ІІ көрініс Тілеудің монологі Жастайымнан алғаным алғыс. Осыған дейін біреудің назарын жықпадым. Жасаған жақсылығыңның адамнан қайтуы немесе Алладан қайту денен не екенін түсіне алмай келемін? Осыған дейін алғаным«Бағың жансын», «Есесі алладан қайтсын», «Дегеніңе жет», «Үбірлі-шүбірлі бол»... Осының ішінде маған майдай жағатыны соңғысы. Үбірлі-шүбірлі болғанның түсінбейтіндей несі бар. Жан-жағында біреуі етегіңе, біреуі жеңіңе жармасып, тұмсықтарын қорс-қорс тартып өңшең қара домалақ толып жүрсе, тапқан-таянғанын солардың несібесіне бұйырса, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең о дүниелік боп кетсем, бабамыз еді-ау деп басыма топырлап, бір-бір уыс топырақ салса, бағыңның жанғаны емей немене. Түсі екеш түсімде де қаптаған қара домалақ қамап алады. Олар кейде біреуі егеуімді, біреуі шапқымды, біреуі қайрағымды ұстап, қобдиымды ақтарып отырады. Тәтті қиялдан арылсам осы мазардай тыныштық. Атам Өтеуде жеті ұлынан айырылғанда күйігі ішіне сыймай ауыл шетіндегі «Жиделі тепсең» ойпаңынан әкелген жидеден домбыра жасапты. Зарын күймен шығарған екен деседі . Сол зарлы күй «Бебеу күйі» екен. ( Керегеде ілулі домбыраны алып, «Бебеу күйі» тарта жөнеледі. Сыртта отын алып келе жатқан Зейнеп кіре сала жылайды.) Зейнеп: Әй, бейбағым-ай сенде мойындадың ба құлынымыздың келмейтінін, шаңырағымыздың шырағы шынымен сөнгені ме?! Алланың тұяқсыз қалдырғаны ма? Өміріміз өсымен өшті ма? Алла бұндай азабың бар болғанда неге көрсеттің мына дүниені? Ізімізден басымызға кім топырақ салады, шал-ау! (Зейнеп еңкілдеп жылайды) ІІІ көрініс (Үй іші тыныш. Шетінде балғаны тықытып отырған Тілеу. Тыстан гүбірлеген әйел дауысы естіледі).