С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім



бет22/29
Дата31.12.2019
өлшемі1,81 Mb.
#55020
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29

Пара алу (311-бап)
Қоғамымызға парақорлық қандай зиян келтіріп отырғаны белгілі. Бұл лауазымды қылмыстардың өте қауіпті түрі болып табылады. Оның қауіптілігі пайдақорлық ниетпен жасалынатын қылмыстармен араласып, қосылып жасалуында (көбіне ұрлықпен). Парақорлық мемлекеттік аппарат қызметінің дұрыс жұмыс істеуіне бөгет жасайды және олардың беделін кетіруге, өкімет және атқару органдарының қызметінде әділдік қағидасын бұзуға әкеліп соқтыралы. Парақор көптеген лауазымды тұлғалардың адал екеніне күмән туғызып, масқаралау арқылы сенімсіздік келтіріп қана қоймай, жалпы мемлекетке, конституциядағы азаматтардың мүдделері мен құқықтарын шектеуге, заңдылық қағидаларының бұрмалануы және Қазақстан Республикасы нарықтық реформаларының дұрыс жүргізілуін тежейді.


Парақорлықтың ұғымы 3 қылмыс құрамымен түсіндіріледі.

Пара алу (311-бап), пара беру (312-бап), парақорлыққа делдал болу.
Лауазымды адамның өзі немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлікке құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алуы, егер мұндай іс-әрекет (әрекетсіздік) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлікке құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алуы, егер мұндай іс-әрекет (әрекетсіздік) лауазымды адамның қызметтік өкілеттігіне кіретін болса, не ол қызметтік жағдайына байланысты осындай іс-әрекетке (әрекетсіздікке) мүмкіндік жасаса, сондай-ақ жалпы қамқоршылығы немесе қызметі бойынша жол берсе-ол Заңға сәйкес пара алу деп танылады. Пара алудың объектісі мемлекеттік ақпараттың дұрыс қызметі, беделі болып табылады. Қылмыстың қажетті белгілерінің бірі параның заты болып табылады.

Пара заты болып табылатындар: ақша, бағалы қағаз, материалдық игіліктер, өтеусіз төлемдер, төленетін қызметті тегін көрсету, қымбат заттар мен техника, антикварлық, жеке коллекциялық заттар және де мүлікке құқық беретін жеңілдіктер (құрылыс жүргізу, қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары, жол жүру билеті, жеңілдік арқылы қарыз алу ж.т.б.) Қазіргі кезеңде нарықтық экономика жағдайында парақорлықтың жаңа түрлері туындаған: паралар біріншіден ғимарат; офис, жер алу үшін, қолда жоқ ақша қаражатын нақты ақшаға аудару, пайдалы банктік несие алу үшін алынады. Екіншіден, параның өзі жаңа мәнге ие болды. Лауазымды тұлғаға аталған не басқада қызметтері үшін банктен есеп шоттары ашылып, оларды меншікке ие жасап, оларды әр түрлі сылтаулармен шетелге белгілі бір маман, консультант ретінде шығуын: жол жүруін төлеп, және де бірталай көп ақша қаражатын СКВ-мен берілуін ұйымдастырады. Пара ретінде автомобильдер, ақша, мал, кәсіптік тауарлар, азық-түліктер, бағалы заттар және де басқадай материалдық мәндегі игіліктер беріледі.

Тәсіліне қарап параны алу екі түрге бөлінеді: ашық және көмескі түрлер. а) Ашық пара беруде пара заты лауазым адамының өзіне тапсырылады немесе оның келісімі бойынша жақындарына тапсырылады, пара үшін істелетін іс-әрекеттер жөнінде келісіледі.

б) Көмескі түрде пара беруде пара затын беру сырттай қарағанда заңды сияқты болып көрініп, бүркемелеу жолымен кінәлыға тапсырылады. Олар лауазымды тұлғаға ақшаны қайтарылмайтын негізде «қарызға» беру, оларға айлық, бір рет төленетін әр түрлі ақы, картадан өтірік ұтылу; пара алушының отбасы мүшелерінің немесе туыстарын жалған жұмысқа алу, лауазымды тұлғаға еңбек шарты, контракт немесе кооператив мүшелігі бойынша бір жұмыс істеді деп жалақы, бағалы заттар беру және де лауазымды тұлғаға нақты істеген жұмысына немесе көрсетілген қызметіне ақысынан асыра отырып төленуі. Тапсырылу уақытына қарай пара алудың екі түрі болады: оның бірінші параға сатып алу, яғни лауазым адамының параны мүдделі жақтың өзіне тиімді іс-әрекеттерді істегенге дейінгі мерзімде тапсыруы. Екіншісі пара-сыйлау, мұндай пара лауазым адамына келісілген іс-әрекеттерді істегеннен кейін «алғыс» ретінде тапсырылады. Пара үшін жүзеге асырылатын іс-әрекеттің мәніне қарай бұл қылмыс тағы да екі түрге бөлінеді:



  1. пара-сыйлық (мздоимство)-пара лауазым адамына заңға сәйкес жүзеге асырған әрекеттері үшін тапсырылады. Мысалы іс-әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ адам жөнінде тергеушінің істі қысқартып пара алуы.

  2. Пара-ақы (лихоимство). Лауазым адамына заңсыз әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін тапсырылады. Мысалы, көрінеу ұрлық жасаған адамды қылмыстық жауапқа тартпау арқылы тергеушінің немесе прокурордың пара алуы. Объективтік жағынан алғанда пара алу лауазымды адамның пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті арқылы сипатталады. Пара алу кінәлының қызмет жағдайын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық Кодексте лауазымды адамның қызмет бабын пайдалануы арқылы пара алуы мынадай тұрғыда сипатталған: іс-әрекет лауазымды адамның қызметтік өкіліне кіретін болса не ол қызметтік жағдайына байланысты осындай іс-әрекетке мүмкіндік жасаса, сол сияқты жалпы қамқоршылығы немесе қызметі бойынша жол берсе. Кінәлының пара алуының бірінші нысаны лауазымды адамның қызметтік өкіліне кіретін іс-әрекеттерді жасауы арқылы пара алуы (басшылық жұмысқа аламын немесе жұмыстан шығарамын деп пара алуы; қызметін жоғарылату немесе басқадай көтермелеу жасағаны үшін қол астындағы бағынышты адамнан пара алуы; немесе ревизия, материалдық игіліктерге тексеру жүргізбегені, жетпейтін заттарды тексеру қорытындысында көрсетпегені үшін) пара алуы. Қызметіне байланысты пара алу пара алудың екінші бір нысаны болып табылады. Бұл жерде лауазым адамы өз құзыретіне жатпайтын іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін өзінің беделін, қызметтік байланысын пайдалану арқылы басқа бір лауазым адамына ықпал ету арқылы пара алады. Мысалы: прокурордың тергеуші тергеп жатқан іс бойынша пара алып, өз лауазымын пайдаланып, тергеуді заңсыз қысқарттыруға ықпал етуі т.б. Қызмет бабын пайдаланудың үшінші бір нысаны қамқорлық жасау немесе қызметі бойынша жол беру болып табылады. Қамқорлық жасауға-тамыр-таныстық бойынша қызметке орналастырып пара алу, негізсіз сыйлықтар беру, көтермелеулер көрсету немесе өте құнды заттарды босату арқылы пара алулар сияқты әрекеттер жатады. Қызмет бойынша жол беруге-қол астындағы бағынышты адамдардың заңсыз, қылмысты әрекеттеріне тыйым салмау, жұмысқа мас болып немесе келмей қойғанын елемеу, басқа да заңсыздықтарға жол бергенін көре тұра, жоғарыда көрсетілген адамдардан пара алу арқылы шара қолданбау әрекеттері жатады. Пара лауазымды тұлғаға пара берушінің мүддесі үшін қызметін пайдаланып белгілі бір әрекетті істеуге немесе істемеу үшін беріледі. Пара берушінің мүддесіне тек оның жеке мүддесі емес, сондай-ақ оның қорғап отырған үшінші жақтың-жақын туыстарының, өзі қызмет істейтін заңды ұйымның мүдделері де жатады. Пара алу-формальдық қылмыс құрамға жатады. Ол лауазым адамының келісілген параның бір бөлігін алған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Пара алудың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен, пайда табу мақсатымен сипатталады. Кінәлы адам өз қызмет жағдайын пайдалану арқылы іс-әрекет ететінін және соны тілей отырып, пара алып отырғанын сезеді. Пара алуда жанама қасақаналық пен абайсыздық болу мүмкін емес. Пара алушының қасақаналығы, қызмет жағдайына байланысты пара берушінің мүддесіне байланысты әрекетті істеу немесе істемеу арқылы, заңсыз сыйақы алуымен көрінеді. Және де лауазымды тұлғаның ниеті пайда табу мақсатында болады. Заңда пара алудың ауырлататын, аса ауырлататын бірнеше түрлері көрсетілген.


Лауазымды адамның заңсыз әрекет (әрекетсіздігі) үшін пара алуы (311-баптың 2-тармағы).
Мысалы: лауазым адамы пара алып қылмыс болып табылмайтын заңға сыйымсыз іс-әрекеттерді істейді. Кезексіз пәтер беру; жұмысқа мас болып келгендігіне шара қолданбау; ұсақ ұрлығы үшін адамды тәртіпке шақырмау т.б. Мұндай әрекеттер үшін кінәлы адам Қылмыстық Кодекстің 311-бабының 2-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Ал лауазым адамы пара алып басқа бір қылмыс болып табылатын заңсыз әрекетке жол берсе (мысалы, пара алып айыпкерді тұтқыннан негізсіз босатса, немесе оған тым жеңіл жаза тағайындаса) онда оның әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға жатады. Пара алудың ауырлататын екінші бір түрі-жауапты мемлекеттік лауазымды атқарушы адамның пара алуы болып табылады (311-баптың 3-тармағы). Жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамның түсінігі Қылмыстық Кодекстің 307-бабының ескертуінің 2-тармағында берілген.

Пара алудың аса ауырлататын түрлеріне мыналар жатады:

а) қорқытып алу жолымен;

б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ұйымдасқан

топ; в) ірі мөлшерде жасалса;

г) әлденеше рет жасалса,-(ҚК-тің 311-бабының 4-тармағы) ҚР жоғары Соты Пленумының «Парақорлық үшін жауапкершілік жөніндегі заңдарды Соттардың қолдану тәжірибесі туралы» 1995 жылғы 22.12. № 9 қаулысына сәйкес лауазымды адамның пара берушінің мүддесіне залал келтіретін әрекеттер істелетінін айтып қорқыту әрекетін жасап пара талап етуі немесе соңғыны өзінің құқықтық мүдделеріне тиетін зиянды болдырмау мақсатында пара беруге мәжбүр болу жағдайына жеткізу параны қорқытып алу болып табылады. Параны қорқытып алуға мысалы маманды жұмыстан шығарамын деп қорқытып пара талап ету; немесе жәбірленушіге ашық түрде пара бер деп айтпаса да, оның мәселесін (үй алу, жұмысқа тұру) ұзақ уақыт шешпей сандалту арқылы пара беруге мәжбүр етеді; мұндай әрекеттер Қылмыстық Кодекстің 311-баптың 4-тармағы «а» тармақшасымен саралануға жатады. Пара алудың аса ауырлататын тағы бір түрі-адамдар тобы алдын ала сөз байласқан немесе ұйымдасқан топ жасаған осы әрекеттер (311-баптың 4- тармағының «а» тармақшасы). Пара алудың субъектісі-лауазымды адам, оның түсінігі Қылмыстық кодекстің 307-бабында берілген.


Пара беру (312-бап)
Жаңа Қылмыстық кодексте бұл қылмыстың мазмұны ашып көрсетілмеген. Заңда лауазымды адамға тікелей немесе делдал арқылы пара беру деп қана көрсетілген (312-бап) Объективтік жағынан пара беру:

1)лауазымды адамға пара затын немесе мүлік сипатындағы өзге де пайда беру;



2)пара затын адам тікелей өзі немесе делдал арқылы береді;

3)лауазымды адам өз қызметін пара берушінің мүддесіне белгілі бір әрекетті істеуге немесе істемеуге пайдалануы арқылы сипатталады. Пара беру немесе тапсыру әдістері қылмыстың құрамы үшін маңызды емес. Пара оны алушының тура өзіне немесе оның келісімімен жақын туыстарына берілуі мүмкін. Ол істелінбеген жұмысқа почта арқылы айлық түрінде берілуі мүмкін. Пара берудің жасырылған нысандары бар. Олар: заңсыз сыйлық беру, алдын ала ойластырылып пара алушыға картадан елеулі ақша сомасын ұтылу; пара алушыға бағалы, құнды заттарды өте арзан бағаға сату және тағы басқалар. Кейбір кезде пара-алушыға тегін қызмет түрінде көрсетіледі. Пара алушыға туристік, санаториялық жолдамалар берілуі, кемеге, поезға, ұшаққа басқа да көлік құралдарына жүруіне билет беруін-сот практикасы пара беру деп қарастырады. Лауазымды тұлғаға материалдық мазмұндағы емес пайда келтіру қарастырылып отырған қылмыс құрамын құрамайды. Мысалы: онымен жыныстық қатынаста болу; лауазымды тұлғаның сұрауы бойынша, ол туралы мадақтау үндеу тарату немесе оның жұмысы туралы баспасөз бетінде жақсы пікірлер жариялау пара беру ретінде сараланбауы керек. Пара беру формальдық қылмыс құрамы болып табылады. Лауазымды тұлға пара алған кезден бастап, яғни берушінің мүддесі үшін белгілі бір әрекет істелгені не істелмегеніне қарамастан қылмыс аяқталды деп саналады. Субъективтік жағынан пара беру тікелей қасақаналық арқылы істеледі. Пара берудің ниеті сан алуан болуы мүмкін. Олар кінәлы адамның заңсыз түрде жеке өзіне ғана емес, сонымен қатар туыстарының, жақын туыстарының, пара беруші істейтін ұйым немесе мекеме мүдделерін қамтамасыз етуге ұмтылуы арқылы көрінеді. Пара беру субъектісі боп 16 жасқа жеткен есі дұрыс тұлға танылады. Пара берудің ауырлататын түріне-заңсыз әрекет немесе әрекетсіздік жасағаны үшін лауазымды адамға немесе әлденеше рет немесе ұйымдасқан топтың пара беруі үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 312-бабының 2-тармағында көзделген. Ауырлататын жағдайдың бірінші түріне лауазымды адамға заңсыз іс-әрекет жасағаны үшін пара беру жатады. Оның түсінігіне Қылмыстық Кодекстің 311-бабының 2-тармағын талдағанда тоқталып өткенбіз. Әлденеше рет пара беруге-кінәлының бір лауазым адамына немесе әр түрлі сондай адамға өз мүддесі үшін әр түрлі іс-әрекеттер істегені немесе істемегені үшін екі немесе одан да көп пара беруін айтамыз. Кінәлының бір лауазым адамына немесе бірнеше лауазым адамына өз мүддесі үшін әр түрлі әрекеттер істегені үшін екіден артық пара беруін әлденеше рет пара беру деп білеміз. Егер келісілген сома пара алушыға бөлшектеп берілсе, онда ондай әрекет әлденеше рет пара беру болып табылмайды. Егер пара беруші алдын ала сөз байласқан немесе ұйымдасқан лауазымды адамдар тобына өз мүддесіне бір әрекетті істеу үшін ғана пара берсе, мұндай ретте де оның әрекеті әлденеше рет пара беруге жатпайды. Пара бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін пара затының құнын анықтаудың да маңызы ерекше. Заңға сәйкес лауазымды адамға оның бұрын жасаған заңды іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада немесе құны сондай алғаш рет сыйлық беру, егер лауазымды адам жасаған іс-әрекет (әрекетсіздік) алдын ала уағдаластықпен байланысты болмаса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Заңда пара бергені үшін қылмыстық жауаптылықтан босатудың негіздері де көрсетілген. Егер лауазымды адам тарапынан оған қатысты қорқытып пара алу орын алған болса немесе ол адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға өз еркімен хабарласа, пара берген адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Адам пара бергені туралы қылмыстық іс қозғауға құқығы бар органға ауызша немесе жазбаша, қандай ниетті басшылыққа алғанына қарамастан ерікті түрде хабарласа қылмыстық жауаптылықпен босатылады. Қылмыс жасағандығы туралы ерікті түрде хабарлағанда пара беруші ғана емес, сонымен бірге оның қатысушылары да қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Параны қорқытып алуы себепті немесе параны беруі туралы ерікті түрде арыз жазғаны бойынша пара берушілерді қылмыстық жауаптан босату бұл адамдардың әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқ екенін білдірмейді, сондықтан олар жәбірленуші болып саналмайды және пара түрінде берілген құнды заттарды қайтарып беру туралы талап қоюға құқы жоқ. Параны қорқытып алу орын алған жағдайда және пара беруші параны бергенге дейін ол туралы құқық қорғау органдарына хабарласа, иесіне қайтарылуға жатады. Айғақ заттар болып пара ретінде алынған ақша мен басқа құнды заттар мемлекет кірісіне жатқызылады.
Парақорлыққа делдал болу (313-бап)
Бұл қылмыс үшін жауапкершілік Қылмыстық Кодекстің 313-бабында көрсетілген. Осы қылмыстың объективті жағы парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушыға және пара берушіден немесе алушыдан сыйақы алғанына қарамастан танылады. Делдалдық пара беру мен алуды жалғастыратын ерекше түрі-жеке қылмыс құрамына бөлінген. Бұл пара беру мен алудың келісім немесе нақты әрекеттермен жетістікке жету арқылы, делдал өзінің бастамасымен емес, пара беруші мен алушының сұрауы немесе тапсырмасы арқылы тікелей пара береді. Делдалдықтың ерекшелігі бұл субъектінің екі қылмыс жасалуына, яғни пара беру мен алуға жәрдемдеседі. Делдал-екі негізгі субъектілердің байланыстырушы бөлігі және өзінің ниетімен емес, пара беруші мен алушының ниеттерімен келісімге жетуге және іске асыруға көмектеседі. Пара алу және пара беру-субъектілерінің екі жағымен де байланысы бар болса, субъектіні парақорлықтың делдалы ретінде қарастыру керек. Пара беруге не алуға басқадай көмектесулер парақорлыққа делдал болып қарастырылмайды. Парақорлыққа делдал болу қылмысының құрамы формальды және пара нақты берілген кезден бастап аяқталған қылмыс болып табылады. Егер де пара алушы пара алудан бас тартса, онда делдалдың әрекеттері парақорлыққа делдал болушылыққа оқталғандық болып (ҚК-тің 24, 312-баптар) танылады. Парақорлыққа делдал болуды парақорлықтың қатысушылығынан, яғни пара беру немесе алуды ұйымдастырушылар, айдап салушылар, көмектесушілерден ажырату керек. Пара алуды немесе беруді ұйымдастырған немесе оның жүзеге асырылуына басшылық еткен адам парақорлықтың ұйымдастырушысы деп аталады. Бұл жерде ұйымдастырушы өзі белсенділік көрсетіп, өз әрекетімен параны беруді немесе параны алуды жүзеге асырады. Ал делдал болса пара алушы мен берушінің ортасындағы болған келісімді ғана жүзеге асырады. Пара беруге немесе оны алуға басқа адамды азғыру немесе басқа да жолмен осындай қылмысты жасауға парақорлықтың қатысушыларын көндірген адам айдап салушы деп танылады. Парақорлыққа делдал ешкімді де азғырмайды, көндірмейді, ол өзара келіскен екі субъектінің тапсырмасын орындайды, пара беруші мен алушыны өз еріктерімен кездестіреді. Субъективті жағынан делдалдық тікелей қасақаналықпен жасалады. Делдал пара берушінің немесе алушының тапсырмаларымен пара бергенін сезеді және соны тілейді. Егер де пара беріп отырғанын сезбесе, онда қылмыс құрамы болмайды. Делдалдық ниет алуан түрлі болуы мүмкін. Бірақ оның мәні қылмысты саралауына әсер етпейді және және сот жаза тағайындағанда міндетті түрде ескеріледі. Делдалдықты жалған делдалдық жағдайынан ажырату керек. Егер адам пара берушіден ақша немесе басқа құнды заттарды лауазымды адамға пара ретінде беру үшін алып, бірақ апарып беру оның ойында болмай өзі пайдаланса, оның жасаған әрекеті алаяқтық ретінде саралануы тиіс. Егер бұл адам құнды нәрселерді иелену мақсатымен пара берушіні пара беруге итермелесе, онда оның әрекеті алаяқтықпен бірге қосымша, пара беруге итермелеген арандатушылық болып, ал мұндай жағдайда пара берушінің әрекеті пара беруге оқталғандық борлып саралануы керек. Бұл жағдайда нақты пара берілетін лауазымды адамның аты аталған-аталмағандығының маңызы жоқ. Егер делдал адам пара берушінің паралық нәрсені ұрлап алатынын алдын ала білсе және оны пара алушыға апарып беруге келіссе, онда әрекеттері парақорлыққа делдал болу және ұрлыққа қатысқан деп сараланады. Параға делдалдықтың субъектісі-16-ға толған, кез келген есі дұрыс жай немесе лауазымды адамдар.
Қызметтік жалғандық жасау (314-бап)
Бұл қылмыстың мәні-түпнұсқа құжаттың мазмұнын өзгертуге не жалған жасанды ресми құжатты түгелдей жасау немесе беру болып табылады. Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша қылмыстың негізіне-ресми құжаттар жатады. Ресми құжаттар деп мемлекеттік өкімет органдары берген және белгілі бір құқықтар беретін немесе міндеттерден босататын, заңдық мәні бар белгілі бір фактілерді, оқиғаларды, өзге де жағдайларды куәландыратын жазбаша актілер түсініледі. Оларға мыналар жатқызылады: еңбек кітапшасы, оқу орнының дипломы, паспорт, әскери билет, зейнетақы, қызметтік куәлік, көліктің техникалық төлқұжаты, орындау қағаздары, үкімнің көшірмесі, сақтандыру полисі, азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы. Мемлекеттік өкімет органдарынан шықпаған құжаттар аталған құрамға негіз болып табылмайды. Қызметтік жалған құжат жасау-белсенді іс-әрекет жасау жолымен ғана істелуі мүмкін.

Әрекет тәсілдеріне қарай жалған құжат жасау 2 түрге бөлінеді: материалдық және интеллектуалдық.

Материалдық жалған құжат жасаудың мәні-ресми құжаттың шын қалпы құжаттың сол нысанына қол сұғушылық жолымен, бұзумен жасалады (қол қою, көшірмелеу, мөр, штамп ж.т.б.) немесе оның мәтінін қайта жазу, бұлар қолдан жасаудың материалдық ізін құрайды. Түгелдей жалған құжат жасау кезінде де материалдық жалғандық орын алады, өйткені мұнда құжат мазмұны және нысаны бойынша жалған болып табылады. Интеллектуалдық жалғандық кезінде құжаттың түпнұсқасы оның мазмұнына қол сұғушылық нәтижесінде бұзылды. Бұл жағдайда кінәлы адам ресми құжатқа формальдық тұрғыдан алғанда жалған екендігінің белгілері болмайтын (құжаттың нысаны емес, мазмұны ғана бұрмаланған) жалған мәліметтер енгізеді. Материалдық түрге құжаттың ресми түпнұсқасын қолдан жасау немесе өшіріп жазу жолымен өзгеріске ұшыраған жағдайлар ғана жатады. Ресми құжаттарды қолдан жасау мыналардан тұрады: толықтай жалған құжат жасау (мысалы, төлем тегін жасау) не құжаттың түпнұсқасына бұрмалау енгізу (мысалы, ресми құжаттың мазмұнына қосып жазу, сан және әріпті өзгерту, фотосурет, маркіні ауыстырып жапсыру жолымен, жаңа мәліметтер енгізумен өзгертіледі). Жалғандықтың бұл түрінің әдістерінің көптігі соншалық олардың толық тізбесін келтіру мүмкін емес. Барлық жағдайларда жалған құжат түпнұсқаны қолдан өзгерту немесе жалған ресми құжат дайындау немесе беру түрінде болады.

Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексі бойынша қызметтік жалған құжат жасау, егер оны өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші жасаған жағдайда ғана болады. Егер ол қызметтік жағдайды пайдаланбай жасалса не жалған құжат жасау мемлекеттік өкімет органдарынан емес, өзге ұйымдардан, мекемелерден, жеке тұлғалардан (қолхат, шарттар, міндеттемелер ж.т.б.) шыққан болса, басқа қылмыстар құрамын құрайды. Қызметтік жалғандық- формальдық құрамы бар қылмыс. Ол қандай да болмасын қоғамға қауіпті зардаптардың болуына байланыссыз, Қылмыстық Кодекстің осы бабында көрсетілген әрекеттердің біреуі жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі. Лауазымды тұлғаның жалған құжатты пайдаланғандығы немесе пайдаланбағандығының мәні жоқ, бұл жағдайда жазалау шараларын айқындау кезінде сот ескереді. Жалған құжат жасау субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Жалған мәліметтерді енгізуші субъектінің өзі өзінің заңсыз әрекет жасағандығын, жалғандық жасағысы келгендігін сезеді, біледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексі бойынша қызметтік жалғандық құрамы пайдакүнемдік мақсаттың немесе өзге де жеке мүдделіліктің болуын талап етеді. Пайдакүнемдік мақсат кінәлы адамның қызметтік жалған құжат жасау арқылы материалдық пайда табуға тырысатындығының алғышарты. Дегенмен, оны алу бөтен адамның мүлкін кінәлы адамның өз меншігіне айналдыруымен байланысты болмауы тиіс. Өзге бір жеке бас мүддесі деп кінәлы адамның қызмет жағдайын пайдалану жолымен мүліктік емес сипаттағы пайда табуға тырысуы түсініледі. Өзге жеке бас мүддесінің мазмұнын кек алу, жағымпаздық, мансапқорлық, ықпалды қамқорлық, отбасылық қызмет көрсету, ықпалды адамның қолдауы, қызметіне сай еместігіне бүркемелеу ж.т.б. сияқты ниеттер құрайды. Пайдакүнемдіктің немесе өзге жеке мүдделіліктің болмауы осы қылмыс құрамының жоқ екендігін білдіреді.



Қызметтегі әрекетсіздік (315-бап)
Қызметі бойынша қылмыстық әрекетсіздіктің мәні лауазымды тұлға пайдакүнемдікпен немесе өзге де жеке мүдделілікпен өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы, соның нәтижесінде заңда көрсетілген зардаптар туындауымен түсіндіріледі. Қызмет бойынша әрекетсіздіктің белгілері мыналар болып табылады:

а) лауазымды тұлғаның пайдакүнемдіктен немесе өзге жеке бас мүдделілігінен өзінің қызметтік міндеттерін атқармауы;

б) егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға соқтырса;

в) олардың арасында себептік байланыстың болуы.



Нақты бір тұлғаны Қылмыстық Кодекстің 315-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін лауазымды тұлғаның, атап айтқанда қандай нақты әрекетті жасамағанын анықтау қажет, одан әрі қарай осы әрекеттерді жасау оның қызметтік құзыретіне кіретіндігін анықтау және ең соңында, лауазымды тұлғаның осы әрекетті жасауға іс жүзінде мүмкіндігі болғандығын анықтау қажет.Әрекетсіздіктің тек осындай нақты мазмұны ғана лауазымды тұлғаны Қылмыстық Кодекстің 315-бабы бойынша жауапкершілікке тартуға негіз болады. Белгілі бір түрде әрекет ету міндеттілігі заңның немесе өзге де нормативтік актінің: шарт бойынша қабылданған міндеттемелерден, қызметтік ережеден, адамгершілік нормалары ж.т.б. тікелей көрсетуінен туындауы мүмкін. Егер лауазымды тұлға оның қызметтік міндетіне жатпайтын әрекетті жасамаған болса, қызметі бойынша әрекетсіздік құрамы болмайды. Егер лауазымды тұлға өзінің қызметтік міндеттерін пайдакүнемдіктен немесе өзге де жеке бас мүдделілігінен атқармаса, соның нәтижесінде азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтірілсе (елеулі түрде нұқсан келтіру және пайдакүнемдік немесе өзге де жеке бас мүдделілігі түсінігін Қылмыстық Кодекстің 307-бабына түсіндірмеден қараңыз), қызметі бойынша әрекетсіздігі үшін қылмыстық жауапкершілік болады. Қызметтік міндеттерді атқармаудан болған зардаптар-азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтірілуі арасындағы себептік байланыс айқындалған болуы тиіс. Оның болмауы қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығарады. Субъективтік жағынан бұл қылмыс тек қана қасақаналықпен жасалуы мүмкін. Бұл туралы заңның өзінде-лауазымды тұлғаның өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы деп тура көрсетуі осыны дәлелдейді. Қасақаналық тікелей де, сол сияқты жанама да болуы мүмкін. Қызмет бойынша әрекетсіздік субъектісі кез келген лауазымды тұлға немесе мемлекеттік аппарат өкіметінің өкілі болуы мүмкін (Қылмыстық Кодекстің 307-бабына түсіндірмеі қараңыз).
Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет