ҮІ
Рас, ақындық, шығармашылық стихия, ыңғай, бейімділік әрдайым ықпал етер фактор. Қазақ айтады: “Әлін білмеген әлек”. Әркім өзінің туа біткен қабілетіне, әл-қуатына қарай өнер іздеуі шарт. Өлеңді оп-оңай, ат көпір жазатындар бар. Қалыңдығы жырта қарыс өлең кітаптарын көргенде, бір түрлі сескеніп қаласың.
“Өлең қиыстыра білу – ақын болу емес: аузы-мұрнынан шығып жатқан кітап дүкендері осы шындық дәлелі”, - деген В.Г.Белинский сөздері бүгінде мәнін жоя қойды ма екен? (В.Г.Белинский. Полн.собр.со. т. 11, стр. 443).
Сірә, субъекті мен объектінің арасындағы етжақындық, суреткердің тақырыбымен емірене табысуының үстіне жалпы өнер талаптары парасаттылық, эстетикалық биік мұрат, әуез, сұлулықты қосу керек шығар. Болмыс, оның сан алуан құбылыстары ырғақ, бейне, бояу, толқын күйінде, нақты, жинақы қалпымен суреткердің жүрекжарды сыры боп төгіліп, алмас қылыш жүзіндей жарқ ете қалса, тыраштанбай лап еткен шабыттан туса ғой шығарма.
Әдебиет – зоология емес. Өнер құбылыстарын топ-топқа, группа-груаппаға, мүше-мүшеге бөліп сөйлеймін деу соқыр сүрлеуге түсіріп жібереді. Бірақ қайткенде де жүйесіз болмайды. Лириканың түрлері деген ұғымның тарихи жағы да бар. Кейбір сыншылар қасапшының жалаң пышағымен ет мүшелегендей, мынау ойлы өлең, мынау сезімнің өлеңі деп, долбар билік айтып жүрді. Тіпті өнер мен болмыс арасындағы күрделі диалектикалық байланыс мәселесін қозғамай-ақ, таза психологиялық тұрғыдан ой мен сезімді қарама-қарсы қоюға болмайды. Зады, бір қалып жасап алып, күні бұрын тон пішкенше, көркем шығармашылық тәжірибесіне жіті үңілген абзал.
Поэзия өзі туралы мадақ сөзді аз естіген жоқ. Оны айтқан ең алдымен ақындар. Өнер – халықпен өнер. Бірақ өнер тобырдың, топастың, тұл көкірек, жесір жүрек талғамына иек арта алмайды. Интеллект, оқырман мәдениеті, парасат, зиялылық, тебіренгіштік – жазушы өрісі. Урбанизм әсері қазақ әдеби сынында әзір тілге тиек бола қойған жоқ. Дегенмен кешегі қазақ аулында сөз, өлең арқалаған жүк бүгінгіден гөрі салмақтырақ еді. Газет-журнал, кітап, радио, телевидение, кино – осының баршасы бүгінгі адамның уақытынан өз үлесін жырып алғысы кеп тұрады. Назар бөлінеді. Әйтпесе қазіргі поэзиядан жаттап аларлық өлең таппадым деп, ауызды қу шөппен сүрту – шын солақайлық сол болар.
Жадағай көріністерді қамту, фактілер жетегінде кету, үгіт-насихат, дидактикадан ділмәрсіп, тақпақтардан қызылсөз секілді кемшіліктерден арылып, адам жүрегінің тереңіне үңілу, философиялық біліктілік, саф тазалыққа ұмтылу – бүгінгі поэзиядағы өсу тенденциясын көрсетеді. Бұл арнаның басын халқымыздың рухани қуатынан, қат-қабат сырлары бар көне тарихымыздан, бүгінгі заманымыздың шындығынан іздеуіміз шарт.
Әйтпесе әйелім ұл таппады деп бір өлең, екі өлең, үш өлең жазуға болатын шығар, ал сол жерде көздің жасын көлдетіп отырып алу – ақынның тірлігі емес. Ауылға барғанда шай ішіп, қой жегенін айтып, басқа еш нәрсені көре алмау – ақынның тірлігі емес. Қазіргі лирикаға әлеуметтік әуен, философиялық ой, азаматтық пафос талаптары қатал.
Әркім ауызға алатын, үнемі айтылатын бір сөз бар, ол Антон Чеховтың сөзі: “Краткость – сестра таланта”. Әдейі аудармай алып отырмыз. Менің білуімше, ұлы стилист шолақтықты, келтелікті, жетпей айтушылықты мезгемесе керек. Жинақылық, ширақтық, нақтылық орайындағы қысқалықты нұсқайтын сияқты. Ал өлеңдегі қысқалыққа ойыссақ, ол поэзияның ежелгі талаптарының бірі, өнер табиғатынан туып жатқан шарт. Қысқалық қазақ поэзиясындағы өрісі тар, өзі нәрсіз ойды соңғы екі жолмен түйіп тастау әурешелігімен (ақындарша айтсақ - концовка), “қарның ашса, тамақ іш, шаршасаң, ұйықта” дейтін “пәлсәпешіл өлеңдермен” әсте шектелмес деп ойлаймыз. Кейбір қазақ ақындарының рубаят – төрттаған деген айдармен жариялап жүргендерін оқығанда, Рудаки, Хафиздардың аруғынан ұялғаннан бетіңіз қызарып кетеді.
Әлі күнге дейін татарлар рифма, қырғыздар строфа деп жатады. Бізде ұйқас, ырғақ, буын, шумақ, тармақ деген поэтикалық ұғымдар бар. Тіліміздің заңдылығын шебер пайдаланып, әдемі жасалған терминдер, қара сөз, өлең сөз – бұлар әбден сіңісіп кеткен. Ал Ахмет Байтұрсынов публицистиканы – көсем сөз депті. Қандай жарасты: қарасөз, өлең сөз, көсем сөз. Бұл қатарға верлибр – белый стих баламасы ақ өлеңді де жатқызуға болар еді. Ағу, ағып кету, ағызумен төркіндес жатыр. Тілтанумен әдебиеттанудағы негізгі терминдердің бәрін жасап берген бір-ақ адам, ол – ұлы Ахмет.
Қазақтың көне поэзиясында дәл бүгінгі мағынадағы ұйқас шамалы, құдіретті Қазтуған, Шалкиіз туындыларын ішкі ұйқас, басқы ұйқас, сан алуан бояулар, ой ұстап тұр. Батырлар жырын, билер толғауын, термелерді алыңыз – дәл осы құбылыстар қайталанады. Ендеше, қазақ поэзиясына ақ өлең сырттан келген кірме емес, өз топырағында бар, ежелден келе жатқан асыл қазына.
Бұл ретте үш ақынды – Мұхтар ақынды, Жүсіпбек ақынды, Ғабит ақынды бөліп, даралап, оқшау атау керек. Олардың қарасөзінен, драмаларынан өлеңнің сан алуан үлгілерін табамыз.
Қазақтың бүгінгі поэзиясының берекелік ізденіс бағытының бірі – ақ өлең.
Өлең ырғақ үшін емес, ырғақ өлең үшін. Ендеше, суреткерлік тәжірибеде пайда болған ырғақ жасаудың жаңа тәсілдерін қолға таяқ алып қуа алмайсың. Мәнсіз, нәрсіз формалистік орай туралы сөз басқа, ал идеялық мұраттан, стильдік мақсаттан туған, колорит үшін, көркемдік үшін қолданылатын амалдарға ат қойып, айдар тағып, одан оқырманды үркітіп – шошыту тенденциясы салиқалы әдебиетке жараспайтын мінез.
Әдебиет жанрларының ішіндегі әрі көне, әрі айрықша дамыған сала – лириканың негізгі ерекшелігі құбылысты әрқашан дара күйінде, субъективті қалыпта бейнелеуінде. Ұсақ ауытқуларды есептемегенде, бұл пікірге Аристотель де, Гегель де, Белинский де, Байтұрсынов та, Ахметов те қазіргі оқымыстылар да ден қойған.
Түбегейлі зерттеп қарағанда, лириканың өзегінде әрқашан эмоция, сезім жататынын көреміз. Бірақ кез келген толқу, кез келген әсер лирикалық шығарма тудыра алмаса керек. Дүниеге лирика әкелетін - әлеуметтік, моральдық, философиялық, гуманистік мәні бар толғаныстар, көңіл күйі, сезім бұрқағы.
Суреткердің, ақынның Мені һәм қоғамдық ой, қауымның, халықтың көкейкесті сырлары астасып кетеді. Ел үшін, жалпақ жұрт үшін мәні бар әлеуметтік идеялар, сезімдер, тебіренсітер ақынның субъективтік көзқарасында өзгеріп, ақын қиялымен қайта балқып, сом суретке, әсерлі бейнеге айналады. Осындай бауырлас, осындай астасу болғанда ғана өмірге шын мағынасындағы өлең келмек. Лирика даралығы дегеніміз – жалыпылық, жинақтаушылық мәнге ие ақын сезімінің жалыны, ой тереңдігі, ол ең алдымен қоғамдық талапқа, әлеуметтік тілекке, адамгершілік шартқа, жауап беруі керек.
Бұл аңғардан тыс ешқашан да ұлы шығармашылық, ақын болмақ емес.
Әдебиет мәселелерін қарастырғанда үнемі есте тұтар принцип – тарихи көзқарас тұрғысынан келгенде, лирика дамуындағы заңдылықтарды жақсы аңғарасың. Лирика адам тұлғасының, ақын субъектісінің дараланған, жеке кісінің табиғат пен қоғам арасындағы күрделі байланысты ажырататын кезінен бастап өрлейді. Қадым заманда өмір кешкен қазақтың ұлы жырауы Шалкиіз жырларында толғағы жеткен ауыр ойлар, бұрауы қатты күйлер бар. Оның орақ ауыз, от тілді сөзін ғана емес, суық жүзді алдаспанын да беліне байлаған секілді Махамбет.
Сан алуан сұмдық трагедияларды басынан кешсе де, еңкеймеген халықтың өр қайраты, зар-мұңы, психологиясы, қанаушылықтың қан сорғалатқан қыспағынан туған неше түрлі типтер, адам сезімдерінің толып жатқан нюанстары, ұлттық колоритін тапқан суреттер – данышпан Абай лирикасында осы алуандас оның поэзиясын әлемдік шедеврлер деңгейіне шығарған мәйек қасиеттер, ерекше сипаттар бар.
Қазақ поэзиясының өрлеу кезеңдері халқымыз басынан кешкен әлеуметтік күреспен, қоғамдағы мағыналы өзгерістермен тығыз байланысып жатыр. Бүгінгі поэзия – заманның көркем шежіресі. Бір кезде коммунистік деспотизм, әкімшілік кесірінен, культ қырсығынан, шаруашылық науқандардың желеуінде кетудің салдарынан өрбіген сыпыра мақтау, одашылдық қазақ лирикасында зиянды әсер етіп, кейбір суреткерлердің табиғатында, рухында бар мүмкіншіліктерді толық пайдалана алмағандығын аруақты ақындар Әбділда Тәжібаев пен Қалижан Бекхожиннің өкінішпен айтқандары белгілі.
Қазақ прозасына қарағанда, қазақ поэзиясы мен драматургиясының үні шет ортада бәсең естілгені ешкімнен жасырын сыр емес. Расул Ғамзатов, Эдуардас Межелайтис, Қайсын Құлиев, Мұстай Каримдердің орысша аударылған жырлары қалың оқырманға, көпшілік аудиторияға кең тарады.
Қазіргі үстемдік пен азаттық, гуманизм мен фашизм, демократия мен терроризм, діншілдік пен атеизм, жақсылық пен жауыздық арпалысқан, қайшылықты кереғар заманда лирика ақша бұлтқа таңдай қағып, жапырақ сыбдырына тамсанып, қыз балтырына сұқтанып қана отыра алмайды, бүгінгі ақын – ойшыл, бүгінгі ақын – күрескер. Қазақ жырын алғы шептен көргіміз келсе, құр қомағайлық емес шығар-ау онымыз.
ҮІІ
Бірқатар оқымыстылар – Тимофеев, Волькенштейн, Борев, Кургинян, Карягин, Хализев драманың жанрлық сырын бек түсініп, зерттеу үшін сөз өнерінің табиғатын аңғарып, теориялық қағидаларды біліп қою жеткіліксіз деп санайды. Расында, драманың күрделі сипаты, өнердің басқа салаларымен тамырластығы мәселені сабақтас қарауды талап етеді.
Драмалық шығармалар көне Грецияның өзінде сахнаға қою үшін жазылғаны аян. Шекспирдің барлық пьесаларында театр шарттары ескерілгенідігі авторлық ремаркалардан айқын көрініп тұрады. Түптеп келгенде, драматург спектакль қамы үшін, авторлық идеяның ұштала, тереңдей түсуі үшін музыка, би, кескін өнері талаптарын да бір бүйрегінде сақтайды. Сөйтсе де, драманың жанрлық бітімін айқындайтын алтын өзек әдебиет шеңберінде жатқаны хақ.
Әманда драма арқауы - әрекет, байсал тапқанша тынбайтын жанды өмір әрекеті. Бұл ұсақ-ұлан интрига түрінде де, үзді-жұлды ұстау түрінде де, әлеуметтік-қоғамдық тартыс түрінде де көрініс береді. Эпостағы мен лирикадағыға қарағанда драмадағы қақтығыс жалаң қылыш жүзіндей өткір, серпінді қақтығыс.
Сюжеті шымыр, композициясы берік, моральдық, әлеуметтік көзқарастар тартысы айрықша айқын көрінетін пьесалар әлемдік әдебиеттегі философиялық тереңдік пен поэтикалық сұлулықты ұштастырған жауһар туындылар болып есептеледі. Әдеби әдістердің ауысуына байланысты, көркем шығармашылық тәжірибесіне сәйкес драма теориясы да сан өзгеріске түскен. Көне грек трагедиясында жазмыш – бірінші күш, ал Шекспир пьесаларында қайғылы халдің негізгі себепкері – қоғамдық әуен, әлеуметтік сарын.
Тарихи жағынан ежелгі үлгі болып табылатын грек трагедиялары әуел баста халықтың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, мифологиясы негізінде туған: молшылықтың, жастықтың, қуаныштың, шараптың құдайы – Дионисті жат, қаһарлы күш иелері – титандар өлтірген; халық Дионистің қайта тірілуін тілеп, жылда көктемде құрбандық шалады.
Тасаттық үстінде айтылған жыр мазмұны жағынан байып, түр жағыннан өзгеріп, бірте-бірте эволюциядан өту арқылы жаңа жанрға айналды. Карл Маркс өзінің сүйікті жазушыларының қатарында трагик-ақындар Эсхил мен Гетені атағаны, бір кезде Фридрих Энгельс, Ян Гус өмірінен трагедия жазбақ болғаны мәлім. Бұл жанрдың оқырман, көрерменге, ерекше әсер етуінің бір себебі қашанда өмір мен өлім, жарық пен түнек, ақ пен қара шайқасының алға тыртылуында жатыр.
Трагизм проблемасы әр қырынан қарауды талап етеді. Кез келген өлім трагедия емес. Шығармадағы кез келген кейіпкердің опат болуы оқырманды тебіренте алмайтыны рас.
Көне грек әдебиетіндегі трагизм адам мен құдай (“Бұғауланған Прометей” пьесасын еске алыңыз); адам мен тағдыр, жазмыш (“Патша Эдип” пьесасын еске алыңыз) араларындағы тартыстардан туған.
Әлем әдебиетіндегі трагизм бірден-бірге күрделілене түсіп, жеке бастың тағдыры мен халық тағдырын, қоғам тағдырын астастыра көрсететін биік өреге шықты.
Әлеуметтік күрес жолында әлі өзінің ішкі мүмкіндіктерін ашып бітпеген бағыттың жеңіліс табуы, яки сол ағымның көш басшысының опат болуы – трагедия.
Келешекте салтанат құрар идеяны ұстанған жанның мезгілсіз күйреуі – трагедия. Бұл тұжырымдарға марқайған әдебиеттерді былай қойғанда, барлық халықтардың фольклорынан көптеген қызықты мысалдар табамыз.
Драма – трагедиялық элементтер мен комедиялық элементтерді аралас пайдаланудан туған жанрлық форма ретінде қаралады. Мұнда емеурінмен астарлы ойларды беру; кейіпкерлердің психологиялық қалпына сәйкес сөздермен мінез жасау, фольклорлық әдістерді, афоризмдерді пайдалану, сырттай қарағанда, кірігіп тұрмайтын көріністерді түйдектеумен әлеуметтік топтарды бейнелеу сияқты әр драматург өз ыңғайына қарай қолданатын сан алуан құралдар сахна мен аудиторияны, қаһарман мен көрерменді бауырластыру үшін, авторлық идея терең ашылып, көркемдік бояуымен буы бұрқыраған күйде қауымға тез жетуі үшін қызмет етеді.
Өмірдегі кездейсоқ жәйттерді талғамай, елеп-екшемей, ой таразысынан өткізбей шығармаға тықпалау - өнер жанына қас нәрсе. Құбылыстың терең астарына бойлап, қайшылық өзегін ашып, байлам жасау орнына, болымсыз, татусыз, ұсақ-түйекке шүйлігіп, шыбын-шіркей қуғандай ұсақтап кету шала-жансар дүбаралар тудырары хақ.
Дездемона жүрегін жаулаған Отеллоның арыстан қаһармандығы, Маша мен жер ортасына келген Вершининді бір-біріне ғашық еткен екеуінің басындағы ұқсас трагедия – махаббатсыз, тастай суық, зайыптық сор өмір. Осы секілді психологиялық толғаныс, мінез құбылыстарының табиғи қалпын жанр шарттарымен байланыстырып, лайықты үйлесіммен көрсете алмау – қазақ пьесаларының үлкен міні.
Өзіне шақ қылықтарымен, іші-тысы ашылып келе жатқан кейіпкер сенімсіз қадам басқан соң, шығарма идеясы буылдыр тартып, әр түрлі сарын тұман секілді тарап кетеді.
Салмақты оймен жіті көз жіберсек, драманың жанрлық сипаты мен көркемдік құралдарын бажайлайтын бұрынғы теориялық концепциялардың кейбіреуі бүгінде шатқаяқ тартып, өнер тәжірибесі ескі канондарды бұзып отыр. Жанр шекарасын айқындағанда, “драма дәл қазір болып жатқан оқиғаны көрсетеді” дейтін ежелгі пікірдің жаңсақ тарта бастағанын ұғыну қиынға соқпайды.
Қазақ драмасының қазіргі өрісін барлағанда, өнер дамуының тұтас тенденциясына айнала бастаған жанрдың бұрын аңғарылмаған ішкі қуаттарын өрбіту факторы төбе көрсете бастағанын айту ләзім.
Бүгінгі әдебиетте документ, факт, деталь, болған оқиға, дерек әсері күшті. Атом бомбасын жасаған физик Оппенгеймерге байланысты сот ісінің протоколы, ағылшын драматургі Бернард Шоудың хаттары... пьесаға айналды. Роман, поэмалардың сахнаға шығуы, көне архаикалық түрлердің қайтадан тіріліп, кәдеге асуы, драмада эпостық әдістерді, лирикалық бейнелеу құралдарын кең пайдалану жанрлар шекарасының жойылуын, ғасырлар бойы қалыптасқан өнер арналарының бұзылуын көрсетпейді, бұл – қазіргі әдебиеттегі ішкі бұлқыныс, үдей өсу тенденциясының, даму заңдылықтарының айғағы.
Өлмес өмір, мәңгі тіршілік – адамзаттың ежелгі арманы. Жарық дүниені ешкімнің де қиғысы келмейді. Тумақ бар да өлмек бар. Сонда өлім бейдауа, бет қаратпас бейбақ па? Не деуші еді қазақтар? “Әкеден ұл туса игі еді, әке жолын қуса игі еді”. Өмір базары толқын-толқын ұрпақтар көшімен жаңарып, жасарып, әмсе жайнап тұрмақ.
Өмір, өлім хақындағы көне ғажап аңыздардың бірі Қорқыт ата есіміне байланысты айтылады. Бұл - өлімді жеңген ғаламат құдіретті өнер жайлы халықтың дана жыры, терең философиясы. Осы аңыздың негізінде Гетенің “Фауст” тектес дүние жазуға болар еді-ау. Рас, Мағжан дастан тудырды. Ал, композитор қайда?
Бүгінгі таңдағы әдебиет фактілеріне қарасақ, күрделі тенденциялардың бір арнасын трагедия ауылынан көреміз. Беккет, Ионеско сияқты драматургтер “атрагедияны” жақтайды. “Қоғам мен адам бір-біріне жау, өш қазіргі заманда шын мәнісіндегі трагедия тууы мүмкін емес”, - деп есептейді олар.
Әдебиет жанрларының ішіндегі жауһары, поэтикалық шедевры – трагедия құрыды десек, онда өнер мүмкіндігі жойылды дегенге де ден қоясың. Бұл – дәлелсіз концепция, өнердің күнделікті тәжірибесі, даму өрісі бекерге шығарып отырған, қосылуға болмайтын жат, жалған тезис.
Комедия жанрлық ерекшеліктері, сюжет құру, композиция жасау, бейне қалыптау жағынан трагедиямен ұқсас. Неге күлеміз? Мақсат пен мақсатқа жету жолындағы әрекет арасындағы кереғарлық, адамның сөзі мен ісінің арасындағы айырмашылық, жағдайға лайықсыз мінез көрсету, қоғамдық аренадан кеткен күштердің далбаса тірлігі – осындай толып жатқан күлкі тудырар себептер бар.
ҮІІІ
Әдебиет – үлкен құбылыс, өзгермелі процесс. Сондықтан оны жыл шеңберінде алып қарау шартты нәрсе, жеке шығармалардың өмірге келуіне себепкер болатын субъективті, объективті жағдайлар, әрқайсысының жазылу тарихы бұл ойымыздың ақиқаттығын растай түспек. Жыл жемісіне көз салу, әдебиеттегі соны дүниелердің жалпы бағасын беру, өнердегі негізгі тенденциялардың бағдарын анықтау үшін қажет болса керек.
Мәселен, 1967 жылы жарияланған қазақ әдебиетіндегі проза үлгілерінің ұзын саны қырықтан асып жығылады.
“Қазақ романы кітапханасы” сериясымен шыққан тоғыз шығарма халқымыз бастан кешкен тарихтың әр түрлі саласын қамтиды. Бұл романдардың көтерген өмірлік материалдары, бейне жүйелері, көркемдік тәсілдері, әдебиетіміздегі орны деген мәселелер төңірегінде бірқыдыру толымды ойлар жинақталғанмен, бүгінгі биіктен, бүгінгі өреден сол туындыларға қайта бір назар аударып, байлам жасау артық емес сияқты.
Байқап отырсаң, әр суреткердің еңбек стилі, шығарма жазу тәсілі әр түрлі, бұл – аса ауыр, әрі қызықты жұмыс. Егер арнайы зерттесе, құнарлы тұжырым тудырар объекті. Әлемдік әдебиеттегі құдіретті таланттың бірі Стендаль кеудесіндегі қуатты қайда саярға білмей, біресе офицер болып, біресе саясаткер болып, баста тауға, тасқа соғып жүріп-жүріп, ақыры, әйгілі романының көп жерін айтып тастаған ғой. Жазбаған, айтып тастаған. Хемингуэй болса, таңғы алтыдан түскі он екіге дейін түрегеп тұрып машинка басқан. Он жыл. Жиырма жыл. Отыз жыл. Испанияда жүрсін, Африкада жүрсін – бәрібір. Таңғы алтыдан түскі он екіге дейін оны еш нәрсе - әйел де, шарап та, таныстары да мазалай алмаған. Күнде осы.
Қазақ шешендік өнерінің қазанында туған Әуезовтің әуелі ауызша төгіп-төгіп алып, артынан үш рет, төрт рет, бес рет қайта қараған қолжазбалары шеберліктің үлкен мектебі. Қаламгерлің азабын шен-мансап рақатына, әкімнің билігіне айырбастамаған Бейімбет менің көз алдыма әрқашан түнгі шам жарығында столға бүкшие түсіп, шұқшия жазып отырған күйде ғана елестейді.
Бір қазақ жазушысы Ертіс – Қарағанды каналының болашақ арнасын жаяу жүріп өткенде жұрт күлген еді:
- О, тоба, бақсы да бір, жазушы да бір. Сонша арып-ашып, қаңғырып, басына не зобалаң түсті екен, мұндардың? Үйінде, қатын-баласының қасында шимайлай бермей ме онысын?..
Бұл бір шалдың сөзі.
- Анау әлгі, кім еді? Француз, саяхат жайлы жазатын... Жюль Вернді айтам. Сол заңғар рас болса, Парижден қозы көш аттап шықпапты дейді ғой. Тіпті теңіз көрмепті бәтшағар. Сол шайтан жазбаған ел бар ма? Біздің жігіттер жалаң аяқ жүріп кітап жазбақ, әурешілік-ай! – деп қағытқан бір ақын.
Қалай дегенде де, жаяу жүрсін, машинаға мінсін, ұшақпен ұшсын, әйтеуір қаламгердің қанжығасы әр сапардан майланып қайтпақ. Мынау ақиқат: еш уақытта жақсы тақырып жаман туындыны өрге сүйреп шығара алмайды. Өмірлік шындық көркем шындыққа айналмай тұрып, дерегі бар, негізі анық кейіпкерлер әдеби бейнеге көтерілмей тұрып, әлі суреткер қиялында балқып, қайта құйылмаған материалды, дабырасы жер жарып жатқан әлеуметтік ортадағы машықты ситуацияны бәз қалпында кітапқа тықпалағанмен, іс бітпейді.
Ізденістердің ендігі өрісі көркемдікке ден қоюға, адамдардың пластикалық бейнелерін жасауға, идеялық тереңдікті мұрат тұтуға ойысуы шарт.
Аягөз атырабы арғы заманнан қалған, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болған Баян сұлу хикаясын қызығып, тамсанып, қастерлеп әңгіме етсе, Айғыз ерлігін де көкірек кергендей зор мақтанышпен ауызға алады. Сол халық мақтан тұтқан Айғыз қаһармандығын алғаш қағазға түсіріп, көпке паш еткен – Қалмұқан Исабаев, Әуелі хабар жазылды, одан кейін мақала, одан кейін очерк. Енді қолымызда роман. Материалдарын қарастырып, жинауы бар, ел есіндегіні топтап сұрыптауы бар, жазуы бар – бұл кітап он шақты жылдың жемісі. Және автор бірнеше шығарма беріп, төселіп, белге шыққан шағында ұсынған туындысы. Сондықтан үлкен проза талаптары, романның жанрлық шарттары қалай орындалды деген сұрауларға жауап іздеу әбден заңды.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ ауылы бірнеше романда реалистікпен, көркемдік шеберлікпен суреттелгені аян: әр түрлі әлеуметтік топтар психологиясы ашылған іргелі, қабырғалы тартыстар арқылы қоғамдық қайшылық көрсетіліп, әр түрлі типтер бейнеленген еді. Көшпелі тіршілік суреттері жадымызда қалған.
Сол дәуірді тағы көрсетпек болған жазушы үшін ескі сүрлеу, бағзы соқпаққа түсіп кету оп-оңай. Басқа жәйттерді айтпағанда жаз, жайлау экзотикасы, қысқы боран романтикасы “жаз мені, мені жазсайшы” деп қаламға өзі сұранып тұрады. Ру тартыстар соңына бір түсіп алған кісіге дайын тұрған қақтығыс емес пе? Кедейге істеген байдың зорлығын қос бұған. Он-он бес кейіпкерді сол діңгекке ұзын арқандап, айналдырып-айналдырып жіберсең роман қайда қашады?
Сонда ел есіне оқшау ерлігімен, сұлу өмірімен қалған аяулы, ардақты жанның бейнесі қалай жасалмақ? Басқалардан қайтсе дараланады? Бұрыннан белгілі ситуациялар жетегінде кетпей, алтын өзек табу жолы қайсы?
Автор Айғыз кешкен өмірді, оның шыққан ортасын эпикалық шығарма мақамына сай оқиғалардан бастайды. Жаз жайлау, күз күзеу, қыс қыстауды емес, Қалғұты өзенінің бойын мекен еткен аз ру Төлендердің тірлік талғажауын жерден, егіншіліктен таппақ болған талабын бейнелеу арқылы қаратабандар, қарасирақтардың бірте-бірте әлеуметтік күреске тартылуы көрсетіледі.
Бойжетіп қалған Айғыз басындағы алғашқы қатер – құдалық төңірегіндегі шытырман суреттеледі. Құда түсе келген тобықтылар комикалық-сатиралық ыңғайда алынған.
Алғашқы тарауда мінездік-кісілік ерекшелігімен көзге түсетін кейіпкер – Садырбай ғана. Ата дәстүрді, ежелгі сүрлеуді бұзып, жер емшегін саууды мұрат тұтып, білек сыбанып отырған тәуекел иесі. Үрім-бұтақ, ауыл-аймағына айдыны, айбары, абыройы бар ел шалы.
Үлкен тартыстың алғашқы жарқылы Айғыз ағасы Тұмарбайдың Асықбай жуанның белдеудегі айғырын мініп кетуінен басталады. Оқиғаға қатысы аз болса да, бір-ақ рет көрінсе де Асықбай мінезі есте қалады. Ол сыбырлап отырып, мысыңды құртатын, сипап отырып, қаныңды ағызатын сұрқия. Ұлы Рақым әке қаруын ұштай түскен.
Біртоға, қолынан өнері тамған іскер жігіт, адал жар Бақимен Айғыз кешкен өмір көктемгі сағымдай ғана сылаң етіп өте шығады. Көктей орылады Бақи.
Алда – жалғыздық, жесірлік, жетімдік өмір. Ендігі оқиға түгел қалада өтеді. Қылықты сұлу, көкшыбықтай келіншек – көңілдің желігі, көздің құрты. Рақым сияқты аспандағы айға қол созған алпауыт үшін ниет етсе, бітті емес пе? Емеуірін білдірсе, өзі келмес әйел заты бар ма екен?
Қыр соңына түсіп, бірде қорқытса да, бірде бауырына тартса да илігер Айғыз жоқ. Ә, солай ма? Рақым өштескен адамның қай жерінен ұстауды, қалай қансыратуды ешкімнен сұрамас.
Қалғұты суын байлап, қалт-құлт тамақ асырап отырған Айғыздың төркіндеріне төтенше кесел Рақымнан келді. Тізелі саудагер арнаны байлап тастамақ. Талай характерлерді ашуға мүмкіндік беретін осы қызу оқиғалы ситуацияны жазушы жеріне жеткізбей, асығыс, оп-оңай қожыратып алған. Бір жағынан туыстары тентіреп қалардай қиындық, екінші жағынан аш қасқырша жалаңдаған Рақым анау. Айғыз жә десе, суды босатады, әйтпесе үйелменді жан бір күнде қырылып қалса, қыңқ етер сыңайы жоқ. Осы шиеленіскен сәтті автор одан әрі күшейте түсу орнына, былқ еткізіп тастай салады. Сәтімен табылған, алғашқыда ерекшеліктерімен көріне бастаған Тұмарбай, Жамантайлар тартыстан шет қалғандықтан, олардың мінезі ашылмайды. Кітаптың үлкен міні тартыстың тұтас арна, үлкен ағын ретінде көрсетілмеуінде жатыр. Қарама-қарсы ыңғайдағы кейіпкерлер арасындағы күрес үйірім-үйірім су секілді әр жерде үзіліп қала береді. Бір кеткен соң Айғыздың туған ауылына ат ізін салмауы да сенімсіз.
Тарихи Айғыздың әлеуметтік айқасты түсіну дәрежесіне көтерілуі жолындағы үлкен фактор өзі бастан өткерген өксік азабы, қайғы-қасіреті екені хақ, революционер Сабыржан Ғаббасов әсері аз болмағаны рас.
Қара танымайтын сауатсыз әйелдің революционерлер қатарына көтерілуі – адам санасындағы аса күрделі рухани эволюция. Романист алдында тұрған асуы қиын өткелдің бірі сол есею жолын реалистікпен, психологиялық сенімділікпен бейнелеу талабы болса, жазушы бұл мақсатына жете алмаған.
Шығарманың екінші, әсіресе үшінші бөлімінде асығыстық, бірді айтып, бірге көшу бар. Характерлер, мінездердің өзара шарпысуы, пиғылдар, көзқарастар тоғысуы суретпен, бейнемен берілу орнына, сырт қимыл, оқиға сорабы басып кетеді.
Ерлігі халқының аузында аңызға айналған Айғыз сынды жанның ақырғы сәттерін терең толғанып, тебірене толқып жазу керек еді. Бұл ретте көкейге қона қоймайтын салтанатты мақам емес, трагедиялық сарын қажет. Ал, Айғыз өлімі эпизоды көзіңе жас алдырмақ түгіл, селт еткізбейді. “Тынық Донның” соңғы беттерін тағы бір оқыңыз, кезеңдер, дәуірлер туғызатын кереғар ағымдар қақтығысының трагизмі қандай болатынын көркем проза тілімен айтып берген ғой. Ара-тұра болса да классиктер тәжірибесіне көз қиығын салудың қай жазушыға да артықшылығы жоқ секілді.
Шығарманың бояу-өрнектеріне айтылар дау аз емес. Кітап бел ортадан ауған соң мүлде сұйыла бастайды: тақ-тұқ, әр қолдан бір өткен тіркестер, бедерсіз, нәрсіз сөйлемдер, қатар қонбас, қатар қонса, бір-бірінің берекесін алатын, зорлап қосақталған көз сүрінетін сөздер.
Жазушы “Айғызға” қайта оралып, көп жіптерді ширатып, көп буындарды тиянақты бекітіп, кейіпкерлерін сомдай түсуі қажет-ақ.
Прозада байқалған соңғы жылдардағы құбылыс – көлемінің ықшамдалуы, форма өзгешеліктері. Бұрынғы романдар жырта қарыс болса, енді шынтақ елі романдар көріне бастады. Рас, жанрды анықтауда көлем, сан белгілі мөлшерде қызмет атқарады, бірақ ең негізгі критерий ол емес. Тургеневтің, Мопассанның шағын көлемді романдарында әлеуметтік салмақты проблемалар көтерілген, бейнелер тұтас құйылған, көркемдік идея зергер шеберлікпен берілген.
Қазақ романдарына да қойылар сол талап. Әйтпесе өзі де шұнтиған, мазмұны да шұнтиған, кейіпкерлері де қораш, идеясы да қораш роман шапанын жамылған сұрқай кітап-әдебиет бағында өскен арам шөп, өнердің таза денесіне шыққан сүйел.
Жекен Жұмақанов көпшілікке новеллист ретінде мәшһүр болған жазушы. Өмірдің бір кесегін кішкентай детальмен көз алдыңа әкелу, оқиға сонылығы, ерекше жәйт, қазақтың әңгімешілік дәстүрімен іштей бауырластық – Жұмақановтың шағын прозадағы туындыларына тән сипаттар.
Қалтасы қалың ағайдың үйіндегі жеңгеміз: “бір үй болған соң – бір кеме керек екен” дегені секілді, жазушы болған соң, бір романды мен де домалатып тастайын деген желбуаз көрсеқызарлар аз емес. Шығарма “анау сөйткенде, мен сөйте алмаймын ба” деген бәсекеден емес, қабілет ыңғайына қарай объектімен етене табысу, интеллект шамасына, икемділікке орай табиғи заңдылықпен туғанда ғана жемісті болмақ.
Жұмақановтың “Соқпақ соңы” романының оқиғалар ағысынан, бөлімдер арасындағы байланыстан, тартыстар қалпынан, бейне жасау тәсілдерінен әңгімешінің қолтаңбасы көрініп отырады. Оқиға кең, аумақты көлемде емес, тар, дөңгелек шеңберде өтеді. Қысталаң ситуациядағы тартысқа түсетін адамдар саны шағын.
Бұрынғы шығармаларда қысқа қайырып, келте доғарып машықтанғандықтан болар, романда бір сюжет линиясының бауыры жазылмай, көбесі сөгілмей жатып, екінші кемерге ауысып кету олқылығы жиі ұшырайды. Бірінші тараудағы қара бұлттай түйілген, көп адамның басына пәле әкелердей қалың тартыс тарам-тарам арна мен қомақты қалпында өріс алса, мінездер ашылып, аласапыран кезең шындығы тереңдей көрініс беретін еді. Жазушы бұрылысты, күрделі композициядан бас тартып, негізінен, бір тағдырды бейнелеуге ден қойған. “Соқпақ соңы” – орташа мүмкіндігі бар, орташа қабілетті адамның революцияға келу жолын суреттейтін шығарма. Жас жігіт Саржанның 16-жыл сергелдеңінде Уәли байдың қысас қырсығынан әскерге алынуы, көтерілісшілер тобына қосылуы, одан Семей баруы – ұзын сүре хикаяға мұрындық болған.
Тартысты суреттей өрбіту орнына, жазушы кейіпкерлердің ата-тегін, өмірбаяндық жәйттерін өзі хабарлап, баяндап кетіп, суреттілік, бейнелілік, көркемдік әлсіреген. Зады роман көлденең әңгімені, бұра тартып қиыс сөйлеуді көтермейді, шығарманың архитектоникасы жымдасып, қияласып тұруы шарт, формадағы бөлек-салақтық мазмұн жұтаңдығына, идея мардымсыздығына еріксіз жетелеп апарады.
Саржанның Семей кезеңін суреттейтін беттер “Соқпақ соңының” сәтті тұстары. Саржан – Халуа линиясында дәлдік бар. Бай қызы өз есігінде жүрген жалшы жігітке ғашық. Қаза ішінді бұрын белгісі кәсіп – тыңшылықпен байып алған қыз әкесі Баймағамбет қанша тіміскі, қанша сұғанақ болғанымен, бұл жұмбақты сырдан бихабар. Большевиктермен жең ұшынан жалғасқан Кенжебай Көбековті құтқарушы өз қызы екенін де әккі тыңшы сезбейді.
Саржанның Жаркентке келгеннен кейінгі бастан кешкен оқиғалары сенімсіз, психологиялық жағынан тиянақталмаған. Бірнеше тартыс жүлгелерінің басы қосылмай тұр.
Жаңа заман, жаңа кезең жалпы өнер алдына әрқашан ауыр проблемалар тартса, мұны шешуде әрбір суреткер тағы да толып жатқан айрықша қиындықтармен белдеседі. Ал соғыс пен әдебиет арасындағы өзара байланыстың күрделілігі адамзат қоғамындағы бұл құбылыстың философиялық, психологиялық, моральдық институттардың барлығын да бейбіт күндегіден әлдеқайда шытырман қалыпқа салатындығында жатыр. Достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, махаббат пен зұлымдық, ерлік пен ездік, арман мен аза, қуаныш пен қайғы, ақ пен қара адам қаны дариядай сапырылғанда, мидай араласып кетеді. Соғыстың аждаһа құйыны миллиондаған пенде тағдырын құмдай үйіреді.
Қысылтаяң, тас босаға, қыл көпірде жалғыз тарақ ұран қағаздың өзі қандай қызмет атқарғанын жақсы білеміз, шынын айту керек, соғыс жөніндегі бірталай шығармалар таза үгіттік, насихаттық ыңғайда келеді. Мұндай туындылардың кезінде пайдалы қызмет атқарғаны анық.
Ал бүгін жазылатын дүниелерге қойылар шарт басқа, әдебиетіміздің әскери тақырыпты игерудегі жиналған тәжірибесі, көтерілген белес, алған асуларымыз ескеріліп, жаңа үнді, жаңа ырғақты, шыншыл кітап тусын. Ескі сүрлеу, көне соқпақпен тартқан қаламгер халі сары жұртқа қалған сынған кесе, жыртық қапшықты көтеріп алған бейсауат жолаушының қолайсыз, кісі қызықпас жағдайын еске түсірмек.
“Қарға тамған қан” – Сәуірбек Бақбергеновтың Отан соғысы тақырыбына бағыштай жазған екінші еңбегі. Роман-новелла деп атаған автор. Әлемдік әдебиетте кілең әңгімелер негізінен туған романдарды ондап санауға болады. Алысқа барып, ат терлетпей-ақ мемуар дейік, роман дейік, С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешуін”, С.Мұқановтың “Өмір мектебін” алайық, әр тарауы – жеке-жеке хикая. Ғ.Мұстафиннің “Көз көргендері” бас-аяғы балғадай, дөңгеленіп біткен әңгімелерден тұрмай ма?
Әрине, барлығының басын біріктіретін өзекті арна, ортақ кейіпкерлер болмаса, олар роман емес, әңгімелер жинағына айналып кетері айтпай-ақ түсінікті.
“Қарға тамған қан” романы жас лейтенант Досовтың атынан баяндалған. Мұндай тәсіл көп сыр ашуға, көкейкесті шындықты айтуға, шешіліп сөйлеп, ағынан жарылуға мүмкіндік береді. Бұл – тиімді жағы. Сюжет бір жақтан баяндалған соң, күллі оқиғаны бір көз көріп, бір ауызбен айтқан соң, шығарма өрісі тарылып, тыныс бәсеңдеуі мүмкін. Бұл – тиімсіз жағы. Қолымыздағы кітапқа жазушы таңдал алған форманың жақсы шарапаты да, ұнамсыз салқыны да тигені көрініп тұр.
Әр бөлім арқауында дербес оқиға, сюжет бар. Кітап бітімінің күнілгері белгіленген кескіні шығарма мазмұнына ықпал жасаған: оқиға көсіліп жайылмай, ықшам, жинақы пішілген. Әр эпизодтағы әрекетке қатысатын адамдардың аз болуы психологизмді мұқияттауға, ой тебіреністеріне мән беруге қолайлы жағдай жасайды.
Адамдар – құдай да емес, періште де емес: қай ғасыр, қай дәуірді алыңыз, бәрібір. Әсіресе, толарсақтан қан кешкен соғыс кезінде адам – пенде. Өнер адамды ұлылығымен, күнәһарлығымен, азап-қайғысымен, қуат-қайратымен, арман-тілегімен қат-қабат, қос қыртыс күйінде бейнелеп бере алса ғана өнер. Жарылған бомба, атылған оқ, төгілген қанды кинообъективтен дәл түсіретін не бар? Бірақ ол әлі өнер емес. Қай жерде, қашан, қалай, қандай жағдайда, қандай себепті не болды, не өтті – мұны дәл айтатын – хроника. Бірақ жылнама жүрек лүпілін, саусақ суынуын, сезім мен ойды, жан дүниені бере алмайды. Адамзат басынан айықпай келе жатқан дерт – соғыс жайлы әрбір жаңа туындыдан ең алдымен іздейтініміз шындық, у қорғасындай ащы шындық.
“Қарға тамған қан” романындағы сәтті табылған кейіпкер Нәлқараның майдан жолдарынан гөрі елдегі өмірін бейнелейтін беттер сенімді жазылған. Атқа, ботаға байланысты әңгімелер тартымды.
Романдағы барлық тараудың бір ыңғайда басталып, бір қалыпта аяқталуы, көбінесе моральмен тынуы оқушыны жалықтырады. Кейде автордың оқиғаға ықтиярсыз қатысуы, жалпы мақамға, жалпы колоритке жарамсыз топшылаулардың, пәлсапаның мінбелей еніп кетуі – шығарманың олқылығы. Көп тарауларда соғыстың адам жанына салған қанды жарақаттары емес, пышақ сызып кеткендей ғана халдер баяндалған. Бауыржанмен неше рет кездескенін жіпке тізгендей санап беру, көркем сурет салып отырып, “пәлен философтың пәлен сөзі”, “түген философтың түген сөзі” деген цитаталарды қыстырып жіберу де қажет емес еді.
Өміршең дүние қажырлы таланттың тиянақты, тынымсыз еңбегінен тумақ. Қолжазба сиясы кеппей жатып кітапқа айналса, ертеңіне одан автордың өзі ат-тонын ала қашып: “Ойбай, мұны сынамаңдар, сендер айтпай-ақ кемшілігін өзім көріп тұрмын. Қайта жазам. Қатырамын енді. Сонда қараңдар, ағайын”, - деп бажылдап қоя беретінін қайтерсің. Рас, қайта жазуын қайта жазады, сонда не болады, пысық саудагердің оп-оңай, тауық орнына – балапан, ат орнына – тай өткізетіні секілді, әңгіме-повесть, повесть-роман балып шыға келеді. Мазмұн жаңғырмайды, сапа артпайды, идея тереңдемейді, жоқ, улап-шулаған кейіпкерлер саны өседі, олардың көк езу тәжікесі көпірши түседі, көлем қампияды! Өкінішті-ақ.
Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” туындысы анау жылдары “Жұлдыз” журналында жарияланғанда роман деген айдары бар еді. Шығарма оқыған адамды енжар қалдырмаған: біреулер разы сезіммен бас изеген, біреулер ұнатпай мұрын шүйірген. Бір жыл өтті, екі жыл өтті, үш жыл өтті.
Сол кітап бүгін қолымызда отыр. Айдары – роман емес, хикаят. Көлемі бұрынғыдан ықшам, әуелде роман ретінде төбе көрсеткен дүниенің аттай үш-төрт жыл ішінде бұтақтанып, аяқтанып, “эпопея” болып кетпей, “мен хикаятпын” деп өзін кішік ұстап, қымсына келуі қызық екен. Бұл әдеби өмірімізде сирек ұшырайтын мінез.
Қаламгердің жазушылық арының алдындағы, уақыт, дәуір алдындағы, халық алдындағы, биік жауапкершілігінен туған саналы еңбеккерлігіне не жетсін.
Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” хикаяты сонау сұрапыл жылдар өмірінің бір үзігін жақсы көрсеткен шығарма.
Кітап стиліне зер салыңыз: ақ қағазға қара қарындашпен сызып түсірген суреттей айқын бейнелер көз алдыңызға келеді. Мағына тереңдігі, мазмұн тереңдігі бар. Шымыр тұжыру, нысананы дөп ату разы етеді. Соқпақбаев шындықтың қасықтай бояуын бір шелек суға тастап жіберіп, оқырманды алдарқататын жасандылықтан іргені аулақ салған. Кітаптағы негізгі қаһармандар – Еркін, Нұралы, Қайша, Ғалия, Дүйсен - әрқайсысы өз қалпында – біреуі тайша тулаған асау жүрегімен, біреуі өлімді жерде семірген қара жүрегімен, біреуі ерінен айрылған азалы жүрегімен, біреуі парықсыз жүрегімен, біреуі абзал жүрегімен сыр шертіп тұр. Ықшамдылық, төселген шеберлік бар.
Құрғақ фактілер дәлдігін, сырт сурет, жадағай көрініс сәйкестігін құнттайтын натурализм мен құбылыстың диалектикалық күрделілігін ашатын реализмді шатастырмау керек. Реализм – қат-қабат өмір қайшылықтарын көрсетуді, даму бағдарын айқындауды талап етеді. Жазушы осы биіктен табылуға күш салған. Еркіннің лагерьдегі өмірінің шолақ қайырылуы, Еркін мен Нұралы арасындағы тартыстың асқынып барып, жеңіл шешілуі – кітап кемшіліктері. Тұтастай алғанда, қазақ қырының соғыс кезіндегі қайғылы аспанын, азалы жерін, күрсінген адамдарын сенімді бейнелеген “Өлгендер қайтып келмейді” хикаятының арқалаған әлеуметтік салмағы, көркемдік-эстетикалық күші бұл шығарманың әдебиетіміздің соңғы жылдардағы бір олжасы екенін айғақтайды.
Қазақ әдебиетінде кейінгі жылдары өріс алған тенденцияның бірі – деректі проза. Көрнекті адамдар өмірінен кітаптар жазыла бастады.
Асылы, документті шығарма негізі – дерек, белгілі материал бола тұра, оның мазмұнын тереңдетіп, идеясын анықтайтын үлкен қазық философиялық толғам, ой тебіреністері екендігін Расул Ғамзатовтың “Менің Дағыстаным” туындысы тағы бір дәлелдеген секілді. Өр серпіннің ақыны, тау рухын сақтаған құдіретті жыр иесі прозаға келді. Ғамзатовтың бұл кітабының басты кейіпкері кім? Халық, ақын өртене сүйетін автор халқы. Сол халықтың өткені, бүгінгісі, ертеңі. Ағынан жарылған пәк адал жүрек сыры бар, еркек жүрек дүрсілі бар. Лирикалық тебіреніс дейсің бе, естелік дейсің бе, күнделік дәптер беттері дейсің бе, аңыз-тәмсіл дейсің бе, қысқа әңгіме дейсің бе, фольклор нұсқалары дейсің бе – шығарманы мүшелей бастасаң, осының бәрін көресің. Оқып отырғанда бөлек-салақ ештеңе де байқалмайды, балқытып құйылған қорғасындай, тұтас кітап. Қазақ деректі прозасы да бір адам өмірбаяны ізін қуып кетпей, бір өндіріс тарихын қазуға ошарылып қалмай, фактілерді ала отырып, батыл ойлар түйіп, азаматтық биік байламдар жасай аларлық көркемдіктің заңғар қиясына көтерілуін заманның өзі талап етіп отыр.
Бүгін стильдің мәнін ескермей, форманың ролін ұқпай, интонация қызметін аңғармай, прозаға бой ұру – мұхитқа ескексіз қайықпен түсумен тең. Мінез кесектігі, шығарманың философиялық концепциясы, ұсынар идеяның әлеуметтік мәні сияқты күрделі шарттарды терең толғап, әбден ойластырып алмай қалам тарту, жеңіл айтқанда - әбестік, өнердегі тауық соқырлық.
Шын суреткердің өзіне деген талғам-талабының әрбір жаңа туынды тұсында түлеп, өзгеріп, басқа қалыпта көрініп отыруы өнер табиғатына етене, заңды құбылыс. Дүниені алдымен өз зердесіне тоқып алып, содан кейін барып, қалың қауымға таныту үшін көркемдік құралдарды сұрыптау, бұрын қолданбаған тәсіл-амалдарды байқап көру бір жағынан қызықты, үмітті болып көрінсе, екінші жағынан қауіпті де, қатерлі. Жалғыз нәрсемен, бір-ақ кітаппен әдебиет тарихында терең із қалдырған бақытты жазушылар да, қобыратып көп шимайлағанымен, із-түзсіз кеткен талантсыз қаламгерлер де аз емес. Асылы, суреткер атаулының бәрі қомағай, қашан көзі жұмылғанша жаңа дүние, жаңа шығарма беру – көкейкесті арманы, айтылмаған өсиет, салынбаған кесте үнемі алда, келер күндер үлесінде сияқты болады да тұрады. Оқырман суреткерден де қомағай: соны еңбек қолына бүгін тисе, әп-сәтте қағып салып, “тағы әкел, енді нең бар?” деуге әзір.
Ғабит Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” жинағы – ең алдымен жазушының өзін-өзі сынауы, қиын өрістегі ізденістер жемісі. Бүгінгі прозаның аса қатал деген талаптарын ескере жазған туындылар оқыс әсер етіп, терең тебірентпек. Стильдік табыстар, форма жаңалықтары бірден көзге шалынады, идея өткірлігі, ой салмағы – бұл кітаптың негізгі қасиеттері.
Ақын өмірі – қашанда романтикалық өмір. Ақын бейнесі – қашанда поэтикалық бейне. Ал Сәкен сынды өр талант иесінің мағыналы тірлігі – ұлы революция, астан-кестен аласапыран заманмен дөп келген. Оның тағдырында поэзия да бар, трагедия да бар. Сәкен өмірі - өнердің қай саласы үшін де аса қызықты тақырып. Аса қиын тақырып.
Үлкен ақын рухымен деңгейлес түсер шығарма беру – ауыр жүк. Көпшілікке аян ғұмырнама жәйттерді қайталап шығу, ақын туындыларында төбе көрсеткен белгілі ойларды тәптіштеу, күрделі бейне жасау орнына кіршіксіз кейіпкер кескіндеу сарынына түсіп кету қиын емес.
“Кездеспей кеткен бір бейнедегі” Еркебұланның протоптиі Сәкен екенінде дау жоқ. Еркебұлан - өмірдегі тарихи Сәкеннің тұп-тура көшірмесі, егіздің сыңары емес, ол жазушы қиялы дүниеге әкелген әдеби кейіпкер. Тың бояулар, соны үндер, әуендер қосып, дауылды, жаралы жылдар ақынының келбетін жасауды мақсұт тұтқандықтан автор қаһарманына басқа ат беріп отыр. Бұл – суреткердің шикі нәрселер құрсауында шырмалып қалмай, еркін, кең сілтеуіне, болмаса да болуға тиісті жәйттерді аңғаруға мүмкіндік берген.
Шығарманың алғашқы беттері кібіртік, тұтқыр. Автордың орынсыз араласуы тыйылып, сюжет табиғи арнада өрби бастаған соң, тартыс тереңдеп, мінездер қалыбы көрінеді. Отарбай үйіндегі алғашқы көрініс Артық жағылған бояу жоқ, бәрі орнында. Қыл қаламның ұшымен салғандай дәл сурет, психологиялық арбасу нанымды берілген. Отарбай мен Еркебұланды жек көруі, Ақбаланың іш тартуы кішкентай ғана штрихтардан аңғарылады. Шағын диалогта мінез ерекшелігін байқату – үлкен шеберлікті керек қылар қиын шаруа. Қоянжырық, оның шашбауын көтерушілер қаз-қалпында көз алдыңа келеді. Зорлыққа, теперішке көнбес асқақ ақын бар.
Осыдан кейін оқиғаның Ақлима көзімен берілуінде мән жатыр, бұл әдеби тәсіл үшін емес, ақын қиялын баурап алған, көкіректен кетпес аяулы бейненің ішкі сарайын ашуға қажет. Еркебұланның жан сыры, тірлік мұраты толқын атып, сезім, ой ішкі монологқа жалғасады.
Абақтыны суреттейтін беттерді оқығанда, ойыңа “Тар жол, тайғақ кешудің” “Ақмола түрмесінде” деген тарауы келеді. Шынжырлы арыстандар, балапанын ерткен қыздар, ырдуан арбалы қазақ, түрме терезесіне қараған жас қыз - мұның бәрі “Тар жол, тайғақ кешуден” алынған детальдар. Оқырманға бұрыннан таныс, ет жақын сазды қайта тербеп, өңдеп, тереңдетіп, әсірелеп жеткізу жағы құнтталған. Тергеуші офицер Сербов – “Тар жол, тайғақ кешудегі” Сербов.
“Кездеспей кеткен бір бейнені” автор поэма деп қойған. Қыздырманың қызыл тілі үшін емес, әділінің өзі сол, шығарманың стильдік мақамы, идеядағы асқақтық бұл айдарды көтереді. Екі ауыз сөзге келіп тілдеспесе де, бір көріп, ғашық болған, өмірлік шығармасының бас қаһарманы тұтқан жанға деген ынтазарлық, суреткердің көркемдік идеалына деген құштарлық – поэма арқауы осы арна, бір қарағанда жеңіл-желпі көрінетін сюжет иірімдерінің басын біріктіріп, композицияны жұп-жұмыр етіп тұрған да сол шуақты идея.
Қандай халде, қай қияда жүрсе де қаламгердің сергек жаны дүние суретін қайтсем өрнекке түсірем деген азапты да рақат ойдың құшағында тербелмек. Өнерпаздық процесс, өмірге шығарма әкелудің қиын кезеңдері, ақынның көркемдік идеалына ұмтылуы, осы орайдағы көңіл-күй дауылының сан алуан ырғағы бар. Қат-қабат замандағы өмір шындығына ақын жүрегінің дүрсілі қосылып, көңілге қонымды сом сурет жасалған. Еркебұланның Ақлиманы екінші рет, соңғы рет көретін жерінде трагедиялық сарын басым. Көзге жас алдырардай ауыр көрініс. Аққудай пәк, таза, сұлу жанның қыршын өмірі қор болып біткен. Ақын қиялы өз сипатынан әлдеқайда өсіріп, өркештендіріп алған бейненің осылайша күйреуіне кінәлі – мезгіл. Бұл Еркебұланды мүлде тұқыртып жерге қаратып кете алмайды. Ақлима өмірі үзілгенмен, ақын көңіліндегі бейне, ақын көңіліндегі идеал жасай бермек.
Логикалық жағынан шығарма осы көрініспен аяқталып тұр. Бірақ бұдан кейін тағы бір бөлім бар. Еркебұланның кейінгі өмірі айтылады. Оқиға ағысы, көркем сурет емес, автордың килігуі молырақ болғандықтан, бұрынғы әсер солғындай бастайды. Негізгі идея айтылып қойғандықтан, салқын-самарқау ой-толғаулар оқырманды тебірентпейді. Домбыраның шегінің үзіліп кетуі – жақсы деталь. Бірақ ол жеткіліксіз. Финалды әлі де ойластыра түсу, тереңдету қажет сияқты.
Ұзақ жылдар қол үзіп кетіп, Ғабит Мүсіреповтің әңгімеге қайта оралуы әдебиетімізді қымбат олжалармен байытып отыр. Барлық жанрлардағы соңғы табыстар, ішкі мүмкіндіктердің ашылуы сияқты факторларды жазушы бек ескеріп, жаңа сатыларға көтерілді. Мүсерповтің бұрынғы, қазіргі әңгімелерін туыстыратын ортақ таңбалар, ортақ сипаттармен қоса, олардың арасында сапалық айырма бар. Бұрын әзіл-күлкіге, шаңқан бояуға ұмтылу болса, енді түр жаңалығы, идея тереңдігі, символ айрықша құнтталады.
“Қаз-қалпында” циклындағы новеллалар жай қарағанда бір көрініс, этюд секілді. Алып-жұлып әкетіп бара жатқан оқшау сюжет, ерекше оқиға жоқ. Баппен айтылған сыр, өз қалпында алынған нәрселер. Көзі жаутаңдаған еліктің лағы қандай! Ішіңіз суып сала береді. Тимка-Димка ше? Бас-аяғы бір-екі беттен аспайтын әңгімеге сорлы адамның өмірі, бақытсыз тағдыры сыйып кеткен. Күйкі тірлік иесі бола тұра, адалдығын айтсайшы өзінің. Бір тиынды жеп кетуге ары жібермейді. Анау моншаның қараңғы бұрышына тығыла түскен жазушымен екеуін еріксіз салыстыра бастайсың. Тимка-Димкаға жаның ашиды, жақын тартасың.
Сілекеевтердің кенжесі. Сілекей – сүйкімсіз-ақ, жазушы бұл фамилияны әдейі алып отыр, мән беріп алып отыр. Өнерпаздық қабілеттен жұрдай болса да, оңай атақ, жеңіл даңқ жолына қол салуға даяр тұратын, басқаға тиіскіш, ұрыншақ, әпербақан, даурықпалар әр жерден шаң береді. Қас жүйрікке тасадан бас салуға, кесе көлденең тұруға әзір. Олар үшін реті келгенде, домбытпа сөз, реті келгенде, өтірік көзге көлгірсу – үйреншікті әдіс, оларда моральдық кредо, идеал жоқ, бәрін де сатып жүре береді. Осындай біреу – Сілекеевтердің кенжесі.
Ел аман, жұрт тынышта әркімнің-ақ беті жарқын, ішінде не барын кім білсін. Басқа күн тусын, мінез сонда ашылмақ. Атышулы Есіккөл апаты әлі есімізде. Лагерь балалары жайлы әңгіме де көпке тараған. Осы орайда жазушы әйел-ана ерлігі туралы, адамгершілік, гуманизм хақында сәтті шығарма тудырды. Қарақан бастың қамын ойлайтын, жас сәби өмірінен гөрі дүние-мүлкінің есендігі үшін жанын салған тоғышар, қаражүрек адамдар елес береді.
Прозаның ең дәстүрі мол, айрықша дамыған саласы әлемдік новеллистиканың таңдаулы үлгілеріне ден қойып, бажайлай қарағанда, бұрын көрінбеген фабула, болмаған форма, айтылмаған идея жоқ секілді. Әрине, бұл ағат сөз. Өйткені бір оқиғаны екі жазушы қатар отыра қалып жазғанның өзінде әр түрлі дүние тумақ. Әманда ізденіс шексіз, өнер мүмкіндігі шексіз. Талғамы қарабайыр әлдекім “Өмір жорығы” әңгімесін оқымай, фабуласын ғана естісе, балық туралы, балықтың уылдырық шашуы туралы не жазбақ, не айтпақ дер еді. Әр нәрсені тайсақтатпай өз атымен атау керек. “Өмір жорығы” – новеллистиканың ең үздік, ең айтулы туындыларымен деңгейлес шығарма, қазақтың бүгінгі көркем ойының жақсы бір жемісі. Хемингуэй “Шал мен теңіз” хикаятымен шеберліктің ғаламат үлгісін көрсетсе, Бунин шағын прозалық шығармалары үшін Нобель сыйлығын алды. Шолоховтың “Адам тағдыры” әңгімесі әдебиетті жаңа белеске көтерді. Көпке аян ақиқатты қайталайық: көлемі шағын шығармамен де дара бейнелер жасалып, салмақты идеялар айтылмақ. Гәп талант құдіретінде, шеберлік күшінде, әсте тақырыпта, көлемде, жанрда емес.
“Өмір жорығы” әңгімесін оқығанда, ұлы өзен ағысын, мұхит толқынының шуылын естігендей, қос-қабат сезім пайда болады. Жойқын теңіздің көкала айдын тереңінде жүйткіген көкқасқа еркектің, аталықтың, ұрпақ көшінің басшысындай. Өмір күресі, тірлік тартысы симфониясы іспетті ғаламат музыка естігендей күйге түсесің. Ер мен ездің, батыр мен қорқаудың, әділет пен қастандықтың тартысы. Әңгіме стилінде селкеулік жоқ, бір деммен, бір ырғақта туған сом шығарма бұрқ ете түскен өрт шабыт жемісіндей.
Атом бомбасы құрбандары жайлы бүгінде барлық тілдерде шығармалар туып жатыр. Әуелде Ғ.Мүсіреповтің “Жапон балладаларына” күдіктене қарайсың. “Не жаңалық айта қойды?” деген күдік. Қазақ жазушысы адамзат тарихындағы ең бір қанды шелек, қаралы хикаяға оңтайлы кілт тапқан. Жазушы сөйлемейді. Бомба сұрапылын өздері көрген Арқа, Көз, Тас сөйлейді. Мысқалдай да артық бояу жоқ, сұмдықтың өзі сөйлеп тұр. Өзін-өзі әшкерелеп тұр. Аттан сап тұр. Адамзатқа дабыл қағып тұр.
Жазушының екі естелігінде биік мәдениет, мемуарды өзін-өзі ақтау үшін харакет қылатындардың пендешілігіне кереғар жүрек жарды сырлар, аталық ойлар бар.
Ғабит Мүсіреповтің соңғы шағын прозалық шығармаларының тіл тазалығы, стиль сұлулығы, форма жаңалығы, ой салмақтылығы қазақ әдебиетінің бүгінгі даму бағдарын көрсетіп, ізденіс сапарындағы белестерді айғақтайтыны хақ.
Өнер тарихына атүсті көз тастағанның өзінде байқалатын жай мынау: түптің түбінде, тұлпар болар жүйріктің алғашқы шабысында сәйгүлік екпін жатпақ. Бұл ретте жас жазушы, сақа жазушы, қарт жазушы деген ұғымдар паспорттағы цифрларға байланысты емес, өнердегі балаңдық, өнердегі сақалық, өнердегі ұлғайғандық ретінде ғана қолданылса керек.
Бүгінгі әдебиетке аналитикалық рух, байсалды реализм, күрделілік, ой тереңдігі, форма сонылығы, идея өткірлігі тән болса, осы қасиеттер қазіргі прозадан үнемі табыла бермейді. Жазу мәнерлерінде андағайлап тұрған олқылық байқалмайтын танымал қаламгерлердің кейіпкер жанына көбірек үңілуін, бір қуаныш, бір қайғы, бір рақат, бір қапа, бір жеңіс, бір жеңілісті бейнелеуін, адам психологиясын диалектикалық қалыпта суреттеуін қалар едік. Болымсыз, ұсақ, күйкі жәйттер, арзан мораль, жеңіл ақыл қажет емес. Характерлер, мінездер құбылысы керек.
Прозадағы лиризм, прозадағы поэзия дегенді ащы ішекше шұбатылған, әр жерде бір ұйқасы бар жаман өлеңмен, немесе орынсыз тықпалаған жылтыр сөзбен талғамсыздар ғана шатастыруы мүмкін. Біз өнердегі дағы эксперимент, барлау дегенге қарсы емеспіз, шындап келгенде, өнер дегеніміздің өзі – эксперимент, барлау. Бірақ прозаның аты проза. Ол елпілдеу мен желпілдеуді көтермейді, салмақты, тиянақты, шайырлы тіл, терең ойды тілейді.
Ақын Оспанхан Әубәкіров прозаик Оспанхан Әубәкіров болып алдымызға “Ұзын сөздің қысқасы” деген жинағын ұсынды. Оқырман қауымды, әдебиет жұртшылығын қуантып, орақ ауыз юморист, жалаң қылыш сатирик келді деп сүйінші сұраймыз. Әубәкіров талантының қасиеті – күлкіде. Ол көзін қысып, ернін шүйіріп, басын шайқап, әлде бір ыңғайсыз қимылдар жасап күлдірмейді. Табанымыздан да тырнамайды, қолтықтан да қытықтамайды. Оспанхан кейіпкерлерінің мінезіне күлесің, ситуацияларға күлесің. Бірде - әзіл-оспақтың ішек-сілеңді қатырар ойнақы күлкісі, бірде – көзге жас әкелер улы күлкі, бірде – кеселді мансұқ етер от күлкі. Жазушы тек жыртақай күлкіден аулақ болғай.
Қазақ жазушылары өткен күндер тақырыбына неге жиі барады? Сөз жоқ, бүгінгі күннен сюжет, характер, идея таппағандықтан емес, заман қаһарманының бейнесін жасау үшін тер төгіп отыр. Рас, әдебиетіміз көне, оның бұтарлы тамырлары ғасырлар тереңінде жатыр, бірақ, шынтуайттап келгенде, халықтың басынан кешірген қилы-қилы халдерін, үлкен идеяларды, кесек характерлерді бүгінгі профессионалды әдебиет қана көрсете алмақ. Заманалар тұманы бетін бүркеген бағзы уақыттардағы ата-бабаларымыздың қасиетті рухы алдында бас ию аз, оларды өнер тілімен сөйлету ләзім.
Әдебиет қашанда ерлердің ісі, классиктерден кейін жаңа бір нәрсе айтам деу, қорықпай қолға қалам ұстау – жүрегінде түгі бар адамның қылығы. Өзің күнде көріп, мидай араласып жүрген орта туралы өзгеше бітімді сүбелі туынды беру қияметтей қиын іс болып тұрғанда, ықылым замандарды тірілту – егер шын тірілте алса – қаламгерлік қаһармандық. Флобер, жаратылысында үй күшік, бой күйез Флобер, “Саламбоны” жазу үшін ми қайнатар ыстықта Африкаға барады екен, аралайды екен, тау-тау кітап ақтарады екен. Әуезов, Шыңғыстауда туған Әуезов, Абай аулына күйеу болған Әуезов, ұлы ақын тақырыбына кірісу үшін батпандай жиырма жыл бойы материал жинайды екен, сөз біледі-ау деген адамдармен айлап сөйлеседі екен, содан кейін барып қана он бес жыл бойы табан аудармай отырып, даңқты шығармасын жазады екен. Халық тарихындағы қасиетті есімдер, қасиетті беттерге бағыштап шығарма жазу үшін кімнің болсын сол халық алдындағы жауапкершілікті ұмытпауы керек.
Қазіргі прозалық туындылардың өмірлік материалының сұйықтығы көзге қораш, көңілге дық. Жүрегі үлкен, арманы ірі, ақылы терең бейнелер қажет. Қашанда іргелі проблемалар, салмақты жүк арқалай алмаған проза өзінің әлеуметтік-қоғамдық қуатын жояды, көңіл аулайтын, еріккенге ермек болатын нәрсеге айналады. Шыңырау тереңнен алынған табиғи тартыс, сенімді күрес жоқ жерде әдебиет жоқ. Кейбір шығарма арқауы - өмірдің өзі әлдеқашан шешуін айтып қойған кішкентай кикілжің. Схеманы, қалыпты, дайын сюжетті, жұрт пайдаланған нәрсені қымсынбай бас салып, соны қайта пішіп шығарудың аты – халтура.
Көп кітаптарды аяғына дейін оқып шығу құдайдың бір азабындай. Оларда қалыптасқан стиль былай тұрсын, фразаның өзі оңып тұрған жоқ. Әнтірек-тәнтірек, әлжуаз сөйлеммен бейне жасау, сурет салу әсте мүмкін емес. Бөлімдердің, тараулардың ауысып келуінде заңдылық жоқ, композиция шарттары орындала бермейді. Дәл пейзаж, есте қалар портрет сирек ұшырайды.
Жазушының тіл байлығы деген ұғымға, ең алдымен, әрине, лексика молдығы кірсе керек, бірақ ең шешуші фактор – жеке сөздердің көптігі емес, сөйлем жасаудағы шеберлік, синтаксис құдіреті. Боз өкпе, нәрсіз сөздерді, жарымжан теркестерді тықпалаудан туатын тіл жұтаңдығы – ой жұтаңдығы. Әсіреқызыл жалтылдақтан аулақ, қарадүрсін жадағайлықтан іргесі бөлек айшықты, өрнекті, шайырлы тіл ғана суреткер қанжығасына олжа салмақ.
Шығарманың аты – кітаптың кілті. Онда идея болсын. Жазушының сырттан зорлап әкелген идеясы емес, кітаптың өз мазмұнынан шығатын объективті идея. Көптеген шығармалардағы кейіпкерлердің есімі де кездейсоқ қойылады. Адам аты мен мінезінің, білім парасатының арасында байланыс жоқ. Бізде көбіне жағымды кейіпкердің аты да жағымды, жағымсыздардың аты да жағымсыз. Шындығында, ат адамның шыққан ортасынан, әлеуметтік аясының моралінен, идеалынан хабар береді.
Жыл шеңберінде әдебиет өзінің бірталай қырларын көрсеткенімен, барлық сыр-шынын ақтарып тастай алмайды. Сондықтан әдеби процесті ұғыну үшін басқа мәселелерді де қарастыру шарт.
Достарыңызбен бөлісу: |