Шоқан Шортанбаев,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің аға оқытушысы
Роман арқауы – ұлт тарихы
Кеңестік қасаң идеологияның ықпалымен жазылып, түсіндіріліп келген ұлтымыздың өткен жолын, руханияты мен мәдениетін, тарихын қайта саралаудың қажеттігі өткір мәселеге айналып отырған бүгінгі кезеңде ұлт зиялылары осынау ауқымды да келелі мәселеге ерекше назар аударып, мемлекеттік деңгейде, кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатқанын білеміз. Ұлт тарихын саралауға, жазуға қаламгерлердің де қалыс қалмай, шама-шарқынша жоғымызды түгендеуге, жоғалтқанымызды табуға қай кезде де атсалысып келе жатқаны анық. Халқымыздың ежелгі, орта және хандыық дәуір тұсындағы өмір тарихы І.Есенберлиннің, Ә.Әлімжановтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауиннің, Ж.Тұрлыбаевтың, Қ.Жұмаділовтың, С.Сматаевтың және т.б. қаламгерлердің романдарында жан-жақты кестеленгенін білеміз. Халықтық атаудың (этноним) шығу тегін(этимологиясы) деректерге сүйеніп, халқымыздың көне тарихына барлау жасап, тарихи оқиғаларға, жылнамаларға, шежірелерге сүйеніп, іргелі істер тындырып жүрген жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері Қойшығара Салғариннің қайта құру кезеңінде, тоталитарлық жүйенің іргесі әлі де сетінемей, сөгілмей тұрған шақта елдік мақсаттан шет қалмай жазып-жариялаған «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» атты роман-эсселерін ерекше атауға болады.
Автор бұл еңбектерінде біздің ата-бабаларымыздың өткен өмір жолына үңіліп, «осы біз кімбіз, қайдан шықтық, қазақ болғанға дейін қандай едік, қазақ болғаннан кейін қандай болдық, бүгінгі қазақ халқын кімдер құрап отыр?» деген сұрауларға ұлт жанашыры, тарих шежірешісі ретінде жауап іздейді. Тарихты түгендеуде, түсіндіруде автор қасаң баяндаулардан, қарадүрсінділіктен мақсатты түрде бас тартып, өткен тарихты жатық тілмен, өзгеше стильмен баян етіп, оқырманын оқшау ойымен, мазмұнды да құнарлы тілімен өзіне тартып, тарих тереңіне бірге саяхаттатып, құмарын қандырады. Туындылардың алтын арқауы – азаттыққа ұмтылған, еркіндікті мақсат тұтқан, тәуелсіздікті армандап өткен сақ, ғұн дәуіріндегі ата-бабаларымыздың ерлік пен елдікті мұрат тұтқан өрлігін, өнегеге толы ғұмыры мен тыныс-тіршілігін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету.
Жер бетіндегі көптеген халықтардың тарихы сияқты біздің түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының тарихы да, бастауын есте жоқ заманнан алатыны, яғни тамырының тереңде жатқаны белгілі.
Кезінде әрқайсысы жеке ел, мемлекет болған үйсін, қыпшақ, найман, керей және т.б. бастан өткерген тарихи жағдайлар негізінде, қоғамдық-экономикалық формацияларға сәйкес даму барысында рудан ұлыс, ұлыстан халық, халықтан ұлт болған бүгінгі қазақтардың шығу тегін, түп-төркінін, тұрмыс-тіршілігінің тарихи негіздерін сол заманнан іздеуіміз керек.
Жердің сонысын, судың тұнығын іздеп, ен далада еркін өскен, табиғатпен сырлас болған, үнемі ат үстінен түспеген біздің ата-бабаларымыздың өмір тарихы, көшпенділер өркениеті әлі зерттеліп біткен жоқ.
«Біздің тарих – бұл-дағы қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы»,- деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, тәңірден де, тағдырдан да көл-көсір рақым көре қоймаған, алыс-жақынға бірдей аңқылдап, астындағы атын түсіп берген, үстіндегі шапанын шешіп берген, пейіліне сай пейіл таба бермеген халқымыздың бастан кешкен, өткерген тарихы ауыр да болса ащы шындық, міне осындай.
Рас, тарихымыз жөнінде талай кітаптар жазылды, талай зерттеулер дүниеге келді. Сантүрлі ғылыми болжамдар айтылды. Алайда, нақты ғылыми тұжырымның жоқтығынан, дәлел-дәйектің, деректің аздығынан тарихымызға қатысты көптеген мәселелердің басы әлі даулы.
Міне, осындай сан-салалы, бір жүйеге түспеген күрделі мәселелерді зердеден өткізіп, елеп-екшеп, түрлі мәліметтермен, жылнамалармен, деректермен салыстырып, байыпты байлам жасап, орнықты ой айтуға талпынған Қ. Салғариннің еңбегі халық болып құптарлық іс.
Сонау тоқыраудың тоңы жібімей тұрған кезде-ақ халқымыздың тарихы жөнінде батыл, дәлелді ой-пікірлерін көпшілік талқысына салып жүрген жазушының еңбектері, бүгінде еңсемізді түзеп, іргелі ел қатарына қосыла бастаған тұста да «ақтаңдағы» мол тарихымыздың селкеу тұстарына тиянақты барлау жасап, тұщымды зерделейді.
Жоғарыда аталған кітаптар бірінде жоғын, екіншісі толықтырып отыратын, сабақтастықты сақтап отырып, белгілі бір жүйемен жазылған дүниелер.
Автор әңгімені екеуара диалог түрінде өрбітеді, өз оқушысын әрқилы пікірлермен, кейде тосын ойлармен еліктіріп, қадым заманға жетелейді.
Өзіміздің ежелгі ата-тегіміз деп танып, мұрагерлеріміз деп есептеп жүрген хунну, дунху, ухуань, сәнби, тоба, мойын, сақ, қыпшақтардың шығу тегі, тыныс-тіршілігі, яғни бүкіл өмір тарихынан алуан-алуан сыр шертеді, түрлі деректер мен тарихи оқиғаларға негізделген зерттеушілердің еңбектері мен Қытай жылнамаларына сүйене отырып, сүбелі ой айтады.
Жазушы әдетте, көне халықтардың тарихын, шығу тегін қарастырғанда көптеген ғалымдарымыз негізге алатын сөз ұқсастығы мен дыбыс үндестігі арқылы зерттеуге пәрменді түрде қарсы шыққан орыс шығыстанушысы Никита Яковлевич Бичуриннің пікіріне ден қояды да, көбіне-көп нақтылыққа, дәлдікке негізделіп, болған оқиғаларға сүйене отырып жазылған Қытай жылнамаларына ерекше ден қойып, баса көңіл аударады.
Мәселен, Қ. Салғарин хунну сөзінің шығу тарихына тоқталып, оның Қытай тілінен аударғанда «жауыз» немесе «кекшіл құл» деген мағынаны беретінін түрлі мәліметтерді салыстыру арқылы дәлелдеп, бұл атаудың еуропалықтарға қалай жеткенін нақты ашып көрсетеді.
«Ендеше, бұл халықтың атының қалайша Еуропаға «гунны» (еуропалықтар хуннуды осылай атайды) болып жеткенін білу үшін, ең алдымен, хуннудың осы екі елмен – гректермен, парсылармен байланысын, арақатынасының қалай болғанын бағдарлау қажет. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келсек, бұл елдерге хунну жөніндегі алашқы хабар біздің дәуірімізге дейінгі 208-207 жылдары жетті деп шамалауға болады. Бұл хаттарды жеткізушілер хуннудың ұлы шаньюйі (ханы) Мүдеханнан жеңіліп, батысқа қоныс аударған, Қытай дерегіндегі «юечжи» деп аталатын халық болатын. Кейін атақты Кушан мемлекетін құрып, Индияны жаулап, Иран мен Византияға тізе батырған юечжиліктердің қайдан келгенін, оларды мұнда кім қуғанын, әрине, грек, парсы тарихшыларының білмеуі мүмкін емес. Ал, ханын өлтіріп, өздерін атамекенінен қуған қас жауларын юечжиліктердің қытайлар берген қорлық атаумен атауы әбден орынды ғой дейміз. Европа тарихына хуннудың сәл өзгеріспен «гунну» болып енуінің бір себебі, меніңше осында»[1, 129 б.].
Хуннулардың атының Еуропаға жетуінің бір себебін осылай түйіндесе, екінші дәлелі ретінде жазушы мынадай жайды алға тартады. «...Енді екінші дәлел, бұл және басты дәлел. Қытайдың елшісі Чжан Кяньнің (кейінгі транскрипцияда Чжан Цянь) Батыс елдеріне барып, қайтқан он үш жылдық ұзақ сапары. Ол – осы сапарында хунну мемлекетінің сыртында (батысында) жатқан елдер жөнінде Қытайға тұңғыш хабар әкелген адам. Оның өзі әуелде Хань мемлекетінің хуннуларға қарсы күшті шара қолдану үшін олардың сыртындағы Усунь мемлекетімен одақ жасауға біздің дәуірімізге дейінгі 140 жылы арнайы жіберілген елші болатын. Ол осы сапарында Иранға дейін барып қайтқан.
Міне, негізгі мақсаты хуннуға қарсы күреске сенімді серік іздеп шыққан елшінің тапқан одақтастарына олар жөнінде айтып, толық мағлұмат бергені ақиқат. Өйткені, Чжан Кяньнің осы сапары нәтижесінде қытайдың СЭ (сақ) және Усунь мемлекетімен одақтас болғаны, Диваньға сәтті жорық жасағаны, сол арқылы өзін бүкіл Батысқа танытқаны белгілі. Олай болса, хуннудың осы Европаға қытайлық атымен мәлім болуының нақты жолы осында жатқаны даусыз. Ал, хуннудың өзінің батысқа беттеуі бұдан көп кейін, біздің жыл санауымыздың алдында ғана ғой»[1, 139-140 бб.].
Хуннулардың тарихы жөнінде жаза келіп, жазушы хунну халқының ең дәуірлеген хан болған, тарихта тұңғыш рет хунну империясын құрған Мүде (Модэ) хан жөнінде Цинь империясының әулеттік шежіресін жазған Сы-ма Цянь «Тарих жазбаларына» сүйене отырып, толыққанды әңгімелейді.
Біздің ж.с.д. 209-174 жылдар аралығында таққа отырған Мүде ханның тұсында хуннулар іргелі, ірі елге айналды, тіпті Хань мемлекетімен терезесі тең дәрежеге дейін көтерілді.
Асқан қаталдығымен ерекшеленетін Мүде хан айтқанын уақытында орындамаған, көңілінен шықпаған жандарды аяусыз жазалап, жекедара билігінің арқасында өзі ойлаған істерін жүзеге асырып отырған.
Мүде ханның өз мақсатына жету жолында айтқанынан қайтпайтын жауынгерлері алғашқы кеңестен-ақ біледі. Жазушы бұл жайды былай суреттейді:
– «Көк тәңірі, Жер-Ана бізге үлгі алсын, үйренсін деп жан-жануарларды жаратты, - деді Мүде айтқандарымды қалай қабылдап жатыр дегендей мыңбасылары мен жүзбасыларын шола түгел бір қарап шығып. – Әлдісінің әлсізін талап жейтінін көрсетті. Біз сол арқылы кім батыл, кім күшті, кім ақылды болса, тірлік сонікі екенін білдік. Демек, өмір сүреміз десек, біздің күшті, батыл, ақылды болуымыз керек. Сондықтан Мүдеге арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, түлкідей айлалы, жыландай улы, қырандай қырағы сарбаз қажет. Соған жету үшін сарбаздарды соғыс өнеріне жан-жақты үйретіп, машықтандыру парыз. Хунну атқан жебе далаға кетпейтін болсын. Хунну семсері жау жүрегіне қадалсын. Соғыс өнерін үйрену кезінде, одан кейін де, әскер арасында қатаң тәртіп орнасын. Кейін сол тәртіпті бұзушы болса, ол кім екеніне қарамастан өлім жазасына кесілсін»[1,42-43 бб.].
Өзінің күшімен, айласымен, ақылымен хунну елін отыз бес жылдай басқарған Мүде ханның тұсында хуннулардың даңқы шартарапқа тарады. «Шекарасын терістікке Байкалдан, түстікке Парсы жеріне дейін, Шығыста Хамидан, батыста Каспийге дейін кеңейткен, көшпелі атаулыларды түгел бағындырып, бүкіл Түркістанды иеленген Қытай мен Тангуттарды түзе бүктірген шығыстың ұлы жаулаушысы – Азия тарихшылары Модэ деп атын дірілдей еске алған Тұман хан ұлы Мүде ханның аты тарихымызда әлі де болса толығымен зерттелмей, өз орнын ала алмай келе жатқаны ақиқат»[2, 123б.].
Далалықтарды бірімін-бірі қырыстыру арқылы өз саясатын ұтымды жүргізіп отырған қытайлықтардың әрекеті, хунну мемлекетінің құлауына өз әсерін тигізді.
Терістіктегі хуннулар біздің жыл санауымыз бойынша 93 жылы мемлекет болудан қалса, Оңтүстік хунну мемлекеті біздің жыл санауымыздың IV ғасырына дейін өмір сүрген.
Жазушы өз еңбегінде түркі тілінің Батыс және Шығыс хунну тілдерінен құралатынын, ал қазақ тілі осы Батыс хуннудың қыпшақ тілі тобынан айта келіп, көне хунну халқының шын мұрагері екеніміз ешкімге дау туғызбайтын мәселе деп қарап, өз пікірін ашық ортаға салады.
Қ. Салғарин түрік қағанатының (хандығының) тарихқа алғаш танылуы жайындағы әртүрлі пікірлерді салыстыра келіп, қытай жылнамасында көрсетілген 535 жыл дұрыс деген тоқтамға келіпті. Мұны жазушы тек Қытай жылнамасында солай болғандықтан ғана келіспейді, өзге де тарихи деректермен, оқиғалармен салыстырады, тіпті Л. Гумилевтің пікіріне де келіспейтін жерлерін айқын көрсетіп отырады.
Көне түріктердің тұңғыш ханы – Бумын ханнан кейін таққа отырған Исиги ханның (Ыстық хан) Истеми қаған екенін және басқа емес, тек осы Истеми қағанның түріктердің екінші ханы екенін нақты деректермен дәлелдеп шығады.
Екінші шығыс түрік қағанатының қағандары, дана ел басшылары Құтылығ, Қапаған, Білге қаған, ержүрек батыр – Күлтегін т.б. туралы жазушы танымдық сипаттағы әңгіме айтады. Тоныкөк пен Қорқытты бір адам деп, оны өз алдына түрлі деректерді салыстыра дәлелдеп шығуы да кітаптың мазмұнын байыта түскендей. Әрине, жоғарыда аталған екі кітаптағы тұжырымдардың бәрі түгелдей дәлелденген, түйінді пікірлер деп атауға болмас. Дегенмен, жазушының осыншама еңбектеніп, тірнектеп жазғаны – тарихымызды білсек, тегімізді танысақ деген ізгі тілектен туған. Бұл шығармалардың халқымыздың өткен тарихын тануда, көне дәуірдегі көмескі тарта бастаған жәдігерліктерді түгендеуде болашақ зерттеулерге ізашар болуының өзі үлкен мәртебе.
Әрбір қазақ азаматы елі үшін, жері үшін осылай толғанып, осылай еңбектенсе, өткеннен өнеге боларлық сыр суыртпақтап, ұлттық, тарихи құндылықтарымызға жіті көңіл бөлсе, әлдеқашан іргелі елге айналып, жыртығымыз бүтінделіп, ақтадақтарымыз ашылып, «қағанамыз қарқ, сағанамыз сарқ» болып, өркениеті ілгері кеткен елдермен тереземіз тең болып отырар едік.
Жазушының туған халқына деген адал ниетінен, шын сүйіспеншілігінен туған бұл дүниелері төл тарихымызды білсем дейтін әрбір қазақтың бағдаршамы секілді жол көрсетер бағытына, қазығына айналуы тиіс.
Ғылыми дүние емес, әдеби шығарма болғандықтан азды-кем артық тұстары болуы заңды және жазушы оны өзі де ашық айтады.
«Көш жүре түзеледі» демекші, Салғариннің алдағы уақытта халқымыздың тарихынан жазылған мұнан да құнды дүниелерді өмірге әкелетініне сенеміз.
Сонымен, тегімді танысам, жүріп өткен жолымды білсем деген өрелі ойға құрылған жазушының еңбектері бұл күндері қолға түспейтін құнды дүниелерге айналды. Жазушы бұрынғы-кейінгі зерттеушілердің, тарихшылардың сирек кездесетін дүниелеріне, тарихи, танымдық және ғылыми-көпшілік еңбектеріне, отандық және шетелдік мұрағат материалдарына сүйене отырып, ілгерішіл ой, түйінді пікірлер айтады. Жазушы роман-эсселерінің құндылығы сонда, ол тарихшылардың еңбектерінің ізімен кетіп қалмайды, төл тарихымызға, қазақи табиғатымызға сай келетін дәлелді ойларын, тың пайымдауларын өз орнында қолдана білген. Кәнігі тарихшыларымыздың өзі жүрексініп бара бермейтін қиын да, күрделі тақырыпқа Қойшығара Салғариннің батыл қадам жасауы, сонау ерте заманнан кешегі қазақ хандығына дейінгі кезеңді нақты тарихи деректермен баяндап, қарапайым да көркем тілмен жеткізе білуі, әрине туған халқына, төл тарихына деген шын жанашырлықтан, халқыма титтей де болса пайдам тисе деген ойдан туған. «Алтын тамыр» және «Көмбе» бүгінгі біздерге де, келер ұрпаққа да, қадым заманды зерттеушілерге де, нағыз темірқазыққа айналар туынды болып қала бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Салғарин Қ. Алтын тамыр. Роман-эссе. -Алматы: Жалын,1986.-288б.
2.Салғарин Қ. Көмбе. Роман-эссе. -Алматы: Жазушы, 1989.-448б.
Достарыңызбен бөлісу: |