Рухани жаңғырудың жарқын жолы



Дата08.06.2018
өлшемі89 Kb.
#42008

Рухани жаңғырудың жарқын жолы


Тәуелсіздік идеясының алтын қазығы

– Көшбасшымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, Мемлекет басшысының ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тартылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.


Осы кезеңдерге дейін еліміздегі жүзеге асырылған ірі-ірі жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың дені саяси-әлеу­меттік, экономикалық ендіктерге құрылған болатын. Бәрі де рет-ретімен және өте сәтті жүзеге асырылып келді. «Ең бірінші экономика, содан кейін саясат» деген басқару жүйесін Елбасы тегін айтқан жоқ.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі болар осы үш концепция сөзсіз бір-бірімен сабақтасып, тамырласып жатқан идеялар.
Өз алдымызға жеке отау құрып, бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамыздың бәрін айқындап жаңа тұрпатты тәуел­сіз мемлекет құрдық. Алыс-жақындағы алып елдермен сая­си-әлеу­меттік, экономикалық және рухани қарым-қатынасты жол­ға қойдық. Бұл, әрине, бір ауыз сөзбен түйіп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында қаншама қиындықтар, шиеленістер, күрмеуі қиын әлеуметтік және ұлттық мәселелермен бетпе-бет келгенін іштеріңіз сезеді. Сол бір қысталаң кездерде көшімізді сүріндірмей, қайығымызды қайрандатпай осы кезге дейін жеткізген ел Президентінің сараб­дал саясаты екенін баршамыз жан жүрегіміз сезіндік, сезініп те келеміз.
Біз қақпа-тереземізді жауып алып, есігін іштен іліп отырған ел емеспіз. Елбасы алғашқы сәт-сағаттардан бастап-ақ жаңа даму жолына түскен елдің көшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас және бейбіт өмір сүруге бағыттады. Төрт тараппен еркін байланыс орнатып жатқан соң жайын ауыздай жаланған жаһандану дәуірімен бірге келген сан түрлі құбылыс­тардан бас тарта алмайсың. Сондай кездері, рас, түрлі діни ағымдар мен ұлттық жадымызға, жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер дендеп еніп кетті. Мұндай жағдайларға табандап қарсы тұратын Президент айтқан – ұлттың рухани коды.
Ұлттың рухани коды дегеніміз не?
Ол – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы ошағымыз, отымыздың басы. Президентіміздің бағдарламаға құрылған мақаласында ендігі жерде біздің дамуымыздың негізгі бағыттары болатын алғышарттар нақтылы көрсетілген.
Елбасы «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сауалды жалпы бұқараға қоя отырып, «Мен еліміз мықты әрі жауапкер­шілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім. Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын!» деп кесіп айтты. Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны!
«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революция­лық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімдегі ойлар мен идеялар ұлттық мемлекеттілікті нығайту мен сақтаудың айқын да нақты көрінісі.

Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен таныстым. Саяси, эконо­микалық реформаларда еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ол адамның құндылығы, рухани байлығы, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға мән бермесек, мұнымыз үлкен қателік болатынын айтып отыр. Бұрын анда-санда айтылып қалатын пікірлер бұл жолы үлкен бір бағдарламаға айналған. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр, енді оны халыққа жеткізе білу керек. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс.


Болашақта Қазақстанның бет-пердесін не анықтайды? Еліміздің болшақтағы келбетін анықтайтын – бәсекеге қабілет­тілік. Бәсекеге қабілеттілік саясатта, экономикада, руханиятта, яғни барлық салада болуы керек. Бәсеке болмаған жерде іріп-шіріп, тозып кетеміз. Бәсеке болған жерде жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, санамызды жөндейміз. Бәрі санадан басталады. Сол үшін сана түзелуі керек. Сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиіспіз. Абай атамыз баяғыда «Адам бол» деп айтып кеткен. Бұл – қазақ­тың ұраны іспетті сөз. Елбасымыздың осы жұмысында Абайдың ұранының көрінісі бар. Бұл жұмыстың арқауы өте тереңде жатыр.
«Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейді. Білімі мықты болуы үшін еліміздің білім беру саласын реформалаймыз деп жатыр. Бәсекеге қабілеттілікті дамытуымыз керек. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Ата-бабаларымыздың баяғы­дан келе жатқан үлкен құндылықтар жүйесі жастарымыз­дың да санасына еніп, олар әр нәрсеге сын көзбен қарап, жақсы үрдістеріміздің бәрін бойына сіңіріп өссе, нұр үстіне нұр.
Елбасы тәрбие, білім беру саласына үлкен мән беріп отыр. Әсіресе, үштілділік мәселесі басты назарда. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Бүкіләлемдік тіл болғаннан кейін біз одан сырт қала алмаймыз. Дегенмен қазақ тіліне басымдық беруге тиіспіз. Біздің мақсатымыз – әлемдік өркениетке еніп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз.

Гуманитарлық ғалымдарды бір сілкіндірді

– Елбасы биылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялаған еді. Осы үшінші жаңғырудың нақты тетігі, кілті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақалада анық жарық көрді деп ойлаймын. Мұнда сананы мағынасыз, мақсатсыз жаңғырту турасында емес, ұлттық болмыстан, ұлттық қабілет-қарымнан айырылып қалмай, осыны әлемдік байлықпен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы мәселе анық көтеріліп отыр.


Бұл мақалада маған ерекше ұнағаны – өзім тарихшы болғандықтан, тарихи ғылымның, тарихи сана мен ғылымның алар орны өте жоғары бағаланған екен. Бұл мақалада мынадай сөздер бар: «2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз». Тура осы шаруаны, яғни, әлемдік мұражайлар мен мұрағаттардан деректерді елімізге әкелуді біздің Тарих және этнология институты ұйымдастырған еді. Бұл жұмысқа берілген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағасы мені ерекше қуанышқа бөлеп отыр. Оның сыртында тарихты ұлықтағаны, төл тарихымыз бен ұлттық санаға байланысты жаңа міндеттерді ашқаны – тарихшыларға да жаңа міндеттемелер жүктейді. Тарих ғылымында материалтануды – деректану дейміз. Егер материалтану – ғылымды коммерциялан­дырудың бір саласы болса, тарих ғылымында жаңа деректі айналымға қосуды да коммерциялық мүмкіндік деп қарасты­руымыз керек. Бізде гуманитарлық ғылымдар коммерцияланбайды деген ұстаным басымдау боп тұр. Бірақ, біздіңше, оның да коммерцияланатын жерлері бар. Егер АҚШ-тан, Қытайдан, Жапониядан жаңадан дерек тауып жатсақ, жаңа есімді танып жатсақ, нағыз коммерцияландыру бастамасы осы емес пе? Бұған ғылымды басқаратын мекемелер мән берсе деп ойлаймын.
Бұл бағдарлама біздің гуманитарлық ғалымдарды бір көтеріп, сілкіндіріп тастайды деп есептеймін. Өйткені мұнда тілге де, әдебиетке де, философияға да, экономикаға да байланысты керемет бастамалар ұсынылған. Бұған ғалымдар белсене атсалысып, нәтижелі жұмыс істеуге жұмылуы керек.

Жаңа рух, жаңа серпін береді

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптас­тыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, же­тіс­тіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру туралы айтқанын зиялы қауым қуана құптап отыр. Білімге ұмтылу, жақсыға үйрену, жаманнан жиренуді ата-бабаларымыз баяғы­да айтқан. Бұл енді ұлттық идеологиямызға айналып отыр. «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп қадап айтты мақаласында Мемлекет басшысы.


Ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз керек екендігін айтып отыр Елбасымыз. Бұл дегеніміз – қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бас­тысы, мем­лекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи ру­хы­мызды жаңғырту. Бұл ретте Президенттің жаңғыру ұғымының мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағды­ларымыз бен әдеттерден арылуымыз керек деген сөзінің жаны бар. Өйткені бұл – өмір заңы, даму заңдылығы. ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Жастары­мызды осы бағытта тәрбиелеп, әлемдік білім ошақтарынан тереңде­тілген білім алып халқымыздың игілігіне жұмыс істеуге баулуымыз керек. Мемлекет басшысының Үндеуіндегі «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақырады.
«Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты жобалар көрсетілген. Мұнда айтылған қазақ тілін біртіндеп латын алфавитіне көшіру – заман талабы. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетті. Бұл әлемдік ғылым саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Сол үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылмақшы.
Жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы туралы Елбасы өзінің мақаласында жан-жақты түсініктер берген. Бұл бағдарламаның халқымызға жаңа рух, жаңа серпін беретіні анық. Бұл бағдарламаның аясына тарихымыз да, руханиятымыз да кіріп кетеді. Соның нәтижесінде, болашақта елін, жерін, халқын сүюге қазақша тәрбиеленген нағыз қазақстандық жаңа буын пайда болады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып, тарихи мәні бар құжатпен тереңінен танысып шықтым. Бұл басты құжат арқылы ел Президенті әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын айқындап берді.


Ұлт Көшбасшысы бірнеше жыл бұрын 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу керектігін «Қазақстан – 2050» стратегиясында мәлімдеген болатын. Кешегі бағдарламалық мақаласында да латын қарпіне көшудің нақты кестесін әзірлеуді тапсырды. Ақын ретінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қолдаймын. Тарихқа көз жүгіртсек, латын әліпбиі қазаққа жат емес. Бұл халқымыздың ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнерін, қазақ әдебиетінің қайталанбас асыл мұрасын әлемге танытудың үлгісі деп білемін. Сондай-ақ жаңа әліпби арқылы түбі бір туыс елдермен өзара шығармашылық байланысты арттырып, Қазақ елі әлемдік өркениетке қадам баспақ.

Аса маңызды стратегиялық құжат

– Жалпы, жеке адам үшін де, тұтас халық үшін де құндылық атаулы мате­риалдық және рухани болып екіге бөлінетіні айқын. «Алдымен, экономика содан кейін саясат» деп Елбасымыз үнемі айтып келеді. Ол алдымен, халықтың көңіл күйі дұрыс болуы керек дегенге саятын әңгіме. Мақала рухани байлықты нығайту жөнінде болды. Рухани байлықтың кемел, күшті болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, жеке азаматтардан жасақталған еліміз үшін де өте маңызды. Ақыл-ойы толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны анық. Осынау құндылықтарды қалай игеретініміз және ол арқылы қайда жететініміз жан-жақты талданған.


Бұл мақаланы аса маңызды стратегиялық құжат деп білемін. Өз басым солай қабылдадым. Осыны жүзеге асыру үшін қандай іс қолға алынуы тиіс және қандай қадамдардан өтетініміз нақты көрсетілген. Елді рухани жаңғыртудың жолы екі түрде келтірілгені қуантады. Біріншіден, ұзақмерзімдік стратегия және оны орындау үшін қысқамерзімдік жоспар жасақталып, көрсетілген.
Мұнда бірқатар тақырыптар қамтылып, ол Елбасының осыдан 10 және 20 жыл бұрын айтылған идеяларымен үндесіп жатыр. Себебі, біздің елдің алып келе жатқан саяси жолы, экономикалық бағдары, рухани құлшынысы бір желіден айныған емес. Сонымен қатар таяу жылдардағы міндеттердің ішінде латын әліпбиіне көшуіміз де жан-жақты талдап айтылған. Бұл – ғаламдық ақыл-ойға, ғылымға жақын, бәсекеге қабілетті болуға бастайтын үлкен қадамның бірі.

 

Кемелденудің маңызды факторы

– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласы – саяси реформа мен эконо­микалық жаңғыру үдерістерінің басталғанының кепілі.
Мақаланың кіріспе сөзінде былай дейді: «Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғы­руларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Бұл сөздер – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсететін жол.
Болашаққа бағдар ретінде әрбір Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің студент жастары Елбасының осы сөздерін өздерінің алға қойған мақсаттарына кіріктіре отырып, еліміздің интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлесін қосады деген сенімдемін. Жастардың, әсіресе, студент жастардың, интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар олардың рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Рухани жаңғыру – әрбір жеке тұлға үшін оның тәрбиесі, ұлттық сана-сезімі, ұлттық рухани тамырынан нәр алған құндылықтары мен оның жаһандық өзгерістерді дұрыс бойына сіңіруі.
Еліміздің болашақ бағдарының оң болуы үшін Елбасымыз «прагматизм» сөзіне көңіл бөлуді ұсынады. Мақалада Елбасы «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деп түсіндіреді. Елбасының осы сөздерін толық қолдай отырып, мен рухани мәдениетінің дамуы үшін, еліміздің экономикасының өсуі үшін қазіргі кезде адам құндылықтарының кемелденуі мен өзінің кәсіби қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыруы, сонымен бірге жеке тұлғаның ұлттық байлықты ескере отырып өздігінен кемелденіп дамуы әсер етуші ең маңызды фактор деп сенемін.

Ұлт Манифесті

– Президент Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарламалық мақаласы бірден жазыла салған дүние емес. Мазмұнына үңілсек, оның өткенге есеп беріп, болашақты анық­тауға бағытталғанын аңғаруға болады. Осылай ғана Тәуелсіз ел контексінде ұлт қалып­тасады. Мен мақаланы оқыған соң ерекше көңілде болдым, өйткені ол – ұлт манифесті. Себебі, мақалада бәрі бар, тарихи экскурстан бастап қазіргі дүрбелеңге толы әлемде біздің орнымызды анықтауға дейінгі мәселелер қарастырылған. Ұлттың тарихи тағдырына объективті баға түсінікті һәм нақты берілген. Яғни қазақ халқы 25 жыл бойы жүйелі түрде алға басып, тұрақты мемлекет құруға ғана емес, біртекті азаматтық ұлтты қалыптас­тыруға ұмтылды. Осынау модернизациялық матрицаның өзегі – адам, азамат.


Іс жүзінде біз рухани жаңғыру бағытын ғана емес, бұқаралық санадағы түбегейлі өзгерісті байқап отырмыз. Бұл процесс әрбір жеке тұлғаға да, тұтас қоғамға да бірдей әсер етеді. Президенттің бағдарла­малық мақаласы алдымен қазақ тілінде жарық көргенімен оны жақтаған көптеген пікір орыс тілінде айтылды. Бұл да – 25 жыл ішінде ана тіліміздің қоғамдық өмірге еніп, көп жағдайда шешуші позицияға жеткенінің нәтижесі. Тіпті егер бірқатар азаматтар мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алмаса да мәтіннің мағынасын түсінеді. Президент мақаласын алдымен мемлекеттік тілде жариялау арқылы қазақ тілінің қайта түлеуі мен қоғамдағы рөлінің тоқтамайтын процесс екендігін көрсетті. Осы тұста Қазақстанда 2 миллионнан астам оқушының қазақ тілінде білім алатынын және олардың қатары өсіп келе жатқанын да атасақ жетіп жатыр. Мемлекеттік тіл өз позициясын эволюциялық жол­мен нығайтып келеді.
Жалпы, күн тәртібiндегі мәселелерді көтеріп тұрған мақала прагма­тизмге толы. Латын әліпбиі мәселесі де өзекті. Тіпті дәстүрге берік Қытай­дың өзінде өзіне тән латын әліпбиін қолда­нушылар көп. Өйткені бұл жаһандық қауымдастықтың прогрессивті бөлігімен бір деңгейде ойлап, оларға ілесіп отыру үшін қажет мүмкіндік һәм технология.
Тағы бір жаңалық – Гарвард, Оксфорд және әлемнің өзге де таны­мал университеттерінің үздік оқулықтары негізінде қазақ тілінде 100 оқулық әзірленетін болды. Біз тек техникалық мамандарды емес, жаңа әлемнің жаңа қазақ гуманитарилерін даярлайтын боламыз. Қазақ мәдениетінің шетелдердегі бәсекелестік қабілеті де арттырылатын болды. Қазақ мәдениеті БҰҰ-ның 6 тілінде жаһанға таныстырылады.
Ұлт дегеніміз – тірі ағза сияқты дүние. Ол үнемі рухани жаңғырып, жаңаланып отырады. Президенттің бағдарламалық мақаласы осындай жаңғыру үшін қажет рухани-саяси бағдар бола алады.

Жастарға арналған жол картасы

– Елбасының «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғы­ру» мақаласындағы маңызды те­зистердің бірі та­рихтың және мәдени өзін-өзі анықтаудың ау­қым­дылығын сақтаудан және ұғынудан тұрады.


Жаңа технологиялар жасалынатын бола­ды, жаңалықтар ашылатын болады, бірақ Қазақстан халқына жаңа жасампаз істер мен жеңістерге тың күш бере отырып, рухани құндылықтар мен іргелі білімдер, негіз өзгеріссіз қалады.
Президент мақаласы Қазақстан халқының мінезін, сындарлы ұлттық басымдықтарды қамтып, ұлттың мәдени кодын көрсетеді. Пре­зидент біздің негізгі рухани құндылықтарымыздың даму бағытта­рын баяндаған: ғылым, мәдениет, білім. Еліміздің әр азаматы үшін бағдар болып отырған бірігудің және жалпы ұлттық ұқсастықты нығайтудың жаңа концепциясы ұсынылған.
Елбасының мақаласында белгіленген бағдарламалық мақсат­тар­ды іске асыру жастарда патриотизммен азаматтық ұқсастық сезімін одан бетер нығайтады. Қазақстан халқының қоғамдық келісімінің және бірлігінің нығаюына жағдай жасайтын болады.
Патриотизм ортақ тарих пен мәдениеттен, тілден, отбасынан бастау алады. Белсенді жасампаз патриотизм елдің жетістіктерімен, біздің заманымыздың қаһармандарының нақты істерімен қуаттанып, нығайтылуы тиіс. Мақалада біздің Отанымыздың – Қазақстанның игілігіне жұмыс жасап жатқандар үшін ең маңыздысы, ең құндысы және жақыны көрініс тапқан.
Қазақстан халқы ассамблеясы жастарының көшбасшысы ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайту бойынша біздің еліміздің жастарына арналған жол картасы.
Мақаланың барлық қағидалары ұлттық экономиканы және қазақстандықтардың әл-ауқатын дамытумен тікелей байланысты. Мұндай ауқымды бағдарлама ұлтты біріктіретін, азаматтық ұқсастықты нығайтатын өзіндік әлеуметтік арқау болады. Отан – бұл тек жер, аумақ қана емес, ортақ дүниетанымдық құндылықтарды, тілді, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды иеленушілерден құралған бірыңғай әлеуметтік-мәдени қауымдастық та ғой.
Сондықтан Президент мақаласының мағынасы мен қағида­ларының қоғамның барлық топтарына жеткендігі маңызды.
Талқылау бүкіл азаматтық қоғамның деңгейінде белсенді жүргізілуге тиіс. Бұл бағытта Қазақстан халқы ассамблеясы азаматтық қоғамдағы қозғаушы күш және Елбасының идеялары мен жасампаз саясатын тиімді жаюшы ретінде өте маңызды рөл атқарады.
Жастардың борышы – Президенттің бағдарламалық мақаласында Елбасы қойған міндеттерді түсіну және зерделеу екендігіне кәміл сенімдімін. Біздің еліміздің әлемнің ең дамыған елдерінің отыздығына табыс­ты кіруі үшін, әрбір жас адам негізгі оқиғалардан, жаңа ағым­дардан және технологиялық үрдістен хабардар болып отыру қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет