1.2.1 ЕАМ амбулаторлық түрі Келіп-кететін және үйдегі науқастарға емдік көмек көрсететін емдеу мекемесі. Амбулаторлық түрдегі мекемелерге: емханалар, амбулаториялар, диспансерлер, медициналық-санитарлық бөлімшелер, жедел жәрдем станциялары жатады [4, 7, 29, 32].
Емхана– аймақтық-учаскелік типте қызмет ететін кең салалы емдік-алдын-алу мекемесі. Емханаға бекітілген аймақ белгілі үлкен жастағы адамдар мен балалар санын қамтитын учаскелерге бөлінген. Әрбір учаскеге дәрігер мен мейірбикелер бекітіледі. ЕАМ қызметін учаскелік дәрігер ұйымдастырып, мейірбикелерге нұсқау беріп, түрлі салалы мамандарды тартады. Емхана халыққа мамандандырылған және үй жағдайында қаралу мен емделуін қамтамасыз етеді.
Емхана науқастарды қарау мен емдеуге арналған арнайы техникалық құралдармен жабдықталады. Барлық амбулаторлық-емханалық мекемелер үш бөлікке бөлінеді: тіркелу мен дәрігер қарауын күту бөлмесі, емдік және диагностикалық бөлмелер, қызметтік және тұрмыстық мақсаттағы бөлмелер. Емханада түрлі салалы дәрігерлер қабылдау жүргізеді (терапевт, хирург, окулист, ЛОР-дәрігер, эндокринолог, кардиолог және т.б.).
Емханада негізгі диагностикалық кабинеттер орналасады: рентген, ультрадыбыстық зерттеу, функциональды диагностикалау, клиникалық және биохимиялық лабораториялар және дәрігер тағайындауларын орындау кабинеттері немесе бөлімшесі (ем-шаралық, таңу, физиотерапия бөлімі, емдік дене шынықтыру кабинеті және т.б.).
Тіркеу бөлімін шығаберіске жақын орналастырады. Тіркеу бөліміндекабинеттер нөмірі мен дәрігерлердің қабылдау уақытының кестесі болады. Емхана дәлізінде ауруларды алдын-алу туралы кітапшалар қойылған үстелдер болады. Күту залынан науқас дәрігер кабинетіне немесе ем-шара, таңу бөлмелеріне өтеді. Дәрігер кабинетінде оның қызметіне қажеттінің барлығы болуы тиіс: дәрігер мен мейірбикенің жазу үстелі, орындықтар, кушетка, суық және ыстық су, сүлгі, халат, тонометр, фонендоскоп, рецепт бланктері және т.б.
Амбулатория — учаскелік-аумақтық белгілері бойынша қала типіндегі ауыл, өнер-кәсіп мекемесі немесе ауылдық учаскіге көмек көрсету үшін қызмет жасайтын емдік алдын-алу мекемесі. Амбулаторияда тек негізгі мамандықтар бойынша дәрігерлер қабылдау жасайды: терапевт, хирург, тіс дәрігері. Амбулатория штатында дәрігерден басқа фельдшер, акушер, мейірбикелер және санитарлар бар. Бөлиелері: дәрігерге дейінгі қабылдау, электрокардиографиялық тексеру, егу бөлмесі. Жұмыс принципі емхана секілді.