РУХАНИ МӘДЕНИЕТТІҢ НЕГІЗІН САЛҒАН
ҚАЗАҚ ҒҰЛАМАЛАРЫ
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Қазақстан мәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы ғылымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Ол Омбының кадет корпусының яғни орыстың әскери мектебінің түлегі. Арғы атасы Абылайды пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болды.
Қазақ ағартушылығына Еуропадағы ағылшын, неміс, француздардағы сияқты жалпы ортақ белгілер тән. Ең бастысы – білім мен ғылымды адамдарды бақытқа жеткізетін күш деп ұғыну. Алайда, қазақ ағартушылығының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Мұның өзі Шығыс Ренессансына тәуелсіз Қазақ хандығына және Ресей империясы құрамындағы бодан халық тағдырына қатысты.
Ағартушылық мәдениеттегі негізгі тетік - адам. Шоқан сыртқы әлемге “дала адамын” түсіндіргісі келді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салт-дәстүрін, діні мен тілін зерттейді. Шоқан жазған “Үлкен қырғыз – қайсақ ордасының ескі аңыз әңгімелері”, “Қазақтардағы жамандықтың іздері”, “Қашқария туралы жазбалар”, “Сахарадағы мұсылмандық туралы” және т.б. ғылыми еңбектерде қазақ және басқа түрік халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау берілген.
Шоқанды тек қазақ ағартушысы деп шектеу жеткіліксіз. Ол, шын мәнісінде, нағыз ренессанстық тұлға. Небары 30 жыл ғана өмір сүрген ол өзін дарынды тарихшы, тіл маманы, географ, мәдениеттанушы ретінде Еуропа мен Азияға таныстырп кетті.
Шоқан туралы айтқанда, алдымен көзге түсетін мәселе – Батыс пен Шығыстың арақатынасы.
Патшалық Ресейде білім алған империя офицері ретінде ол, әрине, Черняев экспедициясына қатысты, Қашқарияға жасырын барды. Ф.М. Достоевский, С.Р. Дуров, Н.Г. Чернышевский сияқты орыстың озық ойлы ғұламаларымен достасып, алдыңғы қатарлы Еуропа мәдениетінен нәр алды. Шоқанның бар арманы өз халқының төл мәдениетін, тарихын, тілін жоғары деңгейге көтеріп, жалпы адамзаттық мәдениетке тең етіп қосу болды.
Шоқан мұсылмандықтың мәдени-тұтастық функцияларын көре білді. Ұлт мәдениеттердің тоғысуында дүниежүзілік діндер интеграциялық қызмет атқарады. Қысқаша айтқанда, Шоқанның қазақ мәдениетіне қосқан үлесінің негізінде Батыстың да, Шығыстың да тигізген әсері емес, өз халқының төл мәдениеті жатыр. Шоқанның өзіне жүгінейік:
“Далалық орданың тұрғыны – қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл-ой қабілеті жөнінен отырықшы татар немесе түркі шаруаларына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр... Осынау дала көшпелілерінің ақынжанды болып келетіні, ой-қиялының жүйрік болып бітетіні мұңсыз-қамсыз көшпелі тіршіліктің арқасы болу керек немесе ұдайы ашық аспан астында, шет-шегі шіркінді Тәңірі тұтқандықтан да болар. Татар атаулы халықтар арасында өзінің ақындық қабілет-дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында болса керек”.
Ыбырай Алтынсарин. Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға – Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, алғашқы педагогикалық оқулық “Қазақ хрестоматиясын” және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз әдебиетін, әдет-ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі; ол жазған қазақтардың құдалық және үйлену рәсімдері туралы, адамдарды жерлеу және еске алу салттары жөніндегі еңбектері жоғары бағаланып, 1874 жылы Ы. Алтынсарин Ресей географиялық қоғамның Орынбор бөлімшесінің мүшесі болып қабылданды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы бейнесінде көрінеді.
Ыбырай өзінің ағартушылық қызметінде өз халқын білімге, мәдениеттілікке шақырғанда өркениетті елдер қатарына көтерілуді армандады. Ыбырайдың миссионер еместігінің куәсі – оның атақты “Кел балалар оқылық!” атты өлеңі.
Тоталитарлық жүйе кезінде алынып тасталған бірінші жол мынадай еді:
Бір құдайға сыйынып,
Кел балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Ыбырай 1884 жылы Қазан қаласында өзінің атақты “Ислам Шариаты” атты кітабын шығарды. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен жазылған бұл еңбегінде ол мұсылмандықтың негізгі қағидаларын қазақ мәдениетіне шебер қоса білді. Шығыс Ренессансында қалыптасқан дін мен білімнің арасындағы үйлесімділік идеясын (Әл-Фараби, ибн-Сина т.б.) Ыбырай өз заманына байланысты дамыта білді. Қай дінде болсын, адамдар бір-бірін сыйлау керек делінеді, ал мәдениетсіздіктің негізгі себептеріне надандық, жалқаулық және мақтаншақтық жатқызылады.
Шын мәнісінде, Шоқан мен Ыбырайдың қызметі мен шығармашылығы кейін ХХ ғасырдағы Қазақстан жеріндегі большевизмге емес, керісінше, ұлт-азаттық қозғалысына демеу болды.
Құнанбайұлы Абай (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Шын аты - Ибраһим. Туған жері – бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайы. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан – Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл-әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Сондықтан да ол Абайды медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегіндегі ел жақсыларымен аралысып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Орыс әдебиетімен танысуы көп ықпал етеді.
Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі - өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі - өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады.
Жамбыл Жабаев (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы.
Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық-жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген.
Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылары –бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар – үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік-саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің “Шағым”,”Жылқышы”, ”Шәбденге”, ”Сәт сайланарда”, ”Өстепкеде”, ”Патша әмірі тарылды”, ”Зілді бұйрық” сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік-саяси өмірін ақындық шыншылдықпен, азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді.
Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның “Туған елім” атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы “Правда” газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен “Өтеген батыр”, “Сұраншы батыр” сияқты эпикалық туындылары қайта жаңғырып ақтарылады.
Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы.
Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды.
Шәкәрім – Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да, араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан.
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің басты шарты – туған елдің бүкіл тарихи мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі, сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар.
Басты мәселе – ар ілімі, моральдық төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімнің “ілімі” деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі категориясы, мәдениеттіліктің тірегі – ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін Шәкәрімнен үзінді келтірейік: “Әрине, жанның өлген соң тазарып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғалады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық, қиянаттық көп айырмасы жоқ болса керек.
Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жардамы үш анық дегенім осы”. (Үш анық. 44-45 бб.)
Шәкәрімнің ұжданы біз жоғарыда айтқан, ежелгі гректегі “каллокагатия”, И.Канттың “Кесімді иператив” ұғымдарымен астас. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім. Шәкәрім өз халқының жанқияр ұлы ретінде туған мәдениетіне өлшеусіз қызмет етті.
Әлихан Бөкейханов. Қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына өз үлесін қосқан қазақ зиялыларының бірі Әлихан Бөкейханов.
Әлихан Бөкейханов – Санкт-Петербург орман технологиялық институтының экономика факультетін 1894 жылы бітірген. Мемлекет, қоғам қайраткері, экономист, әдебиетші, публицист, аудармашы, ғалым. “Алашорда” үкіметінің басшысы, көсемі. Баспасөз жұмысына 1880 жылдардан бастап араласады.
Ә.Бөкейханов 1922 жылдан бастап Мәскеуде тұрады. Жазу жұмысымен шұғылданып, үздіксіз еңбек етеді. Ә. Бөкейханов Мәскеуде “Ер Тарғын” - 1924, “Потаниннің өмірбаяны” - 1923, “Макардың түсі” - 1923, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” – 1924 жылдары баспадан жариялайды.
1925 жылы Л.Н. Толстойдың “Кавказ тұтқыны”, “Жұмыртқадай бидай”, “Жеті қарақшы” атты тағы үш шығармасын аударып, бастырып шығарды.
1926 жылы Ә. Бөкейхановтың “23-жоқтау”, “Шестаков”, Т.Утковтың “Жердің қысқаша тарихы” атты түпнұсқалы және аударма кітаптары шықты. Ә.Бөкейхановтың мол еңбегінің бір саласы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған.
Тарих аумағынан қарағанда тым қысқа уақыт аралығында (70 жыл – бір адамның ғұмыры) қазақтың ұлттық мәдениеті кезінде сан қырлы құбылыстарды өз басынан өткізді. 1916 жылдан басталған күрес келесі жылы мақсаттарына жеткендей болды. Өздерін “демократтар” санаған уақытша үкімет өкілдері сөз жүзінде езілген халықтарға азаттық береміз деді. Қазақ ғұламасы Ә.Бөкейханов революция жасала сала “Жаңарған Ресейдің ерікті азаматтары - қазақтарға” деген өз үндеуін жариялады. Жалпы алғанда, қазақтың ұлттық мәдениетін ХХ ғасыр талаптарына сәйкес қайта құруда “Алаш” партиясының ролі ерекше болды.
1917 жылғы маусым айындағы басылымында “Қазақ” газеті – автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін айтып, оның үш негізі бар екендігіне оқырман назары аударылды (территория, мәдениет және ұлттық ерекшеліктер). 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында Бірінші бүкілқазақтық құрылтай өтті. Оның шешімдері бойынша “Алаш” партиясының бағдарламасы жарияланды. Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан прогресс жолында талай жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде “Алаш” қайраткерлері алдыңғы қатарда тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |