Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет17/25
Дата23.10.2016
өлшемі5,7 Mb.
#29
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   25

ІІ
Көп жылдар бойы жазушы Сапарғали Бегалин Бейбітшілік пен Жамбыл көшелерінің қиылысқан бұрышындағы үйде, шағын үш бөлмелі пәтерде тұрды. Жатар бөлме бөлек, ал кабинетке зал арқылы өтеді. Шағын кабинетте (шамасы он төрт шаршы метрдей болса керек) көз сүріндірер орасан мол кітап көрінбейді: арнап жасатылған шкафтардың асты түгел жабық және кілттеулі.

Бір жолы шкафтан Шоқанның 1904 жылы шыққан ең алғашқы бір томдығын алып, әр жерін ашып, қарап отырғанымды көрген Сапекең:

- Орыс айналайын достыққа тамаша, адал ел ғой. Қарашы, міне, қандай ілтипат, махаббат, құрметпен шығарған мына кітапты. Шоқанның өз еңбектері бір төбе, ал енді замынында жазылып қалған естеліктерге қазір баға жетер ме? Қандай ірі, кесек жандар. Сахара перзентін бағалаудағы әділдіктерін айтсаңшы, - деп барып, кітапты өзі қолына алып, көп толғанған. Сәлима шешейдің:

- Шәй ішіңдер, - деген сөзі естілгенде, кілтпен астыңғы шкафтың бірін ашып, Шоқан кітабын соның ішіне қойды. Бағана тұрған жеріне басқа бір кітапты сұға салды.

Сапекең бәйбішесі Сәлима шешейді ерекше сыйлап құрметтеп күтетін еді. Ұлдары Хамит, Мәжит, Қасымдар жеке-жеке үй болып, әрқайсысы бөлек тұратын. Әр түрлі шаруаларына көмектесуге ұлдары, келіндері, немерелері келіп-кетіп жүргенмен, негізінен, бұл үйде Сапекең, Сәлима шешей екеуі оңаша.

Жиі келе жүріп, екі қарттың мінезіне қанық бола бастаған едім. Сапекең таңертең ерте тұрады. Дүкеннен әкелетін тамағы: сүт, айран, қаймақ, кілегей, ірімшік, ақтоқаш. Тоңазытқыш залда тұрады, оның ішінен жылқының еті, жас қазы үзілмейді. Дастарқанға ақ тоқаш, сары май, сүт, қаймақ, ақ ірімшік, жұқа кесілген жылқының еті, қазы, уылдырық, бал әкеп қоятын Сапекең. Бұл үйдің шайы электр тогына қайнатылады. Бір кезде Сәлима шешей:



  • Боды, - дейді.

Үлкен дөңгелек столдың төрінде қаршығадай қаздиып Сапекең отырады. Тіп-тік, тап-таза. Үй-ішінің өзінде Сапекең тап-тұйнақтай болатын еді, аяғына шарқай сүйретпейтін: жұқа жеңіл туфли киіп жүреді. Үстіндегісі де олпы-солпы бірдеңе емес, салқын кезде қалыңдау матадан тігілген пиджак, көбінесе жеңіл костюм-шалбар киіп отыратын.

Телефон шылдыр ете түскенде, әдетте, трубканы бірінші көтеріп Сапекең ұзақтау сөйлесіп қалса, Сәлима шешей қабағын шытып:

- Бұл кім өзі, таңертеңгі шайды дұрыс ішкізбеді ғой, - деп, реніш білдіретін. – Е, әлгі пері Қалыбек емес пе? – дейтін Сапекең түсін де, дауысын да өзгертпей, бірқалыпты жауап беріп.

- Шайды асықпай ішу керек, - деп Сәлима шешей аса зор міндет атқарып отырғандай, байсалды, айбарлы қалыпта ұзақ уақыт самауыр қасынан кетпейді.

Кітапханалардың өздерінен табылмайтын кейбір сирек дүниелерді Сапекеңнен алып оқыдық дегенді әркім айтар еді.

- “Ілиястың көп томдығын басу үшін үкімет арнайы қаулы шығарып, қуаныш қойынға сыймай кетті ғой. Шығармаларын жедел қолға алып, қарай бастағанда, “Құлагер” таптырмай масқара болдық емес пе? Ілиястың көзі тірісінде ол поэма кітап боп шығып үлгермеген, газетте ғана жарияланған. Алматы, Мәскеу кітапханаларын түгел іздегенде де, қолға ештеңе ілікпей қойды. Барлық жерден әлдекімдер қырқып әкеткен. Поэма қолжазбасы және жоқ. Не істерімізді білмей дағдарайық. Енді табылмайтын-ақ шығар деп, күдерімізді әбден үзген кезде, мың жасағыр Сапекең, Сапарғали Бегалин жоқты бар қылды. Жиырма жылдан астам “Құлагер” басылған газеттің номерлерін әкесі Ысқақтың жастығының ішіне тігіп сақтаған азаматтық ерлігін, ұлы талантқа деген өшпес сенімін айтсаңшы”, - деп тебіренген Фатима Ғабитованың (Ілияс Жансүгіровтың әйелі) әңгімесін талай адамдар естіген. Сол газет қиындылары қазір Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров музейінің ең қымбат дүниелерінің қатарында тұр.

Менің қипақтап, бір нәрсені айта алмай отырғанымды сезген Сапекең күлімсіреп:


  • Мерзімің қанша? – деді.

Бұл сөзде астар бар. Жетімсіздеу кезімізде еркелете сыйлайтын жазушы ағаларымыздың бірінен қарыз алуға тура келді. Сонда оның айтқаны:

- Қазір бар. Сұрағаныңды берем. Кейде менде де болмай қалады. Сондайда қысылмас үшін үнемі тоқтамай ағып жатқан бір бұлақты көрсетейін мен саған. Кім екенін білемісің? Сапекең. О кісі кім көрінгенге қарыз бермейді. Ал бере қалса, мезгілінде қайтарғанды ұнатады. Уәдеңде тұрмасаң, келесі жолы жалына қол тигізбейді.

Сол ақылды кісінің үйретуімен қысылған кезде Сапекеңе баратынның бірі мен едім.

Сасқалақтап отырып:



  • Екі-үш күнге, - деппін. Сөзімді естіп отырған Сәлима шешей:

  • Қысылмай ала бер. Қайтарарсың. Бер, Сапеке, қанша сұраса да бер. Уақытын да қыспа, - деді. Осылай дегенде ғана сөзді жаңсақ айтқанымды ұқтым.

  • Қарыз емес, кітап сұрай келдім.

Сапекең тіксініп қалды:

  • Қандай кітап? Дүкенде, кітапханада толып тұр емес пе?

Енді төтесінен кетейін:

  • “Қилы заманды” беріңізші, аға.

  • Қайдағы “Қилы заман?”.

  • Мұхтар Әуезовтің “Қилы заманы”.

  • Менде ондай кітап бар деп кім айтты саған?

  • Сізде бар деді ғой.

  • Кім айтты? Ғабит па? Ғабиден бе? Сәбит пе?

  • Ол кісілер менімен сөйлесе ме?

  • Пері Қалыбек пе? Сәйділ ме? Сейітжан ба? Әлжаппар ма? Әбу ме?

  • Жоқ, бұлар айтқан жоқ.

  • Енді кім айтты? – Сапекеңнің танауы қусырылып өңі қуқыл тартып тұр екен.

Әлі шайды баппен асықпай ішіп отырған Сәлима шешей ақсақалына бұрыла қарап:

- Сапеке-ау, баланы сонша тергеудің астына алғаның не? Бұдан емес, менен сұрасаңшы, - деді күлімсірей сөйлеп. – Балаға оны айтып жүрген – мен. Өткен жолы келгенінде сөзден-сөз шығып отырып, “шіркін-ай, жайлауға шығып кетер ме еді қазір. Қаланың у-шуынан жалықтым. Мұхтар суреттеген Қарқара жайлауына барар ма еді” дедім. Бұл сұрады: “Апа, қай шығармасында суреттеуші еді?” – деп. Мен айтайын: “Қилы заманда” суреттейді, қарағым. Қазір көзім нашар көретін болған соң бірдеңе оқып берші деп Сапекеңе жалынам. Бүгінгі әлекей-шүлекей емес, бала кезіміздегі ескі ауыл суретін сағынам. Содан, Сапекең “Қилы замандағы” жайлау суретін оқысын. Екеуіміздің көзімізге жас келсін”.

Сапекең енді ғана сабасына түсіп, көңілі жайланғандай болды.


  • Бұрынғылардың сөзі рас: “Астыңдағы атыңа...” – деп күлді.

Сәлима шешей шайды әлі ішіп отыр.

- Сен, сенбе, өзің біл. “Қилы заманның” осы үйде бар екенін айтқан – мен.

Аз үнсіздіктен кейін барып, өңі жыли бастаған Сапекең.

- Ал, ол кітап менде бар дейік. Сонда оны сен не қылмақсың? Арабша ғой. Оқи алмайсыңдар сендер, - деп орнынан тұра бастады.

- Көрсетіңізші. Тексеріп көріңіз, оқи ма екем, оқымас па екем, - деп мен де бұлтаққа салдым.

Кеселерді шая бастаған Сәлима шешей:

- Көрсет. Несі кетеді кітаптың? Баланың мәселдесін қайтарма, - деп қалды. Сол сөз қамшы болды ма, өзі де бергісі келді ме, кім білсін, әйтеуір Сапекең босағаға таяу тұрған қызыл қоңыр шкафты кілтпен ашып, ақ қағазбен тысталған, ұзынша форматты кітапты шығарып, қолыма беріп:

- Ал, кәне, университет бітірген мырза, сіздің сауатыңыз қай дәрежеде екен, көрейік, хат танисың ба, танымайсың ба? – деп кекесінмен күліп, өзі креслоға отырды. Мұхтар Әуезовтің қырық жыл бұрын жарияланған ең аты шулы шығармасы қолымда. Баспадан күні кеше шыққандай судырап тұр, қылау түскен жері жоқ, сызылған, жыртылған, сарғайған беттері де көрінбейді. Сәлима шешей де кабинетке келіп, екінші креслоға жайғасты. Сапекең екеуі бір-біріне қарап, ыммен белгі беріп, жымиысып қояды. Сірә, мен оқи алмай, соған ұялып тұр деп ойласа керек. Оқи бастадым:

- “Қилы заман”. Тарихи повесть. Қызылорда. “Қазақстан” баспасы. 1928 жыл”.

- Біледі екен-ау, - деді Сапекең таңырқағандай әуенмен, бейнебір шумер жазбасын яки қытай иероглифін ажыратқан адамды көргендей.



  • Әкесі үйреткен болды, - деді Сәлима шешей өзі болжам жасап.

Қостаған сөздер жел беріп, еркінси бастадым:

- Екі күнге берсеңіз болады. Екі-ақ күнде оқып, әкеп берем, уәдеме сеніңіз, - дегенімде, Сапекең қолымдағы кітапты қайтарып алып:

- Бұдан басқа да кітап көп қой дүниеде, соларды оқып тауыссаңдар жетпей ме? Керексіз қатарында қалып қойған шығармада не шаруаң бар? – деді.

- Олай емес, аға. Осы кітапты оқу мен үшін өте қажет. Әуезов еңбектері жайлы жазып жүрген зерттеуімде бұл шығармаға тоқталып, пікір айтпасам болмайды, аға. Шыңғыстауға барып, Жидебайды көрмей кетсе не болар еді, айтыңызшы?

Сапекең мен Сәлима шешей екеуі бірдей мырс етіп күліп жіберді.

- Көп білгіштің пікірін ала салмайсың ба? “Қателікті, кемшілікті шығарма” деп жүр ғой. Соған қосылдым деп, сілейтіп тұрып сілтеме бер. Болды. Әйтпесе Мұхтардың басқа шығармасы да кандидат болу үшін сөз қозғауға жетіп жатыр, қайтесің, “Қилы заманды” қозғама, - деп Сапекең тағы теріс айналды.

- Өйтуге болмайды аға. Оқуым керек. Тым болмаса бір күнге беріңізші, - дедім жалынғандай болып.

Дауысымдағы қобалжуды сезген Сәлима шешей сөзге араласты:

- Қой, Сапеке, қой енді, жетті. Оқысын, бер, - деп кітапты өзі алып, маған ұсынды. Сапекең бәйбішесінің қолын қаққан жоқ, бірақ шарт қоя сөйледі.

- Біріншіден, бұл кітапты менен алып оқығаныңды жан баласына айтпайсың? Көнесің бе осыған?



  • Көнем, - дедім.

  • Екіншіден, неше күн оқысаң да, осы кабинеттен шықпай отырып оқисың. Көнесің бе осыған?

  • Көнем, - дедім.


ІІІ
Кітапты оқып шығуым тез болғанмен, ол туралы мақала жазу оңайға түскен жоқ. Дүниетаным мен шығармашылық диалектикасы, өмірлік шындық пен көркем шындық бірлігі әдеби бейненің байлығы. Қазақстанның Ресейге отар болуының зардаптары – осы орайда көптеген зерттеу еңбектер оқып, іздену қажет болды. Мұхтар Әуезов музейінде сақталған кейбір биографиялық материалдар автордың белгілі хаты (1932 ж.) қандай жағдайда жазылғандығы туралы қосымша деректер берді. Сөйтіп 25 бет мақала жазуға бірнеше ай уақыт кетті. Мақаланы “Қазақ әдебиеті” газетіне алып бардық.
ІҮ
Ол тұста “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы жазушы Нығмет Ғабдуллин болатын. Бұл кісі мінезі салмақты, аузы берік, тез қозғалып, шапшаң қорытынды жасай қоймайтын, екі қарап, бір шоқитын, сегіз өлшеп, бір пішетін, алды-артын ойлап алып, кең толғап барып, шешім қабылдайтын адам, сол дағдысынан айныған жоқ:

- Қырық жылға созылған даулы мәселенің ұшығына сен екеуміз ғана жетпеспіз. Бірақ қазіргі уақыттың қабағы, бүгінгі мезгілдің мінезі “Қилы заман” жағында секілді. Мақалаңды бөлімдегілер тегіс оқыды. Жариялау керек дейді. Жауапты хатшы да, мен де оқыдым. Екеуіміздің пікіріміз бір жерде. Ескі пікір, байлам, баға дегеніңіз кей уақытта мұз секілді, еріту оңай емес. Редакция алқасына түгел оқытып алу үшін мақалаңды он шақты дана етіп бастырдық. Біз үшін, әсіресе, екі кісінің, қос академиктің – Ғабит Мүс”репов пен Ахмет Жұбановтың байламы өте қажет. Мен ол кісілерге телефон соғып келістім. Мақалаңды екеуі де оқып жатыр. Сені көргілері келеді. Сөйлесеміз дейді. Ғабең – сарабдал, күрделі адам. Бұрын сөйлесіп көрмесең, сабырлы бол, артық-ауыс бірдеңе айтып қойып жүрме, онда бүлдіресің. Мақаланың сарыны мақұлдайтын секілді. Ал Ақаң – сырттай қарағанда қарапайым, жуас көрінгенімен, өте терең, әдебиетті әдебиетшілерімізден артық білетін сұңғыла ғалым. Сыздықтатып отырып, салмақты сыр шертеді. Жеңілтектік жасап жүрме, байқа, - деді мені бейне – бір дипломатиялық сапарға жұмсап отырғандай, көп жөн-жосық айтып, бағдар сілтегендей болды.


Ү
Ахмет Жұбановты жүзбе-жүз көруге екінші рет кетіп бара жатырмын. Алғашқы кездесу, сірә, естен кетпес. Әлі пәтер тимеген, Алматының шет-шетінде кісі есігінде, баспана жалдап тұрып жатқан кезіміз еді. 1965 жылдың жаз айларында, бір білікті қызметкер демалысқа баратын болып, таудағы дачаларына бізді қарауыл қойып кетті. Сөйтсек, бұл екі есігі екі жаққа қараған бірі үш бөлмелі, екіншісі бір бөлмелі үлкен ағаш үй екен. Артынан білдім, кезінде жаз айларында Әліби Жанкелдин тұрыпты. Төңірегі сан алуан ағаш өсіп, әбден бітіп кеткен, көлеңкелі, саялы рақат жер. Алыстан сарқыраған тау өзенінің дауысы естіліп жатады.

Аяқ астынан жұмаққа кіріп кеткендей болдық. Ол тұс жастар арасында пластинка қойып, музыка тыңдау дағдысының ене бастаған кезі. Қолымыз босаса, ойнатқышқа жабысамыз: Бетховен, Россини, Чайковский. Күндіз-түні ғажап әуен төгіледі. Көрші үйден анда-санда шаңқ-шаңқ еткен пианино дауысы естілетін. “Шын музыка былай болады” деп ерегіскендей, дыбысты қатайта бастасақ, күй сандықта отырған кісі тына қалатын. Ол да тыңдайтын болу керек.

Бір күні Энрико Карузо дүниені күңірентіп, теңіз толқындарын сапырғандай дауысымен ән салып жатыр еді. Есік қағылды.

- Сәлеметсіздер ме? Рұқсат па екен? – деп ақырын, естілер-естілмес дауыстап, егде қазақ кіріп келе жатты.

- Қайран Карузо, - деді күрсініп, - осылай ән салып тұрып сахнада опат болған ғой. Шауып келе жатып өлген Құлагер секілді. – Тағы күрсінді. Үндемей отырып-отырып барып:

- Шырағым, мен Ахмет Жұбанов деген кісімін. Біле қоймассың, - деді сыбырға жақын үнмен.



  • О не дегеніңіз, аға. Сізді білмейтін қазақ бар ма?

  • Жөн, ендеше, шырағым. Онда сөзіме құлақ сал. Мен сізге бұйымтаймен келдім. Ғазиза деген менің композитор қызым бар. Сол осында бір дүниесін бітіріп қайтам ба деген үмітпен келіп еді. Сол шаруасын аяқтай алатын түрі жоқ. Сендер қойған музыканы тыңдайды да отырады екен, өз әуені айдалада қалады. Вкусың жақсы екен, шырағым. Бірақ пластинка дауысын өздерің естірдей етіп қана қойсаңдар дұрыс болар еді. Сөйтші, шырағым...

Сол оқиғадан кейін Ахмет Жұбановты жиналыстардың төрінен болмаса, бетпе-бет көріп, тілдесіп көрген емеспін. Қазақ ССР Ғылым академиясының бас корпусының үшінші қабатына орналасқан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер интситутының музыка бөліміндегі көп столдың бірінде, елеусіздеу ғана жерде академик Ахмет Жұбанов отырады екен.

- Шырағым, сен ана жылғы таудағы бала екенсің ғой. Ал, мына мақалаға қарап, тіс қаққан, егде кісі деп ойласам. Арғы беттен келдің бе, арабшаны қайдан үйреніп жүрсің? – деп қазбалай сұрай бастады.

- Е, Мұқаңның ауылынанмын де. Комсомолда барсың, нағыз советский бала болдың ғой. “Қилы заманда” қате жоқ дейсің ә? Көркем де көрнекті шығарманы неге түсінбей жүрсіңдер деп бізді жазғырып отырсың. Шырағым, пікірің дұрыс. Өткен күнді, өткен пікірлерді түрткілеудің қажеті бола қояр ма екен? Сол тұстарды ойланшы. Повесть туралы қазіргі жастың, адал, ақ пікірі керек бізге. Ал енді бұрынғылардың ана қатесі, мына қатесі, түсінбестігі деген сөздерді тым ұзақ созбалақтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын, шырағым. Мен пікірімді көбінесе жазбаша айтқанды қолайлы көрем. Міне, мына екі бет қағазда толық жаздым. Жолың болсын, шырағым. Шаңырағың аман ба, үй алдың ба? Әлде баяғыдай тауда қарауыл боп жүріп жатырмысың? Музыка, пластинка жағы қалай? Ғазиза мен Әзірбайжан сол сенің концертіңді әлі айтып қоймайды. Музыкалық вкусың жақсы екенін сол жазда білгем, ал әдеби талғамың да жаман емес екен. Әуезовтің әуенімен жүрсеңдер, қор болмайсыңдар, - деп Ахаң сөзін тамамдаған.
ҮІ
Телефондағы дауыс:

- Сені іздеген мен – Мүсірепов. Адресті білесің бе? Келсін деп едім ғой. Қазір күтем.

Үстіне спорт костюмін, көзіне қара көзілдірік киген Ғабең тың көрінді. Бір парақ қағаз, ұшталған қарындаштан басқа ештеңе жоқ, жалаңаш столдың қасына келіп, бетіме үңіле қарады:

- Солай де. Солай, - деді созып. Бұл “солайлардың” астарында не жатқанын ұққам жоқ.

- Жастар түгіл, қырықтағылардың өзі арабшаға суқараңғы, өзің оқып шықтың ба, әлде біреу көзілдірік болды ма? – деді. “Көзілдіріктің” астарында не жатқанын да ұққам жоқ.

Ғабең суық жымиды;

- Өзің меңіреу адам секілді мыңқиып, ішімдегіні тап деп, үндемейсің ғой. Өзің таратып оқи алатын қауқарың бар ма, жоқ әлде, ескіше тантитын біреуге оқытып, тыңдадың ба деп сұрап тұрмын.

Осы кезде ғана оянған болсам керек, жауап қолма-қол айтылды:

- Жарты қарыс кітапты маған кім оқып береді? Митыңмен жүріп, аяғына шықтым. Университетте Мәрзия Мәженова есімді Ленинградтан араб бөлімін бітіріп келген қарындасыңыз оқытқан.

Ғабеңнің түсі енді ғана жылыды:

- Е, е. Ол анау Махамбеттің патша өкіметіне баламды оқуға ал деп жазған хатын тауып, соны ажыратып оқып берген Мәженова болды ғой. Солай де. Солай.

Тағы алдымнан шыққан “солай де, солай” енді қайда бұрар екен деп ойладым.

Ғабең стол тартпасынан сырты қапталған кітап шығарды да, ыңыранғандай үнмен сабырлы сөз сабақтады:

- Бұл өзі жазылып біткен күннен бастап тағдыры ауыр болған шығарма. Бурабайдағы ауыл шаруашылық техникумының оқытушылығынан аяқ астынан көтеріліп, Қызылордадағы, сол кездегі Қазақстанның астанасына, үлкен қызметке, Қазақстан баспасына бас редактор болып дік ете түсейін. Мұхтардың жаңа шығармасы турасында көп әңгіме, дау-шар бар екен. Екі жақ дайдай. Бірі аспанға шығармақ, екіншісі жермен-жексен етпек. Оқи бастап едім, тартып әкетіп барады. Бұрын пьесаларын, әңгімелерін білуші едім. Журналдарда басылғаны (жиырмасыншы жылдары қазақша басылым қаулап кетті ғой) кітап боп шыққандары бар. Мұхтар қалай күрт өскен деп таң қалдым. Бар болғаны отыз-ақ жаста. Соншалықты ауыр да терең, күрделі де қиын тақырыпқа қаймықпай барып, орасан көркем туынды жасаған. Ресми қызметте отырған кісіге, әсіресе ол кезде қоңырауы бар адамның шығармасы туралы ағынан жарылып пікір айтуға болмайды, мақтау жағынан сақтық қажет. Әсіресе қызыл көз пәленің бірі байбалам салып, аттандап шыға келсе, біреуге жақсылық істемек түгіл, өз басыңды қорғай алмай қаласың. Содан анау “алғы сөзді” ойлап таптық, - деп барып Ғабең маған сұстана қарады. – Сен мақалаңда қадала сынап отырған сол “алғы сөз” болмаса, ол кезде “Қилы заманның” басылу-басылмауы екі талай. Дүние төңкеріліп түсіп, астан-кестен болып кеткен аласапыран уақыттың мінезі де шатақ, асау. Ал Мұхтар шығармасы шалға бармаймын деп жылаған қыз, байдан қорлық көрген кедей хикаясы, ауыл арасының үйреншікті итжығысы емес, Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасының күрделі кезеңін көрсетіп отырса, отаршылық тепкісіндегі елдің трагедиясын айтып отырса, ондай намысты туындыға қалай арта түспейсің? “Қилы заманның” басылуына бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткенімді қазірдің өзінде жас кезімде жасаған бір батылдығымдай көремін, - деп Ғабең тұнжырап, қабағы қоңыр тартып барып тоқтады.

- Осы уақытқа дейін осындай туындыны түсінбей... – дей бастағанымда сөзімді аяқтатпай, кесіп кетіп, қатқыл сөйледі:

- Пәлі деген. Түсінген. Сендерден артық түсінген. Бейімбетке байланысты менің бір айтқан сөзімді естіп пе едің? Естісең сол. Уақыттан, Мезгілден үлкен ешкім жоқ. Соңғы сөзді, әділ сөзді қашанда солар айтады. Және кейінгі ұрпақ аузымен айтпақ. Міне, сен “Қилы заманның” жоқшысы, жанашыры болып, ақтаушысы болып келіп тұрсың ғой. Түсінгендерің дұрыс, енді Мұхтар атымен қазақ еліне тек бәйге, тек жақсылық, тек абырой-атақ, махаббат-даңқ келеді деп білем. Солай, - деп Ғабең мақаламды қолыма ұстатып, енді хош бол дегендей сыңай танытқан.

Сөздің қапелімде аяқталғанына сасқандық па, әйтеуір аяқ астынан мінез шығарып:

- Қол қойып берсеңіз, жақсы болар еді, - деппін. – Ахмет Жұбанов пікір жазып, қол қойып берді.

Ғабең шұғыл бұрылып, бетіме ажырая қарап, қатқыл үнмен:

- Немене, саған “Ғабит Мүсірепов басылсын деп айтты” деген сөз жетпей ме? Әлде редакторың қағаздатып, мөр бастырып, заңдастырып әкел деп пе еді? Жүре бер. Нығметке айтам, қажет болса, - деп сөзді шарт үзді.


ҮІІ
“Қилы заман” қандай туынды?” деген мақала “Қазақ әдебиеті” газетінің 1967 жылғы 1 қыркүйек күнгі санында жарияланды. Бұл еңбектің септігі тиді ме, тимеді ме, кім білсін, әйтеуір, осыдан кейін “Қилы заманның” жолы бола бастады. “Новый мир”, “Жұлдыз” журналдарында жарияланды. Шыңғыс Айтматов бастап, көптеген адамдар жапа-тармағай хикаят жөнінде мақтаулы пікірлер жазды. Шығарма қазақша, орысша, шетел тілдерінде әлденеше рет басылды. “Қилы заман” қазақ прозасының ең биік асқарларының бірі екендігіне қазір жұрттың бәрі қол қойған.
Сегізінші эссе
Жазушы үйінде екен. Телефоннан егде адамның қарлығыңқы таныс даусы естілді.

- А, а, солай ма? “Жалын” альманағының тапсырмасы дейсің бе? Жолықпай жазу мүмкін емес дейсің бе? Үй-ішімнің жағдайы қиындап тұр. Бәйбіше қатты сырқат. Көп уақыт бөлуге шамам жоқ. Сен ертең сағат он бірде кел. Сұрақтарыңды дайындап жазып әкел. Қош. Келістік.

Уәделескен уақытта есікті Ғабит Мүсіреповтің өзі ашты. Бір қалада тұрсақ та, көрмегеніме жарты жылдан асып кетіп еді. Өңі жүдеу, қабағы салыңқы көрінді. Үстінде жеңіл ғана үй киімі. Бөтен адам жоқ екен.

- Шешін де, кабинетке бара бер, - деді. – Көз ауырады. Мен қазір басқа көз әйнек киіп келейін.

Залда сіресіп, жарқырап, адамның мысын басып тұрған жиһаз-дүние, асыл мүлік жоқ. Бір қабырғада И.И.Левитанның әйгілі “Владимир жолы” деген картинасы, екінші қабырғада маған белгісіз суретші салған қазақ әйелінің бейнесі, сірә, Ұлпанды келтіргені болу керек.

Залдан кабинетке шығады. Бұрын келгенімде кітаптан белдері қайысып тұрған сөрелер енді босап-босап қалған екен. Оның себебі түсінікті: көп кітап “Жаңа жолға” кеткен. Қабырғадағы А.К.Саврасовтың “Ұзақтар ұшып келді” дейтін картинасы кабинетке жылылық беріп тұрғандай көрінеді.

Жазу столының үстінде араб графикасымен жазылған қағаздар, ұшталған қарындаштар, өшіргіштер жатыр, - басқа еш нәрсе жоқ.

Жазушы столына келіп отыра бергенде, телефон шылдырады. Әуелі үнсіз тыңдады. Артынан жауап бере бастады:

- Архив қызметкерлерінің ол қамқорлығына рақмет. Бірақ қазір суретке түсетін жағдайым да жоқ, көңіл күйім де жоқ. Таяуда “Қазақ әдебиетінен” келіп түсіріп әкеткен, аса қажетсінсеңдер, солардан алыңдар. Сөйтіңдер.
(Ғабит Мүсірепов - әлеуметтік күреске, қоғамдық қызметке, көркем шығармашылыққа ХХ ғасырдың басында келген, революция қуатымен түлеген, мәдениеттің барлық саласында халқымызды мол олжаға кенелткен ғажайып талантты буынның өкілі. Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине, кемел суреткерлік, үлкен жазушылық – бақыт, ал көш басы – одан зор абырой. Ірге тас қалау миссиясы осыларға бұйырған. Ғ.Мүсірепов туындылары – қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, әсем әуезді шырқау ән. Ғабит арнасы – мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, әбден жаратып, жал-құйрығын сүзіп барып, бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді, оның шығармалары әдебиетімізге мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді, ұлттық және интернационалдық сипаттарды тұтастырады.)
Телефонмен сөйлесіп біткен жазушы жымиып күледі:

- Несіне мелшиіп отырсың? Келген шаруаңа кіріс. Телефонда ұят-аят деген болмайды. Тағы бөліп кетеді. “Жалын” альманағы оқушылары нені білгісі келеді?

- Неше жаста хат таныдыңыз? Кімдердің әсер-ықпалы болды? Өзіңізді кімдермен сарындас санайсыз?

Жазушы бірталай үндемей отырды. Сөзін ақырын бастады:

- Әрине, бұл қысқа қайырып, тез тоқтататын әңгіме емес. Күні бүгінгідей есімде, бәрі көз алдымда тұр. Алты жасымда ауыл молдасынан оқи бастадым. Аты – Уәйіс еді. Біздің ел орыс шаһарларымен ерте араласқан, тұрмыс-салтына, өмір тіршілігіне қала салты бұрынырақ кірген жұрт. Шай-қант, киім-кешек қана емес, кітап, қағаз дегендер келе бастады. Сән-салтанат, жайдақ мақтан үшін емес, кедей ауылдардың өзі бірігіп, арнайы ақы төлеп молда ұстайды. Бес-алтыға келген балалардың тілін сындырып, мұсылманша хат танытады. Шамасы жеткен әлді, ауқатты кісілер балаларын орыс мектептеріне береді.

Бір жылдан кейін Уәйіс кетіп, Балағұл деген молда келді. Кейін башқұрт Мұхаметқалидан оқыдым. Не білді дейсің ғой? Қазіргі тілмен айтқанда, арабша графика негіздері, араб-парсы, шағатай сөздерінің қазақша баламасын табуға машықтандық. Ең бастысы, хат танып алған соң, ерекше, ғажап, бай дүниеге кірдім де кеттім. “Қазақ әдебиетіне” жазған мақаламды оқыған шығарсың. Революциядан бұрын қазақ тілінде 500-ге тарта кітап басылып шыққаны белгілі ғой. Кешке жақын, әсіресе қыстың ұзақ түндерінде үлкендер бас қосқанда хат танитын балаларды ортаға алады. Дауыстап хисса-хикаят оқытады. Негізінен татар баспаларынан шыққан қазақ кітаптарында бөтен, қоспа сөздер көп болушы еді. Мен оларды қолма-қол іштей аударып, қазақшалап саулата жөнелем. И.Ильминский бастырған “Ер Тарғыннан” бастап, “Қобыланды”, “Қыз Жібек”, “Алпамыс”, “Шора”, “Едігелерді” талай рет дауыстап оқып жүрдім. Баланың таза, тұнық санасында олар тайға таңба басқандай болып, мәңгі ұмытылмастай жатталып қалды. Тыңда:


Астындағы Тайбурыл

Арандай аузын ашады.

Аяғын топ-топ басады,

Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.

Жаңбырдай тері сіркіреп,

Жауған күндей күркіреп,

Қар суындай тасады.

Құлан менен құлжаның

Ұзатпай алдын тосады.

Көл жағалай отырған –

Көк құтан мен қарабай

Көтеріліп ұшқанша

Белінен кесе басады...
Бұдан кейін “Шаһмаран”, “Бәдіғұл - Жамал”, “Сал сал”, “Зарқұм”, “Көрұғлыға” түстік. Олардың да көп жерін күні бүгінге дейін жатқа білем. Шамамен айтқанда, революцияға дейін шыққан қазақша бес жүз кітаптың жүз елу-екі жүзін мен ауыл шалдарына бір емес, бірнеше рет оқып бердім. Ауыл арасының өлеңші, әңгімеші, жыршыларының, ата-анамның, көрші-қолаңның аузынан естіген әңгіме, ертегі, жыр, ескі тарих, аңыз өз алдына, мен негізінен көп нәрсені оқу арқылы алдым ғой деп ойлаймын. Көрдіңіз бе, орыстың көркем әдебиетін жиырма-жиырма бір жастарымда еркін оқитын, кемел түсінетін халге жеттім. Көп нәрселер жатталып қалған: “У судьи губы находились под самым носом”, Гоголь ме?
Печально я гляжу на наше поколенье!

Его грядущее – иль пусто, иль темно.

Меж тем, под бременем познанья и сомненья,

В бездействии состарится оно.
Бұл Лермонтов шығар, а?

Қазақтың да көп дүниесі есте.


Түскендей әуе жерге қырық күн шілде,

Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.

Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді,

Кел, шық деп, иек қағып, жарық күнге,

Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,

Бас иіп, бәйек болып, жерге қонбай,

Қағылып таң желіне тербетілді,

Көк майса көзі ілініп тұрған сондай...
Сұлтанмахмұт қой.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұлтың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың,

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Абай ғана осылай айта алады.

Ең сүйіп, тұшынып оқыған жазушыларым – Гоголь мен Горький. Әсіресе Гоголь ықпалында ұзақ уақыт болғанымды жасыра алмаймын. Кейінірек Марк Твен, Джек Лондонды айрықша құмартып, ұзақ беріліп оқыдым. Жюль Верн, Виктор Гюголар оқылды. Лев Толстой, Федор Достоевскийлер баурады. Бірақ маған әдеби әсер еткен, шығармашылық сарындас қаламгер дегенде, ең алдымен – Гоголь мен Горькийді бөліп айтар едім. Әрине, ешкім басқа біреудің әсерімен, ықпалымен жазушы, болмайтыны анық.

Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов екеуміз, әсіресе, драматургияда Вильям Шекспирден көп өнеге алдық, көп еліктедік деп ойлаймын. Өз басым сол арнамен жүргенде, “Қозы Көрпеш”, “Ақан сері” тұсында көркемдік олжа таптым-ау деп санаймын. Ал сол дәстүрді бұзған кездерім белгілі ғой, табысқа жеткен емеспін. Айтпақшы, әңгімелерімде Чеховтың сарындары жоқ емес. Мен оны жақсы білем: я далеко и не Шекспир, и не Гоголь, и не Чехов.

(Ғабит Мүсірепов тіліне шешендік, мақал-мәтелдердегідей ықшамдылық тән. Ол аткөпір көп жазудан қашқан қаламгер. Бұл автордың керенаулығы емес. Классикалық әдебиет үлгілерін нысана етіп ұстау – алғашқы күннен бастап-ақ тізгін тартып отыруға үйреткен. Мүсірепов палитрасындағы ерекше жарқын бояу – күлкі; ескіні де, жаңаны да, жақсыны да, жаманды да, өмірді де, күлкі арқылы беру. Ғабит қашанда сөздің шұрайлысын іздейді, оның жазу машығы қара тасқа жан бітіретін мүсіншіні еске түсіреді. Астарлы ой, қалжың, юмор – негізгі пафос. Символ, емеурін, философиялық меңзеу соңғы жылдар шығармаларында әсіресе бел алды. Оларды әлемдік шедеврлармен үзеңгілес деген тұжырымда қате жоқ).

- Шығарманың туу процесі қалай болады? Қойын дәптерлеріңіз, күнделік дегендер бар ма?

Жазушының көз қиығында кекесінді күлкі туды. Тұнжыраңқырап отырып барып, ыңырана, баппен тіл қатты. Ара-арасында терезеге қарап, үндемей қалады, қайта жалғайды:

- Болашақ шығарманың сүйегі көп арналардан жиналады. Әр түрлі кітаптар, материалдар қарайсың. Арнайы көріп, аралап, зерттейтін кездерің де болады. Олардың бәрі әсер берері, ассоциация тудырары хақ, бірақ мыңнан бірі де шығармаға енбей қалуы мүмкін. Жеке сөйлем, дайын абзац дегендер менде болмайды. Ондай жиған-терген баста, жүректе жүруге тиіс. Әйтпесе қол байлау, бөгесін. Қойын дәптерден көшіріп отырып, көркем туынды жасаймын деу бекершілік шығар.

Шығарма деген кейде бір жылда, кейде он жылда қаламгер жүрегінде пісіп шығады. Ішкі ағыстар әбден күшейген кезде қағазға түспек. Менде шығарманы машинкаға бірден басу, яки стенографисткаға айтып шығу деген әдеттер жоқ. Әрине, ондай тәсілдерді қолданған жазушылар бар екенін білемін. Өз тәжірибемде ол машықтар жоқ. Тіпті, күні бұрын жазып алмасам, ауызша сөйлегенде, берекем кетіп, қиналам. Қарындашпен неге жазам? Өшіргіш неге керек? Баз біреулер шығарманы әр жерінен оңтайы келген тұстан жаза береді. Мен олай істей алмаймын. Шығарма басынан аяғына дейін жазылып шығады. Және бір сөйлем жазсам да таза болсын деймін. Сызып тастай алмаймын, көңілде дық қалады. Сондықтан ұнамаған нәрсені өшіріп, қайта жазам. Мүсірепов туындыларының болашақ зерттеушілері сөйлем варианттарын іздеп таба алмас. Қолжазбаларымда қандай азап шеккенімді өзін ғана білем. Түптеп келгенде, оқырман үшін керегі – шығарма. Қай шимайдың тарихын қуа беруге болады? Шимайлар өшіргіш табанында кетсін, сол дұрыс.

Ал әдбен піскен туындылардың дүниеге келуі ұзақ уақыт алды дей алмаймын. “Ұлпан” алты айда, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері - Ақтоқты” он бес күнде тамамдалған.



(“Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері - Ақтоқты” трагедиялары – ұлттық драматургияның інжу маржаны. Әуелден сөзді шекеден шертіп қолданатын жазушы драматургияда әлемдік үлгілерден терең сабақ ала отырып, өнеріне өнер, шабысына шабыс қосты. Қайталанбас бейнелер жасады, ана тіліміздің тамаша кестесін төкті, ақ өлеңнің өлмес нұсқаларын жасады).

  • Жазу үстіндегі машық-дағдыларыңыз қандай?

  • Көріп отырсың ғой, міне. Алпыс жылдан бергі кәсіп осы. Кәдуілгі жұмсақ қара қарындаш. Күні бұрын ұштап, найзадай етіп дайындап қоямын. Өшіргіштің бірнешеуі әзір тұру керек. Мынау оқушы дәптерінің тор көз беті. Білетін шығарсың және әлгінде айттым ғой, мен сауатымды араб графикасы бойынша ашқан адаммын. Әрі отызыншы жылға дейін қолданып келдік қой. Әбден сіңісті, болып, үйреніп кеткендіктен шығар, мен көркем шығармаларымның барлығын араб графикасымен қағазға түсірем. Әрі тез, әрі сыйымды. Мына оқушы дәптерінің бір бетінен машинкада бір жарым бет шығады.

Жазып кеткен кездерімде тәртіп, режим дегенді мен білмеймін. Басқа әрекеттерден мүлде тыйылып, күн демей, түн демей, тек жазу соңында ғана боламын.

Біз қалам тартқан кезде қазіргідей жағдайлар түске де кірмейді. Күндіз кеңсе қызметі, аласапыран заманның ауыр шаруалары. Аядай бір бөлме үй, бала-шаға, қонақ. Сен бірдеңе шимайлайды деп олар ұйықтамай ма? Қайтсең де жазу керек. Сондықтан абыр-сабыр басылып, ел жатқан соң, шымылдықтың артында бір бұрышта, түнгі сменадағы жұмысшы секілді жазуға отырасың. Сол қиын кездегі өмірдің дағдысы, кейін жағдай түзелгеннен кейін де қалмай қойды. Көз жанарым нашарлаған соң, дәрігерлер түнде жазуға тыйым салды. Қазіргі әрекет тек күндіз ғана.



  • Демалыс жағы қалай болады?

  • Ә, ә, қолым босап, уақыт табылса, далаға, тау-тасқа, өзен-көлге тартар едім. Далада не көп: отын көп, су көп. Қамыс, шеңгелді, сай-жыраны, жартас-тұғырды шарлап, әбден қара сирақ болып, ең кемі 20-25 километр жаяу шарлап, шаршадым-ау дегенде, қоналқаға бір жерге тоқтайсың. Ағаштан иін, қос жасайсың. Жаңбыр жауса, конус секілді қос жаса. Күрекпен іргені сыза салсаң, су өз жөніне кетеді. Қазаншық, шайнегім болатын. Айдалада, иен табиғат құшағында төрт-бес күн жүрген соң, құлжадай ойнап, құлпырып, түлеп шыға келер едің. Өтті ғой ол күндер.

Жетпіске келдім. Демалысқа көштім. Курорт-санаторий дегендер шықты. Ыңқыл-сыңқыл содан кейін басталды.

  • Шығармаға дайындық кезіндегі материалдар сақтала ма?

Жазушы орнынан тұрып барып, суырманы ашып, бірнеше папка алып келді.

- Мынау – “Оянған өлкені” жазуға әзірлік кезіндегі қағаздар. Сен көре бер. Мен есік ашып келейін, біреу келді ғой.

Қалыңдығы жарты қарыс дәптерлердің бәрі де тап-тұйнақтай екен. Біреуін алып қарай бастадым. Жазушының өз қолымен жазылған. “История горной техники”, “Горноспасательное дело”, “Карагандинское угольное месторождение”, “Киргизский край, т. ХҮІІІ” деген кітаптардың беттері көрсетілген, үзінділер алынған, конспект жасалған.

Москвадағы тау-кен департаменті архиві, Алматыдағы мемлекеттік архив, Ақмола архиві материалдары қаралып, қажетті цифрлар, фактілер көшіріп алынған.

Шахта құрылысы, ондағы әр түрлі атаулар, солардың қазақша баламасы – бәрін жазушы жіпке тізгендей етіп, қағазға түсірген. Сан алуан суреттер, схемалар диаграммалар, цифрлар, тау-кен тектерінің аттары, техникалық терминдер.

Көріп болсаң, мені тыңда дегендей қабақ білдірген соң, тағы үй иесіне қарадым.

- Әрине, бұлар “Оянған өлкеге” кірген жоқ. Бір қарағанда, сырттай айтқанда кірген жоқ. Шындығында мен бұларды білмесем, арнайы зерттемесем, роман да тумас еді. Екінші кітап неге созылып кетті? Бірқыдыру себептер айтылды. Оның үстіне үлкен коллектив, жұмысшылар ортасы туралы жазу бір семья, бір ру, бір ұрпақ тағдыры жөнінде жазу емес қой. Қашанда қоғамдық тағдырлардың ең үлкені – революция, сол революцияда басын жоғары көтеріп жүретін тап – жұмысшылар екенін сен жақсы білсең керек... Сондықтан да қазақ жұмысшы табының қалыптасуын көрсететін романның екінші кітабын аяқтауды өзімнің азаматтық, жазушылық парызым, борышым санаймын. Қазіргі негізгі жұмыс сол романның үстінде. Міне, мынау – сол шығарманың қолжазбасы.

(“Қазақ солдатында” қаһарлы соғыс шындығы қазақ әдебиетінде алғаш рет реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Негізгі оқиғаларды басты қаһарман төңірегіне жинақтай суреттеу үстінде қаламгер европалық романистика дәстүрлерін жақсы меңгергендігін көрсетті. Романтикалық стиль, психологиялық талдау тәсілдері жаңа көркемдік дамудың белгілері болатын. Кейін қазақ әдебиетінде үлкен бағытқа айналған соғыс туралы әдебиеттің алғашқы зор шығармаларын тудырған. Қазақ жұмысшы табының тууын бейнелеген әлеуметтік-психологиялық “Оянған өлке” романының күрделі мінездері, сом бейнелері оқырмандар жүрегіне жол тартты).

- “Оянған өлке” романының жалғасын, екінші кітабын қашан бітіресіз?

- Бұл сұрақ кәрі қызға неге күйеуге шықпайсың деген секілді. Жазбайын деп жүрмін бе? Жазбай жүрмін бе?

“Оянған өлкенің” бірінші кітабы сегіз айда жазылды. Бес айы – Қарағандыда, үш айы – Алматыда, тауда. Оның есесіне екінші кітабын отыз жылдай созып келем. Әдейі, қасақана созып жүр деймісің? Бірталай ойды, жиған-терген, тоқығанды “Ұлпан” қағып кетті. Біреулерге кішкентай нәрсе көрінер, өзім үшін “Кездеспей кеткен бір бейне”, тіпті күні кешегі “Достар қалжыңы”, “Жаңбырлы түнде”, “Майралар” ұсақ дүние емес. Сүйіп жазған нәрселерім. Әр шығарманы өзіне лайық қалыппен, бұрынғыларға ұқсамайтын қалыппен құйғым келеді. Содан барып, “Оянған өлкенің” ырғағынан шығып кетем. Қазір ол романның стиліне қайтадан түстім ғой деп ойлаймын. Он баспа табақтан артық дүние жазылып бітті. Енді он бес баспа табақтай нәрсе жазу қажет.

- Шығармаларыңыз толық басылды ма? Жарияланбаған дүниелер бар ма?

- Бәрі де басылған. Анау соңғы қалың үш томдыққа прозаның таңдаулы, өзім әбден ұнатқан үлгілерін ғана қостым. Әр түрлі қолжазбалар, бастап, аяқтамай тастаған 6-7 повесть, бірталай әңгімелерді әдейі кіргізбедім. Менің оқырманға ұсынатыным осылар. Ғабиттің анасы бар, мынасы бар деп, өзге нәрселерді тықпалап мені ешкім байытпай-ақ қойсын. Менің прозам – осы үш том.



  • Алдағы жоспарларыңыз қандай?

  • Тіршілік болып, нәсіп қылып уақыт жетсе, жоспарлап жүрген шығармаларым бар, неге жоқ болсын. Әуелі естелік, мемуар түріндегі туынды бергім келеді. Анау “Достар қалжыңы”, “Жаңбырлы түнде” циклы стилінде, сол ырғақта жазсам деп жүрмін. Талай дәуірлерді, талай адамдарды білген ескі көз, кәрі құлақ дегенің енді мен болып қалдым.

Ұлпанның Ұмсын деген сіңілісінің тағдырын жазғым келеді. Ол Александрияға барып оқыған, елге келген соң, біліміне орын таба алмаған орасан зор қайғылы тарих. Өзгелердей емес, мойны ашық жүреді, шашын жаппайды. Сиыр сауу қолынан келмейді, тезек тере алмайды. Өзенге барып, жібек көйлекпен суға түседі. Сөйтіп жүріп мезгілі өтеді. Еріксіз қатын үстіне тиеді. Арғы жағы белгілі трагедия.

Бұл – жоспар, ниет секілді нәрселер. Ал өмір не бұйырады? Күні бұрын не дерсің...

Сұрақтарың біткен шығар дегендей жазушы орнынан тұрды.

- Айттым ғой мана. Бәйбіше сырқат. Ауруханада жатыр. Бүгін шай ішпей кетесің. Тағы хабарлас. Жөнімен қойылған сұраққа жауап беруге болар. Ал, қош. Кел.



  • Сау болыңыз, Ғабе!



Каталог: repository -> history
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет