Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет16/25
Дата23.10.2016
өлшемі5,7 Mb.
#29
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   25

ІІІ
Алматыдағы тыныш, тұйық орамдардың бірі – Интернационал көшесіндегі екі қабатты үйде Әбділда Тәжібаев тұрады. Оның жазу бөлмесінде ерекше жиһаз, қымбат дүние жоқ: қолжазба, кітап, мүсін, сурет, телефон. Осы үйге әсіресе жас төл, жаңа толқын жиі келеді. Кеше Төлеужан, Мұқағали, Төлегендер келіпті, бүгін Мұхтарлар...

Маған осы үйдегі қызыл күрең, оймақтай сұлу домбыра ұнайды. Бейуақытта үй иесі өзгеден бөлектеніп, оқшау қалыпта тәтті мұңға беріліп, перне басар еді.

Ол осы сәтте ешкімге де ұқсамай, ең алдымен, ақын Әбілда Тәжібаев болып отырар еді.
Бесінші эссе
І
Алматыдағы Мұқан Төлебаев көшесімен өткеніңде, кей шақта ойыңа әлденелер түсіп, көңілің бұзылады. Батыр ағамыз Мәлік Ғабдуллин алдыңнан шыға келетіндей;


  • Әй, бала, бір партия шахматқа қалай қарайсың?..

Күнде таңертең, кешке, белгілі уақытта дағдысын бірде-бір бұзбастан, қағаздай қалпында, қыры сынбай, тіп-тік болып Хамза Есенжанов кетіп бара жатушы еді.

- Режим, режим керек. Жазушылық тәртіптен басталады, - деп сыр айтар еді.

Соңғы жылдары денесі ауырлай бастаған Сәбит Мұқанов көп қозғалмай, көбінесе кешке қарай терезе алдындағы орындықта отыратын, қасында бәйбішесі – Мәкең, бірде оқыс сұрақ қойылды.


  • Замандастарыңыздан кімді мықты санайсыз?

Көзі бір күлмің етіп, қырылдаңқырап шығатын даусымен, тосылмастан, іле сөйлеп кетті.

- Өзім мықты. Сәбит Мұқанов деген кісі мықты! – Бетіме жалт етіп бір қарады да: - Неге ондай сұрақ қоясың? Өздерің де білесіңдер ғой. Мұқаң мықты. Мұхтар Әуезовтің таланты мықты. Ал, екінші мықты – Сапекең, - деді.



  • Кім?

  • Сапекең деймін. Сапарғали Бегалин. Ол кісіге арнаған өлеңімді білесің бе?

Менде үндей алмай қалдым.

- Сендер ылғи батыс-шатысты оқып кеттіңдер ғой. “Ал тыңда” деп, тек өзіне ғана тән, тармақтың соңғы сөзіне екпін түсіретін қызық мақаммен өлең оқи бастады:


Алпысқа келу керек Сапекеңше:

Тік бойлы, тастай дене, биік еңсе.

Сиятын қара көз бен қара қасқа,

Отыз бен отыз бестің бірін берсе!

Мұртының миығына аздап бурыл

Кіргенмен, көрсетпейтін ол да қу бір!

Қоңырқай ажарында жоқ еш әжім,

Дерліктей, - “Ұл атаулы сендей туғыр!”

Денеге лайық біткен қылық, мінез.

Не артық іс, бойда жоқ не артық сөз.

Қалпынан сыпайылық бір аумайтын

Өлшемі тұрақталған бір әділ тез.

Жеткенше талант, ойдың шама-шарқы,

Сүйсініп оқитұғын туған халқы,

Бірталай еңбек жазды, алды жарқын,

Ласы, кіршігі жоқ, таза арты.

Жүз жасқа аяқ басты әкесі Ысқақ.

Көрген жоқ жүрер жолын ешкім нұсқап.

Сенеміз Сапекеңнің сөйтуіне,

Себебі туған ұл бұл әкеге ұқсап!
Кейін білдім, бұл өлең Сәбит Мұқановтың он алты томдық таңдамалы шығармаларының бірінші томының 367-бетінде басылған екен.
ІІ
Сапарғали Бегалин – қазақ жазушыларының бүгінгі буынының ішінде жасы сексенге келіп, халқының ортасында той-тойлаған бірінші қаламгер. Бұл шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармашылығы да сондай қызық.

Ол – еліміздің ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларын жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы.

Сапарғали - әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер, көп жылдар шаршамай шапқан жүйрік.

“Қазақ бозбалаларына” деген тырнақ алды өлеңі 1914 жылы “Айқап” журналында басылған С.Бегалиннің қазіргі оқушы қолына тиген соңғы көлемді еңбегі – “Замана белестері” атты күрделі роман. Осы 65 жылдық ұзақ қаламгерлік сапарда суреткер жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз шағын пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған.

Әдебиеттегі жолын өлеңнен бастаған Бегалин алғашқы жырларында туған ауылдың көркін бейнеледі; ескі ортадағы олқылықтарды сынады; жаналықты, жақсылықты шығармаларына арқау етті. Бірінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан, сол кезде бұратана ел саналған халықтың өкілі – Сапарғали Петроград түбінде жер қазып, ауыр жұмыс істеп жүріп, көп жұртпен танысып, сана-сезімі өсіп, жаңа заманды емірене қарсы алды.

Сапарғалидің өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам оның сазды лирик, сыршыл ақын екеніне анық көз жеткізеді. Халық әдебиетінен алынған ою-өрнектер Абай поэзиясының ырғақ-өлшемдері, классикалық туындылардың ықпал-әсері. С.Бегалин лирикасын құлпыртып, жарасты сипатқа ендіріп нәрлендіре түскен.

Ақынның “Жаз лебі”, “Көктем бұлты”, “Нөсер артынан”, “Сарыжайлау” секілді өлеңдері – сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. “Кавказ аңыздары”, “Бұқара – Самарқанд сапары” циклдарында тосын бейне, әдемі деталь, есте қалар суреттер мол. Абайға, Мұхтарға, Қалыбекке, Қасымға арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген.

Жинақылық, әуезділік, қарапайымдылық, нұсқалылық, сонылық С.Бегалиннің балаларға арнаған тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ өлеңдеріне тән қасиеттер. Ата мекеніне барған бір сапарынан:


Көрістік аман, көңіл шат.

Аттанам бүгін айтып хош.

Көңілге түрлі ойлар сап,

Асықпа, ауылым, мені тос!

Мен келермін сан рет

Самалды желді төске ала,

Аунармын талай саған кеп,

Керім иық, кер дала! –
деп жырлап қайтқан ақынның лирикасындағы басты сарын, негізгі мотив – Отанға, туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген ынтықтық.
ІІІ
Қазақ жігіттерінің ерлігін, батырлығын мадақтайтын “Алтай аңызы”, (Төлеген Тоқтаров туралы) “Қанатты қазақ” (Нүркен Әбдіров туралы) поэмалары – Отан соғысы шындығын сәтті бейнелеген көркем шығармалар. “Абақ арманы”, “Айдос”, “Баян жүрек”, “Қыран кегі”, “Бибі ханым” дастандары халық аңызының негізіне құралып жазылған, идеясы терең, тұлғалары сенімді, сомдап соғылған дүниелер.

Ақын Сапарғали, әсіресе поэма жанрында кең көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма “Абақ арманындағы” жолдарға назар салыңыз.

Абай, Ілияс құдіреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың.

Қазақтың кең даласындағы тау-тас, өзен-көл аттарына байланысты аңыз-әңгімелерде мол поэзия жатыр. Естігенімізбен, ескермейтініміз, мән бермей байыптамай жүргеніміз, асыл сөзді қадірлей алмай келгеніміз жасырын сыр емес қой. Әйтпесе ел аңызынан “Көкшетаудай” ғажап жыр тудырған Сәкен Сейфуллин дәстүрі сайрап жатыр емес пе?

Дәлірек айтқанда, Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі, дау жоқ, тау атына қатысты аңыздан туған “Баян жүрек” поэмасы. Бұл шығармада дара бейнелер, эпикалық серпін, кең құлаш, қызықты оқиғалар бар. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, екі елдің ерегістен ығыр болып, ер-азамат арқасында достықпен табысуы сәтті көрсетіледі. Шебер әсірелеу, әуелету жарасып тұр.

“Айдос”, “Ұр, тоқпақ” дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек-бедері, бояу нақышы байқалады.


ІҮ
Жидебайда отырмыз. Сегіз қанат, сүйегі аса үлкен “Абайдың үйі” деп аталатын киіз үйдің іші думанға толып кетті. Сапарғали Бегалиннің сексен жасқа толу қарсаңында туған еліне келген құрметіне арналған жиын еді бұл. Бойы тіп-тік, тастан ойып алғандай мүсінді Ахат ақсақал әңгімені заулатып отыр. Арғы-бергі шежірені шерткенде көзімен көріп, қолымен ұстағандай сеніммен сөйлейді. Кеудесінде ұзақ жыл ұстаз болған еңбегіне алған ордені жарқырайды. Бір кезде жұрт:

- Қабыш! Қабыш! – деп қалды. Жүріс-тұрысы ширақ, сида кісі егде жасына қарамастан, аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Біресе әйел, біресе еркек болады. Неше түрлі жан-жануардың даусын салады. Қимыл-қозғалыс, мимка байлығында есеп жоқ. Жүсіпбек Елебековтің даусы кенет саңқ ете түсті.

- Түу, Қабыш, бар болғыр-ай! Осы өнерің өзіңмен бірге өледі ғой. Баяғыда Мұхтар зорлағанда да қалаға бір баспай қойып едің, жүрсейші осы жолы, ала кетейін, - деді.

Қабыш ештеңе болмағандай, сөзді басқа жаққа аударып жіберді.

- Сапарғали аға, есіңізде ме? Қырық бесінші жылы Абайдың жүз жылдық тойын сіз бастасын деп Мұхтар Әуезов жол беріп еді ғой. Қолыңызға ту ұстап, екі жағыңызда екі жігіт, төбе басына атпен шауып шыққаныңыз есіңізде ме?

Киіз үйдегі бұл мәжіліс түннің бір уағына дейін созылды.


Ү
Өмірден көп нәрсені көзімен көріп, бастан кешіріп келген талантты адам жазған туындыны оқығанда, тіршіліктің бұрын өзің аңғармаған, сезбеген жаңа қырларын танып, марқайғандай, кенелгендей боласың. Әсіресе қазақтың көшпелі бұрынғы тұрмыс-әрекетін жіті білетін С.Бегалиннің әңгіме, хикаяттарында мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Бұл жанрдағы шығармаларға ұлттық өміріміздің енді қайталанбайтын, тарих қойнауында кеткен, суреткер қаламы тірілткен есте қалар, жанды картиналары бар.

Қазір бір ауыздан балалар әдебиетінің үлгілі туындысы саналатын кезінде одақтық сыйлық алған әйгілі “Сәтжан” хикаятындағы қазға түскен ителгінің қимыл-қозғалысы, динамикасы, өмір мен өлім тай-таласы бір оқыған адамның есінен кетер ме?! “Көксегеннің көргендерінде” Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты жақсы берілген. Қақпанмен аң аулау, мылтық ату, мергендіктің сан алуан сырларына қанық болу бар мұнда.

Қазақ прозасындағы новелла, оқыс, қызық оқиғалы сәтті шығармаларды атағанда, С.Бегалиннің “Мұстапа қарттың әңгімесі”, “Тайатқан тауынан табылыпты”, “Алданған жолбарыс” хикаялары бел ортада тұрмақ. Әсіресе ертерек уақыттарда Балқаштың аспан зәулім қамысын мекен еткен шұбар ала, аң тәңірісі жолбарыс аулаудың тәсілдерін, ер-азаматтың тапқырлығын, жүректілігін бейнелейтін әңгімелерді кім болса да қызықпай оқи алмаса керек.

Халқымыздың жылқы жайын білуі, жүйрік атқа махаббаты “Сұрапылда”, “Керкиік”, “Колхоз бәйгесі” әңгімелерінде әсерлі көрсетіледі.

Қазақ әдебиетінің проза жанрында С.Бегалин шығармалары бір сала іспетті. Әсіресе ол балалар әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, “Бүгінгі Ыбырай”, “Қазақтың Маршагы” атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты. Қазір олар орыс, татар, грузин, поляк, корей, бір сөзбен, жетпіс жеті жұрттың балаларының сырлас досына, ет жақын бауырына айналды.

С.Бегалин прозасының объектісі – қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты, ірі мінезді жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қадам аттаған жас өспірім, жеткіншектер – ауыл адамдары.

Қаламгердің жетпісті еңсеріп, сексенге аяқ басқанда Октябрь революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ аулындағы, қаладағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді көрсететін документті, деректі негізі бар “Замана белестері” атты мемуарлық роман жазып шығуын қаламгерлік үлкен қайрат деп білеміз. Бұл шығарманың басты кейіпкерлері белгілі революционер Мұхаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі – Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшһүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын типологиялық тұрғыда Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ғабиден Мұстафиннің “Көз көрген” сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады.

Республикамыздың атақты композиторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Еркеғали Рахмадиев, Сапарғали Бегалиннің елуге жуық өлеңдер текстіне ән жазған.

Сапарғали Бегалин жиырмасыншы-қырқыншы жылдарда ел ішінде кеңес, сот, газет қызметтерінде жүріп, кейін Жазушылар одағында, Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген кездерінде республиканың кең атырабын көп аралап, ескі көз, кәрі құлақ майталмандармен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер – мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Досекей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған – Сапарғали Бегалин. Тәттімбет, Әсіре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Кенесары қозғалысы, ұлт ойындары жөнінде жинаған материалдары да қымбат.

Дегенмен, С.Бегалиннің зерттеуші, оқымысты-фольклорист ретіндегі ең жемісті, ең бағалы туындысы – “Жамбылдың ата тегі, өмірі” деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып аланған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата бабасы, алған тағлымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне революциядан бұрынғы Жетісу атырабының ру-тайпа шежіресі, аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақын-жырауы, домбырашы-күйшісі жөніндегі фактілер де өте бағалы, дәл. С.Бегалин зерттеуінің кейбір үзінділері там-тұмдап жарық көрген, кейбіреулер кейде сілтеме беріп, кейде сілтеме бермей пайдаланып та жүр. Осы маңызды әрі әдеби, әрі этнографиялық тарихи мәні зор жұмысты толық күйінді жариялау оқырманды қатты қуантар еді.

Халқымыздың асыл перзенті Шоқан өмірі бүгінде көптеген көркем шығармаларға арқау болып отыр. Сәбит Мұқановтың, Сергей Марковтың, Сәуірбек Бақбергеновтың ұлы ғалым өмірін бейнелейтін роман, хикаяттары қатарында Сапарғали Бегалиннің “Шоқан асулары” дилогиясы өзінің деректі негізінен, ықшамдығымен, тартымды оқиғаларымен ерекшеленеді. Бұл кітап – тамаша адамдар өмірін фактілік негізден ауытқымай дәл бейнелейтін қазақ әдебиетіндегі алғашқы сәтті туындылардың бірі.
ҮІ
Қайнардан шыққан машиналар “ә дегенше” болмай, заулап отырып, Мейізек жонының үстіне көтерілді.

- Ал, енді тоқтадық, әрі қарай жаяу көтерілесіздер, - деп шоферлар жөн айтып жатыр.

Әйгілі Жанақ ақын жырлайтын Мейізек тауы осы. “Қозы Көрпештің мейізі түсіп қалып, Мейізек атанған екен” дейді халық.

- Алтын аяқтарыңыздың астында жатыр, - дейді жігіттер, бір кезде бұл жерден алтын алғандығын ескертіп.

Алыстан аласа, жатаған көрінген таудың төбесіне шыққанда төңірек түгел айқындалады екен. Табанда бұқиып, бірін-бірі аңдығандай, бірінің бірі етегінен тартқандай болып, емініп қалған жайпақ төбелер ентелейді.

Тау басына ентікпей көтерілген Сапарғали Бегалинді ауылдастары қаумалап алған. Сапекең сөйлеп тұр.

- Табиғат мына Мейізек тауын қалай ғажап жаратқан десеңдерші. Анау, әне Жауыртағы, анау Жорға, әне Тұлпар, мына арыстан секілді созылып жатқан Абыралы, сонау тұрған Жалғызтау, Сұңқар, Дегелең – бәрі көрініп тұр... – Көзінде жас...

Қазақтың кешегісі мен бүгінгісін жалғастырған көпір іспетті, халқымыздың көп жасауының тамаша үлгісіндей, асылдың сынығындай абзал ағамыз – Сапекең дәл осы сәтте маған қойны толы алтыны бар – кеудесіне шықсаң, арғы-бергіні түгел көз алдыңа жайып салатын қасиетті Мейізек таудың өзі болып елестеп кеткен.


ҮІІ
Жаңбыр жауып тұр. Көп тостырып, сағындырып келген көктем жаңбыры. Алматыда биыл жауған жылы жаңбыр. Еңсесін тік ұстап, аяғын ширақ басып, егде тартқан бір адам кетіп барады. Абай ескерткішіне қарай кетіп барады. Ойына өткен күн елестері оралады.

Онда да жаңбыр жауып еді. Жұмсақ, жылы жаңбыр емес, жапалақ-жапалақ қар аралас сұмпайы жаңбыр. Белуардан батпаққа малтыққан.



  • Шіркін, туған жер-ай, - деген қарасұр жігіт белін жазып.

  • Шіркін, бостандық-ай, - деген ұзын бойлы жігіт күрегін тастай салып.

  • Работать надо, бараны! – деген мұрты едіреген надзиратель.

1916 жыл еді. Петроград түбіндегі тыл жұмысындағы қазақтар еді бұлар.

Абай ескерткіші Алатаудың кеудесінде тамаша көрінеді. Абай – табиғаттың бір үзігі, жақсы жалғасы секілді. Аспанға бой созған зәулім үйлерге көз салып, Абай ойланып қалған сияқты. Ескерткіш қасына келген егде адам да ойланады.

Журналға басылар деп есептемеген. Қайда, Сералин, Торайғыров сынды құдіреттілер, ел таныған жүйріктер тұрғанда мұның өлеңін қайтсын. Әуелі сол өзі өлең бе екен? Нартәуекел етіп жіберді. Енді мынау. Семей жастары гу-гу етеді. “Айқап” басыпты. Сене ме, сенбей ме? Басыпты! Тасқа басқан... Сенеді.

Аяңдап келеді егде адам. Ендігі – беті Шоқан Уәлиханов ескерткіші. Кешқұрым сейілдегенде Абайға, Шоқанға сәлем беру үлкен бір парызындай.

Егде адам кетіп барады. Жаңбыр жауып тұр. Сағынтып, көп тостырып келген жаңбыр. Алматыда биыл жауған тұңғыш жаңбыр.

Жаңа көктем келеді дүниені түлетіп. Кәрі боз не әкелдің соған? Қызық өзі. Қазақта бүгін отызға шығып, роман беріп жатқан жас толқын бар. Мықты толқын. Өнімді толқын өзі. Мен ескінің көзімін. Мұқанов, Әуезовтерден жасым үлкен. Феодалдық Қазақстан, революция, коллективтендіру, социалистік Қазақстан – бәрі көз алдымнан өтті. Сыртымнан Сапарғали Бегалин дейді ғой, әрине, көзімше барлық қазақ Сапеке дейді...

Жаңбыр күшейді. Қас қарайып барады. Қала шамын жағып жатыр.

Егде адам үйіне қарай беттеді. Жазу столына асығады.

Сірә, тіршілікте тындырмаған істері бар шығар-ау әлі.
Алтыншы эссе
Қазақ әдебиетіне Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды үш алтын діңгек, үш алыпты берген Шыңғыстау атырабының шалдары күні бүгінге дейін жеңіл әзіл, ерке мақтаннан құр емес:

- Бар десек те болмайды өзі. Енші беріп, машина мінгізіп жіберейік дейміз. Қалаға кетсе, шабыт құсын ұшырып алатындай көреді білем. “Жүрекадырдан” шықпайды ғой бұл Шәкір ақының. Осында жатып-ақ кітап жаза береді.

Сол ақын Шәкір Әбенов 1900 жылы қазіргі Семей облысы, Абай ауданына қарасты Құндызды деген жерде туған. Мұсылманша ерте хат таныған. Семейдегі приходская школада 3 жыл оқыған. “Борсықтар” деген өлеңі 1916 жылы “Айқап” журналында басылған.

Колхоз құру, ауылды советтендіру істеріне белсене араласқан Шәкір Әбенов, Ұлы Отан соғысына өзі сұранып барып, Брянск майданынан жаралы болып елге оралады. Қайтадан колхозда, совхозда істейді: шығармашылық жұмыспен айналысады. Ақын қаламынан туған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Кейпін батыр”, “Таңшебер - Жапал”, “Ортақ арал” поэмалары әр жылдары басылып шықты.

Ескі шежіре, халық әдебиетінің білгірі Шәкір Әбенов Жанақ, Түбек, Дулат, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген; музыка мамандары Шәкір Әбеновтың айтуымен көптеген әндер мен күйлерді нотаға жазды. Ақын көп жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталды.

Шәкір Әбеновты қалың жұртшылыққа ақын ретінде танытқан күрделі шығарма – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасы. Бұл туынды тұңғыш рет 1937 жылы жарияланған болатын.

Халық санасына әбден сіңген, небір жүйрік жыршылар, дүлдүл ақындар жырлаған ғашықтықтың ғажайып тарихына Шәкір Әбенов қаймықпай барып, тамаша шығарма тудырды. Ол тұста Сәкен, Ілияс, Иса, Қасым, Тайыр сынды небір сұңқарлар, Жамбыл, Нұрпейіс, Нартай, Төлеу секілді небір ақиықтардың көзі тірі кезі.

Ұлттық әдебиетте орын тепкен қызық құбылысты көресіз. Поэмадағы қаһармандардың негізгілері – жырдың көптеген нұсқаларында кездесетін дәстүрлі кейіпкерлер. Сюжеттің жалпы ағысында ерекше бұра тартар, тыңнан салған арналар жоқ.

Сөйте тұра, шығарманың ішкі структурасы, көркемдік бітімі сонылығымен, дара құнарымен әсер етеді.

Шәкір Әбеновтың табиғи ақындық дарынын фольклор дәстүрі, жазба әдебиеттің үлгісі, классикалық мұралардың тәлімі ұштап, өрбітіп өсіргендігін көру қиын емес. Мұның үстіне өлең мәдениетіндегі Абай мектебінің сарынын салған жерден аңғаруға болады.

Тілдің лексикалық байлығы, сөз байламының кесетіс, ұйқас ырғақ шеберлігі – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасының негізгі қасиеті. Оқиғаларды баяндауда эпостық дәстүрден гөрі, жазба әдебиеттің психологизм, портрет, детальға қойылатын талаптарын ерекше ескергендікті көреміз. Қодар, Қарабай портреттерін жасау кезінде жарасымды гипербола, әсірелеу, қолданылады.

Қазақ дастанында Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман - Мамырынан” кейін диалогты кең пайдалану дәстүрі қалыптаса бастады. Осы белгілерді Шәкір Әбенов поэмаларынан да табуға болады.

Халық жырында келте, қысқа қайырылатын жәйттерді ақын тереңдетіп, байытып, әуезге - әуез, сарынға – сарын қосып, ұлғайтып, жаңа бояулармен құлпыртып, жаңғыртып жіберген.

Қозының Баянды іздеп келе жатқандағы хикаялары, жолбарыс соғып алуы, қалмақ шалмен кездесуі, қойшының әңгімелері, балуанға түсуі – тың дүниелер.

Жалпы Шәкір Әбенов поэзиясынан фольклор мен жазба әдебиеті дәстүрінің жақсы тоғысуын көруге болады.

Тіл байлығында, оқиғалық негізде фольклор қазынасынан алған дүниелер көп, ал пейзажда, диалогта, монологта, сюжет поэтикасында, идеялық тереңдікте классикалық жазба әдебиеті дәстүрі барлығын айту дұрыс.

Ақындық таланты эпикалық жанрда жарқырап ашылған қаламгердің көптеген өлеңдерінде лирикалық, сатиралық, юморлық пафостың мол екендігін көреміз.

Ақындық дәстүрдің жалғастығын сөз еткенде, Шәкір Әбенов шығармашылығындағы Абай ықпалы әр түрлі деңгейде аңғарылатынын айту керек. Тақырыптық тұрғыдан Абай, Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы объектімен “Кейпін батыр” поэмасындағы өмірлік материал әуендес, сарындас.

Қылышынан қан тамған Ақсақ Темір заманындағы бір оқиға – шығарма арқауы. Басты кейіпкер Кейпіннің шыққан тегі, ауыр тағдыры, тіршіліктегі шырғалаңдары – романтикалық сюжетке лайық дүниелер. Кездейсоқ ұшырасып, оқыстан табысқан Гүлнармен арадағы сүйіспеншілік шебер бейнеленеді.

Орта ғасырдағы Шығыс елдерінің хал-ахуалы, Ақсақ Темір саясатының мәні, патша мен қатардағы батыр арасындағы тартыс – бұл шындықтарды ақын реалистік тұрғыдан, біліктілікпен көрсетеді.

Қазақ әдебиетіндегі өзге елдер тұрмысын бейнелейтін, интернационалдық пафосы күшті шығармалардың ішінде “Кейпін батыр” поэмасы өз ерекшелігімен, айқын идеясымен, шеберлік кестесімен дараланып тұрмақ.

Кең тынысты, мол оқиғалы, көп кейіпкері “Таңшебер - Жапал” поэмасында жаугершілік заман, қазақ-қалмақ елдерінің арасындағы алма-ғайып кезеңнің көркем суреті, ақындық олжалар бар.

Бұл шығармада дастандық оқиға баяндау тәсілінен гөрі, қызық фабулалы роман сюжеті поэтикасына ден қою басым десе, артық болмайды.

Поэмада дұшпан қолында қалған сорлы жесір қойнында өскен жетім ұлдың ер жетіп, ер кегін қуған батырлық тарихы суреттеледі. Мұның үстіне шебер, әсерлі бейнеленетін махаббат хикаясы және бар.

Халық тұрмысына, әдет-ғұрыпқа, салт-санаға, қатысты, көшпелі өмірдің қазіргі ұрпақ біле бермейтін сан алуан қызықты көріністерін ақын зор шабыт, үлкен ықыласпен жырлайды: жүйрік аттың сыны, ізге қарап сыр түю, батырлардың жекпе-жегі, табиғат суреттері, - осылардың баршасы ақын бояуының неше түрлі байлығын танытады.

Жүрек сырын киік мойнына таққан тұмарға жазған қаңлы қызы Таңшебер, жауласқан елдерді тату еткен Жапал, қиындыққа шыдап, достық үшін тас өткел, тар босағадан өткен жастар тағдыры поэмада жан-жақты, сан-алуан көрініс табады.

Шәкір Әбеновтың негізінен фольклорлық – тарихи, шежіре-аңыз сюжеттеріне жазған поэмаларын әлеуметтік тынысы кең, эстетикалық мақсаты айқын; тарихты, көне күндерді жақсы білетін шебер ақынның, терең ой, шынайы көркемдікті нысана етіп қаламгердің қолтаңбасы көрініп тұрады.

Ақын Шәкір Әбенов соңғы кездескенімізде:

- Жаңа кітабымның атын “Шыңғыстау” қойдым. Кір жуып, кіндік кескен жерім. Бауырында сексен жыл ғұмыр кештім. Ылғи қарыздар адам секілді болам да тұрам, - деді.

Рас, ақын қашан да туған жердің алдында қарыздар.


Жетінші эссе
І
КазГУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасында оқып жүргенде, Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңі, драматургия туралы зерттеу үстінде үнемі бір шығарма алдымызды кес-кестей берді. Ол жазушының 1928 жылы Қызылорда қаласында “Қазақстан” баспасынан шыққан “Қилы заман” тарихи хикаяты болатын. Әр түрлі пікір айтылған бұл туындыны ешбір кітапханадан, тіпті сирек дүниелер фондысынан да таба алмай жүргенде, бір күні аяқ астынан кітаптың сенімді қолда бар екенін естідім.
Каталог: repository -> history
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет