Рымғали Нұрғали
СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ЭСТЕТИКАСЫ
А Ң Д А Т У
Алматы.
1968 жыл.
Сары күз.
Кеше өзім студент, аспирант болған Қазақ мемлекеттік универсиетінде енді ұстаздық етпекпін. Доценттің міндетін атқарушы. Оқытатын пәндерім: кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті, әдебиет теориясы және драматургиядан арнаулы курс.
20-40 жылдар әдебиетіне қатысты тарихи, мұрағаттық, баспасөз материалдарын қарастырып, драматургия бойынша диссертация жазғандықтан екі пәнді оқыту аса қиынға түспеді.
Қинаған сабақ – “Әдебиет теориясы”. Қазақ тілінде университетке арналған оқулық жоқ. Қ.Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” орта мектеп көлемінде мағұлмат береді, Е.Ысмайыловтың “Әдебиет теориясының мәселелері” (1942) деген атпен Мұхтар Әуезов редакциясымен шыққан кітабы тиым салынған еңбектер қатарында темір торда жатыр.
Орыс тіліндегі В.Томашевский, Л.Тимофеев, Г.Поспелов, Ю.Лотман, В.Жирмунский секілді авторларға сүйенесің. Американ ғалымдары Р.Уэллек пен О.Уорренн бар.
Іздене келе өзбек И.Сұлтанов, башқұрт К.Ахметзянов, татар Ғ.Ибрагимов зерттеулерінің, оқулықтарының сорабына түстік. Қиысатын тұстар мол.
Ұстазым, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жасырын сандығында сақталған Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” кітабымен танысқаннан кейін жаңа бір кеңістік ашылып кеткендей болды. Әдебиеттануда, қалыпты поэтикада, стилистикада қолданылатын негізгі термин, ұғым, категориялардың қазақша дәл атауы ғажап дәлдікпен, анық, айқын берілген екен. Солардан алған тамаша сөздерді сыздықтатып еңбектерімізге кіргізе бастадық. Сол үшін қуғындалған күндер де болды. Ол уақыты келгенде шертілетін ұзақ қайғылы хәл.
Университеттің филология, журналистика факультеттері студенттеріне арналған “Әдебиет теориясы және эстетика” деген жалпы курсты оқыту үшін көптеген еңбектерді қарастырып, ой қорытып, көктей жазып, дәріске Мұхтар Әуезов романдарын кезінде қағазға түсірген стенографияшы Данаш Байқадамованы шақырдық. Сөйтіп, көп ізденістен кейін дүниеге келген зерттеудің бір бөлімі “Әдебиеттің даму сипаты” деген атпен “Күретамыр” (1973 ж.) монографиясына енді, “Өнер алды – қызыл” кітабы (1974 ж.) болып басылды.
Әдебиеттің теориялық проблемалары: дәстүр жалғастығы, түрлі мектептер, бейнелілік табиғаты, аударма, жанр, стиль, ағым, әдіс бірлігі, шығармашылық сыры, суреткер даралығы секілді сан алуан мәселелерді пайымдаған “Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму” монографиясы 1986, 1991 жылдары екі рет басылды. Осы кітаптың өңдеп, түзетіп, толықтырып жасалған “Сөз өнерінің эстетикасы” деген жаңа нұсқасын оқырманға ұсынып отырмыз.
Рымғали Нұрғали
1 маусым 2002
Астана
І Т А Р А У
ӘДЕБИ ДӘСТҮР
І
Көркемдік ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі – бір кезең, бір дәуір емес, ұзақ ғасырлар тудырған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып отыратын рухани игілік. Қашанда әдеби дәстүр мен әдеби даму - әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалектикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары.
Жаңашылдық ізденістерінің арнасы ең алдымен жүйелі дәстүрді игеруде жатыр, табанды қаламгер үйрену, үлгі алу, тәжірибе жинақтау кезеңдерінен өтіп алып барып, соныға тартады. Рас, Мұхтар Әуезов, Михаил Шолохов, Шыңғыс Айтматов сынды жиырманың ішінде классикалық туындылар берген, жаңа көркемдік игіліктермен әлем әдебиетін байытқан шеберлердің шығармашылық эволюциясында, тез толысуында құдіретті өнерпазға тән ерекше заңдылық бар.
Мәдени-көркем мұраны игеруде гуманизм, адамгершілік, прогресс талаптарының маңызы зор.
Революциялық төңкерістер дәуірінде ескі мен жаңа күресі әбден шиеленіседі, осы кезеңде әр түрлі әдеби ағым өкілдері “бұрынғының бәрін қиратып, жаңа өнер жасаймыз” деген әуре-сарсаңға түсіп, дәстүр атаулыны мансұқ етпек болады, түптің түбінде тығырыққа тіреген шиырларға барады.
Әдеби-мәдени ауыс-түйіс, өзара ықпал-әсер хақында оқымыстылар неше түрлі концепциялар ұсынады. Олардың ішінде реакцияшыл, нәсілшілдік, баптық идеологияның отына май құятын тұжырымдар да бар. Батыс пен Шығыс арасында көркемдік-рухани игіліктер алмасу мүмкіндіктерін жоққа шығаратын, оларды өзара қарсы қоятын әдеби шығармалық, ғылыми трактаттар жазылды. Р.Киплинг,
А.Фет белгілі туындыларында болмақ емес деген ойларды ашық айтты.
Неміс философы Освальд Шпенглер “Европаның құлдырауы”, ағылшын социологы Арнольд Тойнби “Тарихты зерттеу” деген еңбектерінде томаға-тұйық, тығырық шеңбер өркениеттер теориясының негіздерін салды. Бұлардың тұжырымы бойынша тектес, тағдырлас, нәсілдес елдер мәдениетінің тұйықталған (локальды) сипаты бар: мұндай цивилизациялар өз шеңберінің ішінде туып, өсіп, дамып барып құлдырайды: өзге мәдениеттерге терең әсер, зор ықпал жасай алмайды. Тіпті әр түрлі мәдениеттер қиысқан күннің өзінде дамыған мәдениет кенже мәдениетті жұтып қояды, оның ұлттық ерекшеліктерін ірітіп жібереді, ассимиляция жасайды.
Бұл пікірлердің түпкі төркінінде кейбір халықтардың биологиялық жаратылыс табиғатын кемсіту, кейбір ұлттардың сүйегінің асылдығын, қанының қасиеттілігін мойындауға апаратын нәсілшілдік, расалық кесепатты пікірлер жатыр.
Дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық және интернационалдық сипаттардың тұтастығы туралы концепция қазіргі заман әдебиетінің тәжірибесінде сан тілдегі нақты көркем шығармалар арқылы іске асты. Әлеуметтік сипаты, тарихи мақсаты, негізгі қаһарманы тұрғысынан алғанда адамзат көркемдік дамуында жаңа құбылыс болып табылатын қазіргі әдебиет – көркемдік жүйелерінің байлығы жөнінен классикалық реализм, ілгерішіл романтизмнің жанды жалғасы - өмірді шыншылдықпен, реалистікпен, объективті бейнелейтін кең мүмкіндіктің, келешектің әдебиеті.
Көп жанрлы, сан қырлы қазақ әдебиетінің төркіні, тарихы қазіргі жағдайы өзара байланыстар, бағыттар, мектептер сабақтастығы жөнінде аса қызықты, ерекше мәнді фактілер мен деректерге бай. Мұндай материалдарды салыстыра зерттеу арқылы тарихи-төркіндестік (генетикалық), тарихи-тектестік (типологиялық), тарихи-мәдени өзара байланыстар туралы ғылыми жинақтаулар жасаған филологиялық іргелі еңбектер жазылып келеді.
Әдеби дамудағы жалғастық проблемаларының бірнеше аспектісін, көп қырларын көрсете келіп, ұлт аралық әдеби байланыстардың сан алуан жолдарын айта отырып, әдебиетші ғалымдар әр түрлі деңгейдегі дәстүрлер, мәдениеттер тоғысуынан үздік үлгілер туатынын нақты мысалдармен дәлелдеп берді. Жаңа дүние жүзілік тарихи кезең шындықтарын бейнелейтін, қаһарманның күнделікті тірлігін көрсететін, әлем картинасын кеңейткен қазіргі әдебиет адамзатқа ортақ дәстүрлерді байыта келе, көркемдік жинақтаулар жасап, жаңа эстетикалық игіліктер тудырады.
Үздік үлгілерден үйренуге құмарлық, адамзат дәстүрлеріне ден қою, туған топырақ байлығынан қол үзбеу - әлемдегі барша талантты қаламгерге ортақ қасиет. Ұлттық дария, әлемдік телегей теңіз – осы телағыстың тоғысуынан арналы қазына – көркем әдебиет жасалады.
Эстетикалық кіндік проблемалардың бірі – халықтық мәселесін қарастырғанда, қазақтың ұлттық әдебиетіндегі көне нұсқаларға, бағзы замандардағы мұраларға назар аударамыз, бүгінгі үлгілерге зер саламыз.
Әдебиеттегі халықтық мәселесін зерттеудің тамыры ғасырлар тереңінде жатыр. Философ, жазушы һәм ағартушы Жан Жак Руссо бұл төңіректе кейін тұтас мектептерге азық болған пікірлер айтқан. Қым-қиғаш әлеуметтік тартысты қарым-қатынастар өнер мен халықтың арасындағы байланыстың соңғы дәнекерлерін сындырды: халық бір төбе, өнер бір төбе болып кетті. Қоғам мен адам арасы кереғар алшақтап, жатсыну басталды. Сондықтан Жан Жак Руссоның қоятын талабы - өнердің халықтық формаларын, көне түрлерді іздеу. Тек солар ғана халықтық идеологияға жақын болмақ. Руссо жалғыз өнер емес, буржуазиялық қоғамның да ел үшін пайдасы жоқ деген тұжырым ұстанды.
Әлеуметтік күреске ХХ ғасырдың басында қазақ топырағында орыс мектептерінен оқып шыққан бір үлкен буын қауырт араласты. Сол лектің өкілі – М.Әуезов 1918 жылы жазған “Ғылым тілі” мақаласында өзінің білім дәрежесіне, эрудициясына лайық шамада Руссоның “ғылымда мән жоқ, пайда жоқ” деген пікірінің солақайлығын дәлелдеуге тырысады.
Немістің ұлы ақыны Шиллер халық пен өнерді табыстыру үшін қалың қауымды биік эстетикалық өреге көтеру шарт дейді. Бұл ретте ол Руссо концепциясына қосылмайды. Ғылымда диалектиканы қолданғанмен, идеализм арнасында қалған Гегель көркем туындыны, шығармашылықты бағалауда басты критерий – халықтық сипат деп біледі. Үркердей шағын, аз топтың мақсатын күйттеген өнер - өнер емес.
ХІХ ғасырдағы орыстың революцияшыл демократтары зерттеген, тиянақтаған мәселенің бірі - әдебиеттің азаттық күреспен байланысы.
Сыншы В.Белинский жазушы Н.Гоголь шығармаларын талдағанда Плюшкин, Манилов, Чичиковтарды орыс халқының жарасы, дерті деп білді. Шынында да, хас суреткер жеңісті шақтардың, салтанатты күндердің жыршысы ғана емес, кінәраттардың сыншысы, аурудың емшісі.
Әдебиетке азаматтық үлкен талап қойған Добролюбов “Орыс әдебиетінің дамуында халықтың қатыс дәрежесі жайлы” дейтін еңбегінде өмір ешқашан теорияның сүрелері, қағидалары ізімен жүрмейтіндігін, керісінше, әдебиет өмірге қарап бой түзейтіндігін дәлелдейді. Добролюбов жазушы мен оқырман арасындағы байланысқа айрықша назар аударған. Асылы, әдебиет төңірегіндегі дау-дамай, ұсақ таластарда қалың қауымның шаруасы жоқ. “Біз халықтық деп ата мекен сұлулығын жыр етуде әсерлі, айшықты сөз қолдануды, тұрмыс салтанатын дәл бейнелеуді ғана түсінбейміз, шын мәнінде халықтың – халықтық рухын түсіну. Халық кешкен өмір азаптарын кешу. Кітаби оқымыстылықты тастап, табаныңмен жер басып көру”, - дейді Добролюбов.
Буржуазиялық қарым-қатынастардың даму барысында романтиктердің бір тобы бүгінгі күннен ат-тонды ала қашып, ескілікке табынды, бір тобы көне грек әдебиетіндегі формаларға жармасты.
Әдебиеттің халықтық сипатын анықтағанда, бөліп айтатын бір арна – елдің өз ішінен шыққан перзенттер қолынан туған, халықтық идеологияны күйттейтін ұжымдық өнер туындылары. Бұған фольклорлық шығармаларды жатқызуға болады. Ауыз әдебиеті сананың балаң кезінде жетекшілік қызмет атқарса да, кейін қоғам тілегінің күрделі табалына ілесе алмай қалады. Бұл ретте есімізге К.Маркстің грек эпосы туралы айтқан сөзі түседі.
Екінші арна – дара шығармашылық тұлғалардың шығуы. Әрқашан суреткер ана тілі арқылы өз халқының өмірін, тұрмысын, психологиясын, рухын бейнелемек. Әдебиеттің образдық табиғаты, дара сипаты тілмен кіндіктес, өйткені тіл халықтың қоршаған ортаға, болмысқа қарым-қатынасын білдіреді. Сондықтан халықтық сипат белгілі бір елдің әдеби тілі үшін күресінен басталатын кездері болатындығын да айту шарт.
Түркі тілдес әдебиеттердің араб, парсы кітәби тілінен, шағатай тілінен қашу себебі өнерді туған топыраққа жақындату, өмірді ана тілінде бейнелеу үшін күрестен шыққан еді. Бұған ұқсас құбылысты Германиядағы және Ресейдегі дворяндардың француз тілінің әсеріне түсіп кеткен шағынан көруге болады.
Суреткердің қай ұлттың ошағында туғаны бірден-бір фактор емес. Илья Эренбург – еврей, ол барлық шығармаларын орыс тілінде жазды. Американың белгілі жазушысы Ульям Сароян бір кезде ата-бабасы жер ауып кеткен, Америкада тұрған армян.
Өнерпаз тағдыры қызық: Лермонтов жиырманың ішінде классикалық дүниелер берді, жап-жас Шолохов – “Тынық Донның” авторы. Ал кейбір жандар маңдайын тауға тасқа соғып, күрестің басқа түрлерінен қайтқан шақта ғана қалам ұстайды. Осындай адамның бірі – Джозеф Конрад. Ұлты – поляк, дүниенің төрт бұрышын аралаған кәрі тарлан, теңізші. Ағылшын тілін жігіт шағында үйреніп, шығармаларын сол тілде жазды. Джозеф Конрад – ағылшын жазушысы. Татар Сабыр Шәріпов өз шығармаларын үш тілде: қазақ, орыс, татар тілдерінде жазған адам. Бірақ оның әдебиет тарихында қалған туындылары, оқушының назарын аударатын еңбектері қазақ тілінде туған, ол – қазақ жазушысы.
Әдебиеттің халықтық сипаты – ана тілімен өзектес, ана тілі – ананың ақ сүті. Өйткені көркем образ, оның әр түрлі сәулелері, бояуы, ырғағы ана тілінде ғана айқын ашыла алады.
Шекспир туындыларына Ренессанс заманындағы ең қиын түйін проблемалар арқау болған. Лев Толстой эпопеясындағы өзекті арна – орыс халқының тағдыры. Халықтық шығарма күрделі, көкейкесті мәселе көтеріп қана қоймайды, тартыстың барар жер, байсал табар орайын эстетикалық идеал, авторлық мұрат тұрғысынан көркем, шебер шешіп береді.
Алдыңғы ұрпақтар басындағы қуаныш күйді, мұңлы сырды, қан қазаны кейінгі толқындарға тапсыратын елші – жазушы.
Әр тілді, сан сенімдегі халықтар бір-бірімен байланысы жоқ қайықсыз қалған аралдар сияқты әсер етуі мүмкін. Өркениет, әсіресе, ХХ ғасырдағы әлеуметтік қозғалыс дүние жүзі елдерін өзара қат-қабат, сан-сала қарым-қатынасқа түсірді. Бұрын бір мемлекетті бір мемлекет зеңбірек оғымен, қарумен тізе бүктірсе, енді тұтас планеталарды шығарма жаулайтын болды.
Әдебиеттегі ықпал, әсер, байланыс мәселелері жадағай қарастырылмауы шарт. Әуелгі кезде өрлеген, өскен әдебиет кенже әдебиетті көбіне еліктеу арнасына түсіретіні рас. Бұдан кейін сыртқы пішін ғана емес, ішкі мазмұнды игеру басталмақ. Халық жан-жағына қарайды, басқада бармен өзінде барды салыстырады. Болашақ өткелдерін іздеу үшін өзінің өткеніне қарайды.
Сәкен Сейфуллин сынды революционердің “Советстан”, “Тар жол, тайғақ кешуден” кейін “Көкшетау”, “Қызыл атты” жазуы, Ілияс Жансүгіровтің “Даладан” кейін “Құлагерді” жазуы кездейсоқ нәрсе емес, бұлар туған халқы тарихының көркем шежіресін жасауды, із-түзсіз ғайып болған беймезгіл замандар перзенттерін қайта тірілтуді мақсат тұтқан. Коммунистік саясаттан көңілдері қалған.
Әлихан, Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың, нар топтың қолынан ұшып түскен қаламды Әуезов көтеріп алып, қыран қанаты ғана талмай жететін асқар шыңға самғады. Қазақ өмірінің поэтикалық картинасын тудырып, тарихи ерлік жасады.
Қазіргі қазақ жазушыларының өткен күндерге, қадым замандарға ерекше назар салуы - әлеуметтік ұлттық сананың кемелденгендігінің, азаматтық марқаюдың белгісі.
Әдебиеттің халықтық сипаты және ұлттық тіл мәселесі төңірегінде бүгінгі әдебиет тану ғылымында бірқатар талас пікірлер бар. Әлеуметтік, қоғамдық жағдайлардың әсерінен Африка елдерінің кейбір өкілдері шығармаларын француз тілінде жазып жүр. Бірқыдыру үнді жазушыларының шығармалары ағылшын тілінде туған. Мұндай құбылыс біздің әдебиетте де төбе көрсетті. Кезінде Әуезов Бауыржан Момышұлы, Әнуар Әлімжанов және кейбір Кавказ жазушыларының осы ерекшелігін айтқан еді. Ешқашан ой мен тілді ажыратып бөліп қарауға болмайды.
Қысқасы, суреткер – елінің үні, жұртының ары. Халық батырға, патшаға, ойшылға сенбейтін сырларын тек жазушысына ғана сеніп тапсырады. Алыс өлке, қиыр шетке шыққанда суреткер туған жердің атынан сөйлемек, рас, Дантестер, Мартыновтар, Батыраштар хас талантты атқанда, қолдары дір етпес: ырысқа орай, әрбір жаңа буын алдыңғылар жалауын жерге түсірмейді. ХХ ғасырда азғантай авардан шыққан Расул Ғамзатов әлемдік поэзияға тау әуенін әкелді. Кеше саны аз норвегтер дүние жүзілік драматургияға әсер еткен Ибсенді тудырса, бүгін ақ қалпақ қырғыз прозаның күрделі формаларында алдына жан салмай келе жатқан, әр шығармасында қоғамдық жаңа проблема көтеріп отырған Шыңғыс Айтматовты берді.
Империализмнің асқындауынан туған шовинситік идеялар, фашистік трактаттар халықтық категориясын мансұқ етеді. Эстетикада халықтық мәселесі қоғамдағы қайшылықтармен диалектикалық байланыста қаралуға тиіс.
Рас, алғашқы қауымдық құрылыста өнерде таптық сипат болған жоқ. Тенденция таптық қоғамдағы өнерге тән, жалпылық мәні бар категория. Бұл мәселені алғаш теориялық жағынан тиянақтаған К.Маркс пен Ф.Энгельс.
Фридрих Энгельстің Каутскаяның “Көнелер мен жаңалар” атты романына байланысты жазған хатында эстетиканың кейінгі тарихында үлкен мәнге ие болған пікір бар. Жазушының саяси позициясы яғни тенденциясы жағдайдан, әрекеттен табиғи тұрғыда шықсын деген ой айтылады. Мәселе тарихи аспектіде қаралады. Ерте дәуірдегі Эсхил мен Аристофан, орта ғасырдағы Данте мен Сервантес, ағартушылық замандағы Шиллер – осы сияқты әр кезеңдегі әр түрлі жазушылардың шығармаларындағы негізгі сарын – тенденциялық екендігін көрсетеді. Бұл пікір Лассальға, оның “Франц фон Зикиген” трагедиясы туралы жазған хатында тереңдей түседі.
Маркс пен Энгельс өнердің бейнелілік табиғатына, даралық ерекшелігіне айрықша мән беріп, қаһарман әлеуметтік идеялардың жалаң рупоры болып кетпеуін ерекше қаузаған. Олар бірталай ақындар мен жазушыларға қамқоршы болған, идеялық жағынан әсер еткен. Маркс Фрейгард дейтін ақынды теріс бағытынан айырып, нәрлі шығармалар жаздыру арнасына түсірсе, жазушы Веерт Энгельспен танысқаннан кейін пролетариат өмірін жырлайды. Вейдемейерге 1852 жылы 16 қаңтарда жолдаған хатында Карл Маркс: “Ақын кім екендігіне қарамастан құптауды, еркелетуді сүйеді”, - деп жазды.
Әдебиеттегі таптық сипат – В.И.Ленин шығармаларында жаңа тұжырымға ие болды. Партиялық ұғымы Ленин еңбектерінде бірнеше мағынада қолданылған:
Белгілі бір адамның партияға мүше болуы;
Дүниетанымдағы, философиядағы партиялық, яғни материализм мен идеализм арасындағы күрес;
Жазушының, философтың, идеологтың әлеуметтік, қоғамдық қозғалысқа өзінің шығармасымен саналы түрде қатысуы.
Әдебиеттің партиялық принципі Лениннің “Новая жизнь” газетінің 1905 жылғы 13 ноябрь күнгі 12 санында басылған “Партиялық ұйым және партиялық әдебиет” атты мақаласында негізделген. Бұл туынды коммунистік партияның әдебиет саласындағы саясатының арнасын жасаған еңбек.
Кейбір оқымыстылар “Партиялық ұйым және партиялық әдебиет” мақаласының өткінші, кезеңдік қана мәні бар деген концепция ұсынды.
Щербина “Ленин және әдебиет мәселелері” дейтін зерттеуінде Махтың 1905 жылы Венада шыққан “Таным және адасу” кітабымен Лениннің айтысқа түскенін дәлелдейді.
Лениннің бұл мақаласындағы пікірлер тек партия мүшелеріне, тек партиялық публицистерге арналмаған, олар жалпы әдебиет, жалпы өнер табиғатын қамтиды.
Ленин бір жағынан әдебиетті партияға бағындырады:
“Әдеби іс жалпы пролетарлық істің бір бөлігі, бүкіл жұмысшы табының саналы авангардының бәрін қозғалысқа келтіретін біртұтас, ұлы социал-демократиялық механизмнің “тегершігі мен винтігі” болуға тиіс. Әдеби іс – ұйымдасқан, жоспарлы, біріккен социал-демократиялық партиялық жұмыстың негізгі бөлімі болуға тиіс”. (В.И.Ленин. Шығармалар, 10-том, 31-бет).
Екіншіден басқа пікір айтады:
“Талас жоқ, әдеби іс жай ғана теңгермешілікке, тігісін жатқызушылыққа, азшылыққа көпшіліктің үстемдік етуіне онша көп көне бермейді. Талас жоқ, бұл істе жеке бастың ынта-жігеріне, жеке бастың әуестенушілігіне үлкен кеңшілік болуын, пікір мен шарықтаған ойға, форма мен мазмұнға кеңшілік болуын сөзсіз қамтамасыз ету керек”. Бірақ нақты өмірде бұл шарттар орындалмады. Компартия әдебиетке, өнерге саяси талаптар қойды, оған көнбегендерді қуғындады, тіпті асты, атты.
Бүгінгі таңда, әлем жақсылық пен жауыздық майдандарына бөлінген дәуірде, күңгірт бояулар сөніп, ақ пен қара ғана қалған заманда, Хиросима мен Нагасаки қас қағымда опат болған заманда, бір елдің сүйікті ұлын үй төбесінен оп-оңай атып тастап жатқан заманда, тасжүректер Ауғанстанды аямай бомбалап жатқан заманда, суреткер принципі біреу-ақ, ол – адамгершілік принцип.
Бұл касталық, топтық ұғым емес, эстетиканың күретамыры, объективті мәні бар ғылыми ұғым. Тұтас әдеби құбылысты, жеке шығармашылықты, күрделі проблеманы қарастырғанда басшылыққа алар бірден-бір философиялық, көркемдік таразы.
Әрқашан әдебиет пен өнердің жан-жақты дамып, қоғамдық жаңа талаптар, өмір тілектеріне орайлас өркендеуі үшін нақты шаралар қолданып, үнемі қамқорлық жасау керек.
Әдебиеттің қазіргі проблемаларын биік эстетика тұрғысынан талдап, анализ жасаудың үлгісін көрсету, әдеби-көркем сынның негізгі, түбірлі кемшіліктерін ашып, оларды жоюдың жолдарын белгілеу – зор мақсат.
Үлкен әдебиет қашанда халық өмірінің белді кезеңдерін, дәуір тудырған әлеуметтік тартыстарды, қоғамдағы саяси ағымдарды, психологиялық шытырмандарды айналып өтіп кете алмайды. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ел басынан өткен оқиғалар өнер тілімен сөйлеп, ұрпақтар талқысына түспек.
Тыйым салынған тақырып, суреткер аяғын баспас объекті, жазуға, айтуға болмайтын дүние жоқтығы өнер тарихымен аз-кем хабардар адамға айдай анық. Рухани дамудағы сабақтастық, кәмелет талабы күн өткен сайын бұрын ақтаңдақ жатқан жерлерге зер салуға мәжбүр етеді. Әсіресе кезінде, заманында бар тіршілігі қағаз бетіне, әуез ырғағына, мүсін пішініне, бояу жүзіне түспей қалған халықтар енді-енді өз қолы өз аузына жеткен шақта өнердегі әр түрлі ізденістер кең арналы тенденцияға айналуы – заңды құбылыс.
Қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағдарына көз салғанда сан, сапа жөнінен өсуді, жанрлық формалардың баюын, нақты адам бейнесінің жасалуын, шеберлік мәдениетінің көтерілуін айту шарт. Халықтың рухани есеюінің айқын көрсеткіші – ұлттық өнер эстетикалық жағынан марқайып, философиялық жағынан салмақтанып, тамырын тереңге жайып келеді. Рас, өмір күресін, тірлік тартысын, адам психологиясын, ғылыми-техникалық революция өтпелі заман, тәуелсіздік нәтижесінде туған жаңа қарым-қатынастарды бейнелеуде қазақ әдебиетінің алатын асулары әлі алда. Өмірлік шындық пен көркемдік шындық, дүниетаным мен шығармашылық, факті мен қиял қарым-қатынасын ашу, өнердегі әсер-ықпалдарды көрсету, даму заңдылықтарын өсу тенденцияларын айқындау – бүгінгі таңдағы зерттеулердің берекелі ізденіс бағыттары.
Әлеуметтік мәнді тіршілік, қоғамдық қарым-қатынастар, адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат арасындағы диалектикалық байланыс өнердің қамтитын аясы деген тұжырымға көп оқымыстылар ден қояды.
Гегель өнердің дамуын үш үлкен кезеңге бөлген:
а) символикалық кезең. Ол шығыс халықтарының өнеріне тән сипат;
ә) классикалық кезең. Мұнда мазмұн мен форма бірлік табады. Мысал ретінде ертедегі Греция өнері алынады;
б) романтикалық кезең. Мұнда әдебиет ерекше дамыған.
Тұтас алғанда, диалектикалық элементтер болғанымен, бұл саралауда идеалистік көзқарас жатыр.
Әлемдік эстетика өнер түрлерінің тууын қоғамдық дамумен сабақтас қарайды. Бұл тұрғыдан архитектура (сәулет өнері) техникамен, қоғамның экономикалық қарым-қатынастарымен өте тығыз байланысып жатыр.
Архитектура кеңістікке қатысты өнер, ол табиғатпен, таумен, аспанмен, жермен, халықтық, ұлттық ерекшеліктермен тамырлас өнер, онда замана әсері, тарих ізі сайрап тұрады. Қазақ топырағындағы ең әйгілі, көк күмбезінен жаратылғандай ғажап ғимарат бар емес пе? Сонда ақын Қожа Ахмет Яссауи сүйегі жатыр.
Бұл түркі тілдес әдебиеттер тарихында терең із қалдырған ақын, философ қазіргі Сайрам қаласы төңірегінде 1103 жылы туған. Әкесі көзі қарақты, сөз қадірін түсінген, білікті адам болыпты.
Жастайынан жетім қалып, тақсырет шеккен Ахмет еңсесі басылып, жүнжіп кетпей, қағылез, өткір, алғыр боп өседі. Оның балалық, бозбалалық шағы Ясы шаһарында өткен. Кейін даңқы шартарапқа жайылған шақта осы қала атын өз есімімен қосарлап айтқан. Бұл – ертеректе кең тараған дәстүр. Көп оқып, мол білім алған табиғатынан сұңғыла Ахмет көп шәкірт ішінен суырылып шығып, өзі көш бастайды. Мұсылман дінінің ықпалымен белең алған софылық ағымды жырлайды.
Ахмет Яссауидың атышулы шығармасы – “Диуани-Хикмет” (“Даналық жайлы кітап”). Ол ХІХ ғасырда Стамбул, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше рет басылып шыққан. 1901 жылы Қазанда қазақтар үшін арнайы жарияланды. Ырғағы буын санына негізделген өлшеммен жазылған бұл туындыда Ахмет Яссауи бала күнінен қартайғанға дейінгі өмірін түгел баян етіп, тірлікте көрген азап, шеккен қайғы, татқан рақатты айтады. Жұмыр басты пенделерді шенеп-мінеп, пәнидің жалғандығын, бұл өмірдің өткіншілігін көрсетіп, аскетизмді, о дүние мәңгілігін жырлайды.
“Диуани-Хикметтен” қазақ халқының ежелгі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына қатысты бағалы фактілер табуға болады.
Жарық дүниені тәрк етіп өмірінің соңын жер астындағы қылуетте өткізген Ахмет Яссауи 1166 жылы көз жұмған. ХІҮ ғасырдың аяғында қылышынан қан тамған қаһарлы Ақсақ Темір өз даңқын асыру ниетімен мәшһүр ақын сүйегін Түркістан қаласына әкеп қойып, басына архитектуралық ғажап сұлу күмбезді мазар орнатты. Бұл ғимрат көп замандар қастерленіп, қазақ халқының әйгілі қайраткерлері, батырлары, шешендері, ақындары жерленетін мавзолей болып келді.
Скульптурада (мүсін өнерінде) бедер, көлем, пішін, мүсін – негізгі элементтер. Лессинг көрсеткендей, мұндағы өзекті нәрсе – адамның рухани байлығын дене сұлулығы арқылы бейнелеу, адам характерін, әлеуметтік ойды көлем арқылы, пішін арқылы таныту.
Көрермен суретке қарағанда не болған, бұдан кейін не болмақ деген жауап іздейді. Бояу, сәуле, жарық, көлеңке – осылардың тоғысуы, шарпысуы картина, сом сурет жасайды.
Қас-қабақтағы сәл қимыл, жүздегі титтей құбылыс, көздегі ұшқын – живопись (кескін өнері) стихиясы. Бір-ақ сурет әрекетті кезең-кезең қалпында бейнелей алмайды, живопись құдіреті – бір сәт, бір көрініс. Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Ә.Ысмайылов, Қ.Телжанов, С.Айтбаев, Н.Нұрмұхамедов т.б. қазақ суретшілерінің еңбектері осыны дәлелдейді.
Музыкадағы басты құрал – ырғақ, саз, гармония, әуезділік. Өнердің басқа салаларына қарағанда мұнда нақтылық, конкреттілік кемшін болса да, сезімге сәуле берер сыр мол, жүрекке әсер етер толқын көп. Музыкадағы ырғақтарды тудыратын көне дәстүр, ғұрып-салттар, елдің әлеуметтік өмірі, халықтың өз топырағы, тау-тасы, Қорқыт, Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін, Ақан, Абай, Біржан әндерін Мұқан, Нұрғиса музыкасын еске түсіріңіз.
Бетховеннің үшінші симфониясынан, Хачатурянның “Спартак” балетінен, Мұхаметжановтың “Шаттық отаны” симфониясынан әр түрлі әсер аласың. Қазақ күйлерінде ат тұяғының дүбірі, ақшам бояуы бар.
Театр – туысында синтетикалық құрама өнер. Мұнда әдебиет, живопись, музыка құралдары қатар жүреді.
Драма - әдебиеттің дамыған кезіндегі жаңа сапалық сипаттың көрсеткіші, халық өнерінің кемелденгендігін айқындайтын өлшеуіш, критерийлердің бірі.
Зады, көшпелі тұрмыс кешкен ел баянды драма, тұрақты театр тудыра алмағаны тарихтан жақсы аян.
Драма жанр ретінде халықтың азаматтық тарихымен, рухани дамуымен әрқашан емшектес.
Драма үлкен қақтығыстар, әлеуметтік тартыстар, аласапырандар, революциялар, жаңғыру, төңкеріс замандарында ерекше өрлеп өседі, шырқап дамиды. Көне грек драматургиясы, Шекспир драматургиясы осы тұжырымның ақиқат дәлелі. Бұл жанрдың туып, қалыптасуына, қала, шаһар тіршілігі, экономика, мәдениет деңгейі әр кез ықпал жасап отырмақ.
Драманың жанрлық табиғатын, бітім-сипатын танығанда әманда назар аударып, көңіл бөлетін үш буын бар.
Олар:
Драмалық тартыс.
Драма композициясы.
Драма мен театр байланысы.
Жеке пьесаны талдағанда, тұтас кезеңге пікір айтқанда осы үш маңызды проблеманы ұмытуға болмайды. Зерттеуші драмаға әр түрлі қырынан келмек.
Драмалық конфликт, тартыс жанрдың объектісін, пәнін анықтайды, болмысын, мәнін, өзегін ашады. Қашанда конфликт жоқ жерде – драма жоқ. Тартыс – драманың алпыс екі тамыры, жүрегі, өмірдегі қайшылықтардың көрінісі, конфликт драманың формалық ерекшеліктерін де анықтайды. Драмалық конфликт – жанр шарттары, әдеби әдіс талаптары, авторлық идеал, мұрат тұрғысынан екшелген, жазушы қиялында қайта балқып туған тартыс, өмірдің бір құбылысы шеңберінде тұйықталған, басы, ортасы, аяғы бар әрекет. Ол пьеса өзегінде негізінен бір үлкен арна – рельс тартпақ.
Пьесада сахналық әрекеттің маңызы зор. Бірін-бірі ауыстыратын әр түрлі толқындар, ағымдар, көріністер, қимыл-қозғалыстар, ой толғағы, сезім бұрқағы, көңіл жалқыны – драмалық шығарманың діңгегі. Түп-төркінін қазған кезде драма дүниеге келгеннен театрмен бауырлас, телқоңыр, кіндіктес. Пьеса сахнаға шыққанда ғана барлық сырын ашпақ. Ю.Айхенвальд “Театрды жоққа шығару” атты сенсациялық мақаласында кейін көп концепциялардың отына май құйған, әр түрлі пікірлерге мұрындық болған “театр – ойын, театр – тек форма” деген тұжырым ұсынған. Ол сахнада әдеби текст негізінде жасалған спектакль емес, қуыршақтардың ойыны көрсетілуі керек деп түйді. Бұл – мүлде қосылуға болмайтын теріс азу, қисық, қыңыр пікір. Әрине, театр тарихында қызық фактілер бар.
Көне Грециядағы барлық драма театр үшін жазылған. Шекспир пьесаларының толық нұсқасы ол дүниеден көшкеннен кейін шыққан. Гете тегінде пьеса бастыруға қарсы болған. Чехов пьесаны сахнаға шыққан соң ғана жариялауға лайық деп санапты.
Көп суреткерлер тағдыры театр мен драматургиядан ажырамастай болып кеткен. Классиктерден Шекспир, Гете, Мольер, Шиллер театрда жұмыс істесе, қазақ топырағында Жұмат Шанин, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Шахмет Хұсайынов әрі драматург, әрі режиссер, әрі театрдың әдеби бөлімін басқарушы болып еңбек еткен. Бүгінгі таңда театр драма мазмұнына, формасына айрықша ықпал жасап отыр.
Уақыт озған сайын кино театрды өнер ретінде мансұқ етіп, аренадан шығарып, жұтып қоюы мүмкін деген қауіпті ойлар да айтылып жүр. Зады бұл екеуі де туыс, ағайынды өнер. Уақыт, география шектелісі жоқ кино ірі планды пайдаланып, бір детальдің, кішкентай бөлшектің өзін әр қырынан көрсете алады. Қазір Африкада жүрген адамды қас қағымда Америкаға апара береді. Кереғар, контраст көріністерді оқыстан қатар ұсынатын монтаж – кино тіліндегі ғажап көркемдік құрал.
Әрбір жаңа спектакльде режиссер ойынан қанаттанған актерлер ансамблі көпшілік алдында қолма-қол соны көркемдік дүние тудыратын театрдың өз ерекшелігі, өз қызығы, өз кереметі бар. Театр спектаклі камералық, интимдік, сыршылдық сипатқа ие. Көз алдында құбылып отырған талантты актердің қимылы, тынысы, әрекеті әрқашан мол эстетикалық әсер етпек. Бұл – жанды, киелі, сиқырлы өнер.
Тың сала – телевидение экран шағындығы, бір шаңырақты, бір үйдің адамдарын қамту секілді өзгешеліктерін былай қойғанда, негізгі сипаттары жөнінен, ірі план, монтаж секілді көркемдік құралдары жағынан киномен аталас.
Сөйтіп, синтетикалық ерекшеліктерімен айқындалатын өнер салалары – театр, кино, телевидение қазіргі заманда бірін-бірі байытып, қатар, тез, егіз, өсіп, байып келеді.
Карл Маркс көне грек өнерін кейінгі тарих үшін норма, үздік үлгі деп бағалаған. Күні бүгінге дейін сақталған ғимараттар әлемдік архитектурадағы тұтас мектептерге, сан алуан ағымдарға негіз болған. Бағаналар үйлесімі, күмбездер жүйесі барлық елдердің сәулет өнерінде терең із қалдырды.
Мүсін өнерінде гректер адам денесінің сұлулығын, қимыл үстіндегі әсемдікті ғажап келісіммен бейнелеп, сырлы тұлғалар тудырды, мәрмәр тасқа жан бітірді. Бұл мүсіндерде сексуализмнің ешқандай ізі жоқ. Еркектің қалың қайраты, әйелдің шетін нәзіктігі реалистік, өмірге лайық формалар тапқан. Алыс замандағы ісмерлер қолынан жаратылған туындылардың жақсы көшірме, тәуір баламасының өзі – кез келген маңдайалды музейдің мақтанышы.
Кей халықтардың шығармашылық қуатына күмән келтіру салдарынан ұзақ уақыт бойы өнер тарихын зерттеуде европацентризм теориясы орын алып келді. Бұл бағытты шын ғылым мансұқ етеді. Әсіресе соңғы ізденістер, жаңа еңбектер әлемдік өнер тарихында Африка халықтары үлесін, Азия халықтары еншісін, Американың ежелгі тұрғындарының ең таңбасын айқындап беріп отыр. Театрдың төркінін, сыр-сипатын, болмыс-бітімін тану үшін Шығыстың көне, ежелгі мәдениетіне зер салып, пейіл қойып, тереңдеп бару шарт. Ал Европа театрларының туып, қалыптасып, өркендеуіне ұйытқы болған – грек өнері екендігінде ешқандай дау болмаса керек.
Грек театрының шығу тегі, генезисі жақсы мәлім. Афина қаласында қадым замандағы ежелгі театрдың жұрнақтары әлі бар. Рас, қазір қолданылатын сцена, оркестр, театр, трагедия, комедия, драма деген сөздердің түпкі мағынасы бүгінгіден алшақ. Көне грек әдебиеті шығармаларының арқауы – мифология, құдайлар арасындағы тартыс, патшалар қақтығысы, адамдар тағдыры.
Ғұлама оқымыстылар грек театры, драма өнері шарап, жеміс, молшылық құдайы – Дионис құрметіне құрбандық шалу салттарынан басталғанын айтады. Бұл орайда Мұхтар Әуезовтің “Жалпы театр өнері мен қазақ театры” еңбегінен бірқыдыру мағлұмат алуға болады.
Ежелгі театр құрылыс-бітімі, формасы жөнінен қазіргі стадиондарға ұқсаған. Қашап жасалған тас орындықтар бар. Секторларға бөлінген. 10-20 мыңға дейін кісі сыйған.
Ортадағы ойын қоятын тұс – оркестр, көрермендер отыратын жер – театр, киім шешетін орын – сцена деп аталған. Актерлер биік, ірі көріну үшін катурна аталатын өкшелі етік киген. Әр түрлі әлеуметтік топтың, түрлі психологиялық күйдің өз маскасы (пердесі) болған. Дауысты ұлғайту мақсатында, көрермендерге үн түгел жету үшін рупор іспетті ауызға салатын құрал қолданылған. Неше түрлі дыбыстар – жел гуілі, найзағай жарқылы, соғыс сарынын бере алатын амалдар жасалған.
Спектакль халықтық мерекелер кезінде көрсетілген. Бұған азамат санатына қосылмаған құлдардан өзге үлкен-кіші, әйел-еркек түгел қатысуға қақылы. Театрға кірерде әркімнің орны көрсетілген арнаулы жетон сатылады.
Ойын күндіз қойылады. Спектакль үстінде – тамақ жеу, шарап ішу - әркімнің өз еркінде. Әуелі әр түрлі рәсімдер болады, салтанат өтеді, елшілер қабылданады. Бір күнде, әдетте, 4 пьеса сарапқа түскен. Ұнаса қол шапалақтап, қошемет көрсету, ұнамаса тас лақтырып, мансұқ ету – дағдылы дәстүр. Көрермендер ішінен сайланған адамдар үздік туындыларға бәйге береді. Бұдан грек театрының халықтық сипатының бір ерекшелігі көрінсе керек. Сол замандағы ең әйгілі драматургтар Эсхил, Софокл, Еврипид сан рет бас бәйге, жүлделі сыйлыққа ие болған.
Фридрих Энгельс Эсхилды трагедия атасы деп бағалайды. Гете Софоклдай өз өнерін, сахна сырын білген драматург жоқ дейді. Барлық көне грек трагедияларындағы оқиғалар, негізгі қаһармандар мифология, аңыз, тарихпен байланысып жатыр. Бір фабула төңірегінде көптеген шығармалар туған. Аталмыш дәуір туындыларында символдық мән, философиялық астар, мегзеу сарындары ерекше мол. Грек драматургиясының қаһармандары ғажап тағдырдың, ғаламат күштің иелері. Ондағы идеялық сарындар, мотивтер, образдар, тұлғалар әлем әдебиетіне зор ықпал жасады.
Эсхил, Софокл, Еврипид шығармаларын жақсы түсіну үшін, ол кезеңдегі тарихты, философияны, жанрлық шарттарды, композициялық-архитектоникалық талаптарды білу ләзім. Бізге жеткен грек трагедияларында тау мен тау соғысқандай, теңіз бен теңіз қосылғандай, найзағай мен найзағай шарпысқандай ғаламат қуат, құдіретті күш бар. Соның бірі “Бұғаулы Прометей” – тамаша шедевр, жауһар туынды. Шығармаға арқау болған миф мынау: көп құдайлардың ішіндегі төбе құдай Зевске заманында екінші бір қатардағы құдай Прометей қорқынышты күш иелері – Титандарды жеңуге көмектеседі. Бұған қоса Прометей адамдарға дәрі істеуді, тамақ дайындауды үйретіп, хайуанаттарды бағындырып, Зевске бас имей, оның түбінде неден мерт боларын білсе де айтпаған Прометей, адамдар үшін қуат күші – от ұрлаған Прометей трагедия финалында төбе құдай қаһарынан апатқа ұшырайды.
Карл Маркс: “Прометей – философиялық календарьдағы ең ақ жүрек әулие һәм азапқор”, - деп жазды.
Батыс Европада театр жеке өнер саласы ретінде орта ғасырларда туды. Бұл елдерде театрға өзек, арна болған әр түрлі әдет-ғұрыптар, ойындар, христиан дініне дейінгі түйсіктер-түсініктер.
Австралияны, Баварияны мекендеген жұрт бағы замандарда қыс пен көктемнің, жаз бен күздің ауысатын өлара шақтарын мереке, той етіп өткізген. Бұл салтанаттарда би биленіп, ән айтылып, ритаульдық, сенімдік мәні бар ойындар көрсетілген-ді. Іргелі елдердің баршасында өз топырағына лайық өнерпаздар шығады. Олар сегіз қырлы, бір сырлы: әрі батыр, әрі сері, әрі ақын. Осындай сауықшыл, ел еркелеріне әр қилы ат беріледі: француздар – жонглер, немістер – шпильман, поляктар – франт, славяндар – скоморох дейді. Көп жердегі театр ірге тасын қалаған сондай бесаспап өнерпаздар.
Белгілі мамандар Батыс Европада ұзақ жылдар бойы дін театр мен драма өнерінің тізгінін өз қолында ұстағанын көрсетеді. Шіркеу кескін өнері, театр, музыка, архитектураны адам санасына ықпал ету үшін тәсілін тауып, тиімді пайдаланған. Литургиялық спектакльдер шіркеуде маңызды діни мерекелер кезінде көрсетіледі. Оқиға пайғамбарлар, әулиелер, Христос ғұмырынан алынады. Литургиялық драматургияның көптеген жанрлық формалары бар.
Достарыңызбен бөлісу: |