4.Оқиғаларды әңгімелеу.Мұғалім сыйлығы.
«Табанды бала» аңыз әңгімесі.
Ерте заманда Әлім деген бала өмір сүріпті. Оның әкесі қайтыс болып, жалғыз анасымен қалады. Олар кедей отбасынан еді.
Күн артынан күн, ай артынан ай өте береді. Баланың мектепке барып, оқитын уақыты келеді. Бірақ, оның мектепке баруға еш мүмкіндігі болмайды. Алайда Әлім «мен оқуым керек!» деп арланады.
Кішкентай Әлімнің көршілері өте бай адамдар еді. Әлім көршісіне келіп: «Сіз үйіңізге қызметші іздеп жүр екенсіз, мені алыңызшы! Еңбегіме көп ақы сұрамаймын, тек қана анда-санда сіздің ұлдарыңыз қалай оқып жатқанын көрсем, жеткілікті,-дейді.
Бай тегін жұмысшы тапқанына қуанып, келісе кетеді.
Бала байдың үйінде таң атқаннан кеш батқанға дейін бел жазбай жұмыс істейді. Бірақ Әлім мұғалімге көрінбей, оның айтқандарын тығылып тұрып тыңдап алатын еді. Сөйтіп, Әлім оқу мен жазуды үйреніп алады.
Бір жылдан кейін өз бетінше сөздерді ажырата алатын болады. Бірақ қайда, немен жазарын білмей, басы қатады.
Әлім өзінің анасымен теңіз жағасындағы кішкентай үйде тұратын еді. Теңіз толқыны құм бетін шайып, тегістеп кететін. Әлім қолына таяқ алып, теңіз жағасына келіп, құм бетіне әріптерді жаза бастады. Теңіз толқыны шайып, жазғандарын өшіріп кетеді. Әлім ерінбей қайта жазудан жалықпайды.
Енді оған оқитын кітап керек болады.
Бір күні байға келіп: «Сіз маған» өз кітаптарыңызды оқуға рұқсат етсеңіз, мен тағы да бір жыл ақысыз жұмыс істеуге келісер едім»,-дейді. Бай мұндай тегін жұмысшыдан айырылғысы келмей, келісе кетеді.
Әлімге ертеден қара кешке дейін жұмыс істеп, түнде оқуға тура келеді.
Одан бері көп жылдар өтті. Әлім өз мақсатына жетіп, үлкен ғалым болыпты. Адамдар кішкентай Әлімнің табандылығын әлі күнге дейін еске алып отырады екен.
Сұрақтар:
1. Бала өз мақсатына қалай жетті?
2. Баланың ғалым болуына қандай қасиеттері көмектесті?
3. Төзім мен табандылық бізге не үшін қажет?
|