№10 Оқу үдерісін жоспарлау. Қысқа мерзімді жоспар (сабақ жоспарын) әзірлеу.
Мұғалімнің оқу күнін жоспарлаудағы негізгі міндеті аудиториялық оқу барысында өзіне және оқушыларға түсінікті, қолайлы оқу тәртібін қамтамасыз ете білу болып табылады. Алдын ала әзірленген сабақ кестесінің болуы және тапсырмаларды орындау мерзімдерінің алдын ала белгіленуі білім беру үдерісіне қатысушылардың алаңдаушылығын азайтуға көмектеседі.
1. Оқу уақытын белгілеңіз. Балалар мен ата-аналарға оқудың уақытын хабарлаңыз (мүмкіндігінше, күннің алғашқы жартысын пайдаланыңыз).
2. Қашықтан оқытуда оқу күнін үйреншікті 40 минуттық сабақтар түрінде емес, анағұрлым қысқа (синхронды оқытуда) сабақтар түрінде жоспарлаған орынды. Оқушылардың компьютер алдында үздіксіз жұмыс істеу ұзақтығының жас ерекшеліктеріне сәйкес белгіленген нормаларын ескеріңіз. Оқыту барысында міндетті түрде үзілісжасап, балалардың орнынан тұрып, монитордан алшақ тұрып, көзге арналған жаттығуларды, бірнеше қарапайым дене жаттығуларын орындауына, су ішуіне мүмкіндік беріңіз.
3. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне қандай уақыт қолайлы екендігін балалармен және ата-аналарымен кеңесіп алыңыз.
4. Оқушылардың өзіндік жұмыстарды орындау мерзімдерін нақты белгілеңіз. Тапсырмаларды орындауға берілетін уақыт оқу мақсатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін, мысалы:
бір сағаттың ішінде орындау — Сіз бір сағаттан кейін тапсырмаға қайта ораласыз;
ертеңге дейін орындау – Сіз тапсырманы келесі сабақта тексересіз;
бір аптаның ішінде немесе басқа мерзімде орындау – мысалы, жобалау тапсырмалары және т.б.
Қысқа мерзімді жоспар (сабақ жоспарын) әзірлеу.
Қалыптастырушы бағалау мүмкіндіктері қарастырылған орта мерзімді жоспар бойынша мұғалім әрбір жеке сабақтың жоспарын дайындайды.
Қысқа мерзімді жоспар немесе сабақ жоспарын дайындау барысында мұғалім оқушылардың жеке қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, саралап оқыту тәсіліне ерекше назар аударғаны жөн. Қысқа мерзімді жоспар мұғалімге сабақты тиімді құруға көмектеседі. Ол үшін мұғалім оқу материалы мен сабақтағы әрекетті мұқият іріктеп алуы керек. Әр сабақтан кейін мұғалім оқушылар меңгере алмаған немесе түсінбеген жерлерін анықтау мақсатында сабақты талдап, рефлексия жасап отыруы керек.
Қысқа мерзімді жоспарды құрған кезде мұғалім төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алуына болады:
сабақты ұйымдастырғанда оқу бағдарламасы мен оқу жоспарында көрсетілген оқу мақсаттарын басшылыққа алу қажет;
сабақтың мақсатын анық тұжырымдау, яғни нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы мақсаттар қою;
орта мерзімді жоспарда көрсетілген барлық іс-әрекеттерді, әдістемелік кеңестерді, ресурстарды мұқият зерделеу;
мұғалімнің қалауы бойынша іс-әрекет түрі қажеттілігіне қарай толықтырылып отырады (Ұлттық білім академиясы, 2016).
Мұғалім білімнің тек дара көзі ретінде емес, оқушылардың өздерінің оқу-танымдық қызметінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс.
Сабақты жоспарлауды бастағанда мұғалім бұл сабақтың мақсаты қандай болатынын шешеді. Сабақтың мақсаты оқу бағдарламасында қарастырылған оқу мақсатына сәйкес келуі керек, бірақ оқу мақсаттарының барлық тармақтарын қамтымауы мүмкін. Мысалы, «Информатика» пәні бойынша 8-сыныптағы оқу мақсаттарының бірі: Ақпарат көлемін анықтауда алфавиттік және ықтималдық амалдарын қолдану.
Бұл оқу мақсаты бірнеше сабаққа негіз бола алады, ал олардағы сабақ мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін. Сабақ мақсатында оқушының қадағалауға болатын іс-әрекеті, белсенділігі/мінез-құлқы сипатталып, оқушылар оқу нәтижесінде не үйренуге тиіс екені туралы жазылады. Сабақ мақсатын тұжырымдау барысында олар оқушылардың сабақ соңында не істей алу керектігі тұрғысынан белгілі бір нәтижелерді сипаттауы керек екенін есте ұстаңыз. Бұл:
сабақта мұғалімнің не істейтініне емес, оқушылардың немен айналысатынына назар аударуға;
сабақты жоспарлауды жеңілдетуге;
оқуды бағалауды жеңілдетуге;
оқыту мен оқуды бағамдауды жеңілдетуге көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |