Пайдалы қазбалары. Еуразия пайдалы қазбаларға өте бай. Пайдалы қазбалар түзілу жағдайларына байланысты магмалық және шөгінді болып екі топқа бөлінеді. Магмалық п.қ-р жер қойнауынан жарылыстар бойымен магманың сыртқа көтерілуімен түзіледі. Олар негізінен кристалды жыныстар ашық немесе жер бетіне жақын жатқан аудандарда шоғырланған. Магмалық жолмен түзілген темір кен орындары Үндістанда, Қытайдың солтүстік шығысында, Ресейде (Курск магнит аномалиясы) және Скандинавия түбегінде орналасқан. Еуразияның шығыс бөлігі арқылы сирек кездесетіе металдарға бай қалайы- вольфрам белдеуі өтеді. Жоғары температураға төзімді болғандықтан вольфрамнан электр шамының сымы жасалынады. Алтын мен алмастың ірі кен орындары Сібір платформасында жатқан Саха жерінде орналасқан. Ал Үндістан түбегі мен Шри-Ланка аралында ежелден-ақ әртүрлі асыл тастар – сапфир, рубин өндіріледі.