қонаққа, құдаларға шапан кигізу ата салтымыз. Бұл күндері мүшел жасқа толған адамдарға шапан кигізу зор құрмет белгісі ретінде қалыптасып келеді. Ежелгі «Жеті жарғы» заң ережесінде тәртіп дәстүрді бұзған адамдарға ат немесе шапан айып тарттырып жазалау да шапанның қазақ өмірі мен тұрмысында зор маңызы бар екенін дәлелдейді.
Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырт киім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма немесе тік жаға салады.
Шекпеннен суда, жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Сондай-ақ ол матадай емес өте берік әрі жеңіл, тез тозбайды, ұзақ киіледі.
Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жастар мұны сәндікке киеді. Шекпен үлгісімен тік жаға етіп, астарлап ерлердің жеңіл киімін бешпент дейді.
Қазақша шен-шекпен деген сөз бар. Оның мән-мағынасы көп. Өткен ғасырларда қазақ елін отарлаған орыс жымысқылары елді, дерді бөліп ұлықтар болыстар тағайындап, оларға шен тағайындап белгі беріп, шекпен кигізген.
Бұл орыстың сый-сыяпатының бір түрі ретінде қалыптасқан.
Мұны отаршылар қазақтың құрметті кісіге шапан кигізу салтын пайдаланғанға ұқсайды. Осыдан барып «шен-шекпен» киген деген теріс ұғым пайда болған. Оған ұлы Абайдың «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға» деген сөзі куә.
Ішік – сыпайы, әрі сәнді, әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен құрайды. Жағасы тік сәндік үшін жағасынан бастап, өңірі, етегіне дейін теріден жұрындайды. Ішік ұзын әрі мол пішіліп тігіледі. Ішіне салынған терісіне қарай ол күзен ішік, қасқыр ішік, бұғы ішік, суыр ішік, түлкі ішік, сеңсең ішік, жанат ішік, пұшпақ ішік деп аталғанымен көбінесе бір үлгіде тігіледі. Бұлардың ішінде сирек кездесетіні бота терісінен жүні ішіне қаратылып тігілетін бота ішік. Басқа ішікке қарағанда жылы болады.
Ішікті ересектер де, әйелдер де кие береді. Әйелдерге әсіресе жастарға арналған ішіктер әшекейленіп, түрлі ою, кестелер салынып та тігіледі. «Сеңсең ішік – марқа қозының терісінен тігіледі.
Қазақтың салт – дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарында ішіктің алатын өзіндік тәлім-тәрбие мен құқықтық ережелері бар. Мысалы, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды. Себебі жастық жалыны мен тері қызуы жігіттің күшін қайтарады немесе ауруға ұшыратады. Сол сияқты екі адам боранды күнде адасып, қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі үсіп өлсе, онда өлген кісінің туған – туыстары қасқыр ішікті кісіден құн даулауға қақысы бар. Өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді. Дала заңы осылай.
Күпі. Қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі - күпі. Ол ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігілетін жылы әрі қарапайым киім. Оны ерлер, әйелдер, балалар да киеді. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан мұны бұрынғы қазақтардың бәрі киген. Көбінесе бұл киім көктем мен күзде киіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |