Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы (296-бап)
Автомобильді, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлік құралын жүргізуші адамның жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірсе-кінәлы Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 1-тармағы бойынша жауапты болады деп белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі-көлік құралдарының қозғалыс және пайдалану қауіпсіздігі, қосымша объект-жәбірленушінің денсаулығы. Қылмыстың заты-автомобиль, троллейбус, трамвай және басқа да механикалық көлік құралдары (мотоциклдер, матроллерлер, жол, құрылыс және басқа да арнаулы машиналар).Қылмыстың объективтік жағын: а) заңның диспозициясында көрсетілген көлік құралдарының жол қозғалысы және пайдалану ережелерін әрекет немесе әрекетсіздік арқылы бұзуы; б) жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзудан абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілуі; в) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс. Жол қозғалысы ережесін бұзуға жылдамдықты үдету, бағдаршамның тыйым салғанына қарамастан жолдан өту, рұқсат етілмеген жерлерде басқа көлікті басып озу, т.с.с. жатады. Пайдалану ережелерін бұзуға техникалық жағынан ақауы бар көлікпен жолға шығу, арнайы жабдықталмаған көлікпен жолаушыларды тасу, көлік құралында ерекше белгі көрсеткіштердің жоқ болуы т.с.с. жатады. Қылмыстық кодекстің жеке адамдарға байланысты олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің жеке адамдарға, меншікке немесе басқа бір белгілі жұмыстарды атқарудың тәртібін бұзғаны үшін жауаптылықты белгілейтін баптары бойынша сараланады. Велосипед, ат көлігін пайдалану арқылы зиян келтіруде жеке адамға немесе меншікке қарсы қылмыс ретінде саралануы мүмкін. Өйткені бұлар көлік қылмыстарының затына жатпайды. Көрсетілген қылмыс материалдық құрамға жатады. Ол заңда көрсетілген зардап орын алған сәттен бастап аяқталған деп табылады. Іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс анықталуы қажет. Өйткені кейбір жағдайларда жүргізуші қауіпті тойтаруға барынша әрекет істегенімен, объективтік себептерге байланысты оны тойтара алмайды, мұндай реттерде олардың әрекетінде қылмыс құрамы болмауы да мүмкін. Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен (менмендік немесе немқұрайдылық түрінде) істеледі. Менмендікте адам көлік қозғалысы және пайдалану ережесін бұзудан адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілу мүмкіндігін алдын ала біледі, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен болғызбау мүмкіндігіне сенеді. Немқұрайдылықта адам көрсетілген зардаптардың болу мүмкіндігін болжамайды, бірақ қажетті ұқыптылық пен сақтық болғанда ол зардаптарды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын еді. Қылмыстың субъектісі-жалпы 16-ға толған, көлік құралын жүргізуші адам. Көлік құралын адам өзінің атқарған жұмысына байланысты немесе оған байланыссыз (мысалы, жекеменшік көлігіне немесе көлікті өз бетімен айдап әкетуде) жүргізуі мүмкін. Заң бойынша көлікті жүргізген адам қылмыс субъектісі деп танылады.
Жол-көлік оқиғасы болған орыннан кетіп қалу (297-бап)
Көлік құралын жүргізуші және жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзған адамның осы Кодекстің 295-бабында көзделген зардаптар болған жағдайда жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 297-бабында тікелей көрсетілген. Қылмыстың тікелей және қосымша тікелей объектісі Қылмыстық кодекстің 296-бабында көзделген қылмыстың объектісімен бірдей. Қылмыстың заты-жол-көлік құралы. Қылмыстың объективтік жағы-әрекетсіздіктен, соған байланысты орын алған зардаптан және олардың арасындағы себепті байланыстан тұрады. Әрекетсіздік көлік құралын жүргізуші адам жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзған жағдайда оқиға болған жерде болып, жәбірленушіге қолдан келген көмек көрсетуге міндетті. Бірақ кінәлы адам мұндай мүмкіндіктерді жүзеге асырмай, жәбірленушіге көмек көрсетпей оқиға болған жерден кетіп қалып, жол жүру ережесінің талаптарын бұзады. Осыған орай оқиға болған жерден кетіп қалу деп-өмірі қауіпті жағдайда қалған жәбірленушіге нақты көмек көрсетуге мүмкіндігі бола тұра, себепсізден-себепсіз көмек көрсетпестен жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуды айтамыз. Егер жүргізушінің өзі жол оқиғасына байланысты жарақат алып, дәрігерлік көмек алу үшін немесе зардап шеккендерге көмек көрсетуге байланысты жол-көлік оқиғасы болған жерден кетсе онда ол осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін адам кінәлы деп танылса, онда оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 296, 297-баптарымен қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады. Қылмыс материалдық құрамға жатады және ол заңда көзделген зардаптың пайда болған уақытынан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан кінәлының екі түрлі нысаны арқылы істеледі. Жол-көлік оқиғасы болған жерден себепсіз кетіп қалу қасақаналықты, ал одан туатын зардап абайсыздықты білдіреді. Қылмыстың субъектісі-жалпы, 16-ға толған, көлік құралын жүргізген адам.
Көлік құралдарын сапасыз жөндеу және оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару, мас күйіндегі адамды көлік құралын жүргізуге жіберу (298-бап)
Көлік құралдарын, қатынас жолдарын, белгі беру немесе байланыс құралдарын не өзге көлік жабдықтарын сапасыз жөндеу, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық күйіне жауапты адамның техникалық ақауы бар екені белгілі көлік құралдарын пайдалануға шығаруы, егер бұл әрекеттер абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірсе Қылмыстық кодекстің 298-бабының 1-тармағы бойынша жауаптылық көзделеді. Осы қылмыстың негізгі де қосымша тікелей объектісі қылмыстық кодекстің 295-бабындағы қылмыстың объектісімен бірдей. Заң қылмыстың затының қатарына-көліктің барлық түрлерін (теміржол, әуе, теңіз, су, автокөлік), қатынас жолдарын, белгі беру немесе байланыс құралдарын, өзге көлік жабдықтарын (мысалы, электропоезды қозғалысқа келтіретін контактілік сымдар) жатқызған. Қатынас жолдарына-рельстер, шпалдар, ұшу алаңдары, жол айырықтары, су көлігі тоқтайтын айлақ, жол төсем т.б. жатады. Белгі беру құралдарына- семафорлар, бағдаршамдар, шлагбаумдар, маяктар, бакендер, белгі беру құрылымдары, автотежегіш жүйелері т.с.с. жатады. Байланыс құралдарына-ведомстволық телефондар, радиотелефондар және телеграф линиялары, рациялар, жасанды байланыс аппараттары т.с.с. жатады. Өзге де көлік жабдықтарына көпірлер, эстакадылар, радиолокаторлар, туннелдер,шлюздер т.с.с. жатады. Қылмыс объективтік жағынан:
а) көлік құралдарын, қатынас жолдарын, белгі беру немесе байланыс құралдарын, не өзге көлік жабдықтарын сапасыз жөндеу, сондай-ақ техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға шығару;
б) денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру;
в) көрсетілген осы әрекет пен орын алған зардаптың арасын байланыстырудың себепті байланысы болуы арқылы сипатталады. Жөнделген бұйымдарды міндетті техникалық талаптарға сай емес күйде әзірлеу сапасыз жөндеу деп танылады. Көлік құралдарының техникалық күйіне жауапты адамның техникалық ақауы бар екені белгілі көлік құралдарын пайдалануға уақытша, ауызша немесе жазбаша түрде рұқсат етуі, оларды жолға шығару деп танылады.
Мас адам деп - есірткі немесе алкогольдік ішімдіктерді пайдалану арқылы мастық күйге түскен адам. Көлік иелерінің немесе иеленушілерінің мас күйдегі адамды көлікті жүргізуге жіберуі, одан заңда көрсетілген зардаптың орын алуы және осы іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыстың нақты болуы қылмыстық жауаптылықтың негізі болып табылады. Субъективтік жағынан көрсетілген қылмыс құрамы абайсыздықпен істеледі. Егер заңда көрсетілген осы іс-әрекеттер қасақана түрде жасалған болса, онда кінәлы істің нақты жағдайларына байланысты диверсия: террорлық акт, қасақана кісі өлтіру немесе денеге жарақат салу, мүлікті қасақана жою немесе бүлдіргені үшін жауаптылыққа тартылады. Көлік құралдарын, қатынас жолдарын: белгі беру немесе байланыс құралдарын не өзге иелік құралдарын жөндеудің субъектісі көрсетілген механизмдерді жөндеген кез келген 16-ға толған адам болады, ал көлік құралдарын пайдалануға жіберудің субъектісі нормативтік актілер немесе қызмет борышы бойынша көлік құралдарының техникалық күйіне жауапты адамдар (механик, диспетчер, колонна бастығы, жол қауіпсіздігі жөніндегі инженер) болады.
Көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтіру (299-бап)
Көлік құралдарын, қатынас жолдарын, белгі беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлік жабдықтарын қасақана бұзу, зақымдау немесе өзге де тәсілмен пайдалануға жарамсыз күйге келтіру, сондай-акқ көлік коммуникацияларына тосқауыл қою, егер бұл әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге, не ірі көлемде залал келтіруге не көлік пен байланыстың қалыпты жұмысы бұзылуына әкеп соқса Қылмыстық кодекстің 299-бабының 1-тармағы бойынша жауаптылық туады. Қылмыстың заты- Қылмыстық кодекстің 298-бабындағы көрсетілген заттармен ұқсас. Қылмыс объективтік жағынан:
а) көлік құралдарын, қатынас жолдарын, белгі беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлік жабдықтарын бұзу; б) зақымдау; в) немесе өзге де тәсілмен жарамсыз күйге келтіру; г) сондай-ақ көлік коммуникацияларына тосқауыл қою; д) заңда көрсетілген қылмыстық зардаптың келтірілуі; е) аталған іс-әрекеттер мен зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады. Көліктің техникалық жүйелерін толық жарамсыз күйге келтіру арқылы оны өзінің негізгі қызметін атқару қабілетіннен айыруды бұзу деп айтамыз. Көліктің техникалық жүйелерін ішінара істен шығарып жарамсыз етуді зақымдау деп айтамыз. Бұзу немесе зақымдау тәсілдерінен басқа кез келген әрекеттерді қолдану арқылы көліктің техникалық жүйелерін немесе оның жекелеген бөлшектерін істен шығаруды өзге де тәсілмен жарамсыз күйге келтіру деп айтамыз. Көлік құралдарының еркін қозғалысына қарсы сан түрлі кедергілер келтіру арқылы (ұшу алаңын, темір жол полотнасын қоршау, жол үстінде митинг өткізу, баррикада қою арқылы көлікті жүргізбеу, көлік коммуникацияларына қызмет ететін адамдарды машинист, диспетчер, жол жөндеушілерді) көлікке жібермеу сияқты әрекеттер, көлік коммуникациясына тосқауыл қою деп танылады. Заңда көрсетілген зардап адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру не ірі көлемдегі залал келтіру не көлік пен байланыстың қалыпты жұмысы бұзылуына әкеп соқса қылмыс құрамы бар деп саналады. Заңда көрсетілген зардаптардың кез келгені кінәлының істеген іс-әрекетімен себепті байланысты болуы арқылы орын алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан кінәның абайсыздық түрі арқылы істеледі. Қылмыстың субъектісі-14-ке толған, кез келген адам.
Көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қаматамасыз ететін ережелерді бұзу (300-бап)
Жолаушының, жаяу адамның немесе жол қозғалысының басқа қатысушысының жол қозғалысы қауіпсіздігі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет абайсызда денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқса жауаптылық Қылмыстық кодекстің 300-бабы бойынша реттеледі. Жол-көлік оқиғаларының қатысушылары көлік құралдарын жүргізушілер ғана емес, белгіленген сақтық ережелеріне жауапсыз, не менмендікпен қараудан, оған ауыр зардап келтіретін адамдар да болуы мүмкін. Қылмыстың заты-көліктің барлық түрлері (темір жол, әуе, теңіз, су көлігі және автокөлік). Ат көлігі бұл қылмыстың затына жатпайды. Осыған орай егер адам ат көлігін пайдалану арқылы бөтенге жарақат келтірсе (мысалы, адамды ат арбамен немесе шанамен немесе салт атпен) , онда ол жеке адамға қарсы қылмыс немесе меншікке қарсы (белгілі бір жағдайларда) қылмыс үшін жауапты болады. Егер ат көлігін жүргізуші механикалық көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ережелерді заңда көрсетілген зардаптарды келтіре отырып бұзса, онда оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 300-бабымен саралануға жатады. Қылмыстың объективтік жағы:
а)темір жол, әуе, теңіз, су және автокөлік қозғалысы қауіпсіздігі және көлікті пайдалану ережелерін бұзумен;
б) адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру түріндегі зардаппен;
в) көрсетілген ережелерді бұзу мен зардаптың арасындағы себепті байланыстардың болуы арқылы сипатталады.
Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен (менмендік немесе немқұрайдылық) жатады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған, есі дұрыс кез келген, оның ішінде лауазым адамдары болуы мүмкін (жолаушы, жаяу адам, велосипед мінген адам, ат көлігінің жүргізушісі, темір жолдан рұқсат етілмеген жерден өткен адам, мал айдаушы т.с.с.)
Поезды қажет болмаған жағдайда өз бетінше
тоқтату (301-бап)
Поезды стоп-кранмен не ауа тежегіш магистралдарын ажырату жолымен немесе өзге әдіспен қажет болмаған жағдайда өз бетінше тоқтату, егер бұл кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса-кінәлы Қылмыстық Кодекстің 301-бабымен жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі-поездың бірқалыпты, қауіпсіз жұмысы, қосымша тікелей объект адамдардың өмірі немесе денсаулығы, меншігі болуы мүмкін. Қылмыс объективтік жағынан:
а) поезды стоп-кранмен не ауа тежегіш магистралдарды ажырату жолымен немесе өзге де әдіспен қажет болмаған жағдайда өз бетінше тоқтату;
б) одан қылмыстың зардабы-кісі өлімі немесе өзге де ауыр зардаптардың болуы;
в) олардың арасындағы себепті байланыс. Өз бетімен тоқтату деп ешбір қажетсіз, негізсіз жүріп келе жатқан поезды тоқтатуды айтамыз. Тоқтатудың тәсілдері әр түрлі: стоп-кранды пайдалану арқылы, ауа тежегіш магистралды ажырату, өзге әдіспен-қызыл жалаумен немесе қызыл от жанған әйнек арқылы, жолға көлденеңдеп тұрып алу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Аса қажеттілікке жағдайында (мысалы ауыр жағдайдағы ауру адамға дәрігерлік көмек көрсету) поезды өз бетінше тоқтату қоғамға қауіпті іс-әрекет болып табылмайтындықтан қылмыс қатарына жатпайды. Поезды қажетсіз өз бетінше тоқтатудың зардабы-кісі өлімі немесе өзге де ауыр зардаптарға (адамдардың ауыр дене жарақатын алуы, поездың күйреуі, жолдың істен шығуы т.б.) әкеліп соғады. Істелген іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасында себепті байланыс болуы шарт Қылмыс субъективтік жағынан екі нысандағы кінә түрімен (іс-әрекет жөнінде қасақаналықпен, ал одан туындайтын зардап жөнінде абайсыздық) істеледі. Қылмыстың істелу ниеті әр түрлі болуы мүмкін, бірақ ол саралануға әсер етпейді. Егер кінәлы адам поезды қасақаналықпен, адам өлтіру үшін тоқтатса, онда ол кісі өлтіргені үшін жауапқа тартылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Көлікте қолданылатын ережелерді бұзу (302-бап)
Жол, құрылыс және басқа ұйымдарда басқару міндеттерін атқаратын және жолдарды және жол құрылыстарын, олардың жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастыру үшін жауапты адамдарды көлікте қолданылатын тәртіп қорғау және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзуы, егер ол: а) ірі көлемде залал келтіруге; б) орташа ауырлықтағы дене зақымын келтіруге әкеп соқса кінәлы адам Қылмыстық Кодекстің 302-бабы бойынша жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелері және көлікте қолданылатын тәртіп, ал қосымша тікелей объектісі адамдардың денсаулығы, меншігі болуы мүмкін. Қылмыстың объективтік жағы: а) жол құрылыс және басқа ұйымдарда басқару міндеттерін атқаратын және жолдарды және жол құрылыстарын, олардың жабдықтарын пайдалану жол қозғалысын ұйымдастыру үшін жауапты адамдардың көлікте қолданылатын тәртіпті қорғау және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу;
б) ірі көлемдегі залал немесе орташа ауырлықтағы дене зақымын келтіру зардаптары; в) көрсетілген ережелерді бұзу мен зардаптың арасындағы себепті байланыс. Қылмыс құрамының диспозициясы бланкеттік. Бұл жерде көлікте қолданылатын ережелерді бұзу-әрекетсіздікпен жүзеге асырылады. Жолдарды және жол құрылыстарын салуда-жүруге байланысты қауіпсіздік белгілері қойылмауы, мысалы жолдағы апандардың беті жабылмай қалады, нәтижесінде көлік соған құлап апат болады немесе жаңа салынып жатқан жолда жүруге тыйым салынған белгі қойылмайды.
Магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу (303-бап)
Магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге не ірі залал келтіруге соқса-жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 303-бабында көзделген. Қылмыстың тікелей объектісі магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу жұмыстарының қауіпсіздігін реттейтін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі адамдардың өмірі немесе денсаулығы, сондай-ақ меншік қатынастары болады. Кейінгі кезде көліктің түріне-магистралдық труба құбырлары жатқызылады. Магистралдық труба құбырлары арқылы белгілі бір қашықтыққа мұнай, газ өнімдері жеткізіледі. Бұл объектілерге қауіпсіздік ережелерін бұзу жарылысқа, өртке, адамдардың қаза болуына, қоршаған ортаның бүлінуіне, ірі материалдық залалға әкеліп соғады. Осы бап бойынша труба құбырлары көлігінің бір түрі-магистралдық труба қылмыстың заты болып табылады. Труба құбырларының басқа түрлері- қосымша және қоймалық, жер үсті және жер асты су құбырлары қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда кінәлы адам мүлікті жою немесе бүлдіру, құрылыс, техника қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жауаптылыққа тартылады. Қылмыс объективтік жағынан:
а) магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу; б) заңда көрсетілген зардаптардың орын алуы; в) осылардың арасындағы себепті байланыстың болуымен сипатталады. Қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісінің ғана орын алуы жеткіліксіз, көрсетілген қауіпсіздік ережелерін бұзудың нәтижесі заңда көрсетілген зардапқа-адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян (303-баптың 2-тармағы); екі немесе одан да көп адамның өліміне (303-баптың 3-тармағы) әкеп соққан әрекеттермен ұштасуы қажет. Қылмыс материалдық құрамға жатады. Ол заңда көрсетілген зардаптардың біреуі болса да орын алған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана абайсыздық нысанда (менмендік немесе немқұрайдылық) жасалады. Қылмыстың субъектісі-көрсетілген жұмысты жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау өзіне жүктелген 16-ға толған адам.
Труба құбырларын зақымдау немесе қирату (304-бап)
Труба құбырларының адамдар денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге нақты қатер төндірген зақымдалуы немесе немесе қиратылуы-Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша қылмыс болып саналып, кінәлы Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша жауапқа тартылады. Қылмыстың затына-магистралдық труба құбырларына жатпайтын басқа-бірақ магистралдық құбырлардан тарайтын қоймалық қосымша жер асты және жер үсті газ, су, жылу-басқа құбырлар жатады. Қылмыс объективтік жағынан қылмыс заты-труба құбырларының зақымдалуы немесе қиратылуы арқылы сипатталады. Зақымдалу деп-труба құбырларының тесілуі, ішін ара істен шығуы, ал қиратылуы деп оның мүлдем іске жарамсыз болып қалуы. Труба құбырларының зақымдануы немесе қиратылуы адамдар денсаулығына немесе қоршаған ортаға нақты зиян келтіру қатерін төндіруі қажет (газдың иісі шығуы, жанар-жағар майлардың кеңістікке таралуы, олардың өрт қаупін төндіруі, т.с.с.) Қылмыс құрамы формальдық, ол заңда көрсетілген труба құбырларының зақымдануы немесе күйреуінен адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға нақты зиян келтіру қатерін төндірген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыс субъективтік жағынан абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Кеме капитанының апатқа ұшырағандарға көмек көрсетпеуі (305-бап)
Теңізде немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған адамдарға кеме капитанының, егер осы көмек көрсету өзінің кемесіне, оның экипажы мен жолаушылары үшін елеулі қауіп келтірмейтін болғанда көмек көрсетпеуі-қылмыс деп саналып, кінәлы адам Қылмыстық кодекстің 305-бабының 1-тармағы бойынша жауапқа тартылады. Бұл қылмыс құрамы Қылмыстық кодекстк 1910 жылғы 23-ақпандағы халықаралық конвенцияға (теңізде құтқару және көмек көрсетуге байланысты ережелердің қолданылуы) сәйкес енгізілген. Қылмыстың тікелей объектісі-теңізде немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған адамдардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, ал қосымша тікелей объектісі-бір немесе бірнеше адамның өмірі немесе денсаулығы. Осы қылмыстың заты-кез келген санаттағы және бағыттағы теңіз немесе өзге де су көлігі болып табылады. Қылмыстың жәбірленушісі болып теңізде немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған кез келген адам танылады. Қылмыс объективтік жағынан әрекетсіздік күйде яғни кеме капитанының теңіз немесе басқа да су жолында апатқа ұшырағандарға заңда көрсетілген жағдайларға және шарттарға сәйкес көмек көрсетпеуі арқылы сипатталады. Себепті жағдайларға байланысты (қатты дауылдың әсерінен) немесе көмек көрсету өзінің кемесіне, оның экипажы мен жолаушылары үшін елеулі қауіп төндіретін (өрт, жарылыс болуы, суға бату қаупі төну) жағдайларда көмек көрсетпеу-қылмыс құрамын түзбейді. Көмек көрсету немесе көрсетпеу мүмкіндігі техникалық сарапшылық қорытындысы негізінде анықталады. Қылмыс құрамы формальдық, сондықтан да ол көмек көрсетпеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыстың зардабының болуы (адамдардың апатқа ұшырауы) немесе болмауының қылмысты саралауға әсері жоқ, бірақ жаза тағайындағанда сөз жоқ ескеруге жатады. Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі-қылмыстың жасалу орны болып табылады. Мұндай орынға-теңіз немесе өзге де су кеңістігі (өзен, көл, шығанақ, бұғаз т.с.с.) жатады.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналық нысанда жасалады. Кінәлы адам теңіз немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге мүмкіндігі бола отырып, көмек көрсетпегенін (әрекетсіздігін) сезеді және көмек көрсетпеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі арнаулы меншік түріне қарамастан кез келген су көлігінің (теңіз, өзен, жолаушылар немесе жүк таситын) кемелердің капитаны. Қылмыстың субъектісі Қазақстан суларында жүзіп жүрген шет елдердің кемелерінің капитаны болуы да мүмкін. Егер көмек көрсетпеу ашық теңізде орын алса, онда халықаралық конвенцияға сәйкес кеме капитаны қай елдің азаматы болса сол елдің заңымен немесе оны ұстаған мемлекеттің заңы бойынша жауапқа тартылады. Теңізде немесе су жолында соқтығысқан кемелердің бірінің капитанның басқа кемені құтқару үшін тиісті шаралар қолданбауы абайсызда кеменің опат болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, егер бұл шараларды өз кемесіне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулі қауіп төндірмей қолдану мүмкін болса-ол үшін жауаптылық осы баптың 2-тармағында көрсетілген. Бұл жерде соқтығысқан екі кеменің біреуінің капитанының өз кемесіне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулі қауіп төндірмей, басқа кемені құтқару үшін мүмкіндігі бола тұра тиісті шараларды қолданбағаны туралы сөз болып отыр. Егер мұндай мүмкіндігі бола тұра кеме капитаны көмек көрсетпесе, одан заңда көрсетілген зардап-кеменің апат болуы немесе өзге де ауыр зардаптарға (адам өліміне, дене жарақаты т.б.) әкеп соқса, ол баптың осы бөлігі бойынша кінәлы болып жауапқа тартылады.
Ұшудың халықаралық ережелерін бұзу (306-бап)
Рұқсатта көрсетілген маршруттарды, қону орындарын, әуе қақпаларын, ұшу биіктігін сақтамау немесе халықаралық ұшу ережелерін өзге де бұзу-ұшудың халықаралық ережелерін бұзу деп табылады (ҚК-тің 306-бабы) Қылмыстың тікелей объектісі-ұшудың қауіпсіздігін қаматамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-ұшатын әуе кемесі. Әуе кемесінің Қазақстан Республикасы әуе шекарасынан өтіп, басқа мемлекеттің үстінен ұшуын халықаралық ұшу деп айтамыз. Халықаралық ұшуды Қазақстан Республикасы әуе кемелері, сондай-ақ шет мемлекеттердің әуе кемелері өзара келісім бойынша жүзеге асырады. Мұндай ұшулар әуе қозғалысы қауіпсіздігін, мемлекеттік және қорғаныс қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы керек (Ұшу маршруттарының белгілі болуы, ұшу биіктігі, әуе қақпасы, қону орны, дыбыс беру жүйелері т.б.). Халықаралық ұшу ережелері Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекара туралы заңымен реттеледі. Қылмыс объективтік жағынан әр түрлі халықаралық ұшу ережелерін сақтамау арқылы көрініс табады. Оның нақты көріністері рұқсаты көрсетілмеген маршруттарды, қону орындарын, әуе қақпаларын, ұшу биіктігін сақтамау немесе халықаралық ұшу ережелерін өзге де бұзу болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық. Ол заңда көрсетілген әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақан немесе абайсыздықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат әр түрлі болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, әуе кемесінің экипаж мүшелері.
Достарыңызбен бөлісу: |