Екінші кезеңде босану ағымын жүргізу: Екінші кезеңде дәрігер әйел дің жалпы күй-жағдайын, толғақтың күшін, ұзақтығын, ұрықтың жүрек соғуын (әрбір күшенуден 1–2 минуттан соң, плацента–жатыр қанайналымы қалыптасқаннан кейін), оның жамбас қуысынан жылжу жылдамдығын анықтайды. Күшену кезінде жатырдың жиырылу қасиетін бағалай отырып, оның төменгі сегментінің жағдайына көңіл бөлу қажет. Акушерия көмегі. Нәресте басы жыныс қуысынан көрінгеннен бастап, акушерия көмегіне дайындалады. Біріншіден, анаға түсініктеме береді – акушерия көмегі кезінде дұрыс терең тыныс алуды, күшену ережелерін үйретеді.
Акушерия көмегін нәресте басы жыныс қуысынан "кесіп-жарып" шығысымен бастайды; себебі оның басы жамбас түбіне қатты қысым жасап, созып, сонымен қатар нәресте басы осы мезгілде босану жолдарының қабырғаларынан қысым алады, осылардың әсерінен аралық жыртылып, нәресте миының қанайналымы бұзылуы мүмкін. Осы кезде дұрыс көрсетілген акушерия көмегі бұл асқынулардың алдын алуға үлкен көмек етеді. Нәресте басымен жатқанда көрсететін акушерия көмегі ("аралықты қорғау") бірнеше қол әрекеттерінен тұрады. Бірінші тәсілде – нәресте басының мезгілінен бұрын шалқаймауын қамтамасыз ету. Ол үшін акушерка сол қолын шат үстіне және жыныс қуысынан "кесіп-жарып" шығып келе жатқан бас үстіне қойып, жайлап бастың мезгілінен бұрын шалқаймауына және босану жолдарынан тез жылжымауына кедергі жасайды. Екінші тәсілде – аралық ұлпасына түсетін күшті азайту. Ол үшін: оң қолды алақан жағымен аралыққа қойып, төрт саусақты сол, үлкен саусақты оң жыныс ернеуіне тірейді. Бармақ ұштарымен үлкен жыныс ернеуінің жұмсақ ұлпаларын жайлап басыңқырап, төмен түсіреді, бір мезгілде оң қол алақанымен аралық ұлпасын басып, оны қорғайды, сөйтіп оған түскен күшті азайтады.
Үшінші тәсілде – әйелдің күшену күшін реттейді. Бас төбе бұдырмақтарымен сыртқы жыныс ернеуіне тірелгенде, аралықтың жыртылу қаупі артады (әйел қатты күшене бастайды).
Күшену күшін реттеу үшін: шүйде шұңқыры симфиздің төменгі жиегіне тірелгенде, әйел күшенуін тоқтатып, терең және жиі тыныс алуы керек. Акушерка әйелдің күшенуі біткенше, қолдарымен бастың жылжуын ұстап, біртіндеп, оң қолының саусақтарымен жыныс ернеуін созып, сол қолымен басты жоғары көтеріп, шығарып алады. Төртінші тәсілде - нәресте иығын босатып, оны тудырып алу. Нәресте басы туылғаннан кейін, иық іштей, бас сырттай бұрылады. Әйел күшенген кезде, бас бетімен ананың оң не сол санына бұрылады (позициясына карама–қарсы), иық ішкі бұрылыс жасап, жамбастың шығаберіс жазықтығының тік өлшеміне сәйкес келеді. Алдымен алдыңғы, содан кейін артқы иық шығады. Ол үшін акушерка нәрестенің басын екі қолымен ұстап, алдыңғы иығы босап шыққанша, оны ақырындап төмен тартады, содан кейін оң қолын аралыққа қойып, сол қолымен басты жоғары көтеріп, артқы иықты босатып аладі. Иық белдеуі шыққан соң қолтық астына екі қолдың сұқ саусақтарын енгізіп, оны жоғары көтеріп, нәрестені тартып тудырып алады.
Достарыңызбен бөлісу: |