Өзін-өзі тану сабағына сабақ жоспары
Мектеп: Арбиген ЖОББМ Мерзім_____________ №________
Тақырып: Мөлдір бұлақ- жасыл кұрақ
Құндылық: Қиянат жасамау
Қасиеттер: Мейірімділік, қамқорлық, жанашырлық.
Мұғалім: Айтымова А.С. Класс_ 6 сынып. Оқушылыр саны:2
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға қоршаған ортаға, табиғатқа деген , қамқорлықты, мейірімділікті, қиянат жасамау арқылы түсіндіру.
Міндеттері.
Білімділігі: - Оқушылардың қоршаған ортаға, табиғатқа қамқорлық жасауда түсінік беру.
Дамытушылығы: - оқушылардың табиғатқа, қоршаған ортаға, жақындарына деген мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық қасиеттерін дамыту.
Тәрбиелілігі: - табиғатқа мейірімділікпен қарауға, қамқорлық жасауға , жанашырлыққа тәрбиелеу.
Сабақ барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу.
5т ережесін еске түсіру
Тәртіп
Талап
Тыныштық
Тазалық
Татулық
Тыныштық сәті: . (Жайлы, баяу музыка қойямын).
ОРМАНҒА ОЙША СЕРУЕН. Мұғалім: Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әрбір тыныс алған сайыннеғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз. Өзіңіздің сынып есігіне қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желдің лебін және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңыз. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп, оның нәзіктігі мен жұқалығына зейін салыңыз. Оны иіскеңіз және хош иісін жұтыңыз. Айналадағы бар нәрсені бақылап, ары қарай жүре беріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, құстардың дауысы және жәндіктердің ызыңы. Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті. Жарық пен көлеңкенің ойынын қызықтаңыз, жапырақтардың сыбдырын тыңдаңыз. Біз өзімізді орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңыз. Түбіне барып отырғыңыз келетін ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындаңыз да оны діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырысыңыз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. (Осы жерде мұғалім 1-2 минут үзіліс жасауына болады).Бізге қалайша жеңіл әрі тыныш және бақытты сезіну қандай. Табиғат неткен ғажап, оны қалайша сүйетінімізді бен қадірлейтінімізді, бірде бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін және кез келген уақытта оған келе алатыныңызды есте ұстаңыз. Ал қазір мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып, айналаға тағы бір көз қырын салыңыз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолыңыздағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектептің алдына да келдік. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, күлімсіреңіз!
|
Ресурстар:( оқулық, дәптер)
|
2.Үй тапсырмасын тексеру: Қанекей балалар үйге қандай тапсырма берілді?
«Бетпақдала»
1.Бетпақдала деп аталу себебі неде?
Хан жарлығы мен ел-жұрттың әрекеті табиғатты қандай жағдайға душар етті?
2.Құнарлы жердің бетпақ далаға айналуынa адамдардың қандай әрекеті әсер етті?
3.Табиғат заңдылықтарын бұзу қандай жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін?
4.Ол үшін біз не істеуіміз керек?
5. Ханның жасаған әрекеті дұрыс па?
(дұрыс емес ол табиғатқа қиянат жасады)
6.Табиғат заңдылықтарын бұзу қандай жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін?
7. Қандай адамдар қиянат жасамайды?
|
Сабақ барысын талқылау:
|
3.Дәйексөз: Таза болса, табиғат,
Аман болар адамзат!
(Ф. Оңғарсынова)
Үш рет дауыстап айту және жұмыс дәптеріне жазғызу.Көрнекілік ретінде интербелсенді тақтаға жазып көрсету.
Дәйексөздің мағынасын калай түсінесіңдер?
Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік дегенді қалай түсінесіңдер?
Қоршаған орта неғұрлым таза болса, адамның денсаулығы мықты , көңілі көтеріңкі болады.
Сол себепті табиғатқа мейірімділікпен қарап, жанашырлық білдіру, қиянат жасамау әр адамның қолында.
Адам мейірімділікті, сүйіспеншілікті, қайырымдылықты табиғаттан үйренеді. Адам баласы табиғат перзенті екенін әрдайым есте ұстау керек. Жер бетіндегі өлі және тірі табиғат бір\бірімен тығыз байланысты. Табиғаттың адам баласына сый тартуы шексіз. сол себепті биз табиғатқа мейірімділікпен қарап, қамқорлық көрсетіп, қиянат жасамауымыз керек
Адам өзіне қатысты қандай қиянат жасамауы керек?
Сол сияқты биз табиғатқа да қиянат жасамауымыз керек.
|
|
4.Мәтінмен жұмыс (мұғалімнің сыйы)
Аңыз әңгіме: Үзілген гүл
Бүгін Жамал апай табиғат туралы, оның адамзат үшін маңызы жөнінде әнгімелеген. Гүлмінез сабақтан келе салысымен, асханадан пышақ пен шыны ыдыс алып үй сыртындағы қыратқа шығып кетті.
Біраздан кейін жүзі гүл-гүл жайнап, қайтып оралды. Қолындағы шыны ыдысқа қырдың ақ гүлдерін толтырып жинаған еді. Оларды бақша ішіндегі гүл егетін алаңға отырғыза бастады. Осы кезде үйден шешесі шықты. Қызын бақша ішінде көрді де, жанына келді.
-Қарашы, апа. Мына әдемі бәйшешектерді қырдан қазып алдым. Біздің Жамал апай айтты:
« Табиғатты қорғау керек» деп...
-Сен оларды қорғаудын орнына, өсіп тұрған орнынан үзіп әкелдің ғой.
- Иә, міне, қарасайшы, тамырлары бар. Қайтадан отырғызып жатырмын. Мен бұларға күнде су құйып күтетін болам. Әйтпесе, далада оларға ешкім қарамайды. Жазға жетпей қурап қалатыны содан...
Шешесі мырс етіп күліп жіберді де, іле салмақты күйгеауысып:
-Сен дұрыс жасамадың, Гүлмінез,- деді. -Табиғатта не нәрсе болса да өз орны, заңдылығы бар. Бұл бәйшешектер – көктемнің хабаршысы. Ерте гүлдейтіні де содан. Бұлар қурағанымен, орнын басқа гүлдер басады. Сонысымен де адамға қымбат. Мына гүлдер қай жерде гүлдесе, сол жерде ұрық шашып, ендігі жылы тағы өніп шыңар еді. Ал сен оларды білместікпен зорлап әкелдің. Егер Жамал апайыңнан «Табиғатты қалай қорғаймыз?» деп сұрап алғаныңда, бұл іс болмас еді.
Гүлмінездің жүзі қызарып, төмен қарады. Шешесі қызының шашын сипап:
-Бұларды енді орнынан қозғамай-ақ қой. Екінші рет қателік жасамауға тырыс. Жүр үйге, тамақ суып қалады, - деді.
Гүлмінез ілбіп басып шешесінің соңынан ерді. Сөтсе де оның санасында «Табиғатты қалай қорғаймыз?» деген сауал жаңғырықтай қайталанғандай болды. Осыны келесі сабақта апайынан сұрап алуға бекінді.
-Гүлмінез неліктен бәйшешекті үзіп әкеп үйінің маңына отырғызды?
-Анасы оған қандай кеңес берді?
- Табиғатқа өз қарым қатынасыңды қалай білдіресіңдер?
-Табиғаттың адамға жасаған қамқорлығы дегенді қалай түсінесіңдер?
-Өзің табиғатқа кандай қамқорлық жасадың?
|
|
5.Шығармашылық жұмыс. Тапсырма
Екі топқа бөлу
«Жанашырлық» және «Табиғат»
1 « Жанашырлық»
-Жанашырлық дегенді калай түсінесің?
Жауабы: қиын жағдайға тап болған адамдарға, табиғатқа қамқорлық көрсету, жәрдем беру,
-«Жанашырлықты» калай жасауға болады? (Сахналау)
2 «Табиғат»
-Адамзаттың табиғат алдындағы міндеті қандай?
Жауабы: адамдар табиғат қуат көздерін орнымен пайдалану, оның әсемдігін сақтау, қамқорлық пен мейірімділік таныту.
-Табиғат пен адам тұтастығын көрсететін ауыстырмалы мағынаны тап:
қабағынан қар жауған (қаталдық)
Ай мен күндей...(сұлулық)
Бірде көл, бірде шөл....( құбылмалық)
(анықтама беру)
|
Оқушыларды түсті кағаздар бойынша топка бөлу
|
6.Үйге тапсырма
«Табиғатты аялайық» атты мәтінді үйде оқып келеміз. (Ғ. Құлахметов)
76 бет 21 сабақ
|
|
7.Топпен ән айту.
Жақсы адамдар (Жұматай Оспанұлының )
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,
Жақсы адамдар бұзылмас тас қамалдар.
Табаныңның астында жатады әлі,
Пенделіктен өресі аспағандар.
Жақсы көрем сендерді, жақсы адамдар,
Жүрегіңде өйткені аппақ ар бар.
Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,
Күйіп кетсін көре алмас пәтшағарлар.
Жақсы көрем сендерді мен неліктен,
Мінезіңмен мызғымас ерге біткен.
Адамдықтың алдында аласарып,
Биік тұрған қашан да пенделіктен.
Жақсы көрем сондықтан мен сендерді,
Мен де бір сәт көтеріп еңсемді енді.
Сендер салған адамдық, ардың жолын,
Болашаққа көрсетіп берсем болды.
Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,
Күйіп кетсін көре алмас пәтшағарлар.
Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,
Қарап өссін сендерге басқа жандар.
|
|
8.Соңғы тыныштықсәті.
Ынғайланып отырыңыздар, кздеріңізді жұмыңыздар, Бүгінгі сабақта не үйренгенімізді ішімізден қайталаймыз, Мен жақсы адаммын, Жақсы адамдар ешкімге, еш нәрсеге қиянат жасамайды. Енді көімізді ашамыз.
Сабақ аяқталды.
Сау болыңдар!
|
|
Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың —
Құрдасы келер заманның.
Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе — мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тірілер қайта дүркіреп.
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық.
Адам боп жүрсең қасқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып.
Бірде адам, бірде қайың боп,
Сүрейік өмір алмасып…
Достарыңызбен бөлісу: |