ІХ
Бюфонның “стиль - адам” деген афоризмін көп айтамыз. Байыбына бармай, шатасып жүрген мәселенің бірі осы стиль проблемасы. Оны пайымдауда қандай бағыттар бар?
Лингвистикалық көзқарасты құптайтын оқымыстылар әдеби шығарманың стилін, жазушының даралық сипатын сөз саптау, сөйлем ерекшеліктерінен іздейді.
Стилистикалық көзқарасты құптайтын оқымыстылар сөздің әр салада дұрыс, өз орнында қолданылуын негізгі принцип етіп ұстайды. Стилистика белгілі кезеңдегі стильдік қабаттың, ағымның, арнаның жалпы халықтық тілге қатысын да қарастырады.
Әлі балаң, зерттеу принциптері, әдістемелік әдістері айқындалып болмаған сала – эстетикалық көзқарас мектебі. Көп оқымыстылар стилистика, лингвистика, поэтика объектісі бір деп біледі. Бажайлап көрейік. Стилистика, лингвистика өз зерттеулерін сөзден бастайды да, грамматикалық категорияға қарай ойысады. Поэтика болса, сөзден бастайды да, жазушының идеясына қарай ойысады. Яғни стильге қатысты осы үш саланың шығар жері бір, барар жері бөлек.
Бейнелеу, айқындау, ауыстыру, ұлғайту, түйдектеу, кішірейту, үдету, ажарлау, әсірелеу, құбылту, даралау, айшықтау, жинақтау, дәлдік тәрізді көркемдік құралдарды стильді айқындап беретін бірден-бір өлшем деп қарау – дәлелсіз нәрсе. Бұл қалыпты стилистикаға қонымды болғанмен, әдебиет сырын, өнер табиғатын түсіндіріп бере алмайды, өйткені әдеби ұғымдағы стиль – ең алдымен, эстетикалық категория. Стиль сөздің, сөйлемнің, оралымның тіркестің сыртқы конструкциясымен ғана айқындалмайды. Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені, көркемдік процесте механикалық сипат жоқ.
Жазушы стиль шығарманың барлық бөлшегін, оның сыртқы, ішкі қабатын түгел қамтиды. Шынында, стиль – суреткер талантының даралық қуатын көрсететін сапалық белгі.
Осы орайда Гете пікірі еске түседі; ұлы ақын стильді үш сатыға бөліп қараған:
Жай еліктеу.
Ұқсау.
Стиль. (Гете. Собр. соч. т. 10. М., 1937, стр. 403).
Бұл шартты түрде, тәжірибеден тыс қалыпта алынған нәрсе, жасанды бөлшектеу емес, өнер мен болмыс байланысының ішкі, өзекті сырын ашатын тұжырым.
Фольклорда, ауыз әдебиетінде стильдік даралық бірден көріне алмайды. Өйткені, фольклордың негізі – ұжымдық шығармашылық. Стильдік даралану әдебиеттің жалпы дамуындағы елеулі, сапалық өзгерістерді көрсетеді. Д.Лихачев айтқандай, ХІІІ ғасырға дейінгі орыс әдебиеті туындыларында авторлық қолтаңба, ала бөтен ерекшелік айқын сезілмейді. Осыған ұқсас құбылысты ХІХ ғасырға дейінгі қазақ ақындары шығармашылығынан да табуға болады.
Жасқа байланысты Шал ақын туындылары мен Бұхар жырау өлеңдері арасында андағайлап тұрған стильдік өзгешелігі жоқ. Түйін: стильдік даралық - әдебиеттің ержеткен, марқайған, авторланған биік өреге шыққан кезінде айқын көрінетін қасиет.
Жазушы стилі мен оның дара тұлғасы, жеке басы арасындағы қарым-қатынас – ерекше күрделі проблема. 1956 жылы Бернде шыққан “Әдебиет тануға кіріспе” дейтін еңбегінде В.Кайзер суреткердің шығармасы, стилімен қара басының арасында ешқандай сабақтастық жоқ дегенді айтты. Америкада бірнеше рет басылған “Әдебиет теориясы” кітабының авторлары Уэллек пен Уоррен де жазушының шығармасы бір бөлек, өзі бір бөлек деп қарайды.
Рас, бұл орайда ХІХ ғасырда француз әдебиетінде эссе үлгілерін берген, өнерді тануда ғұмырбаянды бірінші қатарға шығарған Сент-Бев принциптеріне бас шұлғу да адастырып жібермек.
Қазіргі эстетика көрсеткендей, объективтік болмысқа жазушы ғұмырын қарама-қарсы қоюға болмайды, суреткердің шыққан ортасы, алған тәрбиесі, оның от-басылық, интимдік сырлары стильге мүлде әсер етпейді деу – дұрыс емес.
Казактар өмірінің энциклопедиясын жасаған Шолохов стиліне дала стихиясы, жаугершілік рухы ықпал жасағанын қалайша мойындамайсың? Фадеевтің партизан жорықтары негізгі шығармаларына арқау болды ғой.
Француз ғалымдары Флобердің басындағы дерт, орыс ғалымдары Достоевскийдің науқасы, қазіргі сыншылар Кафканың психологиялық көңіл күйі шығармаларында көрініс бергенін көптеген деректермен дәлелдеп берді.
Әдебиеттану ғылымында стильді поэтикалық тұрғыдан зерттеу арнасы айрықша бел алды. Табысты еңбектер деп академик В.Виноградовтың “Көркем әдебиеттің тілі туралы”, “Стиль және сюжет” еңбектерін, М.Бахтиннің “Достоевский поэтикасының проблемалары”, А.Чичериннің “Идеялар және стиль”, А.Соколовтың “Стиль теориясы”, Қ.Жұмалиевтің “Стиль - өнер ерекшелігі” зерттеулерін айтамыз.
Ал қазақ әдебиеттану ғылымының осал буыны, жете сөз болмаған объектісі – стиль. Әсіресе стильді эстетикалық категория тұрғысынан қарастыру принципі сирек ұшырасады. Көркем шығармадағы барлық компоненттерді тұтастықта алып, идеялық, эстетикалық талдауда, мазмұн мен түрді бірлікте қарағанда ғана өнер табиғатын терең зерттеп, нәзік ұғуға болады.
Эстетика - әдеби әдіс, әдеби бағыт, ағым проблемаларына бойлауды талап етеді.
Қазіргі әдебиеттану ғылымында әрі өзекті, әрі даулы теориялық мәселенің бірі - әдеби ағым және әдеби әдіс проблемасы. Рас, ХХ ғасырға дейінгі теориялық еңбектерде әдеби әдіс деген термин болған жоқ. Тарихи фактіні еске түсірсек, эстетика деген терминді ХҮІІ ғасырда неміс философы Баумгартен бірінші рет қолданған. Бұдан ХҮІІ ғасырға дейін эстетика ғылымы болмады деген ұғым тумайтыны түсінікті.
Әлемдік эстетикалық ойдың корифейлері Аристотельдің, Гегельдің, Чернышевскийдің зерттеулерінде де әдеби әдіс деген термин қолданылмайды. Шығармашылықтың сан ғасырлық ұзақ тарихына назар салғанда, әдеби ағым, әдіс құбылыс ретінде, өнердің фактісі ретінде көне заманнан бүгінгі күнге дейін түрлі өзгерістерге түсіп, өмір сүріп келгенін көреміз.
Советтік эстетикада әдеби әдіс ұғымы 20-30 жылдарда қалыптасты. Әуелде әркім әр түрлі термин ұсынып жүрді. Жазушы Ю.Либединский “пролетарлық реализм”. А.Толстой “монументальдық реализм” деген терминдерді атады.
Коммунистік идеологияның басты ұғымдарының бірі социалистік реализм термині, тұңғыш рет 1932 жылы “Литературная газетаның” 29 майдағы санында жарияланған “Іс тындырайық” деген мақалада қолданылған.
Оқымыстылар әдіс ұғымын әр түрлі түсіндіреді:
Әдіс – шығарма жасаудағы көркемдік құралдардың жиынтығы.
Әдіс – идеологиялық көзқарастың принциптері.
Әдіс – болмысқа эстетикалық көзқарасты көрсетеді.
Эстетиканың соңғы табыстары, жаңа зерттеулердегі тұжырымдар, айтылмыш пікірдің үшеуінің де олқылығын ашты.
Көркем шығармашылық болмысты танып-білудің және өзгертудің адам баласының ұзын-сонар тарихи тәжірибесінен туған бір негізгі идеологиялық қаруы, объективті мәні бар құрал екендігі аян. Суреткер құбылыстарды іріктеп, сұрыптап, жинақтап барып, шығармаға арқау еткенде, белгілі принциптерді, амалдарды басшылыққа алмақ. Бұл ретте, шындықты терең әрі жан-жақты қамту басқа факторларды былай қойғанда, ең алдымен, жазушы талантына һәм дүниетанымға сабақтас.
Көркемдік ойлаудың типі болып табылатын шығармашылық әдіс бір жазушының тәжірибесін де, сонымен қатар, тарихи дамудың белгілі дәуіріндегі тұтас бағытты да сипаттай алады.
Өнердегі шығармашылық әдіс – тарихи нақты ұғым. Ол бір суреткердің қалауының, тілегінің жемісі емес, әлеуметтік өзгерістердің, қоғамдық дамудың әсерінен объективті түрде тумақ. Әдістердің ауысуы прогресті, болмысты игеру көкжиегінің кеңеюін көрсетеді. Ғылымның қазіргі өскелең өресіндегі түсінік бойынша, көркемдік әдіс – ойлаудың типі, болмысты танып, бейнелеудегі суреткер белсенділігін анықтайтын категорияның бірі.
Н.Чернышевский айтқандай, әрбір ғылымның теориясы оның тарихи негізінде жасалмақ. Әдеби ағым, әдіс проблемасын қарастырғанда да тарихи тұрғыдан келу шарт. Кейбір ғалымдар әдебиеттегі әдіс тарихы реализм мен антиреализмнің күресі деп көрсетті. Бірақ бұл философиядағы материализм мен идеализм арасындағы күресті көркем өнерге жадағай көшіре салған байлам қолдау тапқан жоқ. Эльберг, Самарин сияқты ғалымдар реализмнің әдебиетте кеңінен көрініс беруі Ренессанс заманында деп біледі. (“Проблемы реализма в мировой литературе”. М., 1959).
Академик Н.Конрад, профессор Д.Благой шын мағынасындағы реализмнің әдебиет аренасына шығуын ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы француз, орыс, ағылшын романистерінің туындыларымен байланысты қарайды. С.Петров әдіс ретінде реализм белгілері деп мыналарды көрсетеді:
Адамды бейнелеудегі жан-жақтылық.
Әлеуметтік және психологиялық себептестік.
Өмірге тарихи көзқарас.
Ал В.Разумныйдың ойынша реализм белгілері:
Болмысқа қол арту.
Суреткер идеалының реалдылығы.
Бейне өміршеңдігі.
Қазақ прозасындағы реализм мәселелеріне М.Қаратаев жеке зерттеу арнады.
Қазіргі ғылыми таластар бүгінгі әдебиеттегі негізгі жемісті әдіс – реализмнің төңірегінде болуы заңды. Бірақ әдіс проблемасын түсіну үшін дүние жүзі әдебиеті тарихында болған классицизм, сентиментализм, романтизм сияқты әдістердің кейбір ерекшеліктерін айту шарт.
Классицизмде кейіпкер мінезі жан-жақты дараланбайды, мұнда автордың логикалық ойы, автордың күні бұрынғы шешімі шығармада белсенді қызмет атқармақ. Айтылмыш әдіс әрбір туындының пішініне, мазмұнына көпке белгілі орын бірлігі, уақыт бірлігі, әрекет бірлігі триадасы арқылы тұсау салған. Табиғат ғылымдары өрлеп дами бастаған кезде дарвинизм қағидалары қоғамдық ғылымға да әсер етті. Әдебиеттегі натурализм әдісінің принциптері адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастарды физиологиялық тұрғыда суреттеуді құптайды.
Натурализм - өмір құбылыстарының бір-біріне жасайтын әсерін, даму заңдылықтарын, фактілер арасындағы сабақтастықты ашып бере алмайды. Натуралистердің жабысып ұстайтын тұтқасы, табынар тәңірі – факт. Дара қалпында, шикі күйінді алынған материал.
Негізінен сезім сырларын, көңіл күйлерін бейнелеуге тырысатын сентименталдық бағыттағы шығармалардың үлкен олқылығы - әлеуметтік анализдің жоқтығы. Сентименталистер адам сезімдерін тудырушы шешуші фактор – қоғамдық құбылыстарды елемейді. Дүние жүзілік әдебиеттегі көптеген шоқтықты шығармалар романтикалық әдіспен жазылған.
Болгар академигі Тодор Павлов: “Романтизм дегеніміз - өмір шындығы және суреткер субъективтігі”, - деп көрсеткен.
Бұл байлам тым қатқылдау десек те, әдебиетте кең тараған әдіс – романтизмнің даралық белгісін көрсетеді. Қашан да романтик жазушылар ерекше кейіпкер таңдамақ, олар қарабайыр, қоңыр төбел, құр жаутаңдаған көген көздерге қарағанда еңсесі биік жандар. Романтикалық қаһарман – бір бұлқыныстың, бір шабыттың, бөлінбейтін, жарылмайтын бір-ақ ойдың адамы. Көбіне мұндай қаһарман өз ортасына қарсы, сол ортаның моральдық институттарына кереғар. Байронның Дон Жуанын, Мағжанның батыр Баянын еске алсақ та жеткілікті.
Жалпы романтикалық әдіске тән сипаттар деп бірнеше белгіні көрсетуге болады.
Тірліктің күйбеңіне қарсылық, идеалға ұмтылу, жеткенге, қолда барға қанағаттанбау, өткінші нәрсеге – мәңгілік дүниеге, объективтік нәрсеге субъективтік нәрсені қарсы қою, өмір құбылыстарын бейнелеудегі идеал біріншілігі, жазушының ылғи идеал соңында кетуі – романтикалық шығармалардың тарихи негіздерін солғындатады. Оларда шарттылық, кездейсоқтық мәні зор. Кейіпкер мінезі мен орта арасындағы диалектикалық байланыс жете ескерілмейді.
“Романтизм адамның дүниеге көзқарасы жайлы жүйелі теория емес, ол әдеби шығармашылық теориясы да емес, оны теория ретінде анықтау талабының бәрі де көмескі һәм жеміссіз. Көңіл күй ретінде романтизм қат-қабат дүние және қоғамды өтпелі кезеңде билейтін сан алуан аумалы-төкпелі сезімнің сәулесі, оның басты сарыны - әлдеқандай жаңалық күту, жаңалық алдындағы лүпіл, сол жаңалықты тануға асығыс ұмтылыстан туған діріл”, - деп жазды М.Горький (“История русской литературы”, М., 1939, стр. 42).
ХХ ғасырдағы қоғамдық даму, цивилизация ғылымда, өнерде сан алуан ағымдарды туғызды. Математика мен физиканың өрлеп өсуі кейбір суреткерлерге оқыс әсер етті.
Кейін кубистер атанған суретшілер “өмірді есеп тұрғысынан бейнелеу шарт” деген кредо ұстанды. Адамнан, адамның реалды пішінінен, табиғаттан, табиғаттың реалды пішінінен ат-тонын ала қашты. Кубизм өмірді өз қалпында емес, суреткердің ойындағы, қиялындағы биреалды қалыпта көрсетпек болады. Кубизмнің программасын ту еткен суретшілер құбылысты геометриялық формалар арқылы: куб, призма, цилиндр, конус, шар түрінде бейнелеуге тырысты.
Осылардың өкшесін баса шыққан футуристік ағымдағы суреткерлер капитализмнің техникалық табыстарын жыр етті. Олардың бірі “біз темір болаттан жасалғанбыз, біз де машинамыз”, - деп жазды.
Футуристік бағыттағы жазушылардың шығармаларынан шылау, одағай қуылды, тыныс белгілер алынып тасталды. Сөйтіп, футуристер техникалық заманның тынысын сол заманға сай пішіндер арқылы бейнелейміз деп жар салды.
ХХ ғасырдың басында шыққан бұл декаденттік ағымдар екінші жиһан соғысынан кейін құбылып, жонданып, қайта шу көтерді. Жаңалық емес, бұрынғы модернистік ұрандарды ту етті.
Қазіргі сюрреалистер көркем шығармадағы негізгі амал, идеяны берудегі кілт – метафора деп біледі. Қиналып, шаршап жүрген адамның түсі, шала есті кісінің сандырағы – сюрреалистерге етене объект. Бүгінгі таңдағы декадентік әдебиеттегі ең үлкен арна – экзистенциализм. Бұл ағымның философиялық негізін қалаушы дат ойшылы Серен Кьеркегор (1813-1855) “Яки-яки”, “Қорқыныш һәм діріл” кітаптарын жазды.
Экзистенциалистер Софокл, Шекспир, Гете, Достоевский шығармаларындағы өлім сарынына ерекше мән береді.
Экзистенциализмнің теориялық принципі бойынша, күні бүгінге дейінгі философия атаулы, - мейлі материализм болсын, мейлі идеализм болсын, - тым кең мағыналы категориялар, ұғымдар шырмауында келген. Болмыс, материя, сана, олардың бір-біріне қарым-қатынасы, ғылым үшін мәнді делінсе де, кішкене пенде үшін, оның өмірі үшін қажетсіз дүниелер.
Қазіргі заманда, миллиондаған адамдар соғыс құрбаны болған шақта, кісі үшін керек нәрсе - өз бостандығы, адамның тірліктегі, қоғамдағы орнын табуы, дара тұлғаның, Меннің, басқалармен қарым-қатынасын көрсету болмақ. Экзистенциалистер қоғамдық проблема, мәселе атаулыға өлімнің мұнарасынан қарайды. Ертең бұл пәниден кетер болғандықтан, ертең бәрі бітер болғандықтан өлімнен күшті ешнәрсе жоқ.
Бүгінде көркем шығармаға, жазушы өнеріне әсер етіп отырған ықпалды теория – экзистенциализм қоғамдық ғылымдарда бұрыннан қалыптасқан терминдердің, категориялардың орнына жаңа “басқару”, “дауласу”, “көзқарас” деген тәрізді ғылыми сөздерді ұсынады.
Қазіргі модернистер, декаденттер құр форма қуушылар емес, олардың дүниетанымы өзегінде философиялық концепция жатыр, ал әлем әдебиетіндегі жемісті бағыт – қоғамдық дамудың тәжірибесі, тудырған адам табиғатындағы мың сан құбылыстар екендігіне жазушылар түгел ден қойған.
Реализм әдісі – барлық халықтардың өзгерген, дамыған жаңа сапалық өнерінің алтын өзегі, ол ең алдымен, қоғамдық құбылыстарды бейнелеу, әлеуметтік зеттеу, анализ шарттарын бірінші орынға шығарады.
Өнердің халықтығы жөніндегі принцип бұрынғы өнімді дәстүрлерді ұлғайта пайдалана отырып, болмысты биік идеалдар тұрғысынан бейнелеуді, әрқашан қоғамдық мәні бар проблемаларды көтеруді талап етеді. Реализм әдісін ұстанған суреткердің қоғамның даму заңдылықтарын айқынырақ біліп, биік төбеге шығуға, тереңірек ұғынып, дәл бейнелеуге мүмкіндігі мол.
Бұл әдіс шығармашылық еркіндікті халыққа қызмет ету, Отан алдындағы борышты ұмытпау шарттарымен сабақтас қарайды. Шыншылдықтың ең басты белгілерінің бірі – тарихи нақтылықты жалаң факті сәйкестігі, тұрмыстық детальдердің дәлдігімен өлшемейді. Нақтылық – сырт ұқсастық емес, ішкі мазмұн дәлдігі.
Кездейсоқ, ұсақ белгілерді әдейі қырнап, басты, шешуші сипаттардың бояуын қанықтыру, оптимизм, гуманизм туын көтерген шоқтықты өнер трагимзді сан алуан шарттылық формаларын, тіпті фантастиканы да әсте мансұқ етпейді. Тарихтың жасаушысы халық екенін көрсете отыра, реализм әдісі адам тағдырының қат-қабат шырғалаңын бейнелеуге тарау-тарау жол ашпақ.
Өнердің соны сипатты мүмкіндіктері, монтаж, ішкі монолог, емеуірін, астар, ой ағымының сан-алуан түрлері, сюжет жасаудағы табыстар, символ, фантастика – реализмге бұрынғы әдістерден жадағай алынып жағылған бояу емес. Өз тәжірибесінде әрбір суреткер әдеби әдісті авторлық идеалына, шығарма мақсатына байланысты үнемі құбылтып, өзгертіп жаңашылдықпен пайдаланса ғана, шабыттың айдын шалқарын таппақ.
Әдебиет – үлкен құбылыс, жанды дүние, күрделі процесс. Бір әдебиет – дария, бір әдебиет – бұлақ, бәрі де ағады, өседі, өрбиді. Халық бар жерде әдебиет бар. Қазақ сөз өнерінің қазіргіден де шат-шадыман, қуанышты күндері, абыройы зор, жеңісті күндері алда екеніне жүрек сенімі кәміл.
Үміт көзі келешекке қарайды.
ІҮ тарау
ӘДЕБИ ТҰЛҒА
Бірінші эссе
І
Мұхтар Әуезов шығармашылығы – қазақ өнерінің ұлттық және интернационалдық сипатын айрықша терең танытатын ғажап құбылыс. Ғасырлар бойы өнерпаздардың мың сан ұрпағы жасаған шебер де әсем өрнектер, әуез-сарындар, мотив-идеялар, ауыз әдебиетіндегі томырылып жатқан байлықтар, жазба әдебиеттегі қазыналар ұлы қаламгер шығармаларына нәр беріп, оның әлем мәдениетіне құнарлы, арналы өзен болып құйылуына жағдай жасады.
Кемеңгер ұлы жазушы шығармашылығы – ұлттық өркендеудің сара жолына түскен, қайта туып, түлеген, тұсаудан, езгі-қорлық, тепкі-отаршылдық атаулыдан түгел құтылуға күш салған қазақ халқының әлемдік мәні бар асыл туындылар бере алатындығын алғаш рет жария еткен, озық үлгілердің баршасының мұрагері – реализм әдебиетінің алтын қазынасындағы інжу-маржандар, адамзаттың эстетикалық байлығына айналған жалпылық мәні бар рухани дәулет.
ІІ
Табиғатынан керемет дарынды жаратылған Мұхтар Әуезовтің ұлттық данышпанымыз Абаймен, керемет қаламгер Шәкәріммен туыс, елдес, жерлес болуы – оның өмірлік тағдырында шешуші ықпал жасаған факторлардың бірі. Сахарада арыстан секілді шөгіп жатқан, әрбір сайы тарих шежіресін шертіп тұратын қазыналы, құтты Шыңғыстау – үш алыптың, Абай, Шәкәрім, Мұхтардың ата мекені, тал бесігі, Мұхтар ұлы шешесі Дінәсіл әжесінің бауырында тәрбие алып, балалық шақтың көшпелі елдегі барлық қызығын көрумен қоса, ертегі-жырды, аңыз-әңгімені зердесіне түгел құйып өседі. Осы Шыңғыстауда Мұхтар тұңғыш ғашық болған, пенрзент сүйген, тұңғыш еңбек етіп бала оқытқан, тұңғыш шығармаларын жазған, Шәкәрімнен бата алған; шырқап кеткен шағында туған ауылын сағынып келіп, апталап-айлап жатады екен; қасына әңгімешіл, өнерпаз серіктер ертіп, тау-тасты, өлке-өзенді атпен аралайды екен. 1957 жылы күзде жасы алпысқа келген, даңқы әлемге жайылған жазушы көп жылқының ішінен бұрынғы Абай ауылының жүйрігін жазбай таныды; кәрі-жасты, ел-жұртты таң қалдырып, көзіне моншақ-моншақ жас алып тұрды. Кім білген, бұл ұлы суреткердің өмір бойы жырлаған ата мекен, туған жері Шыңғыстаумен, ауылдас ағайынмен қоштасқаны екен ғой.
Білім алу жөнінен Мұхтар Әуезов қолын мезігілен кеш сермеген жоқ: ол ХХ ғасырда қазақ баласына мүмкін болған мектеп сатыларының бәрінен өтті: училище, семинария, университет, аспирантура. Даланың жыршысы Мұхтар Әуезов көп ғұмырын қалада өткізді: Семей, Орынбор, Ташкент, Ленинград, Москва, Алматы.
Дүние жүзінің бірқыдыру елдері Әуезовтің үнін естіді: Америка, Жапония, Үндістан. Қаламгер Әуезов түрлі қызмет істеді, атақ-дәрежеге ие болды: Семей губревкомының мүшесі, губисполком төрағасы, КазГУ, МГУ профессоры, академик, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты.
ІІІ
1917 жылы 5 қыркүйек күні Семей қаласында шығатын губерниялық газетте жарияланған “Адамдық негізі - әйел” атты мақалаға есімі көпшілікке белгісіз бір жігіт “семинарист Әуезов” деп қол қойды. Бұл қазақтың болашақ ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің баспа бетін көрген тырнақ алды шығармасы болатын. Абай дәстүрінде, қазақ демократтарының үлгісінде жазылған бұл мақалада жиырмадағы Мұхтар сол кезеңнің әлеуметтік көкейкесті мәселесі - әйел теңдігі проблемасын гуманистік идеялармен, педагогикалық тәрбиемен ұштастыра қарайды. Сөз саптау, сөйлем құрылысы, лексикалық байлық жөнінен стильдік даралық танылады. Әйел тағдыры, оқу-ағарту, ғылым, саясат, өнер, халықаралық жағдай, философия – осындай тақырыптарға белсенді түрде қалам тартқан Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңінде журналистика, публицистиканың алатын орны зор. Күнделікті ағымдағы құбылыстарға тез үн қату, пікірді ашық, ықшам айту, идеологиялық мәселелерге өз позицияңды анық білдіру – осы секілді баспасөз талаптары Мұхтар Әуезовтің саясатты, тарихты, философияны терең теңгеруіне, көркем шығармаларының идеялық нысанына дөп табуына ықпал жасаған, қалыптасу кезеңінде пайда тигізген жағдай лардың бірі.
ІҮ
Кезінде Сәбит Мұқанов, “Қазақ әдебиетінде драматургия жанры – тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық” деп еді. Шынында да, Әуезов – ұлттық драматургияның атасы.
Тоғыз жасынан бастап қалада өсіп, орыс, татар, театрларын көру, Европа әдебиетімен жете танысу оны реалистік драматургияға алып келді. Эпостағы, аңыздағы тұтас сюжеттерді, халықтық бейне нұсқаларын, ел тұрмысындағы ойын-сауық өткізу рәсімдерін Мұхтар Әуезов ұлттық драматургия жасауда зор шеберлікпен, реформаторлықпен пайдалана білді. Шекспир, Гоголь, Погодин шығармаларын аудару, үйрену, өсудің шынайы мектебі еді. Театрда қызмет істей жүріп, Мұхтар Әуезов қазақ актерларының тұтас буынын тәрбиеледі, білім берді. Әуезов қаламынан туған драмалық шығармаларды бірнеше тақырыптық арналарға саралап қарауға, зерттеуге болады, олар: аңызды, эпосты арқау еткен туындылар, күнделікті өмірдің әр кезін бейнелейтін туындылар, либреттолар, сценарийлер. Қаламдас достары Леонид Соболевпен, Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Әбділда Тәжібаевпен, Әлжаппар Әбішевпен шығармашылық ынтымақта жазған бірқыдыру пьесасы және бар.
Әуезов драматургиясы - әлеуметтік тартыстар, кесек мінездер, үлкен идеялар драматургиясы. Мұнда қазақ халқының қилы-қилы өмір кезеңдері жанды бейнелер арқылы сыр шертеді, ұрпақтар шеруі көз алдыңа келеді.
* * *
Әйгілі эпопеяның бірінші кітабы шыққанда Мұхтар Әуезов қырық бесте, ал тұңғыш әңгімесі жарияланғанда жиырма төртте. Осы екі ортадағы жиырма жылда суреткер негізінен пьеса, әңгіме, хикаят жазды. Алғашқы әңгімесі “Қорғансыздың күнінде” маңызды, күрделі әлеуметтік құбылыс бейнеленген. Бұл шығарманың жазылу әдісінде, сюжет құру мәнерінде, композиялық құрылымында, сөз жоқ, әлемдік реалистік әдебиеттің, ең алдымен, Европа прозасының дәстүрі барлығы айқын көрінеді. “Бейшара Лизадан”, “Қылмыс пен жазаға” дейін созылып келген гуманистік идея, адам өлімін, трагедияны көрсете отырып, үлкен сырлар шерту сарынын жас қаламгер жақсы меңгерген. Пейзажды, диалогты, монологты адам психологиясын ашудың ұтымды тәсілі ретінде пайдалану - Әуезовтің жазушылық ерекшеліктерінің бірі. Алғашқы әңгімедегі әуендер кейін, көптеген туындыларында қайта өрбіп, дамып, өрлеп отырады. Жазушылық сапардың бастапқы кезеңіндегі туындылардың ортақ сипаты – олардағы трагизм, әлеуметтік қақтығыстар, адамның ішкі әлеміндегі қайшылықтар – осының баршасында келісім, бірлікті қойып, ат кекілін кесіп кету, морт сыну, өліммен тыну бар. Мұхтар Әуезов қазақ аулын революцияға алып келген әлеуметтік құбылыстарды, антагонистік қайшылықтарды сұсты, келбетті реалистік, трагедиялық шығармалар арқылы шынайы бейнеледі.
Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Әуезов ізденістерінің қорытындысы – “Қилы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы” хикаяттары. Алғашқысында отаршылық кесапатына қарсы ызалы жүректің ашуы, екіншісінде қорлық-зомбылыққа қарсы бас көтерген шамырқанған намыс, кекті қарсылық бар. Бұрынғы жапа шеккендердің баршасының кегін қайырушы Бақтығұл секілді. Күллі кектілер оның қолына ажал мылтығын берген секілді.
ҮІ
Алдымызда жатқан Мұхтар Әуезовтің қолжазбалары араб, латын, орыс графикасымен, түрлі сиямен, қарындашпен жазылған. Әріптердің қағазға түсу қалпында асығыстық, ырғақ, екпін бар сияқты. Әуелде ойда пісіріп, ширатып, толғағын жеткізіп алған сырлар асығыс ақтарылғандай. Кей беттер тап-таза, кей беттер сан сызылған, сан алуан өзгерістерге түскен. Қырқыншы жылдардың ортасына дейін шығармаларын қағазға жазып түсіретін Әуезов кейін әуелгі нобай, нұсқаны машинисткаға, стенографисткаға айтып жаздыруды дағдыға айналдырды. Редакциялау, ажарлау, тереңдету, көркемдеу әр түрлі вариант, нұсқаларды тудырды.
ҮІІ
Абайға жеңгелері қойған Телғара деген атты айдар етіп, роман жазбақ болған Мұхтар Әуезов шығармашылық еңбектің барысында ұлттық эпопея жасауға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетті. Сөйтіп ол қазақ әдебиетін дүние жүзілік даңққа бөлеген төрт томды “Абай жолы” тетралогиясын тудырды. Бұл шығарманы заманымыздың үлкен қаламгерлері М.Шолохов, Л.Арагон, К.Федин, А.Фадеев, Л.Леонов, Ш.Айтматов классика қатарына қосты, ғалымдар арнайы зерттеп жатыр, бұл туындыны өз тіліне аударып алу – ұлт үшін мақтанға, мерейге айналды.
Романда әлеуметтік, таптық қайшылықтар тарихи тұрғыдан реализм принциптеріне лайық сипатта шыншылдықпен, тамаша, жанды, сенімді тұлғалар арқылы көркем бейнеленді. Антагонистік қайшылықтар адамдар мінездерінің шарпысуы, айқас арқылы суреттеледі. Эпопея бастан-аяқ өмір көріністеріне, динамикаға, тіршілік тынысына, қимыл қозғалысқа толы. Романда тарау-тарау, сала-сала, белдеу-белдеу жолдар бар, олардың дәл ортасындағы қасқа жол – қазақ халқының прогреске, бостандыққа тартқан, таңға қарай бет алған жолы – Абай жолы.
Тіршіліктің барлық бояуын көрсеткен ғаламат шығарманың сан алуан көркем қабаттары халқымыздың өткен тарихын, рухани әлемін, әсемдік идеяларын көз алдыңа алып келеді. Бұл романда атан жілік батырлар, ақылгөй даналар, керауыз билер, қаражүрек болыстар, жастардың мөлдір махаббаттары, аңқылдаған ақындар, ақкөңіл ата-аналар, пәк ниетті балалар, сан буынның өкілдері бар. Тау, су, өзендер бар. Ән, жыр, қара қобыз, кәрі домбыра бар. Қысқасы, “Абай жолы” эпопеясында қазақ халқының ары, намысы, арманы, мәңгілік ғұмыры көрінеді.
Қазақ тілінің бейнелеу мүмкіндіктерінің жаңа қабаттарын ашқан романда өнер адамын көрсету саласында әлем әдебиеті үшін жаңалық болған соны, зор табыстар тағы бар. Психологиялық талдау, ішкі монолог, адам жанының диалектикасын көрсету жөнінен “Абай жолы” эпопеясы әлем әдебиетіндегі барлық ғасырларда барлық халықтар жасаған ең үздік шығармалармен қатар тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |