С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Етістіктің сабақтылық-салттылық категориясы



бет70/97
Дата15.11.2022
өлшемі1,93 Mb.
#158238
түріОқулық
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға 2

Етістіктің сабақтылық-салттылық категориясы
Етістік жалпы грамматикалық мағынасы жағынан нені білдірсе де (іс-әрекетті, қимылды, қозғалысты, көңіл күйін, сапалық белгінің өзгеру процесін, туу, өсу сияқты қимылды, амал-әрекетті, қалыпты т.б. мағыналарды) және қандай тұлғада (негізгі және туынды түбір, қосарланған, біріккен, тіркескен күрделі түбір, лексика-грамматикалық етіс және болымсыз етістік, таза грамматикалық – рай, шақ тұлғалары жіктеліп келгеңде) тұрса да, я сабақты, я салт мәнін білдіріп тұрады. Яғни етістіктің салттылық-сабақтылық мәні оның, біріншіден, семантикалық сипаты, екіншіден, тумысынан тән ерекшелігі екенін баса көрсеткен жөн. Мысалы, негізгі түбір деп танылып жүрген оқу, жазу, көру туынды түбір деп танылып жүрген ойлау (ой-ла), шегелеу (шеге-ле), ескеру (ес-кер), арқалау (арқа-ла), утіктеу (үтік-те), күрделі (тіркесті) түбір деп танылып жүрген жек көру, келемеж ету, оқып отыру, әңгіме қылу т.б. етістіктер сабақты және әр түрлі тұлға түрлері де, оқы-ған, оқы-дым, оқып-сың, жазып-ты, жаз-ады, көр-гісі келді, ойла-ма-ған, үтікте-йді, жек көр-месе, келемеж ет-кісі келді, әңгіме қыл-ған-сыз т.б. сабақты етістік болып табылады, өйткені бұлардың барлығы да тура объектіні тікелей талап етеді; бұған кімді? нені? деген сұрақ қойылады да онымен тіркесетін табыс септікті зат көрініп тұрады: кітапты (нені?) оқу, оқып, отыру, отыр-ған-мын, бала-сын (кімді?) ойлау, ойла-ған, ойла-маған, ойлап отыр, өсекшіні (кімді?) немесе артық сөзді (нені?) жек көру, жек көр-етін-сіз, жек көр-гісі келді т.б. Сол сияқты түбір тұлғасы келу, жүру, тұру, күлу, туынды түбір ойнау (ойын-а), бозару (боз-ар), кему (кем-і), көбею (көп-ей), күрделі түбір таң қалу, тарс ету, бармақ еді, келе жа-ту, отырып қалу т.б. етістіктер салт болып, бүлардың басқа да әр түрлері, мысалы, кел-генмін, кел-се, кел-іп отыру, ойна-сам, ойнаймын, ойна-п отыру, кел-гісі келу т.б. сабақты емес, салт етістік болып табылады, өйткені бұлардың барлығы да тура объектіні қажет етпейді, табыс септікті зат есіммен тіркеспейді. Сондықтан да кімді? немесе нені? келді, ойнады, бозарған, таң қалды т.б. деп айтуға болмайды. Әрине, бұдан салт етістікті де, сабақты етістікті де тудыратын грамматикалық тұлға, топ бүтіндей жоқ екен деуге болмайды. Мысалы, етіс жұрнақтары мен кейбір сөзжасам қосымшалары салт етістік немесе сабақты етістік жасау қызметін де атқарады, бірақ бұл парадигмалық жүйе сипаты дәрежесіне жете алған жоқ, сондықтан бұлар сабақтылық-салттылық категориясының грамматикалық тұлғалану жүйесі бола алмайды.
Бұл жағынан келгенде етістіктің салттылық сабақтылық семантикалық түрлік ерекшеліктері зат есімнің жалпы есім-жалқы есім, адамға байланысты зат, адамнан басқа атауларға байланысты зат, сын есімнің сапалық-қатыстық немесе сапалық сын есімнің түр-түсті және сапалық сын – көлемдік сын т.б. түрлеріне ұқсас келеді. Өйткені бұлардың басты ерекшелігі, өзгешелік белгісі жалпы осы топтағы сөздердің жалпы грамматикалық мағынасының (семантикасының) әрі біртектес, ыңғайлас және әрі бір-біріне қайшы келе алатын, оппозициялық сипатта бола алатын қасиетінде: жалпы біртектес, бірыңғай заттардың жалпы атауы (жалпы есім) және соның жеке дара затқа берілген атауы (жалқы есім) және оның нақтылы шегі болуы: кісінің аты, жер аты, мекеме, ұйым атауы т.б. немесе тек адамға байланысты (адам, туыс, кәсіп-мамандық, қызмет, лауазым баптарына т.б.) атаулармен ғана қарама-қайшы мәндегі қалған бар зат, құбылыс, жан-жануарлар т.б. атаулары және олардың алғашқысы (адамға байланысты) кім? деген сұраққа жауап беруі, екіншісі қарама-қайшысы не? деген сұраққа жауап беруі сапалық сын зат, құбылыстың сапалық белгісін, түс-түрін т.б. білдіруі де, қатыстық сын әр түрлі зат, құбылыс, қимыл, іс-әрекеттің т.б. қатыстық сипатын білдіруі және сапалық сын есімнің шырай тұлғаларымен түрлене алуы, ал қатыстық сындарға шырай тұлғаларының жалғанбауы сияқты болып келеді. Бірақ бұл көрсетілген тілдік құбылыстардың осындай семантикалық (мағыналық) сипаты (бір тектес, әрі қарама-қайшы) болғанмен, грамматикалық көрсеткіші, ол мағыналардың сипатын көрсетіп түрарлық грамматикалық түлғалары жоқ. Сондықтан бүлар грамматикалық немесе (зат есімнің я сын есімнің) лексика-грамматикалық категориясы бола алмайды. Ал сабақты етістік пен салт етістіктің бұл сипатта жайы өзгеше. Талданып көрсетілгендей, семантикалық түрге бөліну ерекшеліктеріне сай грамматикалық сипаты да бар: ол – сабақты етістіктің әр уақытта тура объектіні талап етіп тұруы да, ол қасиет табыс септікті сөзбен тікелей байланыс жасап, соны меңгеріп тұруы, ал салт етістікте тура объектіні қажет етпей, табыс септікті сөзбен байланыспай қолданылуы, сөйтіп, семантикалық ерекшелік грамматикалық (синтаксистік-морфологиялық) тұлға арқылы жүйелі түрде іске асып, грамматикалық сипатының көрсеткіші бола алуында. Етістіктің салт және сабақты болып бөлінуі „олардың қалайда болмасын тұлғалық ерекшеліктеріне емес, негізінде, лексикалық (дұрысында жалпы грамматикалық (-И.С.) мағыналарына байланысты болып келеді. Сондықтан да бұл категория етістіктердің семантика-синтаксис саласындағы өзгешеліктері қатарында танылады (ҚТГ, 162). Сондықтан да салттық-сабақтылық категориясын етістіктің лексика-грамматикалық (таза грамматикалық категорияларына қарама-қайшы) категориясы деп танып, бөліп көрсетеміз.
Салт-сабақты етістіктердің семантикалық сипатының басым болу қасиетіне қарап, кейбір зерттеушілер, біріншіден, салт етістікті сабақты етістікке және сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын қосымшаларды сөзжасам қосымшалары деп, екіншіден, салттылық-сабақтылық белгіні етістіктің полисемиялық немесе омонимиялық сипатын ажырататын критерий деп те ұсынады, яғни бірдей айтылатын етістіктер әр уақытта тек сабақты немесе тек салт мәнінде болса, онда ол көп мағыналы етістік те, бірде салт, бірде сабақты болса, омоним яғни бөлек-бөлек сөз (етістік) деп бөледі. „Айты-
луы мен жазылуы бірдей, тіпті бір сөз табына енетін омоним сөздерді жеке-жеке лексикалық единица деп тану үшін, олардың салт немесе сабақты етістіктерінде қолданылуы негізгі критерий есепті қаралуы керек тәрізді" (ХА. -ЕЛТС, 210,211)
Олай болғанда жүру салт етістігінің ауыс мағынада сабақты етістік мәніндегі жүру (шахмат ойынында, мысалы, атты, офицерді т.б. дойбы ойынында, тасты я биді, қарта ойынында алтылықты, тұзды т.б. жүру), ойнау салт етістігінің ауыс мағынада сабақты етістік мәніндегі ойнау (мысалы, шахмат ойнау, футбол ойнау, хоккей ойнау т.б.) бөлек-бөлек сөздер болып шығар еді. Бұл мәселеде мынаған жүгінбеске болмайды: „Етістіктердің бәрі бірдей я салт, я сабақты (яғни я тек салт, я тек сабақты (-И.С.) бола бермейді. Олардың ішінде әрі салт, әрі сабақты болатындары да бар. Әдетте мұндай қасиеттер не омоним етістіктерде (тек омоним болу міндетті емес (-И.С.), не полисемиялы (көп мағыналы) етістіктерде болады. Мысалы, арт, жүр, тара... етістіктерін қолдана қалсақ, олардың әрқайсысынан жүкті арттық және ақылы артты, сен жетілік қарғаны жүр және сен үйге жүр, шаштарыңды тараңдар және үйді-үйлеріңе тараңдар деген сөйлемдер құрауға болады. Ал мұндағы етістіктің әрқайсысы әрі салт, әрі сабақты болып қызмет атқарып тұр" (ЫА -ҚҚТ, 294). Бұлай болудың яғни кейбір етістіктер ауыс я қосымша мағынада көп мағынаның бірінде келгенде әрі салт, әрі сабақты болуы, біріншіден, тілдің дамып отыруының жемісі, тілмен бірге соның бір элементі ретінде етістік, оның семантикалық қырлары да дамып, жетіліп, өзгеріске түсіп, отырады. Екіншіден, етістіктегі салттылық-сабақтылық мән оның (етістіктің) жалпы грамматикалық мағынасының (лексикалық мағынасының жалпылануы, абстракциялануы нәти жесінде пайда болатын грамматикалық мағынасының) негізгі діңгегі, тірегі, басты мәнді көрсеткіші емес екенін көрсетеді, ондай жалпы грамматикалық мағынаның басты мәнді көрсеткіші – жалпы қимылды, іс-әрекетті, процесті білдіру, ал салттылық-сабақтылық соның негізінде ғана пайда болатын екінші семантикалық сипаты. Етістік түбірлерге кейбір (әсіресе етіс) қосымшалар жалғану нәтижесінде етістіктің негізгі қимылдық, іс-әрекеттік семантикасы өзгермей, сабақты етістік салт етістікке, салт етістік сабақты етістікке айналуының өзі осыны дәлелдейді. Мысалы, әңгімені айту, кітапты оқу, пальтоны кию, үйді тазалау т.б. сабақты етістік те, оған ырықсыз кеиде өзіндік етіс қосымшасы жалғанса, олар салт етістік болып шығады: әңгіме айтылды, кітап оқылды, бала киінді, үй тазаланды. Ал керісінше шам сөнді, бала отырды, аттар жарысты, оқушылар жүгірді дегендер салт етістік те, оған өзгелік етіс жұрнақтары жалғанса, бұлар сабақты етістікке айналады: шамды сөндірді, баланы отырғызды, аттарды жарыстырды, оқушыларды жүгіртті.
„Етістіктер өзара арнайы грамматикалық көрсеткіш (морфема) арқылы салт және сабақты болып бөлінеді... Салт және сабақты етістіктердің арнайы морфема арқылы жасалған тұлғасы олардың ауыспалы түрі болып табылады. Себебі, арнайы морфемалар арқылы салт етістік сабақтыға, сабақты етістік салтқа ауысып отырады. Салт және сабақты етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема қызметін атқарса, өзгелік етіс жүрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады" (М.И. -ҚҚТ, 34-35). Аталған етіс тұлғаларының осындай қызметін, яғни өздік және ырықсыз етіс қосымшасы сабақты етістікті салт етістікке, өзгелік етіс қосымшасы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратынын жоққа шығармай, бұл тілдік құбылыстың жүйелі, толық парадигмалық сипат ала алмағанын айтпасқа болмайды. Мысалы, өздік етіс қосымшасы әр уақытта сабақты етістікті салт етістікке айналдыра бермейді. Тілімізде, көбіне ауыз әдебиеті нұсқаларында белін бу-ын-ды, киім ки-ін-ді, беті-қолын жу-ын-ды тәрізді өздік етіс қосымшасы жалғанған етістік тура объектімен (табыс септікті сөзбен) тіркесіп, сабақты етістік ретінде қолданылады. Өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке ғана жалғанып, оны сабақты етістікке айналдырып қоймайды, сабақты етістікке де жалғанып жұмсалады, ол етістіктің сабақтылық сипаты сақталып отырады: кітапты мен оқыдым – кітапты маған оқытты, ол өлең айтты – ол бізге өлең айттырды я айтқызды. Ал ортақ етіс тұлғасы етістіктің салттылық-сабақтылық сипатына бүтіндей бейтарап, яғни түбірі салт етістік болса, ортақ етіс қосымшасы жалғанғаннан өзгермей, сол салт етістікке етістік сипатында қала береді, түбірі сабақты етістік болса, ортақ етіс тұлғасы жалғанғаннан кейін де сабақты болып қала береді. Сондықтан да етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың (салт я сабақты етістіктің) грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   97




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет