Күн: 01.11.2021 ж.
Топ: 4 ШК-2
Пән: ШЖМ
Сабақтың тақырыбы: Бір пәндік, бір тақырыптық жүйе бойынша құрылған сабақтар. ШЖМ сабақтарды өткізу ерекшеліктері және оқыту түрлері
Жоспар
1.Біріктірілген сыныптардағы біртақырыптық сабақтардың ерекшеліктері
2.Біріктірілген сыныптарда біртақырыптық сабақтарды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері
Шағын жинақты мектептің оқу үдерісін ұйымдастыруда бірқатар қиындықтар кездесетіні жасырын емес. Өйткені бұл үлгідегі мектепте мұғалім бір мезгілде екі сыныппен қатар жұмыс істейтіндіктен, сабақтың өзіндік ерекшелігі болады. Осы ерекшелікке байланысты оқу үдерісі бір мезгілде екі сыныпта бірдей ұйымдастырылады. Сондықтан екі, үш сыныптың бір мезгілде қатар оқытылуы оқушыларға да, мұғалімге де психологиялық және әдістемелік тұрғыдан қолайсыздық туғызады.
Шағын жинақты мектептердегі оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімділігі төмендегі жағдайларға байланысты:
- сыныптарды бiрiктiрудiң педагогикалық ұтымдылығы мен дұрыстығы;
- сабақ кестелерiнiң оңтайлы жасалуы;
- тәрбие мен оқытудың тиiмдi әдiстерi мен түрлерiн таңдау, оларды оқыту үдерiсінде дұрыс үйлестiру және ұтымды пайдалану;
- сабақтың белгiленген мақсатқа сай неғұрлым тиiмдi құрылуынын анықтау;
- оқу-тәрбие жұмысының сабақ үстіндегі және сабақтан тыс түрлерiн дұрыс үйлестiру;
- оқушылардың өзiндiк жұмысы мен мұғалім басшылығымен атқаратын жұмысының ұтымды алмастырылуы;
- оқушылардың бойында бiлiм алу және өздiгiнен оқып бiлу дағдыларын қалыптастыруға баса назар аудару;
- оқушылардың бiлiмі мен тәрбиелілік деңгейлерi дамуының ғылыми диагностикасы;
- оқушылардың бiлiм, бiлiктерiн iзгiлiктi педагогикалық ұстанымдарға негiзделген жүйелi бақылау.
Екі, үш сыныппен жүргізілетін сабақ сапалы болуы үшін сабақ кестесінде пәндерді қалай болса солай қоса салуға болмайды. Екі сыныпта екі түрлі пәнді жүргізгеннен гөрі сабақты бір пән бойынша өткізген жеңіл болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Өйткені пәндерді біріктіріп жүргізгенде, мұғалім білімнің бір саласынан екінші бір саласына көшпей, оның назары бір пәнге бағытталады. Бірпәндік оқыту жүйесі іс жүзінде біртақырыптық сабақтар жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Қазіргі шағын жинақты мектеп тәжірибесінде мұндай сабақтарды ұйымдастырудың тиімділігі арта түсуде.
Осыған орай, шағын жинақты мектеп мұғалімдері оқыту үдерісін мүмкіндігінше біртақырыптық жүйеде құрастырғаны дұрыс. Өйткені белгілі бір ортақ тақырып бойынша барлық сыныпқа бірдей бір мезгілде түсіндірген мұғалімге де, оқушыларға да тиімді. Біртақырыптық сабақтар дегеніміз – бір пән ішіндегі мазмұны ұқсас тақырыптарды екі сыныпта қатарынан оқыту. Біртақырыптық сабақтарды ұйымдастырудың бірқатар артықшылығы қарастырылды.
Біріншіден, шағын жинақты мектеп төменгі сынып оқушыларының оқуға деген ықыласын табысты дамытуға жағдай жасайды.
Екіншіден, біртақырыптық сабақтарды өткізгенде, оқушылардың оқу әрекетін табысты жоспарлау білігі, бір-бірін тексеру немесе өзін-өзі бақылау кезінде жұмыстың барысын бақылау, яғни оқушыны өзіндік жұмыстарға даярлығын анықтайтын біліктер қалыптасады.
Үшіншіден, біртақырыптық сабақтар оқушының сөйлеу мәдениетін қалыптастырады, жолдастарының жауаптарын тыңдау, диалог жүргізу мәдениетіне үйретеді, сөйлеу қабілеттерін дамытады. Осыған байланысты сөйлеу қарым-қатынасының аясы кеңейеді, бұл, әсіресе, шағын жинақты мектептер жағдайында өте маңызды.
Төртіншіден, біртақырыптық сабақтар практикалық және оқу әрекеттерінде ұжымда жұмыс істей білуге, басқа оқушылардың пікіріне құрметпен қарауға, өз пікірін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Әрбір сыныппен тақырып бойынша жүргізілетін сабақтар оқу материалы мазмұнының күрделілігімен анықталады.
Әрине, біртақырыптық сабақтарды әзірлеу және өткізу мұғалімнен педагогикалық шеберлікті талап етеді. Бұл жерде, бір жағынан, оқу материалын жоспарлау жұмысы тұрса, екінші жағынан, сабақ құрылымын жетілдіру және оны ұйымдастыру жұмысы тұрады. Оқушылардың белсенділігі, ең бірінші кезекте, сабақ кезеңдерінің реттілігін қатаң сақтауынан емес, сабақты тақырып бойынша жоспарлап, оны әрбір сабаққа сәйкес мақсаты нақты анықталған жағдайда көрінеді.
Біртақырыптық сабақтарды жоспарлау оқу бағдарламасының белгілі бір тақырыбы немесе тарауы бойынша өтілетін сабақтар мен сабақтан тыс оқу жүйесіндегі оқу-тәрбие үрдісі білім беру, дамыту және тәрбие беру қызметтерін іске асыруының қолайлы жолдарын анықтау үшін қажет. Бұл жүйеге негізгі дидактикалық мақсатына байланысты сабақтың әр алуан тұрпаты және түрлерімен қоса, оқушылардың сыныптан тыс және оқудан тыс жұмыстарының басқа түрлері де кіреді. Шағын жинақты мектепте біртақырыптық жоспарлаудың ойдағыдай іске асырылуы, көбінесе, мұғалімнің оқушылар нені білуі керек, қалай оқыту керек, т.б. мәселелерді қаншалықты терең ойластырғанына байланысты. Сондықтан мұғалім біртақырыптық жоспарлауды пәннің оқу бағдарламасымен, білім беру стандартымен мұқият танысудан, пәнді оқыту кезіндегі және берілген тақырып бойынша дидактикалық міндеттерді шешудегі негізгі тәрбиелік мақсаттарды және оқушыларды дамыту мақсаттарын анықтаудан бастауы қажет.
Біртақырыптық сабақты жоспарлау – бұл мұғалімнің сабаққа тиянақты дайындығының көрінісі, яғни сабақты жоспарлау, тақырыптық жоспарлауды әрбір жеке сабаққа сәйкес нақтыландыру, сабақтың негізгі мазмұны мен бағыты анықталғаннан кейін сабақтың жоспары мен қысқаша мазмұнын терең ойластыру мен құрастыру. Сабақ жоспары мұғалімнің жұмыс тәжірибесіне, кәсіби біліктілігіне, педагогикалық шеберлігінің деңгейіне қарамастан, әрбір мұғалім үшін қажет. Сабақтың жоспары тақырыптық жоспар, бағдарлама мазмұны негізінде мұғалімнің оқушыларды және олардың дайындық деңгейіне қарай құрастырылады. Сабақты жоспарлауда және оны өткізу технологияларын дайындауда екі өзара байланысты бөліктер бар: сабақ мақсатын, оның әрбір қадамын терең ойластыру қажет. Әдістемелік құралдың соңында пән ішіндегі мазмұны ұқсас тақырыптарды оқытуға арналған сабақ үлгілері ұсынылған.
Біріктірілген сыныптардағы біртақырыптық сабақты жоспарлауға қажетті ұстанымдар:
1. Әртүрлі жастағы оқушыларды оқыту міндеттері, мазмұны мен оқыту құралдарының кірігуі мен саралануы. Әр сынып оқушыларында түрлі деңгейде меңгерілетін сұрақтар, құбылыстар мен түсініктер туралы ортақ ұғым болуы.
2. Оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастыру – бірқатар педагогикалық қызметтерді жоғары сынып оқушысының атқаруы (бақылау, жаңа материалды түсіндіру, қиындықтарды жеңуде төменгі сынып оқушыларына көмектесу). Дайындық жұмыстары: ақыл-кеңесшілерді іріктеу, ақыл-кеңес беру, олардың әрекетінің маңыздылығын көрсету, атқаратын қызметтерді бөлу, сабаққа және сабақ үстіндегі дайындық кезеңінде тапсырмалар беру.
Достарыңызбен бөлісу: |