С. Жұбатырұлының «Абыржы» романының поэтикасы Қ. Ө. Әжиев, ф.ғ. к., аға оқытушы, Р. А. Досмаханова, ф.ғ. к., доцент



Дата27.12.2016
өлшемі64,73 Kb.
#5339
УДК 8.01.

С.Жұбатырұлының «Абыржы» романының поэтикасы

Қ. Ө. Әжиев, ф.ғ.к., аға оқытушы, Р. А. Досмаханова, ф.ғ.к., доцент

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Эколог жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы Арал экологиясына арналған романды трилогия ретінде жоспарлаған. Қазіргі кезде романның алғашқы екі кітабы жарық көріп отыр. Шығарманың толық аяқталмағандығын ескере отырып, оны әдебиеттегі өзіндік ерекшелігі бар құбылыс ретінде де, әдеби шығармашылықтың нақты фактісі ретінде де қарастыруға да болады.

Романда Аралдағы экологиялық жағдай бас кейіпкер Медет Жармекеновтың тағдыры арқылы бейнеленген. Жұбатырұлы шығарманың жанрлық ерекшелігін «Бір тағдырдың баяны» деп нақтылауы кездейсоқ емес. Гидролог Медет Жармекенов «Бөген» атты балықшылыр ауылында өсті. Астанадағы ірі ғылыми орталықтардың бірінде жұмыс істей жүріп, ол қиын да жауапты жұмысты қолға алып, Аралды құрғатудың жобасын жасап шығады. Одан әрі қарай ол бірнеше жыл шет елде болады. 90-жылдардың басында еліне, Отанына қайтып келгенде мықты державаның күйрегенін, өзі жұмыс істеп жүрген мекемесінің жабылып қалғанын, өзі пір тұтқан ұстазының кетіп қалғанын көреді. Медет енді астананы тастап Бөгенге қайтады. Кейіпкердің сырттай қарағандағы өмір жолы осындай. Шығарма Медет Жармекеновтің финалдық сәтінен басталады. Шешесімен бірге ауыл шетіндегі кішкентай ескі үйге орналасқан Медет өзінің өткізген өмірі туралы ойға батады. Жазушы кейіпкерінің рухани өміріне акцент жасаумен қатар, оның бей-берекет ойларының астарына үңілуге шақырады. Кейіпкер санасы өзінің ешкімге керегі жоқтығын терең сезінуге бағытталған: «Мәселе сонда, достым.: Ертеңің жоқ. Бүгінің далбаса. Өмір сен үшін, тек, естеліктерде қалды..». [1:9 б.]

Тұтастай алғанда кейіпкердің ішкі даусында береке жоқ: кейде ол үзік –үзік, аяқталмаған. Ал енді бірде ол аяқ астынан пайда болады. Мысалы, шығарма «Сонымен, басқасының бәрі бітіп, енді, төрт аяқты қауымның мазағы қалды ма ?» [1:7 б.] деген сұрақпен басталады. Бұл жерде әңгіме жалғыз ешкінің шөбін жеп қоя беретін сиырға қатысты. Осындай, бір қарағанда елеусіз тұрмыстық жағдайдың суреттелуі арқылы кейіпкердің трагизмі ашылады. Осы бір күңіренген сұрақтың артында қорлық көрген, адамдардан алыстап кеткен жалғызілікті адамның көңілі тұр. Жұбатырұлы романының әлемі Арал маңындағы «Бөген» ауылының адамдары бейнеленген шынайы (реальный) әлем мен Медет Жармекеновтың санасындағы әлемді біріктірген. Медет ұйқылы-ояу, шалыққан жағдайда тұрып, өзінің иллюзиялық серігі Ызыңмен, Сайтанның сұрағымен, Сұрапыл Толқындармен үнқатысады, яғни сөйлеседі.

Кейіпкердің санасындағы серіктері оны өздерінің ащы, мазақ күлкісімен мазалайды. «Тағдыр тәлкегі! Мәселе, мәнсіз финалдың ұзақққа созылып кетуінде. Бұл мәселеге соңғы нүкте қойылатын сәттің туғаны қашан! Бірақ сен ... жанталасып , әлденеге әлі жармасумен келесің!» [1:8 б.]

Медет абстрактілі қара күштердің алдында ешқандай дәрменсіз болғандықтан «Ал талаңдар! Түтіп жеңдер! Қан мен жынға тойыңдар!» [1:8 б.] деп жанұшыра айқайлайды.

Кейіпкер өміріндегі тоқырау кезеңі оның санасының тоқырауы арқылы беріледі. Тұтастай алғанда романның көркемдік ерекшелігі кейіпкердің «сана ағымында». Осылайша авторға сыртқы композицияның жекелеген бөлшектері кейіпкерінің күрделі, шым –шытырық рухани әлемін суреттеуге мүмкіндік беріп тұр. Романның «Абыржы» [2:12 б.] деген атауының өзі шығарманың көркемдік әлеміндегі лейтмотивті «әлемге төнген қауіп» образын қалыптастырып тұр. Медеттің санасын үрей жаулап алған. Айдаладағы құм ішіндегі ауыл тұрғындары да өздерінше мазасыздық күйін кешуде.

Романның контексінде «Абыржы» деген сөздің тағы да екі мағынысы бар. С. Жұбатырұлы кітаптың алғысөзінде оған кең түсініктеме береді. Бөгендіктер теңізге қатысты табиғат әлеміндегі өтпелі кезеңді осылай атайды. Абыржы жылына екі рет болады. Бұл календарлық уақыттағы, қыс өзінің күшін әлі жоймаған, ал көктем өзін толық көрсете алмаған шекаралық кезең. Соған байланысты мұз орнынан қозғалғанымен, әлі ерімеген. Сонымен қатар бұл, теңіздің беті қатқанмен мұздың әлі жұқа, әлсіз кезі. Яғни, күздің қысқа ауысар мезгілі. Созылып кеткен мазасыз жағдай романдағы календарлық қана емес, сонымен қатар тарихи және биографиялық уақытты да білдіреді. Шығармада кеңестік дәуірден нарықтық экономикаға өту кезеңі бейнеленген. Сонымен қатар романда күнделікті, қалыпты өмірден тоқырауға бет алған Медет Жармекеновтің өмірі сипатталады. Нәтижесінде «Абыржы» деген атау шығарма мәтініне кейіпкердің ішкі әлемінің динамикасына негізделген (саналыдан санасыздықққа, шынайы өмірден қияли өмірге , естіден ессіздікке бағыт алған ) үрей мотивін қосқан.

Шығарма атауының үшінші мағынасы «сақалды сәби» Құлжұмырдың «Абыржы» толғауын орындауынан көрінеді. Ол әлемнің жетілмегендігі, адам бақытының тұрақсыздығы жайлы ойтолғау:

Қайық салсам, шанам жоқ

Шанам салсам, қайық жоқ,

Бірі барда, бірі жоқ

Екі қолдас түгел жоқ

[1:433 б.]

«Абыржы» атты бұл толғау сонымен қатар адмның құдайдан араша сұрауын да білдіреді. Толғау мәтіні Медеттің көңіл-күйіне сәйкес келеді. Кейіпкер өмірден баз кешіп, өзін-өзі өлтіруге тырысқан сәтте, Құлжұмырдың осы толғауды орындауы бекер емес.Осындай қиын сәтте сыйыну-өлеңнің үні Медетті өмірге қайтарады.

Бірінші кітаптың бірінші бөліміндегі «Евгении Онегиннен» алынған («Чудак печальный и опасный, созданье ада иль небес,// Сей ангел, сей надменный бес,// Что ж он?..»), психологтың жазбаларынан алынған («Парасаттың сәтсіздігі ақылдың қасарысуы ма бұл?!»), логик пен философтың әңгімесінен («-Қисын мен ғылымнан күштірек бұл не керемет? - Бұл сенім бауырым!») деген цитаталар жеке тұлға мәселесіндегі адамгершілік, философиялық, психологиялық аспектілерге қатысты.

Бірінші кітаптың екінші бөліміндегі, Цицеронның сөзі «Мен не өмір сүрдім», Кеселі қуылған жанның бақсыға жалынышы: «-Ағатай кеудемнен қимасым кетіп барады», көнелерден қалған сөз: «... Мұның бәрі бекер деме» деген эпиграфтар роман мәтініне өмірдің өткендігін, сол өмірде көп нәрсенің жоғалғандығының мотивін қосады.

Екінші кітаптың бірінші бөліміндегі эпиграфтар роман мәтініне адасу мен қайта оралу тақырыбын үстейді. Ал осы кітаптың екінші бөліміндегі эпиграфтар арқылы романға шындықты іздеу мотиві енгізілген.

Жұбатырұлының шығармасындағы әртүрлі көздерден алынған эпиграфтар, тұтастай алғанда кейіпкердің ішкі даусының бірқалыпты емес екендігін көрсетеді.

Автор кейіпкер санасындағы күрделі ойлау процесін көрсету және оның рухани әлемін толық ашу мақсатында роман мәтініне көптеген реминиценцаларды енгізген. Медет ойланған кезде оның көркем есі белсене түседі. Мысалы шығармада Сервантестің «Дон Кихот» романымен үндестік жиі кездеседі. «Абыржының» бірінші кітабы «Баратария аралының әміршісі деп аталады. Роман мәтінінде Сервантестің шығармасына берілген сілтемелер айқын (түпнұсқадан алынған цитата түріндегі) және жасырын (мәтінаралық) (подтекст) түрде кездеседі.

Бөгенге келгенде Медеттің Санчо Пансоның сөзін келтіруі, оның туған ауылына абыройдан жұрдай болып оралғандығын аңғартады. Дон Кихоттың өмірлік тәжірибесінен түйген ойлары, өзіндік философиясы болғандығы белгілі. Сол сияқты Медетте де «Рәсуә өмір! Бәлкім адал дүниені рәсуә еткен сұқсыр заман? Бөтен заман?» [1:309 б.] деген, «жоғалған ұрпақтың» философиясы қалыптасты:

Дон Кихот келмеске кеткен алтын ғасырдың идеалдары туралы ой қозғап, сол кезеңді қайтару миссиясын мойнына артса, Медет те күйреген кеңестік құрылыстың идеалдары туралы терең ойға шомады. Ол идеалдар тұрақсыз, баянсыз болып шықты. Сол идеалдарға деген сенім жас маманды қатты қателестірді. Медеттің өзін-өзі өлтіруге әрекет жасарының алдында, үнемі төсқалтасында ұстайтын партбилетті жыртуының да символикалық мәні бар. Дон Кихот адамдардың сәл де болса жақсырық болғандығын армандаса, Медет адамдардан саяқ жүреді. Сервантестің өлмес романының кейіпкері өмірді жақсы жағына қарай өзгертуге болатындығына сенді. Бірақ С. Жұбатырұлының кейіпкері өзін шынайы өмірден тыс қалған, тірі өлік санайды. Өзін қоршаған ортаға жеккөрушілікпен қараған Медет бірнеше рет Диогенді еске алады. Рухани жалғыздықты бастан кеше жүріп, адам ақылының драмасы жайлы жиі ойланады. Сондай кездерде Медеттің есіне Абайдың «Масғұт» поэмасы түседі. Бір сәт Грибоедевтің кейіпкерлерін де есіне алады. Бірақ әрбір жеке тұлғаның «ақылдың азабы» жайлы жеке тәжірибесі бар. Қолынан іс келетін, талантты жас маман Медет Жармекеновтың драмасы, оның интеллектуальды потенциалын біреулердің жеке бас пайдасы үшін пайдаланып кетуінде.

«Абыржы» романында оқиға құрғақ баяндалмай кейіпкердің аяқталып болмайтын еске алулары, өзін қоршаған ортадан алған әсерлері, жан күйзелістері арқылы беріледі. Медеттің санасы «көп жағдайда ретсіз, берекесіз, бүкіл әлемді қамтығандай: оның санасындағы өмір шындығы «тұманмен» бүркелгендей». [3,196 б.]

Тұтастай алғанда роман мәтініндегі «сілтемелер», «әдеби ескертулер» , атап айтқанда (библиядан алынған адасқан ұлдың оралуы жайлы мысал, Сервантестің «Дон Кихот» романы, Грибоедевтің «Ақылдың азабы», Л. Толстойдың «Балдан кейін», «Масғұт» поэмасы мен Абай өлеңдерінен алынған жолдар, М. Жұмабаевтың өлеңінен алынған үзінділер) кейіпкердің ішкі ойларын көпқабатты жасаған.

С. Жұбатырұлы Арал трагедиясын жеке тұлғаның драмасы арқылы ашады. «Абыржы » романындағы апатқа жеке кейіпкер «санасының ағымы» арқылы баға берілген. Кейіпкер санасы мен сананың терең қабатттарында болып жатқан ойлау процесі «Арал-әкенің» өлімі тақырыбымен байланысты.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жұбатырұлы С. Абыржы: Роман. 1 кітап. - Қызылорда: Тұмар, 2000. - 448 б.

2. Махмудов Х., Мусабаев Г. Казахско-русский словарь.- 2-ое изд., перераб. и доп. - Алма-Ата: Гл. ред. Каз. сов. энцикл., 1987.- 512 с.

3. Бочаров С.Г. Пруст и «поток сознания»// Критический реализм ХХ века и модернизм.- М.,1967.



4. Жұбатырұлы С. Абыржы. Роман. 2 кітап. – Қызылорда: Тұмар, 2003. – 460 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет