ІІ. Әдебиеттану мен әдебиет сыны
Қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынының кадрларының өсіп, әр түрлі бағытта, көптеген арналармен жедел дамып, қауырт көтерілген ең жемісті дәуірі, алпысыншы жылдардың екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдардың басы еді. Рас, баспасөз атаулы партия мен өкіметтің қатал бақылауы астында жатты, үнемі коммунистер саясаты мадақталды, әдебиетке, өнерге, таптық, пролетарлық көзқарас таңылып отырды; съездерді, пленумдарды, қаулыларды, Ленин мұрасын, партия қайраткерлері шығармаларын дәріптейтін қаламгерлердің қалың шоғыры қаулап шықты; Алаш қозғалысы, Алаш ұранды әдебиет, бір қыдыру фольклорлық мұра – ежелгі әдебиет үнемі жамандайтын тақырыптарға айналды. Мұның үстіне жеке шығармаларды тануда күні бұрын тон пішу, методология кенже қалушылық, өнердің эстетикалық мәнін ұмыту, көңілжықпастық, өтірік мақтау, талғамсыздық, сауатсыздық секілді таза кәсіби олқылықтар орын алды.
Ал тұтастай қарағанда, 60-90 жылдар арасында қазақ әдебиеттануы мен әдебиет сыны әлем әдебиетіндегі, әсіресе орыс, Европа топырақтарындағы әдістемелік тәсілдерді, түрлі мектептердің сабақтарын, ұлы ойшылдар, әдебиетшілер, сыншылар мұрасын бірқыдыру меңгеріп, оларды ұластыра дамытып, ұлттық өнерді талдап бағалап, саралауда көп іс тындырды.
Газет-журналдар, ғылыми басылымдар, баспалар, жоғары оқу орындары, Әдебиет институты әдебиет сыны мен ғылымының өсуіне мұрындық болды. Жүздеген мақалалар жазылды, ондаған кітаптар, жинақтар шықты, диссертациялық еңбектер қорғалды. Түрлі конференциялар, пленумдар, құрылтайлар, жыл қорытындыларында, жеке жанрға, жеке кітапқа арналған талқылауларды әдебиет мәселелері жан-жақты сарапқа түсті. Қысқасы, тар заманда, әкімшіл-әміршіл дәуірде көркем әдебиет, сын мен әдебиеттану ғылымы ұлттық рухтың негізгі ұраншысы бола білді. Әдебиет сыны, әдебиет тарихы, әдебиет теориясы жеке-жеке арна тауып, тарам-тарам жолмен өрістей бастады. Жеке жанрлар проблемасы, бір қаламгер шығармашылығы, белгілі дәуір әдебиеті, текстология (мәтін тану), библиография (кітабият), фольклортану, әдебиеттер байланысы, анықтамалық, энциклопедиялық еңбектер, оқулықтар, ұжымдық зерттеулер өрістеп, әдебиетші-сыншы, әдебиетші-ғалымдардың маманданған шоғыр-шоғыр топтары пайда болды.
Қазақ әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымының негізін салған алғашқы буын қаламгерлердің бәрі де саяси қуғын-сүргін көрді, атылды-асылды, репрессияға ұшырады, көктей орылды. Бірақ соған қарамастан рухани тарихымыздағы өнердің ізі сайрап жатыр еді.
60-90 жылдарда қазақ әдебиетінің бұрын қарастырылмаған жанрлық проблемалары бойынша көптеген маңызды ғылыми жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, сан-алуан еңбектер жарық көрді. Монографиялық зерттеу стилінде І.Жансүгіров (М.Дүйсенов), Б.Майлин (Б.Наурызбаев), Қ.Аманжолов (Т.Әбдірахманова), С.Мұқанов (М.Хасенов), Х.Есенжанов (З.Серікқалиев), М.Әуезов (М.Мырзахметов, Л.Әуезова) шығармалары талданса, юмор, сатира-сын (Т.Қожакеев, М.Тілеужанов, Т.Кәкішев, Д.Ысқақов), драматургия (С.Ордалиев, Ә.Тәжібаев, Р.Рүстембекова, Е.Жақыпов, Р.Нұрғалиев), проза (Ш.Елеукенов, Ә.Шәріпов, Б.Майтанов), поэзия (М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов, З.Ахметов), әдебиеттер байланысы (Ш.Сәтбаева, Е.Лизунова, Е.Ғабдиров), аударма (Ә.Сатыбалдиев, С.Талжанов. Н.Сағындықова), көне әдебиет тарихы (Х.Сүйіншәлиев, Қ.Өмірәлиев, Ж.Бектұров, Н.Келімбетов), фольклор (Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, О.Нұрмағамбетова, Е.Тұрсынов, Н.Төреқұлов, С.Қасқабасов, С.Садырбаев, Ш.Ыбраев), текстология (Қ.Мұхаметжанов, М.Бөжеев) проблемалары тарам-тарам салалар бойынша сарапқа түсіп, жеке зерттеулер, кітаптар, ұжымдық жинақтар, тізбекті басылымдар жарыққа шықты. Осы еңбектер негізінде кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғады; орта мектепке, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазылды.
Әдеби мұраны жинау, бастыру дәстүрі байыды. Жазушылардың көптомдығын жариялау тәжірибесінде алғысөз, соңғы сөз жазу, түсініктер беру мәдениеті, әсіресе М.Әуезовтің 12 және 20 томдық шығармалар жинағын шығару кезінде өсе түсті. Қолжазбаларды оқу, нұсқаларды салыстыру, түпкілікті мәтінді анықтау әдістері қалыптасты. Жеке шығармалардың жазылу тарихын, жазушы лабораториясын түптеп алып зерттеп, қаламгерлік психологиясын анықтауға бағытталған жұмыстар жазылды. Аударма, әдеби байланыстар бағытындағы еңбектерде бірнеше тілдердің материалдарына, әр топырақтарға көңіл бөлініп, жалпылық мәні бар эстетикалық қорытындылар жасалды.
Үлкен ақын, белгілі драматург Әбділда Тәжібаев поэзия туралы теориялық ойларын, өз тәжірибесінен қорытқан жүрек жарды сырларын қазақ лирикасы хақындағы зерттеу еңбегінде (“Өмір және поэзия”) бір тұжырып берсе, драматургия жөнінде де көлемді монография жазды. “Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы” аталған монографияда негізінен Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов пьесаларының көркемдік әлеміне, шеберлік сырларына ерекше назар аударылды. Бұл кітапта ғылыми талдау, әдеби сараптаулармен қоса, шығармашылық психологиясына, драматург ұстаханасына көп орын берілген.
Ұзақ жылдар үлкен мансапты қызметтерді атқарған белгілі қайраткер Ілияс Омаров әдебиет пен қоғам байланысын сараптайтын, көрнекті қаламгерлердің басты шығармаларын тап басып, жақсы талдайтын, өнердің әртүрлі салалары туралы тиянақты пікір айта алатын сыншы-публицист ретінде танылып, бірнеше кітап шығарды.
Жеке шығармаларға арналған сәтті рецензиялардан бастап, проблемалық мақалалар, әдеби портреттер, саралау-жинақтауларға ойысқан, қазақ әдебиетіндегі көріністерді әлемдік көркемдік арқаумен шендестіре қарауға машықтана бастаған, өмір мен өнер байланысын терең талдау үшін Абай мұрасына үңілген Сағат Әшімбаевтың алғашқы кітабы үшін Жастар сыйлығын алуы – көпшілік тарапынан оның сыншылық талантының мезгілінде мойындалуы болатын. Әдебиетші ретінде болашағынан көп үміт күттірген бұл азамат та ағалары Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Баламер Сахариев, Қажығұмар Қуандықов секілді ұзақ ғұмыр көшпеді.
Сын жанрында ұзақ жылдар еңбек еткен Зейнолла Серікқалиев полемикалық, проблемалық айтысты мақалаларымен мерзімді баспасөзде оқырманға кеңінен танылды. Бірнеше кітаптарын шығарды.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы сапалы құбылыстың бірі кезінде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Ғ.Тоғжанов, С.Садуақасов, С.Сейфуллин, Ж.Шанин қазақ, орыс тілдерінде қатар жазса, кейін бұл дәстүрді М.Әуезов, М.Қаратаев, Т.Нұртазин жалғастырды.
Әдебиеттануға елуінші жылдардың басында келген буынның талантты өкілі – Зәки Ахметов алдымен Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, артынан Ленинградта аспирантурада оқу кезінде орыстың үздік филологиялық мектебінің дәстүрлерін терең зерттеп, шебер меңгеріп шықты. Осы жемісті сабақтар оның қаламынан туған орыс, қазақ тілдеріндегі еңбектерді даралап, ерекше айқын көрсетіп тұрады. Ғалым науқандық саясаттан, біркүндік идеологиядан, өткінші талаптардан мүмкіндігінше бойын аулақ салып, негізінен, әдебиеттің поэтикалық элементтерін, көркемдік құндылықтарын, құрылымдық-өрнектік сипаттарын зерттеді.
Осы ретте “Өлең сөздің теориясы” (1973) еңбегінің бірқыдыру ерекшеліктеріне тоқтауға болады. Бұл жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде басылған монография автордың орыс тілінде жарияланған “Казахское стихосложение” (1964) деген докторлық диссертациясы болып табылатын кітабының ықшамдалған қазақша нұсқасы.
Өлең сөздің теориясы, қазақ өлеңдерінің тілі, өлең құрылымының ерекшеліктері, әдеби-тарихи құбылыс, сөз өнерінің өсу-даму кезеңдері – зерттеудің басты нысанасы. Ғалым ұлттық сипаттың басты белгілерін анықтап, поэзия тілінің негізгі бейнелеу құрал-тәсілдерін жіктеп береді. Қазақ өлеңінің негізгі құрылысы айқындалып, ырғақ құрайтын бөлшектер, түрлі ұйқас, тармақ, шумақ, кезеңдер нақты мысалдармен көрсетіледі. Олар көне фольклордан тартып, қазіргі поэзия үлгілерін де қамтиды.
Еңбекте қазақ, орыс, европа ғалымдарының бұрын айтылған пікірлерін, жаңаша қорыта отырып, түрлі бейнелеу, көріктеу, суреттеу құралдарына қазақша анықтама беріліп, олар сан-алуан өлең мысалдары арқылы бажайлана түсіндіріледі.
Қазақ өлеңінің табиғаты шығарма сарынын қайта мазмұндау тәсілімен емес, суреттілік, бейнелілік сипат-қасиеттерін айқындау, ұғындыру, ашу арқылы көрсетіледі. Өлең өрнегіне тән түрлі қасиет-белгілерді қасиет-белгілерді-бунақты, тармақты, шумақты, түйдекті, ұйқасты талдай отырып ғалым бірте-бірте күрделі тұжырымдарға, тұтас шығарманы бағалауға көшеді. Бұдан әрі жеке ақын шығармашылығы, тұтас дәуір әдебиеті туралы пайым-тұжырымдаулар жасалады. Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Қасым өлеңдеріне жасалған талдаулар бір төбе болса, Абайдың тіл ұстарту өнегесі жеке мәселе ретінде жан-жақты қарастырылған.
Зерттеуде мазмұн мен түр бірлігі, ырғақ тудырудағы тілдің ұлттық табиғаты, сөздің бейнелілігі, сипаттама, сурет, тұлға, эстетикалық информация, жинақтау, бейненің көп мағыналылығы деген орайларда көптеген жаңа пайымдаулар жасалған. Мұның үстіне қазақ өлеңінің құрылыс-жүйесі, өлшем-өрнектер, оларды түрлендіріп қолдану үлгілері, қазіргі поэзиядағы ізденістер мен даму бағдарлары айқын ашылған.
Қазақ өлеңінің көп ғасырлық байлығын ғалым ерекше жітілікпен зерттеп, оның күллі құрылымдық бөлшектерін жан-жақты жіктеп, әр дәуірде туған жаңа формаларды дөп басып, дәл тауып айтып, ақындық сөздің көркемдік құндылығын, мәңгі өшпес сұлулық мәнін эстетикалық саралау әдісімен ашып берді.
Мұхтар Әуезов туралы жазған әртүрлі еңбектерін қорыта келіп, З.Ахметов “Поэтика эпопеи “Путь Абая” в свете истории ее создания (1984) атты монография жариялады. Бұл – қазақ әдебиеттану ғылымындағы бір шығармаға арналған күрделі зерттеудің жақсы үлгісі. Эпопеяның жазылу, жариялану тарихы, қолжазба және түрлі басылымдар, қазақша түпнұсқамен орысша аударма мәтіндерді салыстыра қарау жұмыстары арқылы ғалым роман-эпопеяның бұрын зерттеушілер назарына ілікпеген жаңа қырларын ашады.
Шығарманың идеялық нысанасы мен көркемдік жүйесі, композициялық-құрылымдық түзілісі, дәуірдің әлеуметтік-рухани болмысын танытатын тарихи тұлғалар және сан-алуан ұлттық бейнелер жасау шеберлігі мәселелерін шешіп берген монографияда эстетикалық-көркемдік саралау мен жинақтаудың жақсы үлгісін көреміз.
Жазушының архивында сақталған түрлі жоспарлар, алғашқы үлгілер, сан-алуан түзетілген нұсқалар, аударма кезінде жасалған қосымшалар, кейбір сындардан кейінгі өңдеулер – осы алуандас толып жатқан өзгертулердің түпкі мақсаты не екендігін анықтауға зерттеуші орасан көп күш жұмсап, ұлы қаламгердің көркемдік лабораториясын, шығармашылық психологиясын терең ашады. Жеке бейнелердің өмірдегі ізі, тарихи дерек пен көркемдік шындық диалектикасы, образ табиғаты және уақыт талабы, идеологиялық ықпал – бұл төңіректерде ұтымды байламдар жасалған.
“Қазіргі даму және қазақ әдебиетінің дәстүрлері” (1978, орыс тілінде) монографиясы екі үлкен бөлімнен, он тараудан тұратын күрделі еңбек.
Қазақтың жазба әдебиетінің жаңа дәстүрлері Абай сабақтарымен тығыз байланыста қаралады. Бұрын жарияланған “Лермонтов және Абай” (орыс тілінде) кітабының материалдарын қайта қараған зерттеуші Абай мен орыс әдебиеті байланысын, әсіресе Абай және Пушкин, Абай және Лермонтов қарым-қатынастарын нақты шығармалардың жалпы мазмұнын, нақты сюжетін, сөзбе сөз мәтінін салыстыра қарау арқылы көптеген бұлыңғыр мәселелердің бетін ашады. Бұл талдаулардан орыс және қазақ тілдерін жетік білетін дарынды әдебиетшінің, үздік текстолог, білікті теоретиктің қолтаңбасын көреміз. Түрлі архивтардан, газет-журнал беттерінен, басылымдардан, кітапханалардан табылған сан-алуан құжаттар сөйлейді. Сөз бен сөз, сөйлем мен сөйлем, өлең мен өлең, тіпті кейде үтір мен ноқатқа дейін таразыға түсіп өлшенгендей болады. Ақыр соңында, әдебиеттер байланысы, дәстүрлер жалғастығы туралы тұжырым жасалады.
Әдебиеттің қазіргі даму құбылыстарын білуде нақты шығарманы талдау, бірде жалпы проблемаларды шолу, бағдарлау, топтау арқылы көрсету тәсілдері қолданылады. Романдар, повестер, әңгімелер, поэмалар, өлеңдер сарапқа түседі. Реализмнің мүмкіндіктері шарттылық әдістері айтылады. Тұтастай алғанда бұл кітаптан орыс тілді оқырман көп мағлұмат, дерек алады.
Қазақтың эпикалық прозасының дамуы, қазіргі поэзиядағы жаңашылдық ізденістері, әдебиеттанудың өркендеуі әлемдегі әдеби өзгерістермен байланыста алып қарағандықтан аталған пікірлер жалпылық, қорытындылық мәнге ие болған.
Жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде басылған Зейнолла Қабдоловтың “Әдебиет теориясының негіздері” (1970) кітабы сөз өнерінің табиғатын, даму заңдылықтарын, негізгі жанрлардың сипатын, бейне жасау тәсілдерін, көркемдік құралдарын, әдеби әдіс, стиль мәселелерін жан-жақты қарастырды. Алғаш бастауын А.Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” (1926); Қ.Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” (1939) еңбектерінен алған әдебиеттану, әдебиет теориясының негізгі ұғымдары, терминдері, категориялары, қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының, эстетикасының одақтық, әлемдік көркемдік тәжірибенің жаңа жетістіктерімен байытылып, дамытылған, жаңартылған қалпында ұсынылды. Бұл ретте шығармашылық психологиясын жақсы білетін жазушы Қабдоловтың ғалым Қабдоловқа көп көмегі тиген. Бұрын штамп, схоластика күйінде берілетін, тіпті орыс тіліндегі кітаптардан аударылып қана алынатын көптеген анықтамалар, тұжырымдар қазақша сайрап қоя берді, жаңа зерттеуде ондаған терминдердің әдемі баламалары берілді. Орамды тіл, келісті шеберлікпен жазылған бұл ойлы кітап кейін “Сөз өнері” деп аталып, көп өңделіп, бірнеше рет басылып, әдебиетші қауымның, студенттердің қолынан түспейтін көшелі еңбекке айналды.
Ғалым-сыншы З.Қабдоловтың қаламынан әр жылдары шыққан “Жанр сыры”, “Жебе”, “Арна”, “Көзқарас” кітаптарының барлығының да композициялық принциптері ерекше ескерілген, материалдарды іріктеп, топтауға айырықша мән берілген, тараулардың, жеке мақалалардың аттары дәл тауып қойылған. Жинақтап айтқанда бұл еңбектердің бәріне де эссейстік сипат тән: теориялық мәселеге барсын, жеке жанрды зерттесін, бір шығарманы талдасын, қаламгер портретін жасасын, - бәрі бір проф. З.Қабдоловтың стилі айқын көрініп тұрады: ол жеке сөзге, сөйлемге, детальға, бейнеге, дәлірек айтқанда, өнердің өзіндік көркемдік табиғатын темірқазық етіп алады.
С.Қирабаевтың әдебиеттану, сын саласындағы көп жылғы ізденістерінің қорытындысындай болып “Революция және әдебиет” (1977) деп аталған екі томдық мақалалар мен зерттеулер жинағы шықты. Бұл көлемді еңбектен белгілі ғалым-сыншының зерттеу тәсілдерінің ерекшеліктерін, жазу мәнерінің сапа-белгілерін айқын көреміз. Әдебиет пен идеологияны сабақтастықта алу, өмір мен өнерді үнемі байланыста қарау, әдеби деректерді топтап, жинақтап, шолып айту, жеке қаламгер шығармаларын бөлектеп алып, арнайы сөз ету секілді ортақ-етене белгілер бар. Бірінші томда революция және әдебиет, соғыс және әдебиет, бейбіт өмір және әдебиет, балалар әдебиеті, лирика, сын проблемаларына арналған он төрт мақала болса, екінші томда ұлттық әдебиетіміздің ұлылы-кішілі жиырма тұлғасының шығармашылық келбеті берілген.
Мазмұндық және түзілімдік тұрғыдан алғанда сыншының “Шындық және шығарма” (1981) кітабы автордың бұрынғы еңбектерінің жалғасы іспетті. Бұл жинақтың бір бөліміне поэзиядағы азаматтық әуен, журналдағы проза, сын жанрының жағдайы, балалар поэзиясының деңгейі секілді проблемалар қарастырылса, екінші орайда С.Ерубаев, Х.Есенжанов, Қ.Жұмалиев, Б.Бұлқышев, М.Иманжанов мұрасын зерттеген мақалалар топтастырылған, ал үшінші бөлімнің нысанасы замандас қаламгерлер Ә.Әбішев, Ж.Молдағалиев, А.Шамкенов, К.Салықов шығармашылығы, үзеңгілес достары Ә.Нүрпейісов, З.Қабдолов, Р.Бердібаев, Н.Ғабдуллин туындыларын тағы бір жұптап талдайды.
Қайта құру кезіндегі әдебиет өнер мәселелерін арқау еткен “Талантқа құрмет” (1988) кітабында автор дүниетаным, көркемдік, әдеби шындық туралы толғана келіп, өнердің мақсат, міндеттеріне ерекше тоқталады. Бұл жинақта В.Маяковский, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекқожиндерге арналған мақалалармен бірге, кейінгі, буын өкілдері Ә.Кекілбаевтың екі романы, О.Бөкеевтің повестері, Ф.Оңғарсынованың өлеңдері талданады.
Бір мәселені ұзақ зерттеу, әдебиетшінің мамандану машықтары берген жақсы нәтижелер көріне бастады. Зерттеу тәсілдерінде, әртүрлі бағыт, жазу стилінде ізденістер пайда болды. Композицияның көркем идеяны ашудағы қызметін қарастырған М.Атымов көп жылғы зерттеулерін қорытып, “Қазақ романдарының поэтикасы” (1975) кітабын берді.
Жеке қаламгерге арналған еңбектерге тән ескі сүрлеу, жаттанды машықты Х.Әдібаев “Талант, талғам, тағдыр” (1971) монографиясында сәтімен бұзып, ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық сырларына оқырманды қанық етті. Кітабының басталуы, аяқталуы, жалпы сөз саптауында бірқыдыру жаңалық, материалды еркін игеру, талдаудағы сауаттылық бар еді.
Қазақ, орыс тілдерінде қатар жазған Мүсілім Базарбаев зерттеулерінің ерекшелігі - әлемдік, одақтық әдебиеттанудағы көтеріліп жатқан зәру проблемаларын сабақтастық, танымдық, жинақтаушылық мәселелерге көңіл бөлу негізінде жақсы аңғарылып отырды. Бұл сипатты автордың “Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы” (1973) монографиясынан толық аңғаруға болады. Дәуір мен поэзия, ұлттық дәстүр мен форма, жаңашылдық жасау жолдары, әдебиеттер байланысынан туатын игіліктерді көрсету үшін ғалым көптеген топшылау; ғылыми тұжырым жасайды. Фольклор, жазба поэзия мәтіндеріне жаңа тұрғыда текстологиялық саралаулар берілген. Абай, Шәңгерей, Сәкен өлеңдерін талдау қазіргі поэзияны бағалаумен ұласып, дәстүрдің баю, даму бағдарларын анықтауға ойысады.
Әдебиеттегі идеялық-әлеуметтік ізденістерге, сын жанрының, туып, қалыптасуына, шығармалардың құжаттық деректік негіздеріне, мұрағат (архив) материалдарына көп көңіл бөліп, осы бағытта өнімді жұмыстар жазған проф. Тұрсынбек Кәкішевтің “Сын сапары”, “Оңаша отау” деп аталатын “негізінен бір үлкен кітаптың екі бөлімі деп қараған дұрыс” кітаптары, әділіне келгенде, қазақ әдебиеті сынының тарихын жасап беруі деу керек. Бұл еңбектер бұрын белгісіз болып келген тарихи, әдеби, мәдени деректерге бай; автор өз пікірін көбінесе мипаздамай, бүкпей, тура, тіпті қатқыл айтып жіберетін кездері де аз емес. Социологиялық, таптық схемаларға түсіңкіреп кеткен уақытта эстетикалық сарапқа жол болмай қалатыны да бар.
Сәкен Сейфуллин туралы ғұмырнамалық кітап жазып, оны орыс тілінде Мәскеуден шығарып, абыройға ие болған автор қазақ әдебиетіндегі қызықты әдебиеттануға түрен салды, осы салада бірнеше туынды берді. Т.Кәкішевтің елеусіз, ұмыт қалған қаламгерлер С.Шәріпов, Е.Бекенов, Ж.Тілепбергенов, С.Ерубаев мұрасын жинап, алғысөз, түсініктермен шегендеп, көпшілікке жеткізген еңбектерін де ілтипатпен атауға болады.
Мұхтар Әуезов шығармаларын зерттеу-әдебиетші Е.Лизунованың негізгі мамандығына айналады. Қазақстандағы орыс әдебиеті, әдебиеттер байланысы сыншы Николай Ровенский еңбектерінде жан-жақты қарастырылды.
Мамандығы тарихшы, ұзақ жылдар Мұхтар Әуезов мұрасын жинап, бастырумен тиянақты түрде айналысқан Ләйлә Әуезова ұлы эпопеяның тарихи негіздері туралы іргелі еңбек жазып, оларды орысша және қазақша бастырып шығарды.
Әдебиеттануға публицистикадан, сыннан келген Рахманқұл Бердібаев көптеген еңбек берген, аса өнімді әдебиетші ғалымдардың қатарында, оның қаламынан туған бірқатар кітаптарда қазіргі қазақ әдебиетінде болып жатқан құбылыстарға баға беріледі: кейде шығармаларға арнайы тоқтау үрдісі бар, кейде бір жазушының күллі туындыларына сараптау жасалады. Басқа да әдебиетшілер секілді Р.Бердібаев Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Иса, Сәкен, Ілияс, Асқар, Әбділда, Сырбай поэзиясын, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұршайықов прозасын монографиялық очерк стилінде зерттеп жазды. Т.Әлімқұлов, Б.Соқпақбаев, Б.Кенжебаев, Ә.Жәмішев, Қ.Әбдіқадыров, Ө.Тұрманжанов, С.Бақбергенов шығармалары туралы алғаш рет таратып пікір айтқан еді. Ғалым-сыншыға тән бір ерекшелік әдебиеттегі жаңалықтарға қолма-қол үн қату екендігін ол С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, С.Сматаев, Д.Досжанов шығармаларына арналған мақалалары арқылы көрсетіп берді.
Қазақ әдебиетшілерінің ішінде шығыс әлеміне, әсіресе түркі дүниесіне ерекше көңіл бөлген Р.Бердібаев бұл салада да бағалы еңбектер берді. Автордың көбінесе мақалалар мен зерттеулерден тұратын кітаптарының ерекшелігін көрсету үшін “Кәусар бұлақ” (1989) жинағына назар аударуға болады. “Мөлдір бастау” деп аталатын бірінші бөлімінде көне әдебиет пен фольклордың байланысы, тәураттағы аңыздар, фольклордың әртүрлі жанрлары, ауыз әдебиетін зерттеудің бағыттары секілді әдебиеттану мен фольклортану проблемалары қарастырылады. Үлгілі еңбектер, классикалық зерттеулер нәтижелерін қазақ ғылымына сіңістіре дамыту ұсынылады. Тарихтану, мәдениеттану міндеттері де айтылады.
Монографиялық очерк талаптарына жауап беретін сегіз мақала “Дәстүр қуаты” бөліміне топтастырылып, онда поэзия, проза хақында толғамды тұжырымдар жасалған.
Қазақ-ноғай, қазақ-өзбек, қазақ-түрікмен әдеби байланыстары, Хафиз, Науаи поэзиясы, Радлов, Потанин, Әуезовтің фольклор зерттеу ерекшеліктері “Достық самалы” бөлімінде талданған.
Көптеген мақалалар жинақтарымен қоса, Р.Бердібаев жеке проблеманы арнайы зерттеген бірнеше монография жариялады. “Қазақ тарихы романы” (1979) монографиясы прозасының үлкен жанрына арналған.
Кітаптың “Қазақтың тұңғыш эпопеясы” аталатын бірінші бөлімінің зерттеу объектісі – Мұхтар Әуезовтің ұлы шығармасы. Тарихи романдар туралы жазылған әртүрлі кітаптарды сын көзінен өткізген автор осы жанрға қойылатын негізгі шарт-талаптарды айқындап, қазақ жазушысы әлемдік көркемдік тәжірибені қалай игеріп, қалай дамытты деген сұрауларға жауап береді.
М.Әуезовтің ұлы романға келу жолы оның алғашқы прозалық туындыларындағы, әсіресе “Қараш-қараш оқиғасы”, “Қилы заман” хикаяттарындағы әлеуметтік және психологиялық көркемдік талдау тәсілдерін көрсетумен тиянақты айқындалады. Қаламгерлік эволюция шығармашылық ұстаханадан алынған мысалдармен дәлелденіп көрсетіледі. Осыдан кейін барып, төрт томдық көлемді роман-эпопея жан-жақты идеялық-эстетикалық, танымдық-тақырыптық талдауға түседі. Жазушының тіл өрнегіне, кескін жасау шеберлігіне жеке бейнелердің жасалу тарихына мәтіндік салыстырулар жасалады.
Тарихи танымға кісен салынып тұрған қиын заманда жазылып, ұлттың серпілуіне ерекше әсер еткен Ілияс Есенберлиннің романдар шоғыры әдебиетіміздегі зор жаңалық болған еді. Осы құбылысқа назар аударып баға бергендердің бірі Р.Бердібаев екендігін айту қажет. Автор сол секілді Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов романдарына дер кезінде пікір айтты. Осы материалдар монографияның “Жанр қырлары” бөлімінің негізгі сүйегін құраған.
Әдеби әдіс, жанр табиғаты, бүгінгі проза, сын бағдарлары, жеке қаламгерлер шығармашылығы, роман проблемалары туралы көптеген еңбектер жазған проф. Р.Бердібаев бірте-бірте әдебиет тарихына ойысып, кейінірек фольклортанумен түбегейлі айналысып, бұл салада да елеулі жұмыстар жазды. “Сарқылмас қазына” (1983) жинағында ауыз әдебиеті туралы зерттеу, мақалаларын топтастырып, жыршылық пен айтыс өнерінің тарихына, дәстүріне, даму бағдарына тоқталды. Әртүрлі жанрдың табиғатын ашып берді. Фольклор мен жазба әдебиет арасындағы дәстүрлі сабақтастық, аңыздың қайта жаңғыруы бүгінгі әдеби фактілер арқылы дәлелденеді; түркі-монғол халықтары фольклорының тарихи-тектестік сипаты ашылды.
Ал автордың “Қазақ эпосы” (1982) монографиясы бүгінгі фольклортануда жаңа, соны сөз айтқан кітап болып шықты. Ең алдымен қазақ эпосының зерттелуі тарихнамалық тұрғыдан егжей-тегжейлі саралауға түсіп, бұл салада жеткен жетістіктер мен кемшіліктер кеңінен сөз болды. Ауыз әдебиетімізді жинаған, ол туралы зерттеу жүргізген, ғылыми еңбек жазған Европа, орыс, қазақ оқымыстыларының жұмыстарына лайықта баға берілген.
Осындай ізденістер қорытындысына сүйеніп және бүгінгі фольклортану методологиясын басшылыққа алып, автор қазақ фольклорын жаңаша жіктеп, оның жанрлық-стадиялық проблемаларын көне эпос, қаһармандық эпос, ғашықтық жыр төңіректеріне топтап барып, алпыстан астам эпикалық туындыларды зерттеп шыққан. Эпикалық мұраны кезеңдік тұрғыдан жіктеу, әртүрлі уақыттық қабаттарды ашу, шығу тегін айқындау, даму кезеңдерін көрсету, поэтикасын ажырату, түрлі халықтар жырларындағы ұқсас сарын, тектерді тауып көрсету – бұл кітаптың маңызды табыстары болып табылады.
Фольклортану дамуының өрісті белгілеріндей болып бірнеше ұжымдық еңбектер шықты. Олардың бастылары “Қазақ тарихи жырларының мәселелері” (1979), “Қазақ фольклорының типологиясы” (1981), “Қазақ фольклорының тарихы” сияқты кітаптар. Алдыңғы буын зерттеушілер Б.Адамбаев, М.Жармұхаметов, С.Садырбаев, Н.Төреқұлов, К.Сыздықов, О.Нұрмағанбетова зерттеулері басылды. Кейінгі толқын өкілдері С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Б.Әбілқасымов, С.Негимов, Ш.Ибраев қазақ фольклортануына орыс, Европа үлгісіндегі жаңа зерттеу тәсілдерін, әдістемелік қарастырма үлгілерін алып келгендігін ашық айту керек. Сөйтіп ауыз әдебиетін тану саласында жаңа бір серпін, соңы, өнімді бағыт басталды.
Сынға мән беріліп, “Уақыт және қаламгер”, “Сөзстан” секілді арнаулы жинақтар, ұжымдық монографиялар басылды.
60-90 жылдары шыққан сын, әдебиеттану еңбектерінің саны, жанрлық ерекшеліктері, авторлар құрамы, көтерген, шешкен мәселелері – қазіргі әдеби қозғалыс туралы бірқыдыру тұжырымды ойлар қорытуға мүмкіндік береді. Қазақ сыншылары мен әдебиетшілері көркемдік талдау мен социологиялық, философиялық, эстетикалық саралау үлгілерін ұштастыруға, реализм әдісінің қазіргі кезеңдегі методологиялық мәселелерін қарастыруға, жанрлық-стильдік ізденістерді анықтауға, көрнекті қаламгердің шығармашылығын тануға күш салып, осы салаларда белгілі табыстарға жеткенін көрмеу, айтпау, елемеу, сөз жоқ, әділетсіздік болар еді.
Сынға жағдай жасау, сынды бағалау тұсында сарандық көрсеткенмен, кереғар қарағанмен, сын еңбектерін жариялауға келгенде ақын-жазушы құштарлығы ұшан-теңіз болды. Ғұмыр бойы проза тізгінін ұстап келген Ғабиден Мұстафин “Ой әуендері” сын кітабы үшін Абай сыйлығын алса, Ғабит Мүсіреповтің “Суреткер парызы” бірнеше рет қайта басылды. Ақын Жұбан Молдағалиевтің үш томдық таңдамалы жинағының соңғы кітабының тең жартысы сын-мақалалардан құралған. Драматург Қалтай Мұхамеджановтың екі томдық таңдамаласының бір томы түгелге жуық әдеби-сын мақала, шолу, портрет, рецензиядан тұрады. Прозашы, драмашы Тахауи Ахтановтың екі том таңдамалысының бір томы да осындай күйде. Т.Ахтанов әуелі “Керуен” деп, одан кейін “Әдебиет туралы ойлар” деп, “Көкейкесті” деп, сын еңбектерін үш қайтара бастырып үлгерді. Әбдіжәміл Нүрпейісовтің “Толғауы” “Жүрегі тола жыр еді” болып екінші рет жарияланды. Төрт томдығында және басылды.
Қазіргі сын тенденциясын, жанрлық өзгерістерді, стильдік ізденістерді көрсету үшін, ең алдымен, бір ақын, бір прозашы – ғалым, бір әдеби сыншы, бір театр сыншысы жинағына көңіл аударарлық.
Белгілі ақын Ғафу Қайырбеков “Бір кеменің үстінде” сын мақалалар жинағын шығарды. Осында заңдылық, дәстүр ізі бар ма? Көп жылдар поэзияда өнімді еңбек еткен автордың проза, сын жанрларына белсене араласып, шығармашылық құлашын кеңейте бастауын құптау керек. Сәкен Сейфуллин, Әбділдә Тәжібаев поэзия жөнінде ғылыми зерттеулер жазды; Қалижан Бекқожин, Сырбай Мәуленовтің сын мақалалары кітап болып шыққан; Мұзафар Әлімбаев, Әбірәш Жәмішев, Қадыр Мырзалиев секілді ақындар сын жинақтарын бастырды. Бұлай түгендей бастасақ, басқаларды да атауға болар еді. Одақ, әлем көлеміндегі мысалдарға жүгінбей-ақ, қазақ әдебиетінің тәжірибесіндегі мол фактілер ойға оралады.
Ғафу Қайырбековтың сын жинағы теориялық-эстетикалық заңдылықтарға бағынатын тараулардан құралған ғылыми трактат емес, күнделікті әдеби қозғалысқа, ағымдағы құбылыстарға селқос қарай алмаған қаламгердің поэзиялық туындыларға әрқашан сергек айтылған пікірлерінің, шолуларының топтамасы деп тұжырған дұрыс. Күні бұрын жасаған жоспар, мақсаттан туған еңбек емес, жол-жөнекей, қаламгерлің тәжірибенің барысында жинақталған туынды деп қарастыру - әділ болмақ.
Жинақ екі үлкен бөлімнен тұрады. Алғашқысы – “Толғаныстар”, екіншісі – “Портреттер” деп аталады. Бірінші тарауда – 14 материал, екінші тарауда және 14 материал бар.
Алғашқы бөлімдегі проблемалық мақала, жыл жемісін қорытқан шолу, бірнеше авторды топтап айтқан жерлерде поэзияның көкейкесті мәселесін айқындауға мол көңіл бөлінгенін көресің. Әдеби философиялық талдаулардан гөрі, публицистикалық – журналистік шалқу, пафосты, лепті толғаныстарға көңіл бөлінген. Әділіне келгенде, Ғафу Қайырбеков шығармаларды текстологиялық, стильдік, жанрлық талдауға бармайды, негізінен, насихатшылық тәлімі басым публицистикалық арнада отырады, туындының әлеуметтік, саяси мағынасына көңіл аударатын социологиялық сараптауды нысана етеді. Осы ерекшеліктер кітаптағы барлық мақалаға тән.
Жинаққа енген көлемді мақаланың бірі – “Жыл әкелген жырлар”. Мұнда Асқар Тоқмағамбетов, Тайыр Жароковтан басқа сөз болатын ақындардың бәрі – жастар. Жиырма жыл өтті. Мақалада шығармалары айтылатын Ізтай Мәмбетов, Тілеген Шопашев, Құдаш Мұқашев, Ғаббас Жұмабаев, Жүсіп Қыдыров, Әнуәрбек Дүйсенбиев арамызда жоқ. Ал сол кездегі жас ақындар Еркеш Ибраһим, Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баянбаев, Қанипа Бұғыбаевалар қазір поэзияда өзіндік үнін тапқан қаламгерлер.
“Айтыстан туған ойлар” мақаласы алпысыншы жылдардағы әдеби процестен, дискуссиядан хабар береді. Өлең өрнегін, стильдік ізденістерге қатысты дәл табылып, дұрыс айтылған пікірлер мол.
Ал, кейбір мақалаларда автор тым жалпылама, әмбеге белгілі нәрселерді қуалап кетеді. “Азаматтық борыш пен ақындық әрекет” деген аты жақсы мақаланың мазмұны саяз, көбінесе адрессіз сөйлеу, әлдекімдерге сырттай кіжіну сарыны басым.
Полемикалық стиль – “Ақылдасқан артық емес” мақаласының негізгі ерекшелігі. Төлеужан Ысмайылов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаевпен пікір, ой таластыруды көреміз. Өзгелерді “Уағыз айтасың, ақыл үйретесің” деп отырып, Ғ.Қайырбеков өзі осы арнаға түсіп кетеді. Кей кезде дәлелсіз бекерге шығаруға мойын бұрады.
Әдеби тәжірибеде әртүрлі баяндамалар жасалады. Олар кейін баспасөзде жарияланады, кітапқа, жинаққа енеді. Ғылыми дәлдікті аса қадалаған кезде “Баяндама” деген айдарды сақтамаса, көбінесе алғашқы материал редакцияланып, өзгертіліп мақала болып кетеді.
“Қазақ өлеңінің жас өркені” аталатын еңбектің республикалық мәжіліс-семинарда жасалған баяндама екендігін алғашқы жолдардан ақ байқалады. Автор Мұхтар Шаханов, Мендекеш Сатыбалдиев, Қайрат Жұмағалиев, Жанғали Набиуллин, Өтежан Нұрғалиев, Аян Нысыналин, Қанипа Бұғыбаева, Қастек Баянбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Сейіт Кенжеахметов секілді он жас ақынның алғашқы кітаптарын талдайды: ерекшеліктерін анықтайды, кемшіліктерін ашады. Көп байламдар орынды, дәлелді.
Әрине, бес беттік “Көркем аударма - өнер жемісі” деген шолақ, келте мақалада тұжырымды, байсалды ойлар бар деу артық болар еді. “Азаматтық әуен” мақаласының да асығыс жазылғаны байқалып тұр. Кезінде дұрыс айтылған пікірлердің қазір ескірген сынайлары бар. “Белестен асқанда”, “Съезден соңғы ойлар” мақалалары қазіргі поэзияның жалпы жағдайын шолып, жинақтап сөз қылады.
Кітаптың “Портреттер” деген екінші бөлімінде Абай, Ыбырай, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Қасым Аманжолов, Ілияс Омаров, Қайнекей Жармағамбетов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Хамза Есенжанов, Қалижан Бекқожин, Хамит Ерғалиев туралы жазылған дүниелер топтастырылған. Бұлардың ішінде естелік үлгісіне, эссе сипатын жақын нәрселер бар. Үлкен ақындар поэзияның етене белгілерін ашқан жақсы пайымдаулар ұшырасады. Рас, кей тұста автор шұбалаң, бұлдыр, қызыл сөзді қуып кетеді.
Бұрын “Шығарма арқауы - шындық”, “Замандас тұлғасы” монографияларын жариялаған ғалым-сыншы, прозаик Нығмет Ғабдуллиннің “Уақыт сыры” кітабы әр кезде, әр тақырыпта жазған мақала, рецензияларынан құралған. Тақырыптық, проблемалық тұрғыдан келгенде, жинақ үш тарауға бөлініп, олардың әрқайсысына ат қойылған... Композициялық, мазмұндық тұтастық барлығын көрмеу, айтпау - әділетсіздік болар еді. Мұның үстіне, әрбір мақаланың жазылған уақытын дәл көрсетіп отыру еңбекке хронологиялық, шежірелік сипат берген. Әдеби құбылыстардың өзгерісі, көркемдік өміріміздегі даму жөніндегі мазмұнды мағлұматтар алуға болады. Кезінде жазылған материалдардың алғашқы варианттың сақтау Нығмет Ғабдуллиннің сыншы ретінде әдеби қозғалысқа үнемі белсенді түрде қатысып отырғанын, сергек болғандығын көрсетеді.
Жинақтың “Жасампаз тұлға” деген беташар мақаласында жағымды кейіпкер проблемасының кейбір түйінді мәселелеріне автор ерекше көңіл бөледі. Топтап саралайтын зерттеуші тұжырымдарында әдеби процесс фактілері жиі мысалға алынады. Бірқыдыру шығармаларды талдау арқылы автор ұнамды кейіпкердің күрескер кейіпкер екендігін дәлелдейді.
Характер мен ситуация бірлігін көрсететін “Жағдай және қаһарман” мақаласында көптеген әдеби фактілер бар. І.Есенберлин, М.Мағауин, О.Бөкеев, Д.Исабеков, Қ.Мұқанбетқалиев, Т.Нұрмағамбетов, Ш.Құмарова, Қ.Найманбаев, С.Сматаев шығармалары қарастырылады. Кей тұста шолу, кей тұста талдау элементтері басым.
“Кейіпкердің ұлттық келбеті”, “Шығарманың реалистік сипаты”, “Шындық толғауы” мақалаларынан проблемалық мәселе көтеру, жеке туындыны байсалды талдау тәсілдерін көреміз. Осындай ойлы, салмақты еңбек деп “Өрелі сынға өріс кең” мақаласын да айту керек.
Автордың өзі ашып көрсетеді, кезінде көптеген жас авторлардың тырнақалды еңбектеріне пікір білдірген екен. В.Шүкіров, С.Жүнісов, С.Мұратбеков, М.Сүндетов, Н.Сералиев, Р.Тоқтаров, С.Сарқасқаевтың алғашқы кітаптарына жазылған рецензиялар “Творчестводағы алғашқы қадамдар” деген жалпы атпен беріліпті.
Қазақ мәдениетінің өскендігін әйгілейтін жәйттің бірі – белгілі, көрнекті қаламгерлердің мүшел тойларын өткізу, шығармашылық сапарына жинақты баға беру. Осындай тұстарда той мақала жазылады, автордың басты жетістіктері көрсетіледі. Бұл сипаттағы шағын портрет үлгісіндегі дүниелер қазақ әдебиеті сынында жиі жазылып жүр. Осындай стильдегі жеті мақаланың басы біріктіріліп “Достық лебіз” деген жалпы айдардың астында екінші тарауда берілген. “Біздің Сапекең”, “Биік мұрат”, “Сырлы суреткер”, “Қабдікәрім ақын”, “Сыншы сапары”, “Айқын еді есі де, өзі де” – бұл материалдардың баршасының сарыны ұқсас.
Өмірден ерте кеткен талантты сыншы Айқын Нұрқатов туралы жазылған жылы, ыстық, сезімнен туған эссе басқа лебіздерден оқшау тұр. Жинақтың ғылыми тереңдігін, әдеби салмағын көрсететін тарау, біздің ойымызша, үшінші бөлім. “Өшпес өнеге” аталған бұл тарауда берілген материалдарда қызықты фактілер, танымдық деректер, сапалы тұжырымдар бар.
Алғашқы “Үлкен жүректің сыры” (Ы.Алтынсарин хаттарын оқығанда) мақаласынан ұлы ағартушы мұрасының бағалы бір саласын талдау мақсатын көреміз. Бұрынғы зерттеушілер жете мән бермеген жәйттерге Н.Ғабдуллин назар аударып, көңіл қояды. Ы.Алтынсарин еңбектерін түгел қазақ тілінде аударып жариялайтын мезгіл жетті. Қажет десе, бұл – қазіргі ұрпақтың парызы.
Қазақ әдебиетшілерінің әлем мәдениеті, көне ескерткіштер жөнінде жиі ой толғай бастауы – бүгінгі дамуымыздың сапасын көрсететін фактілердің бірі. Ғабдуллиннің айтылмыш еңбегінде осы бағыттағы ізденістердің де сорабын көреміз. Жаһан қазынасының қатарына жататын Фирдоусидің “Шахнамасын” кең әрі жақсы талдау оқырман ойынан шығары даусыз. Ұлы шығарманың жазылу тарихы, өмірлік, тарихи негіздері, тақырыптық, образдық арналары жан-жақты, байыпты қаралады. Осы стильдегі зерттеу деп “Низами және оның бес дастаны” мақаласын да айту керек.
Туысқан қарақалпақ әдебиеті жөніндегі шолу мақала “Тілі бір, жыры бір” аталған. Бауырлас әдебиеттің қалыптасу жолдары, көрнекті қаламгерлерінің шығармашылығы кең сөз етіледі. Білетін, маман әдебиетшінің қолтаңбасы сезіледі. Сөз жоқ, “Уақыт сыры” – белгілі жазушы, сыншы Н.Ғабдуллиннің елеулі еңбегі.
“Қос қағыс” кітабының авторы оқырманға, әдебиетші қауымға танымал болған сыншылардың бірі. Оның газет-журнал беттерінде көрінген әр түрлі мақалалары өз алдына, “Тоғыз тарау”, “Үш тоғыс” аталатын екі сын еңбегі жарияланған.
Аттары табылып, дәл қойылған кітаптар Төлеген Тоқбергеновтың қаламгерлік мүмкіндіктерін көрсетті, уытты сыншы, өткір әдебиетшінің шығармаға пікір айтатын қабілетін танытты. Бір ерекшелік: сыншы, әсіресе, қазіргі әдеби өзгеріске, бүгінгі шығармаларға көп көңіл бөлді, тілге-стильге мұқият. Жеделдетіп екі кітап шығарған автордың үшінші еңбек беруі – толысу белгісі еді.
Кітаптағы бірнеше мақала қазіргі прозамыздың мәселелеріне арналған. Негізгі тенденциялар, маңызды шығармалар талданады.
Әкім Таразидің “Бұлтқа салған ұясын” романның идеялық нысанасы, негізгі оқиға жүйесі, кейіпкерлері сөз болады. Автордың суреткерлік жетістіктерін сыншы іш тарта отырып, жылы сөйлеп жеткізеді.
Тахауи Ахтановтың “Шырағың сөнбесін” романының ерекшеліктері айтылады. Психологиялық талдау, соғыстағы адам мінезіне байланысты пікірлер бар.
Бірнеше кітапқа автор болған кейбір жазушылар сын назарына ілікпей кете беретіні болады. Журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов есімі шолу, тізімнің бел ортасында жүргенімен, шығармалары арнайы талданған, сарапқа түскен кезі сирек еді. Т.Тоқбергенов алғаш рет С.Бердіқұлов туындыларына арнайы көңіл аударды. Әсіресе, сыншының бір кейіпкерді – Тұйғынды алып талдауы, осы негізде жазушы ерекшелігін көрсетуге ұмтылуы қолдайтын тәсіл.
Соңғы жылдары прозамызда жемісті еңбек жасап, сапалы туындылар берген қаламгердің бірі – Шерхан Мұртазаевтың “Қызыл жебе” романын арқау ете отырып, бүгінгі әдебиеттің мәселелрі қозғалады. Жазушы эволюциясын, жаңа табыстар, соны олжаларды сыншы дәл көрсетіп, дұрыс бағалайды. Олқылықтарды ашуда да тартынып қалмайды.
Кітаптағы ең көлемді, ең нәрлі мақала – “Тарлан ашқан талант” деп аталады. Төлеген Тоқбергеновтың әдебиетші, сыншы ретіндегі қолтаңбасын, жазу стилін танытатын материал да осы.
Қазақ әдебиетінің бүгін халық сүйген, әдебиетшілер әбден таныған қаламгерлерінің бірі – Тәкен Әлімқұлов десек, мына мақаланы сол суреткер туралы жазылған монографиялық очерк, әдеби этюд деуге әбден қақымыз бар. Жазушының идеялық-эстетикалық ізденістері, құйып шығарғандай бейнелері, жасаған мінездері жан-жақты сөз етіледі. Тіл ерекшеліктері, шеберлік кестелері білікті талданады. Жазушы тудырған негізгі тұлғалар, басты сарындар, өмірлік материалдар, прототиптер төңірегінде бағалы, толымды тұжырымдар жасалады. Бұрын пікір айтқандарды ескеріп отыру-мақаланың әдеби-ғылыми салмағын арттырады. Т.Әлімқұлов суреткерлік ұстаханасынан хабардар ететін кейбір мысалдар және бар.
Екінші бір салмақты мақалада қазіргі қазақ романының тақырыптық географиясы дұрыс көрсетіледі. Шолып, топтап айту жағына көңіл бөлінген. Ақан Нұрмановтың “Құланның ажалы” романы туралы батыл айтылған пікірлерге қосылу керек.
Драматургия мен театр сыны қазақ топырағында 20-жылдарда туып, 30-жылдарда қалыптасты. Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов, Смағұл Садуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Жансүгіров қаламынан 20-30 жылдарда туған “Жалпы театр өнері және қазақ театры”, “Театр тарихынан”, “Ұлт театры”, “Қазақтың театр өнері туралы” деген еңбектер, алғашқы кітаптар әлі күнге мәнін жойған жоқ. Кейбір шалағай зерттеушілер өздері оқымаған соң, бәрі бізден басталады деген қыңырлыққа, менмендікке басады.
Егер жинап бастырса, 30-40-50 жылдарда драматургияға, театрға байланысты жазылған салмақты, ойлы дүниелерден бірнеше қалың-қалың жинақ құрастыруға болар еді.
Театрдың ішіне кіріп, терең еңбектер жазған Қажығұмар Қуандықов марқұмның екі кітабы шықты. Бағыбек Құндақбаевтың еңбектері бүгінде жиі жарияланып жүр.
Қаламы бас білгі Әшірбек Сығаев – драматургия, театр сынындағы белгілі есім. Арнаулы театр мамандығын алған адам. Спектакльдерге арналған рецензиялары, шолу мақалалары, портреттік дүниелері газет-журналда жиі жарияланады. “Жалын” баспасынан шыққан алғашқы кітабы баспасөзде тәуір аталып, бірнеше құптаған рецензия шықты.
Қазір әдеби, сын еңбектерге дәл, ғылыми, теориялық мәні бар ат қоюдан гөрі, бейнелі мәні бар аттар қою үлгісі, әсіресе қазақ әдебиетінде кең орын алып отыр. Мұның жақсы, жаман жақтары бірдей. Жақсы жағы дегеніміз – қасаңдықтан, штамптан, схемадан таптаурын, сары жұрттан қашу, тірі, жанды сөзге бас ұру. Жаман жағы дегеніміз - әдеби сын, ғылыми еңбекке терминдік, категориялық мәні жоқ ат беру беллетристика, публицистикаға тартып кетеді.
Әшірбек Сығаев кітабын “Сыр сандық” деп атаған. Сәкен Сейфуллиннің әйгілі өлеңінің аты, осы аттас бірнеше автордың өлең жинақтары да бар. Расында, кітаптың өзегі – біреуге айтылған ешқандай оңаша сыр да емес, жалтыраған сандық та емес, қазіргі қазақ театры, оның проблемалары туралы пікірлер, ойлар, таластар, тұжырымдар. Кітаптың 3 бөлімнен құралуында қисын, логика бар. Ұқсас, іргелес мәселелер бір топталған. Осындай жүйелеу ылғи жеке-жеке мақала, рецензиядан құралған еңбекті тұтастыра түсуге көп көмегін тигізген.
Бірінші “Толғам” деп аталатын бөлімде театрдың, режиссураның, драматургияның жалпылық мәнді мәселелері сөз етіледі. Топтап айту, шолу жасай отырып пікір түю әдісі бұл тұста кең қолданылған. Ұқсас құбылыстарды салыстыру, бірнеше театр тәжірибесіне жүгіну, әр түрлі ұрпақ өкілдерінің өнерін тілге тиек ету – бірінші бөлімге енген мақалаларға тән жақсы белгілер.
Бөлімнің “Жалғасқан дәстүр” деген қазіргі театрдағы жас өнерпаздар шығармашылығын әңгіме ететін мақаламен ашылып, “Жыл нәтижесі” дейтін қазіргі драматургияның жағдайын көрсететін мақаламен тұйықталуында логикалық байланыс бар. “Торап” деп аталатын екінші бөлімде күретамыры пьеса, сан алуан өнерпаздар еңбегінің тоғысуынан туған, тоғыз жолдың торабынан жасалған – спектакль жайлы мақалалар бар. “Ленин 1918 жылда”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Башмағым”, “Таңғы жаңғырық”, “Қан мен тер”, “Бүгін мейрам, бүгін той”, “Дөкей келе жатыр”, “Қос анар”, “Тынық Дон”, “Ғалиябану”, “Танакөз” – осы алуандас спектакльдердің жалпы сипаты, режиссерлік шешім, актер ойыны, сахна эстетикасы жайлы пікірлер айтылады. Сыншы бір театр, бір проблема, бір режиссер туралы ғана сөйлемей, қазіргі қазақ сахнасының көкейкесті мәселелерін қозғауға көңіл бөлген.
Қазақтың ұлттық классикасына айналған пьесаларды қайта қою саласында бірқыдыру істер жасалды. Бұл салада “Қара Қыпшақ Қобыландының”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлудың” сахнаға жаңа шешімде шығуы көрермен арасында, мамандар арасында көп талас тудырған еді. Әзірбайжан Мәмбетов – сахна өнерінде интернационалдық дәстүрлерді көбірек қолданатын, бүгінгілікке ерекше мән беретін өнерпаз. Оның негізгі мықтылығы да осы тұста. Әшірбек Сығаев режиссер талантының үздік сапарларын жақсы байқап, дұрыс көрсеткен. Әрине “Дөкей келе жатыр” спектаклінің кемшіліктерін көрмей, жер-көкке сыйғызбай мақтау әділет болмайды. Бұл қойылымның олқылықтары жөнінде кезінде “Социалистік Қазақстан” газеті “Ойын – арзан, күлкі - қымбат” деген мақалада жазған еді.
“Қос анар” спектаклі, “Танакөз” радио қойылымы туралы айтқанда Ә.Сығаев талғамынан айырылып қалады, болымсыз, орта қол жәйттерді үлкейтіп, түймені түйедей етіп көрсетуге тырысады. Үшінші бөлімнің “Портреттер” аталуы ешқандай дау туғызбайды. Драматургтер, режиссерлер, актерлер, сахна мамандары туралы жазылған 8 мақалада әр буынның, әр жастың адамдары бар.
Ә.Сығаев мақаласында Х.Бөкееваның өмір жолы, негізгі рөлдері, талант ерекшелігі көрсетіледі. Өзі де сахнаны жақсы білетін адамның сөзін естіп отырмыз.
Артистер әулетіндегі қазіргі ескі көз, кәрі құлақтың бірі – Қапан Бадыров. Өзгелерден бір айырмасы қағазға, құжатқа, суретке сақ. Жинап, теріп жүреді, жоғалтпайды. Ұсынақты адам. Бұл мінезінен “Өткендер мен өткелдер” атты кітабын редакциялап, әдеби нұсқасын жасап берген кезде біз де көрдік. Ә.Сығаев өзі сахна тарланы деп атаған Қапан Бадыровтың сахналық еңбектерін жақсы көрсетеді. Сахнада терең тебіреністі, ойдан кетпес, көңіл толқытқан бейнелер жасаған талантты өнерпаз Зәмзәгүл туралы мақаланы “Құштарлық” деп атауға толық келісуге болады. Әсіресе Қарагөз – Зәмзәгүл ойының талдайтын тұстар жақсы жазылыпты.
“Диалогтар сыр шерткенде” – Қалтай Мұхамеджанов, “Абыройлы жол” - Әлжаппар Әбішев драматургиясының негізгі арналарын көрсететін кенеулі, ойлы дүниелер. Дәмеміз мадақ сарыны кей тұста қылаң береді. Қалың көпшілік біле бермейтін, бірақ театр өнері үшін көп еңбек еткен, қарапайым қоңыршалар Мұхтар Өтебаев, Болат Маусымбаев туралы лебіздерде жаңашырлық бар.
Ал енді Ақсақал Қалмырзаев, Отызбай Жұмабековтер жөнінде айтылған мақтаулар тым әсіреқызыл. Есболған Жайсаңбаев, Құман Тастанбеков, Әнуар Боранбаев, Алтынбек Кенжеков – бұлар жөніндегі жылы лебіз, жақсы сөз оңтайлы жерден шыққан.
Кейде орынсыз шалқу, алып-қашпа стиль арнасына түсіп кету бар. Пьесалардан ұзақ үзінді келтіру, белгілі нәрселерді қайта айтып беру, кезінде баспасөзде жарияланған, өз міндетін атқарған ұсақ-түйек майда-шүйде нәрселерді кітапқа зорлап енгізудің қажеті жоқ еді. Түгел алғанда, Ә.Сығаевтың “Сыр сандық” кітабы бүгінгі қазақ театрының жай-жапсарынан мол хабар береді; бірқыдыру құбылыстарды дұрыс түсіндіреді.
“Уақыт және қаламгер”, “Сөзстан” сын жинақтары шықты. Бұл басылымдардың кітаптарында қазіргі тақырыптар, проблемалар, тенденциялар сөз болды.
Қазақ әдебиетшілері қазақ Одақ көлемінде жақсы нәтиже бере бастаған тарихи-типологиялық салыстырмалы-көмплексті зерттеу әдістерінің методологиялық тәсілдерін меңгеріп, ғылыми ізденістер жүргізе бастады. Бұл саладағы алғашқы жақсы табыс деп М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір топ қызметкерлері жазған “Қазақ фольклорының типологиясы” (авторлары Р.Бердібаев, Б.Уақатов, Б.Адамбаев, Т.Сыдықов, И.Төреқұлов, С.Қасқабасов, С.Тұрсынов, Б.Ибраев, З.Сейітжанов) ұжымдық монографиясын айту керек. Бұрын ұлттық фольклорымыздың негізгі шығармалары тақырыптық өрісі, кейіпкерлер жүйесі, идеялық нысанасы, тілдік ерекшеліктері тұрғысынан талданып келді. Өз кезеңі үшін бұлай зерттеудің де тиімді жағы мол болды. Ал, ғылымның бүгінгі өскен мүмкіндіктері жаңа талаптары орасан бай фольклорымызды әлемдік филологияның үздік тәсілдермен қарастыруды қажет етіп отыр. Фольклорды тек әдебиет жолымен ғана тану мүмкін еместігін әбден ұққан оқымыстылар археология, этнография, социология, тіл білімі, философия табыстарын ескере отырып, жан-жақты кешенді тәсілдермен зерттеу жасау қамына кірісті. Аталмыш еңбекте қазақ фольклорының түп-төркіні, тарихи негіздері, поэтикалық ерекшеліктері әр түрлі деңгейде, сан алуан арқауда қарастырылады. Түркі, түркі-монғол, жалпы көшпелілер сөз өнерінің типологиясы туралы көптеген фактілерге, мол материалға сүйеніп жинақтау, қорытындылар жасалады. Ұжымдық монографияның барлық тарауларының теориялық тереңдігі бірдей емес, кейде ғылыми дәлелдің орнын болжам, долбар, дүдәмал қисын басып кеткен. Еңбек соңындағы библиографияның жасалу принциптерінде жүйе жоқ: кейбір күрделі еңбектерді атамай, болымсыз мақалаларды тізіп кетуде не мақсат көзделгендігі белгісіз.
Алғашқы кітаптарын шығарған жас сыншылардың еңбектері бүгінгі эстетикалық ойымыздың әр түрлі бағыттағы ізденістерінен хабар береді. Газет-журнал беттерінде қызулы, өткір мақалалар жазған, қазіргі әдеби қозғалысқа білек сыбанып араласқан, есімдері жұртшылыққа мәлім бола бастаған Бақытжан Майтанов, Сайлаубек Жұмабеков, Асқар Егеубаев, Бақыт Сарбалаев, Бекен Ыбырайымов, Құлбек Ергөбеков, Батырхан Дәрімбетов, Жаңғара Дәдебаев, Құныпия Алпысбаев тырнақалды туындыларын оқып шыққанда, ең алдымен, байқалатын нәрсе заманы, ортасы, талғамы бір болғанмен, әр түрлі арналардағы ізденістердің сорабы, әр түрлі рухты, әр түрлі стильдік өрнектерді ұшыратамыз. Қашанда даралық, ерекшелік-сапалық көрсеткіш, сан-алуан ырғақ, бояу, әуез молдығынан эстетикалық байлық, көркемдік игілік құралмақ. Әрине “проза сыншысы болу үшін алдымен өзі роман жазып алсын, поэзия сыншысы болу үшін өзі поэма жазсын, драматургия сыншысы болу үшін өзі драма жазып алсын” деген талғамсыз пікірдің төрге шығар орны жоқ. Дегенмен, жеке жанрларды үнемі бағдарлап бағып отыратын, маманданған, бір бағытта істелетін жұмыстардың нәтижесі әмбебап, барлығына құлаш ұратын жалған универсализмнен әлдеқайда мол болары хақ. Осы реттен келгенде, қазіргі жас сыншыларда нысананы таңдап алуда бой баққан, ойланған, сарабдал талғам барлығы қуатпай қалмайды.
Құрдастарының ішінде ертерек көзге түскен Бақыт Сарбалаев алғашқы мақалалары жарияланғанына он шақты жыл өткен соң, “Қызыл алма”, “Өткірдің жүзі” сын кітаптарын шығарды. Бақытты өзгелермен шатастыруға болмайды, оның өзіндік дауысы бар.
Мұқағали Мақатаевтың ақындық мұрасы, бүгінгі прозаның көркемдік ізденістері, әдеби-көркем сынның функциясы – осы орайда Бақыт Сарбалаев айтқан бірқыдыру байлам, қорытынды ойлар көкейге қонымды.
Жас сыншылардың кітабы тұтастығымен, желілі мәселелерге арналған толғамды сипатымен ерекшеленеді. Мерзімді баспасөзде жиі көрініп келе жатқан Асқар Егеубаевтың “Сыр мен сымбат” жинағы қазіргі қазақ поэзиясының кейбір көкейкесті сырларын алдымызға тартады. Жеке шығармаларды талдау үстіндегі дәлдікке жинақтаулар жасаудағы білімділікті қоссақ, жас сыншының негізгі қаламгерлік сипатын аңғарамыз. Қазақ поэзиясында қазір кең дами бастаған шоғыр өлеңдер жүйесі, тұтас өлең кітабы орыс әдебиетінің ықпалынан туды деген сыншы пікірінде шындық бар. Жеке бөлімдер, композиция принциптері ғана емес, тіпті шығармаға ат қою жөнінде де орыс, Европа әдебиетінен алған үлгіміз толып жатыр. Александр Блок: “Арфы и скрипки”, “Соловьиный сад”. Қазақ поэзиясындағы осылар аттас “Домбыра”, “Бұлбұл бағы” сияқты шығармаларды Асқар Егеубаев дәл басып айтады. Бірақ түптеп келгенде, мұндай салыстырулардың негізгі мақсаты кім, қайдан не алды деген қысыр даудың майына от құю емес, шығармашылық құбылыстың заңдылықтарын ашу, әдеби байланыстар диалектикасын көрсету болмақ.
Сыншы Бекен Ыбырайымов “Көркемдік көкжиегі” кітабында, негізінен, бүгінгі проза материалдары бойынша талдаулар жасайды. Жас буын, орта буын қаламгерлер туындыларындағы құбылыстарды көрсетуге көңіл бөлінген. Қазақ әдебиетінің фактілерін басқа ұлт әдебиеттеріндегі мысалдармен салыстыра қарағанда автор ұтымды тұжырымдар жасайды. Қатарластары ішінде Бекеннің стилі салмақты, академизмге жақындығын көрсету керек. Кей тұстарда автордың терминдерді, категорияларды орынды қолданбай, бұлдырлыққа, схоластикаға кетіп қалатынын ескерткіміз келеді.
Тегінде сындағы тереңдік жөн-жосықсыз тықпаланған сілтеме, тізім, термин есесінен емес, ой, пікір, тұжырым байлығынан туатын болу керек. Жас сыншы, жас әдебиетші, мәтінге ерекше мән беретін, қолжазбаларға үңілетін, архив материалдарын қарастыратын ізденгіш, еңбекқор – Құлбек Ергөбеков.
Қазір жарияланып жүрген әдеби-зерттеу, сын кітаптарының негізгі мінінің бірі - әр тақырыптылық, құрандылық, көп нәрсенің басын зорлап ию десек, жас әдебиетші еңбегі бұл кемшіліктен ада. Қ.Ергөбеков бірнеше кітап жазып Сәбит Мұқанов шығармашылық ұстаханасын зерттеді. Әрине, қазақ әдебиетінің терең сыншысы, қажырлы ғалым Темірғали Нұртазиннің “Жазушы және өмір” күрделі, іргелі зерттеуінен кейін жаңа сөз айта қою кез келген көген көздің қолынан келер шаруа емес.
Бай мұра қалдырған зор жазушы Сәбит Мұқановтың “Балуан Шолақ”, “Сұлушаш”, “Біздің заманның батырлары”, “Тыңдағы толқындар”, “Аққан жұлдыз” романдарының жазылу тарихынан қызықты деректер келтіре отырып, сыншы көркемдік қиял, бейне сомдауға қатысты әдеби тұжырымдар жасайды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ғылыми зерттеулерге кең жол ашылып, фольклор (Ш.Ибраев, Б.Әбілқасымов, Ә.Молдаханов, М.Жармұхамедов, С.Негимов, Б.Рахимов, Ш.Керім, Б.Әзімбаева, Т.Қоңыратбай), әдебиет тарихы (З.Бисенғали, У.Қалижан, С.Дәуітұлы, А.Шәріп, Б.Омаров, А.Жақсылықов), әдебиет теориясы (Т.Есембеков, К.Сыздықов, А.Исмақова, Х.Рүстемова, С.Әшімханова), жанр проблемалары (Ә.Рахымжанов, Т.Сыдықов, Ж.Әбілев, Б.Кәрібаев, Ж.Смағұлов), әдеби байланыс (Н.Сағындықова, М.Маданова, Б.Мамыраев, З.Сейітжанов), әдебиет тарихы (Т.Еңсегенов, Қ.Алпысбаев, А.Еспембетов, А.Егеубай, Б.Әбіғазиев, Р.Тұрысбек), қазіргі әдебиет туралы (Б.Кәрібозов, Қ.Ергөбек, Қ.Әбдезұлы, Б.Ыбрайым, С.Таханов) докторлық диссертациялар қорғалды.
Сонымен азды-көпті талданған, шолу түрінде айтылған, аталған еңбектерден бүгінгі қазақ әдеби ойының жетістіктері мен кемшіліктері жақсы көрінеді. Бүгінде қазақ сыны мен әдебиеттануының сан алуан жанрлық формалары қалыптасты. Олар негізінен мыналар: мақала, рецензия, сұхбат, шоғыр мақала (цикл), әдеби параллель, диалог, сын-библиографиялық очерк, шолу, әдеби портрет, хат формасы, әдеби айтыс (полемика, диспут), теориялық, проблемалық сипаттағы ғылыми пайымдама, монография, оқулық, нұсқалық (хрестоматия), көп томдық зерттеулер.
Тәуелсіздік заманында қалыптасып келе жатқан саяси-қоғамдық ахуалдар әр алуан өмір салаларындағы демократиялық ағымдардың өріс жаюына, ақиқаттың кең айдынға шығып, тереңнен сыр қозғауына тиімді жағдай жасап, келелі мәселелер мен түрлі құбылыстарға жаңа көзқарас туғызып, жаңаша ойлау жүйесін орнықтырып отыр. Бұл істе қоғамның ар-ұждан тұрғысынан тазаруына, тарихи, әлеуметтік жеңісін нығайтуға, адамдардың белсенді азаматтық позициясын күшейтуге жауапкершілін жүгін артар салмақ та жеңіл болмақ емес. Қазіргі әдебиет пен өнер, міне, дәл осы ыңғайда бағаланса керек, әдебиеттану мен өнертану да осы бағытта ізденуі тиіс. Әдебиет пен өнер, олар туралы ғылымдағы соны міндеттер аз емес.
Қазіргі ғылым, біріншіден, зерттеулердің деректемелік көздерін кеңейтуді талап етпек. Басқаша айтқанда, әдебиеттану өресін көретін деректемелік, текстологиялық және теориялық жұмыстар. Демек, әдеби нұсқаларды жинастыру, жарыққа шығару ісін дұрыс жолға қою қажет. Мүмкіндігінше тезірек тиісті ғылыми-текстологиялық деңгейде текстерді жариялау қажет. Кезінде М.Әуезов пен Н.Смирнова бас боп көтерген мәселе – эпикалық мұралар және басқа да фольклорлық үлгілердің академиялық басылымын шығаруды қолға алу керек. Қазір әдебиет және өнер институты дайындап, жариялап отырған 50 томдық фольклор үлгілері ғылыми-көпшілік серия орайында болғандықтан бүгінгі ғылыми принциптерге жауап бере алмайды. Мамандармен қатар қарапайым оқырмандардың да көңілі толмайтын жайлар осыдан тумақ.
Екіншіден, фольклористика ғылымын дамыта түсу, оны жаңа деңгейге көтеру үшін мынадай шараларды жүзеге асыру шарт:
а) текстологиялық жұмысты жақсарту және текстология теориясын зерттеу; ә) материалдарды ғылыми жүйелеу мен реттеп орналастыру; б) эпос пен ертегі сюжеттерінің жүйелі каталогін жасау; в) фольклорлық текстер, сюжеттер мен сарындарды сараптау үшін ЭВМ-ді қолдануға бейімделу.
Үшіншіден, түбінде республиканың фольклористикалық картасын (атлас) жасау мақсатымен комплексті экспедициялық жұмыстардың сапасын арттырып, тұрақты түрде жүзеге асырып отыру.
Аталған алғышарттарды дер кезінде, лайықты дәрежеде жолға қою арқылы фольклористика өз алдындағы міндеттерін дұрыс шеше алуы тиіс, әсіресе, қазақ фольклорының поэтикасы мен тарихы тереңдей зерттелуі қажет.
Соңғы жылдарда фольклористика назарынан халық әдебиетінің қазіргі формалары қалыс қалғаны аян. Бұл мәселе қарастырылған да негізінен халық ақындарының поэзиясына көңіл бөлінеді. Тегінде мұндай ұғым қапи болғанымен, халық шығармашылығының ауқымы кең. Біздің дәуірімізде ол жаңа түрлер қабылдады, көп өзгерістерге ұшырады, тың сипаттарға көшті.
Бұлардың бәрі қортылып, тексерілуі тиіс. Қазіргі таңда фольклор жоқ деген түсінік қате. Ол бүгінде өмір сүруде. Тек таба білу, зерттей білуге зәруміз.
Қазақ әдебиетінің тарихы – біздің филологиядағы барынша селкеуі көп сала. Талай жылдар қазақ әдебиетінің тарихы ұзақ дәуірлерді қамтиды, ол көне түркі әдебиетімен тамырлас, дербес қазақ әдебиеті бұрын шегелеп тастағандай, ХҮІІІ ғасырдан емес, ХҮ ғасырдан басталады деген тәрізді концепцияны дәлелдеуге кетті. Бұл концепцияны ұстанған күннің өзінде қазақ ғалымдары ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар мен одан кейінгі замандағы әдеби дәуірлер мен кезеңдерді дәл анықтап, түбірлеп зерттей қойған жоқ. Туған әдебиетіміздің толыққанды тарихын жасау үшін бұданда ерте кезеңдерді, атап айтқанда, ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы жалпы түрік халықтарына ортақ жәдігерлер мен ІХ-Х ғасырлардағы түрік тіліндегі мұраларды да дәйекті түрде тексеру шарт.
Бізде көне дәуір мен орта ғасыр әдебиетін зерттейтін кәнігі мамандардың аздығы немесе мүлде жоқтығы қынжылтады. Қазақ әдебиетінің көне түркі және ортағасырлық әдебиеттермен тамылрас күйлерін анықтау үшін ол тарихи-мәдени ескерткіштердің өзін жан-жақты қарастыру қажет. Демек, тюрколог әдебиетшілерімізге сонау Орхон-Енисей өлкесін аралап, сол таңбалы тастар сырын көзбен көріп, дәлді зерттеу керек-ақ, әйгілі кітап қорлары мен архивтерге барып, біздің әдебиетімізде дәстүр сілемдерін қалдырған орта ғасыр әдебиеті мирастарын қолмен ұстап, нақты көшірмелерін түсіруге зәуірлік мол. Осындай игілікті шаралардан кейін ғана көркем шығармаларды этнос пен регионның мәдени-әлеуметтік тарихи тұрғысынан зерттеу ұтымды. Айтылмыш орайда жоғарыдан дәуірлерді кезең-кезеңімен, поэтикалық стиль және бағыттары бойынша қарастыруға мүмкіндік бар. Бұл принцип қолданылғанда орта ғасырдағы тұтас мәдениеттің екі жиегі саналатын діни және ақсүйектік әдебиеттерге қатысты қасаң көз қарастарды жеңе білуге болар еді.
ХІ-ХІІІ ғасырлардағы әдебиет те тиісті дәрежеде зерттелген емес. Ғалымдар ақын-жыраулар шығармаларының идеялық-көркемдік қасиеттерін ғана талдаумен шектелді. Көрнекті туындыларды іздестіру, табу, бағдарында жұмыстар аз жүргізіледі. Ғалымдарымыз ақын-жыраулардың қазақ әдебиетін қалыптастырудағы, жалпы әдебиет тарихындағы орны мен рөлін дәлелді қарастыруға кіріскен жоқ, олардың дара стильдік бедерлері мен өнерпаздығына ортақ типологиялық заңдылықтары анықталған емес.
Қазақ әдебиеті тарихындағы мейілінше күрделі һәм қызу айтыс-дау тудырған айырықша дәуір ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы екені белгілі. Шешімі күрделі көптеген проблемалар осы тұста мол күш жұмсауды талап етеді. “Зар заман” ақындары аталатындар мен шығыс сарынындағы кітаби тайырлар мұрасы тұсаулы күйінде жарыққа шықпай жатты немесе біржақты қараланып, іске алғысыз етіп тасталды. Қазақ халқының көркемдік, қала берді қоғамдық ой-парасатының өсуіне олар қосқан үлес зор. Өз дәуірінің саяси-әлеуметтік қайшылықтарын аша білген Шортанбай, Дулат, Мұрат, Шәңгерей сияқты ақындар ең бастысы замана шындығын биік көркемдік дәрежеде жырлаған. Бұлар тәрізді талай өнер тарландары болған, бірақ солардың көбі көмескі қалпында жатыр.
Көне шығыстың нәзира дәстүрін жалғастырып, махаббат пен мейірімді дәріптеген кітаби ақындар хақында да осыны айтар едік. Олардың өлең өнеріндегі шеберлік дәстүрлеріне назар сала қойған ешкім жоқ. Осының бәрі түптеп келгенде, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті арнайы жоспарлы түрде ұзақ жылдар бойы зерттеу арқылы “ақтаңдақтардан” арылған көп бөлімді; тұтас, ұжымдық еңбектер жазу қажеттігін айқындай түседі.
Әдебиетіміздегі дау-дамайы мол кезеңдердің бірі – ХХ ғасырдың басы аталмыш дәуір де әлі тұтас бірлікте алынып қарастырылған жоқ. Мұнда да әдебиет пен өнердің қоғам өміріндегі орнын доғал ұғынушылық тарихи, әлеуметтік құбылыстардың көлеңкесін көркем шығармашылыққа екшеусіз көшіре салушылық белең алған. Соның нәтижесінде бұл кезеңдегі әдебиеттен тек ағартушы-демократтық әдебиет қана кең танымал болғаны аян. Жекелеген жазушылар, бүкіл әдебиетті тексергенде көркемдік, эстетикалық даму заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілмеген еді.
ХІХ және ХХ ғасыр әдебиетін сөз еткенде біраз нәтиже берген зерттеу бағыттарында да селкеу тұстар ұшырасатынын байқайсыз. Бұл жерде Махамбет, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт сияқты алып тұлғаларды еске аламыз. Мәселен, Махамбет туралы марқұм академик Қ.Жұмалиевтен кейін ешкім толымды пікір қозғаған жоқ. Соңғы жылдары аталған өнер қайраткерлерінің еңбектеріне қатысты проблемалар түгел тексерілді дегенге саятын жаңсақ ой өрісі алған. Шынында солай ма? Ыбырай да, Абай да, Сұлтанмахмұт пен Біржан Ақылбай мен Бернияз да, олардан басқа ақын-жазушылар да, назардан тыс қалмаса керек. Әсіресе, қазір, жаңару кезеңінде бар игіліктерімізге қайта қарап, тың көзбен ескіре бастаған баға-байламдарға дем беру, тыныс қосу қажет. Абай мектебі, Абай ақындығының айналасы туралы айтар сөз аз емес.
Күні кешеге дейін төңкеріс қарсаңындағы қазақ әдебиетіндегі тұтас қабаттар қозғаусыз жатыр еді. Ұлттық көркем ойдың шығанға шығуына зор үлес қосқан Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов мұрасы ел ырысына айналған шақта осы алып бәйтеректердің әдебиет тарихындағы орны мен рөлін нақты айқындап, әдеби, ғылыми, публицистикалық еңбектерін жариялау, жоғын тауып, барын толықтыру, тиянақты түрде зерттеу ісін қолға лау көптеп-көмектеп атқарар аса жауапты міндет. Алғашқы шолу мақалалар, портреттер, кітаптар жарияланып та жатыр. Алайда мұндай рухани игілікке бір күндік тұрғыдан уақытша жеңіл қарамай лазым.
Кеңес дәуірі әдебиетін зерттейтін мамандар алдында да өте күрделі, зор мақсаттар тұр. Еліміздің әдеби-көркемдік өміріндегі жаңа жағдай, бұрын белгісіз һәм қолға берілмейтін материалдардың жария болуы, жеке басқа табыну мен тоқырау жылдарындағы қатыгез құбылыстардың айқын таңбалануы кеңес әдебиеті тарихына соны көзбен қарап, архивтік жұмыстарды тереңдету, көптеген қалыптасып қалған принциптер мен баға, пайымдауларға өзгеріс енгізу, көркем туындылар мен әдеби құбылыстарды бүгінгі күн талабына сәйкес талдау міндеттерін алға тартпақ.
Осыған байланысты жиырмасыншы жылдардағы әдеби-мәдени өмірімізге хас келелі мәселелердің жотасы айқындала түспек. Жасыратыны жоқ, бұл дәуірдегі әдеби, процеске табан тіреп тоқталудан, көркем әдебиеттегі саяси-идеялық күрес сырын барлаудан-қашқақтап жүрдік, мәдени, әдеби өміріміздегі көптеген түйткіл мәселелердің беті ашылмай отыр. Сол кездегі әдеби процеске әр салада, әр дәрежеде шама-шарқынша ат салысқан бірқауым ақын, жазушы, сыншылар мұрасы әлі талқыға салынып көрген жоқ. Басқаны былай қойғанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармалары толық мәнінде өзіне лайық бағасын алып болмағаны анық. Олардың шығармалары академиялық басылым ретінде жарық көрмегенін, мұралары 60-70 жылдары жазылған С.Қирабаев, М.Дүйсенов, Т.Нұртазин, Б.Наурызбаев кітаптарынан кейін тереңдеп қарастырылмағанын айту жөн.
Қазақ әдебиеттануы мен әдебиет сыны тарихы ерекше әңгімеге арқау болуға тиіс. Бұл сала үшін ең қиын кезеңдер – 20-30 және 40-50 жылдар. Бұл дәуірлерді әділ сараптау үшін қазірден бастап барша әдеби мерзімдік баспасөзді тексере қарап шығу қажет. Сол замандағы ахуалға бойлай еніп, асығыс, дабырасыз жүргізілмек зерттеулер барысында есімі жазықсыз ұмыт болған ғалымдар мен сыншылардың еңбегін халық қазынасына қосу шарт.
30-40-50 жылдары Қазақстанда қуғындау мен тұтқындау, шұрай топтың алдында қорлау іспетті сансыз зорлық-зұлымдық әрекеттері орын алғаны мәлім. “Қазақстан тарихын маркстік тұрғыдан көрсету” сияқты мақалалардың шығуы ғалымдардың қыр соңына түскен тежеусіз сүргіннен хабар бермек. Дәл осындай мақалалардың неге әкеліп соққаны бәрімізге аян. Ендігі жерде демагогтік позициядан арылып, тарихи оқиғаларды да халыққа қарсы, кертартпа деп негізсіз айыпталған әдеби туындылары да қайталай қарастыру шарт.
Қазақ әдебиетінің жаңаша сараптауды қажет ететін проблемалары жеткілікті. Тек кейбір маңызды мәселелерге тоқталайық. Ол – барлық классик атаулының академиялық шығармалар жинағын бастыру, арнайы еңбектер жазып, олардың шеберлік өнегесін тыңғылықты зерттеу. Ол - әдебиеттің әр кезеңдері мен әр алуан құбылыстарын жаңаша танытып, жаңаша пайымдау, әр жылдар туындыларын жаңаша талдау мен жаңаша бағалау.
Қазіргі кезеңде әдебиет теориясының мәні арта түсті. Бұл тараптағы зерттеулердің тапшылығы – қынжыларлық факт. Оған көп себептердің бірі – қазақ филология ғылымының тығырыққа тіреліп, бұрын жеткен биіктерін аласартып алуы, жаңа деңгейге көтеріле білмеуі.
Біздіңше, ең алдымен, терминдер мен терминологиялық сөздіктер жасау қажет. Асылы, 1926 жылы жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышынан” кейін әдебиеттану мен эстетика бойынша термин шығарып, орнықтыру ісін қолға алатын еңбектер болмағаны баршамызға аян. Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, З.Қабдоловтың белгілі кітаптары – негізінен, оқулық сипатындағы дүниелер. Әрине, бұларда терминология мәселесі қозғаусыз қалмағанмен жаңа ұлттық баламалар табу, ұғым қалыптастыру ниеті жетекші мүддеге айналмаған. Осы уақытқа дейін “Әдебиет теориясы” атты академиялық еңбек жазылмапты. Мұндай екі томдық басылымдар Грузия, Армения, Прибалтика республикаларына қоса, Өзбекстанда да бар. Бұл сипаттағы іргелі зерттеу жалпы әдебиет туралы ғылымның дамуына үлкен ықпал тигізер еді.
Мүлде қозғаусыз жатқан маңызды проблемалардың бірі – қазақ әдебиетінің көркемдік әдісі. Романтизм, реализм мәселелерін, олардың түрлері, ерешеліктерін тарихи тұрғыдан қарастыру әлі күнге дейін беймәлім біраз құбылыстар сырын ашар еді. Көркемдік методология, оның ішінде реализм проблемаларына көңіл аудару қазіргі кезеңде, әсіресе, қазіргі реализмге қатысты басқаша көзқарастар қанат жайған шақта аса қажет. Көп жағдайда жанрлық, стильдік формаларды көркемдік методология анықтайды. Біздің ғалымдар бұл тақырыптарға да бара қойған жоқ.
Жанрлық, стильдік жәйт поэтикалық формалар мен амалдардың сан алуан көріністеріне біз жекелеген шығармаларды талдағанда, әсіресе, революцияға дейінгі әдебиетке байланысты сәттерде жете назар аудармаймыз. Революцияға дейінгі ақын, жазушылардың демократ не кертартпа, яғни халықшыл не халыққа қарсы боп екі жікке үзілді-кесілді бөлініп келуі осының салдары.
Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстарын зерттеу ісіне де жаңа талап, көзқарастармен келу ұтымды. Түрлі дерек, фактілерді тауып, тиісті сипаттамалар беруден қазіргі әдеби байланыстар тарихын терең теориялық біліктілікпен пайымдау, қазақ әдебиеттерімен арақатынасын жүйелі түрде ашып көрсету кезеңі келген тәрізді. Түйіп айтқанда, бар материалдарды жинақтап, “Қазақ әдебиеті интернационалдық байланыстарының тарихын” жасау керек.
Өнертанушылардың алдында да ауыр жүк тұр. Соңғы 15-20 жыл ауқымында айта қаларлықтай іргелі еңбектердің жазылмауы расымен толғантуы тиіс.
Біз музыкалық фольклорымыз аса бай деген пікірлерге әбден бой алдырғанбыз. Бірақ біз ол нұсқаларды кітап түрінде көрмейміз. Радиодан естімейміз, концерт залдары мен эстрадада орындалғанына куәгер емеспіз. Құлағымыз шалып жүрген шектеулі ғана әуен, сарындар қазақта 300-400-ден аспайтындай-ақ шамадағы халық әндері мен күйлерінен елес береді. А.Затаевичтің “1000 әні”, “500 әні мен күйі” қайда? Б.Ерзакович, Т.Бекхожина, З.Жанұзақова, Т.Мерғалиев сияқты т.б. фольклористер қағазға түсірген ноталар қайда? Радио, телевизия, консерватория мен халық өнері үйіндегі жазба таспаларын атамай-ақ қояйық. Жиналған дүние көп те, жарияланған мұра шамалы. Әрине, оларды бастырып шығару да, тыңғылықты зерттеу де – зор міндет.
Қазіргі әдебиеттану мен әдебиет сыны, өнертану ғылымдары үшін негізгі мақсат-тәуелсіздік талаптарына сәйкес жариялылық, ашық ғылыми айтыстар үстінде терең ақиқаттарға жету.
Қазақ сыншылары мен әдебиетшілері көркемдік талдау мен социологиялық, философиялық, эстетикалық саралау үлгілерін ұштастыруға, реализм әдісінің қазіргі кезеңдегі әдістемелік мәселелерін қарастыруға, жанрлық-стильдік ізденістерді анықтауға, көрнекті қаламгерлердің туындыларын тануға күш салып, осы салаларда белгілі табыстарға жеткенін көрмеу, айтпау, елемеу, сөз жоқ, әділетсіздік болар еді.
Сын, әдебиеттану еңбектерінің саны, жанрлық ерекшеліктері, авторлар құрамы, көтерген, шешкен мәселелері – қазіргі әдеби қозғалыс туралы бірқыдыру тұжырымды ойлар қорытуға мүмкіндік береді. Сондықтан сын, әдебиеттану туындыларын түгел қамти алмасақ та, қазіргі ізденістерді көрсететін фактілер негізінде жасалған пікірлерімізді ортаға салдық.
Сынға жағдай жасау, сынды бағалау тұсында сараңдық көрсеткенмен, кереғар қарағанмен, сын еңбектерін жариялауға келгенде ақын-жазушы құштарлығы ұшан-теңіз. Ғұмыр бойы проза тізгінін ұстап келген Ғабиден Мұстафин “Ой әуендері” сын кітабы үшін Абай сыйлығын алса, Ғабит Мүсіреповтің “Суреткер парызы” бірнеше рет қайта басылды. Айтпақшы, ақын Жұбан Молдағалиевтің үш томдық таңдамалы жинағының соңғы кітабының тең жартысы сын мақалалардан құралған. Драматург Қалтай Мұхамеджановтың екі томдық таңдамалысының бір томы түгелге жуық әдеби-сын мақала, шолу, портрет, рецензиядан тұрады. Прозаик, драматург Тахауи Ахтановтың екі том таңдамалысының бір томы да осындай күйде. Т.Ахтанов әуелі “Керуен” деп, одан кейін “Әдебиет туралы ойлар” деп, енді “Көкейкесті” деп, сын еңбектерін үш қайтара бастырып үлгірді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Толғауы”, “Жүрегі толы жыр еді” болып екінші рет жарияланды. Төрт томдығында және басылды. Жазушы Зейнолла Қабдолов “Сөз өнері” (“Әдебиет теориясының негіздері”) оқулығын 12 жылдың ішінде 4 рет қайталап бастырды. Таңдамалы шығармалар жинағына енгізді.
Әділіне келгенде, бүгінгі таңда профессионал, маманданған сыншылардан гөрі, прозаик, драматург, ақындардың сын еңбегін жариялауы жиілеп отырғандығын көру қиынға түспейді.
Сонда, қазір неше түрлі ауыздан, неше түрлі күйде айтылатын “бүгін сын жоқ, сында талғам жоқ, сыншыда әділет жоқ” деген ғайбат сөздер саусақпен санап алардай, ат төбеліндей ғана сынмен тұрақты айналысып жүрген авторларды ғана емес, сын кітаптарын түйдек-түйдегімен шығарып жатқан, аузын айға білеген, мүйізі қарағайдай, бір-бір жанрдың серкесі саналатын қаламгерлерге де тимей ме екен? Жоқ, әлде сын еңбекті шығаруға келгенде, ақынымыз бар, романисіміз бар, драматургіміз бар, тізгін тартпай жапа-тармағай кірісіп, сын жауапкершілігіне келгенде ғана жер-көктегі жаманатты, пәле-жаланы сыншы сапында жүрген ағайындарға тастай қашатын әдетті қоятын күн туар ма екен, жоқ па екен?
Қазіргі таңда әдебиеттанудың кешенді жүйесі сөз өнерін талдап, саралап, бағалап ұғынудың сан алуан жолдарын ұсынады.
Санғасырлық тарихы бар көркем әдебиетті зерттеудің ғұмырнамалық, мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы, социологиялық, психологиялық, герменевтикалық, пішіндік, түзілімдік (структуралық) әдістерінің өз орайларында беретін мүмкіндіктердің орасан зор екендігін әр уақытта, әр топырақта, әртүрлі материалдарды талдап жинақтаған дарынды оқымыстылардың қол жеткізген нәтижелері мен іргелі еңбектері көрсетіп берген болатын. Зерттеуші дүниетанымы, дарыны, тәжірибесінен күш-қуат алатын ізденіс дәуірдің әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық-көркемдік дәстүрлерінің арнасында туған жеке шығарманы, құбылыстарды бағалау үшін қолайлы деген талдау әдісімен жұмыс істемек, шындығына келгенде, бірде-бір әдіс басқа тәсіл-амалдарды жоққа шығарып тастай алмайды.
Әдебиет теориясының, поэтикасының дамуына нақты ғылымдардың саралау тәсілдері мен әдістік амалдары, математика, кибернетикада ашылған жаңалықтардың да ықпалы бар.
ХХ ғасыр басындағы әдебиеттанудағы пішіндік амалды қолданған ғалымдар еңбектеріндегі идеялар дами келіп, бұрынғы әдебиеттанудағы дәстүрлі ұғым, түсінік, терминдерді жаңа, ерекше мәндегі мәтін (текст), байланыс (коммуникация), жүйе (система), түзілім (структура), әдіс (метод), мән (символ), диалогизм, ішкі пішін, қиысу (рецепция), көркемдік әлем, әдебиет жүйесі сияқты ұғымдармен байытты. Бұл арнадағы ізденістер ғылыми ойлау мен көркемдік ойлаудың диалектикасы, әлеуметтік-тарихи ортаның мәні, шығарма деңгейі, түзілім, белгілік-семиотикалық мағына-мән, интермәтіндік, бөлшектер даралығы мен тұтастығы, салаластығы мен сабақтастығы, нұсқа, әдеби уақыт (хронотоп), қабылдау психологиясы, эстетикалық әсердің көп мағыналығы сияқты төңіректе жаңа пайымдаулармен байытты. Кезінде ерекше бағаланып, мақталған туындылардың кейін мүлде ұмытылып, ал ауызға да алынбаған шығармалардың аяқ астынан бақтары жанып шыға келген кездері аз емес. Кешенді-жүйелі зерттеу әдісі арқылы осы жұмбақтың сыры ашыла бастады. Сөз өнеріндегі сабақтастық, өзара байланыс, қарым-қатынасты мынадай үлгіде көрсетуге болады:
Дәстүр
Жазушы Шығарма Оқырман
Болмыс
Жеке бөлшектері әрі дара, әрі басқа түзілімдермен өзара байланыста тұратын осы жүйе, осы шеңбер заңдылықтарын зерттеу, анықтау, ұғу арқылы көркем әдебиет дейтін ғажайып құбылыстың әлі ашылып болмаған соны қасиеттерін түсіну аясы кеңи түспек.
Достарыңызбен бөлісу: |