Күрделі етістіктер
Қазақ тілінде сөз табының грамматикалық сипаты жағынан үлкен бір ерекшелігі – оның күрделі етістік деп аталатын грамматикалық (лексикалық, немесе лексика-семантикалық емес) түрінің болуында. Күрделі етістік деген ұғым күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім, күрделі үстеу т.б. сияқты ұғымдардан грамматикалық сипаты жағынан мүлде бөлек, я кез келген екі я одан да көп түбірден (сөзден) құрылған етістіктің бәрі бірдей күрделі етістік бола бермейді, тек негізгі етістік пен көмекші етістіктің белгілі тәсіл арқылы тіркесіп барып, бір сөздің (етістіктің) мәнінде жұмсалып, етістіктің белгілі грамматикалық категориясын жасайтын түрі ғана күрделі етістік бола алады. Атап айтқанда, негізгі етістік көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп, -п, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі,) есімше (-ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -йтын, -йтін, -ар, -ер, -р, -с, -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек), шартты рай (-са, -се) тұлғаларына көмекші етістіктер және негізгі етістік түбірге -ғы, -гі, -қы, -кі қосымшаларының тәуелденген тұлғасына кел көмекші етістіктің тіркелісінен жасалып, бір ғана етістіктің орнына жұмсалатын (көмекші етістік грамматикалық қана мән үстеп, белгілі бір категорияның көрсеткіші болу яғни грамматикалық тұлға – қосымша мәнінде қолданылатын) етістіктің түрі күрделі етістік болып табылады. Яғни екі я одан да көп сөзден (түбірден) құралған етістіктердің бәрі бірдей күрделі етістік бола бермейді. Мысалы, таң қалды, қаулы қылды, әңгіме етті, зар қақты, сай келді, ән салды, жәрдем етті, қабыл алды, айғай салды, бет қойды, жақсы көрді, еңбек сіңірді тәрізді есім сөз бен көмекші етістік немесе тарс етті, зыр қақты, мыңқ етпеу, тақ-тұқ етті, шақ етті
тәрізді еліктеуіш сөз бен көмекші етістік тіркесінен жасалған да күрделі (тіркесті) түбір етістіктер бар. Бұл топтағы етістіктің ерекшеліктері сол – бұндағы көмекші етістіктер, ең алдымен, етістікпен емес есім (еліктеуіш) сөзбен тіркеседі, екіншіден, оған тек грамматикалық мән-мағына үстеп қоймайды, сөзжасам қызметін атқарады, есім (еліктеуіш) сөздерді етістікке айналдырады, сөйтіп, сөзжасам қосымшаларының міндетін атқарады, грамматикалық мән шеңберінен шығып қалады: таң қалды -таң-дан-ды, әңгіме етті -әңгіме-ле-ді, зар қақты -зар-ла-ды, ән салды -ән-дет-ті, жәрдем етті -жәрдем-дес-ті, қабыл алды -қабыл-да-ды, айғай салды -айғай-ла-ды, бет қойды -бет-те-ді, еңбек сіңірді (етті) - еңбек-тен-ді, тарс етті, -тарсыл-да-ды, мыңқ етпеді, мыңқыл-да-мады т.б. белгілі дәрежедегі параллельдерді салыстыруға болады.
Бірақ ғалымдардың күрделі етістіктерді түсінуі біркелкі емес. И.Мамаиовтың анықтауынша, жоғарыда көрсетілген есім (еліктеуіш) мен көмекші етістіктің тіркесінен құралғандар күрделі етістік емес, тіркесті түбір етістікке жатады, ал еді көмекші етістігі тіркескен, күрделі формалар" да күрделі етістікке жатпайды. „еді көмекші етістігі есім сөздермен де етістік формаларымен де тіркесіп, күрделі өткен шақ формасын жасайды, яғни тіркескен сөздеріне өткен шақтық мағына үстейді, ... етістіктің басқа формаларымен өзгермейді. Ал күрделі етістік етістіктің барлық формаларымен түрленеді және оның құрамындағы көмекші етістіктер әр түрлі грамматикалық мағына білдіреді. Күрделі етістік көсемше формаларымен көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалады. Күрделі етістіктің құрамындағы алдынғы көсемше түріндегі сыңары лексикалық мағынаға ие болады да, соңғы сыңары көмекші етістік оған грамматикалық мағына үстейді және етістіктің басқа формаларымен түрленетін конструктивтік қызмет атқарады" (М.И. -ҚҚТ, 55).
Бірақ ғалымның бағдарлауынша, қалау райдың көрсеткіші болып саналатын негізгі етістік – -ғы, -гі, -қы,-кі тұлғасына тәуелдік жалғауы қосылып, оған кел көмекші етістігі тіркескен түрі де, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі көсемше тұлғалы негізгі етістік пен көмекші етістіктен жасалған түрі де күрделі етістікке (қалау мәнді күрделі етістік және бейімдік күрделі етістік) жатқан (М.И. -ҚҚТ, 70-72). Ал А. Ысқақов былай анықтайды: „егер тіркестегі компоненттер мағына жағынан бір-бірімен парапар бола тұра (тең түскенімен), бір-бірінен жекеленбей, біртұтас лексикалық мағына (тұлға) құраса, ондай тіркес жай күрделі тіркес деп саналады (алып бар, алып қайт, кіріп шық, оқып бер, алып кет т.б.); егер тіркестегі компоненттердің біреуі ғана негізгі мағынасын сақтап, өзгелері өз лексикалық мағыналарын я солғындатып, я жоғалтып, тек көмекші болып, грамматикалық қызмет атқарса, ол сараламалы (аналитикалық) етістік деп немесе күрделі етістіктің сараламалы түрі деп танылады (айтып жібер, келе қой); егер етістікті тіркестің бірінші жетекші компоненті есім, есімше, көсемше, рай формалы сөздердің бірі болып, оған көмекші етістік (еді, екен, формалары-) дәнекер болса, ондай тіркестер суреттемелі етістік я күрделі етістіктің суреттемелі түрі саналады (бала едім, жас екен, берсе игі еді); егер етістікті тіркестің алғашқы компоненті есімдер, соңғы компоненті етістіктер болғанымен, аралас қолданыла жүріп, сол компоненттері орын жағынан әбден тұрақталып, не лексикалық, не идиомалық тұлғаға айналса, ондай тіркес тұрақты етістік саналады (бас-көз бол, жүрек жалға). Сөйтіп, етістіктің әуелгі еркін синтаксистік тіркесін (кітапты менен алып, оған бер) жай күрделі етістік (маған кітап алып бер), жай күрделі етістіктен -сараламалы етістік (айта сал, жүре бер) дамыған; есім мен етістіктің бастапқы еркін (синтаксистік) тіркесін құранды етістік (жәрдем ет, көмек қыл), тұрақты лексикаланған етістік (ән сал, ақыл бер), тұрақты идиомаланған етістік (көз сүз, ат салыс) қалыптасқан (И.М. -ҚҚТ, 253 - 254). Сөйтіп, автор күрделі етістік деген ұғымды кең мәнде түсініп, осы көрсетілгеннің бәрін де күрделі етістікке жатқызады. Ал бұлардың қатарына есімше тұлғалы негізгі етістік пен жоқ сөзінің тіркесін (барған жоқ), -ып -іп, -п тұлғалы көсемше немесе тұйық етістік тұлғалы негізгі етістік барыс септікте болмайды, жарамайды деген модаль мәнді етістікпен тіркесі (баруға болмайды, айтып болмайды, айтуға жарамайды), есімше тұлғалы етістікке көрінеді деген модаль мәнді етістікпен тіркесі (келген көрінеді, беретін көрінеді, бермек көрінеді), сондай-ақ тұйық етістікке (тәуелдік, барыс септік тұлғаларында) тиіс, тиісті, мүмкін, керек сияқты модаль тіркесінен құралған күрделі тілдік құбылыстар бұлардың қатарына ілінбей қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |