Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар
1)Тәрбие мазмұнының мән-мағынасын ашыңыз.
2)Тұтас педагогикалық процессте және өзін-өзі тәрбиелеуде жеке тұлғаның қалыптасуы қандай қатынаста болады?
3) Тәрбие түрлері қалай топтастырылады?
4) Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу қандай қатынаста болады?
5) Өзін-өзі тәрбиелеудің тәсілдерін атаңыз.
Дәріс №4. Географияны оқыту құралдары.География кабинеті. 2сағат.
Негізгі сұрақтары:
Мектеп географиясындағы оқыту құралдарының міндеті, пайдалану мақсаты жағынан сипаты.
География кабинеті және оның оқу тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы маңызы.
Кабинет құрудың негізгі кезеңдері.
Оқыту құралдары - мұғалімге оқытуда көмектесетін аспаптар мен тұп деректер, яғни оңушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруға көмектесетіндердің бәрі. Оқыту құралдарына мұғалімнің сөзі, оқулықтар, оқу құралдары, кітаптар, анықтамалық әдебиет, оқу жабдығы мен көрнекі құралдар, оқу киносы, радио, дыбыс таспасы, теледидар, т.б. техникалық құралдар, бағдарламалық оқытудың арнаулы құралдары - бағдарламалық оқулықтар, оқу құралы, үйрететін машиналар жатады
ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Осыған орай, әр бір оқытушының алдына қоятын мақсаты бұл ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы студенттерге заман талабына сай білім беру.
Сондықтан біз ақпараттық технологиялардың, ғылыми-техникалық прогрестің, жетістіктеріне қарай жаңа ақпараттық қоғам туралы, сонымен бірге жаңа өркениетке, яғни ақпараттық өркениетке өту туралы айтамыз. Мұндай пікірлердің негізі техникалық, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдардың интеграциясының нәтижесі болатын ақпараттық қоғам дамуының, ақпараттық өркениеттің алғы шарттары болады. Мұның нәтижесінде жеке тұлғаның дүниеге көзқарасы түбірлі өзгеріске ұшырап, дүние туралы, адамның өзі, оның дүниедегі орны, өмірінің мән-мағынасы мен құндылықтар жүйесі туралы мүлде жаңа ойлар туғызып, бүкіл адамзаттың болашағы, тағдыры туралы жаңа идеяларға әкеледі.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» - деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін, әрбір білім беру мекемедегі ұжымның, әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Оқу үдерісі барысында көптеген оқыту құралы қолданылады. Байқағанымыздай, олардың кейбіреулері әр түрлі материалдық объектілерде көрініс тауып, өте тамаша деңгейде қолданылса; көрнекі құралдары секілді басқа материалдық құралдар да оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға едәуір үлес қосады.
Кез келген технологиялық оқыту құралы технологияны құра алмайды. Технологиялық оқыту құралдарының басым көпшілігі оқытудың тек кейбір кезеңдерінде ғана технологиялық бола алады. Мысалы, бейнефильм оқу материалын баяу әрі көрнекі түрде жеткізгенімен, оқу материалын игеру сапасын тексеруге көмектесе алмайды.
Сондықтан, біз практикада көбіне бір емес, бірнеше технологиялық оқыту құралының технологияны құрып жататынын байқаймыз. Мұндай жағдайда біз технологиялық оқыту құралдарының жүйесімен жұмыс істейміз. Жүйеде технологиялық оқыту құралдарының әрқайсысы өзіне тән белгілі бір кезеңде (білім беруде, қабілеттерді шыңдауда, меңгеру сапасын тексеруде) жетекші немесе техноқұрушы болып табылады.
Бүгінгі күні біз іс жүзінде технологиялық оқыту құралдарының техно-құрушы жүйелерінің үш түрін кездестіреміз. Бәлкім, техниканың одан әрі дамуы нәтижесінде техноқұрушы жүйелердің түрлерінің саны өсетін шығар.
Қағаз тасушыға сүйенетін жүйелер бірінші түрге жатады. Бұл жүйені тағы қағаз түріндегі оқыту құралдары жүйесі деп атауға болады. Мұндай жүйеде барлық оқыту кезеңдерінде қағаз тасушыдағы әр түрлі оқыту құралдары (оқулықтар, есептер жинағы, әдістемелік ұсыныстар, нұсқаулар және т.б.) технологиялық құрал болады.
Мұндай оқыту түрінде нақ осы құралдар жүйесі қолданылады, себебі оқытудың үш кезеңінің әрқайсысында әр түрлі оқыту құралдары негізгі немесе технологиялық болып табылады. Бірінші кезеңде, яғни жаңа білімдерді беруде оқулық, оқу құралы, оқулық емес кітап немесе оқулық емес кітаптар жинағы технологиялық құрал рөлін атқарады. Бұл кезеңде оқушы берілген мәліметті меңгереді. Екінші кезеңде, яғни оқу қабілеттері мен дағдыларын шыңдауда оқулық, есептер жинағы, басылып шыққан жұмыс дәптері және тағы басқа дидактикалық материалдар технологиялық құрал рөлін атқарады. Бұл кезеңде оқушы қабілеттері мен дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алады. Үшінші кезеңде, яғни білім деңгейін тексеруде оқулық, қағазға басылып шыққан бақылау жұмыстары, арнайы дидактикалық материалдар және тест тапсырмалары сияқты оқыту құралдары бақылау тапсырмалары мен сұрақтары ретінде технологиялық құрал рөлін атқарады
Біз үшін оқытудың технологиялық үдерісін құруға негіз болатын оқыту құралдары елеулі қызығушылық тудырады. Демек, осы оқыту құралдарының қандай екенін және оларды технологиялық және технологиялық емес деп қандай қасиеті бойынша жіктелетінін анықтауға тырысып көрелік.
Оқыту қызметтерінің басым бөлігін адамның басшылығымен оқыту құралы орындайтын оқытудың белгілі бір тәсілі технологиялық оқыту деп аталады. Ендеше, технологияда оқыту құралына жетекші рөл бөлінеді. Оқытушы технологияда оқушыларды оқытпайды, ол оқыту құралын басқару қызметі мен оқушылардың іс-әрекеттерін үйлестіру және ынталандыру қызметтерін атқарады. Оқытушының дәстүрлі оқытудағы рөлі мен оқыту құралдарына қатысты технологиядағы рөлінің бір-бірінен айырмашылығы әдістемеде оқыту құралдарын таңдаудың едәуір дәрежеде педагогтың жеке тұлғасының ерешеліктерімен анықталатындығына негізделеді.
Яғни, сол мұғалімнің өзі оқу материалын баяндауда оқыту құралдарын жеткізіп, кеңінен түрлендіре алады. Ал, оқу үдерісіне әр түрлі оқытушылар қатысатын болса, онда бір тақырыпты баяндауда оқыту құралдарының ауқымы мен аясы бірден ұлғаяды. Сонымен қатар, дәстүрлі оқытуда құралдар педагогтың басшылығымен қолданылады. Ал, технологияда, керісінше, құрал өзіне оқытушыны бағындырады. Себебі, мұнда оқытушының рөлі компьютерлік бағдарламаны іске қосумен, оның дұрыс жұмыс істеуін қадағалаумен және оқушының жұмысын тексерумен шектеледі. Оқыту қызметін оқыту құралының өзі жүзеге асырады.
«Технология» ұғымы жайлы бұл көзқарас технологиялық оқыту құралдарының тобына оқыту қызметтерін өз бетінше орындай алатын (яғни, технологиялық үдерісті жүзеге асыруға қабілетті) құралдарды жатқызуға мүмкіндік береді. Егер оқыту құралын мұғалімнің қатысуынсыз оқушыға жаңа материалды ұсыну, оның білімін ұштау, қабілеттерін шыңдау, материалды игеру сапасын бақылау секілді қызметтердің ең болмағанда біреуін орындай алатындай етіп, пайдаланатын болсақ, онда мұндай құралды технологиялық деп атауға болады. Ал, егер бұл қызметтердің бірде-бірі адамның қатысуынсыз оқыту құралымен орындалмайтын болса, онда мұндай оқыту құралы технологиялық болып саналмайды. Олай болса, оқытушы қызметтерін орындаудағы дербестілігі оқыту құралы технологиялығының өлшемі ретінде қабылданады.
Қазіргі таңда педагогикалық үдерісте қолданылып жатқан оқыту құралдарының қайсысын технологиялық құралдарға жатқызуға болады?
Осы заманғы білім беру жүйесінде компьютерлер, жергілікті және ғаламдық ақпараттық желілер негізінде қолданылатын ақпараттық технологияларды толық мөлшерде технологиялық деп атауға болады. Бүгінгі күні оқытуда көбіне материалмен танысу және нығайту үшін тек қана жеке оқыту бағдарламалары қолданылады, алайда олардың тиімділігі бұл топтағы оқыту құралдарының мүмкіндіктері едәуір жоғары екенін және әлі толық іске аспағанын көрсетеді.
Одан әрі технологиялық оқыту құралдарына оқушыларға оқу материалын қарапайым, анық және оңай баяндайтын, материалды бекітуге және оқушылардың қабілеттерін жетілдіруге бағытталған тапсырмалар мен жаттығуларды беретін кейбір оқыту құралдарын жатқызуға болады. Егер, оқыту құралы оқушыға материалды меңгеруге және бекітуге, өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, онда мұндай құралды технологиялық деп санауға болады. Сондай-ақ, оқытуға арналған бейнефильмдерді, бейнетаспаларды, аудио және бейне материалдарды жазатын құрылғыларды, лингафондық құрал-жабдықтарды, тестілеуге арналған механикалық және электрондық құралдарды да технологиялық оқыту құралдарының санатына енгізуге болады.
Сонымен, сабақта компьютер технологиялық емес бағдарламамен (мысалы, көрнекі құралмен) қолданылса, онда ол технологиялық оқыту құралы болып табылмайды. Оқыту қызметтерінің бірде-бірін (материалды ұсынуды, бекітуді немесе тексеруді) педагогсыз жүзеге асыра алмайтын оқыту құралдарының едәуір бөлігі, атап айтқанда, кітаптар, қаламдар, дәптерлер, зертханалық жабдықтар, суреттер, жиһаздар, т.с.с. технологиялық емес оқыту құралдарына жатады.
Кез келген технологиялық емес сабақты жүргізуде педагог әдетте бірнеше оқыту құралын пайдаланады. Кейде ол технологиялық және технологиялық емес оқыту құралдарын бірге қолданады. Мысалы, орыс тілі сабағында бір оқыту құралы технологиялық (жаттығулары бар оқулық) және бірнешеуі технологиялық емес (суреттер, плакаттар, хрестоматиядан жеке өлеңдер) болуы мүмкін.
Сабақта технологиялық оқыту құралдарын қолданғанда күрделірек жағдай орын алуы мүмкін. Мысалы, мұғалім жаңа материалды ұсыну үшін оқытуға арналған бейнефильмді, қабілеттерді шыңдау үшін оқу құралынан алынған жаттығуларды, ал меңгерілген материалды тексеру үшін компьютерлік тестілеуді, осылайша жалпы үш түрлі оқыту құралын пайдаланады. Егер осындай сабақта оқыту құралдары мұғалімнің материалды жеткізуге, бекітуге және тексеруге қатысуын қажет етпесе, онда бұл оқыту құралдары технологиялық, ал оқыту құралдарының кешені оқыту құралдарының технологиялық кешені деп аталады. Мұндай жағдайда сабақта кешендік технология немесе оқыту құралдарының технологиялық кешені қолданылды деп айтуға болады.
Көбіне сабақтың әр түрлі кезеңдерінде әр түрлі құралдарды қолданатын оқыту құралдарының кешені таңдалып алынады. Материалды түсіндіру үшін оқытуға арналған киноларды және бейнефильмдерді пайдалану ыңғайлы, бұрын осы мақсатта телехабарлар кеңінен қолданылатын. Материалды бекіту және практикалық қабілетті шыңдау үшін жаттығулар мен тапсырмалар жинағы жақсы құрал болып табылады. Компьютерлік тестілеу көмегімен білім деңгейін тексеруге болады. Құралдар кешені көбіне оқыту құралдарының мынадай үш түрінен таңдап алынады:
- материалды ұсыну құралдары;
- материалды бекіту құралдары;
- тексеру құралдары;
Технологиялық оқыту құралдары кешенін пайдалану технологиялық оқыту құралдарының біреуін пайдалану сияқты технологияны құру үшін әрдайым жеткілікті шарт бола бермейді.
Технологиялық оқыту құралдарының бірнеше топтарға жіктелуі мынадай бірқатар маңызды сұрақтарды туғызады: сабақта немесе кез-келген басқа оқыту түрінде технологиялық оқыту құралдарын қолдану осы сабақтың немесе оқыту түрінің технологиялық екенін білдіре ме? Немесе технологиялық оқыту құралдарын қолданғанда оқу үдерісін ұйымдастыру түрі технологиялық болып табылмайтын және әдістеме негізінде жүргізілетін жағдайлар болуы мүмкін бе? Бұл сұрақтар өте маңызды. Егер технологиялық оқыту құралдарын пайдалану оқыту үдерісін технология жазықтығына автоматты түрде ауыстырмаса, онда технологияны құру үшін жеткілікті болатын тағы да басқа қосымша шарттар болуы керек.
Ендеше, технологиялық оқыту құралдарын қолдану – технология құру үшін өте қажетті шарт. Сондықтан, оқыту құралдары оқытудың негізгі қызметтерін орындау кезінде мұғалімнің орнын басатын болса ғана технология деп есептеледі.
Алайда, педагог технологиялық оқыту құралдарын пән сабағының қандай да бір кішкене бөлімінде ғана қолдануы, ал оның қалған бөлімін технологиялық оқыту құралдарының қандай да бір бөлігін қолдана отырып немесе мүлдем қолданбай жүргізе алады. Егер сабақтың негізгі бөлігі әдістеме бойынша жүргізілетін болса, онда бұл сабақты оқыту үдерісін толық технологиялық деп атауға болмайды. Демек, технологиялық оқыту құралдары қолданылатын сабақтың барлығы дерлік технологиялық болып санала бермейді.
Технологиялық оқыту құралдарын қолдану оқыту үдерісінің технологиялық екендігіне толық кепіл бола алмайды. Технологиялық оқыту құралы мен оқыту үдерісі арасында тікелей байланыс жоқ. Неге десеңіз, технологиялық оқыту құралдары жарым-жартылай қолданудан бөлек, мақсатқа сай қолданылмауы да мүмкін. Мысалы, компьютер сияқты ең күшті технологиялық құрал математикалық формулалар мен физикалық есептерді шығару кезінде калькулятордың немесе бір парақ қағаз бен қаламның рөлін атқаруы мүмкін.
Оқыту құралы оқыту үдерісінің барлық кезеңдерінде (жаңа материалды ұсыну, бекіту және тексеру кезінде) оқытудың негізгі рөлін орындағанда ғана бұл үдеріс толық технологиялық деп есептеледі. Сабақ барысында оқушының оқу құралы бойынша жаңа материалды өз бетінше меңгеруі, сонан соң берілген жаттығуларды орындап, білімін бекітуі және қажетті қабілеттерін шыңдап, бақылау тапсырмалары мен берілген тақырып бойынша тестілеуді компьютерде сәтті орындауы осыған мысал бола алады. Оқушы материалды игермеген жағдайда, оқытушының көмегінсіз қажетті білім деңгейіне қол жеткізу үшін қосымша материалды игеруге бағытталады. Осылайша, оқушы оқу үдерісінде педагогтың қатысуынсыз пән сабағын өз бетінше меңгеруге тырысты және жеткіліксіз меңгерген жағдайда қосымша жұмыс жасады. Сондықтан, оқыту үдерісінің барлық негізгі кезеңдерінде бір немесе бірнеше технологиялық оқыту құралын пайдалану мен оқушының игермеген материалын қосымша үйрену мүмкіндігі технологияны құрудың тағы бір шарты болып табылады.
Сонымен, технологиялық оқыту құралдары немесе технологиялық оқыту құралдарының кешені бірқатар шарттарды қатаң сақтағанда ғана оқыту түрінің технологиялылығын қамтамасыз ете алады. Оқыту үдерісін технологиялық деп атау үшін келесі шарттардың толық сақталуы қажет:
1) оқытуда қолданылатын оқыту құралы (немесе оқыту құралдарының кешені) технологиялық болып табылады;
2) технологиялық оқыту құралын (немесе құралдар кешенін) қолдану оқытудың барлық кезеңдерінде жүзеге асырылады;
3) оқыту құралы (немесе құралдар кешені) оқытудың жетекші қызметтерін (жаңа білімді баяндау, жаңа білім мен қабілеттерді шыңдау, нәтижелерді тексеру және бағалау) толық орындайды және мұғалімнің орнын басады.
Осы шарттардың бәрін орындау оқыту үдерісінің технологиялылығын қамтамасыз етеді.
География кабинеті және оның оқу тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудағы маңызы қазіргі таңда өте зор болып табыладу. Карта, сызба нұсқа және қабырға суреттерін сақтауды ұйымдастыру керек. Технмкалық оқыту құралдары комплекстісі, оларды орналастыру қажет.
География оқытушысының география кабинетіндегі шаруашылық ұйымдастыру жұмысы және оның компоненттерінің орындалуын қадағалап отырады. Кабинент құрудың негізгі кезеңдерін орындау арқылы жүзеге асырып отырады.
География кабинетін оқу және сыныптан тыс жұмыстар жүргізуде пайдалану үшін жоғары деңгейде безендіріліп, пәнге сай құралдармен безендірілуі тиіс.
Өзін-өзі бақылау үшін тапсырмалар;
1.Географияны оқыту құралдары қандай негіздер бойынша жіктеледі.
2. Білім алу құралдарын тізбектеңіз.
3.Кабинетті жабдықтауға қандай дидактикалық талаптар қойылады.
4. Оқыту құралдарын тізбектеңіз
Дәріс №.5. Географияны оқыту методтары. Географияны оқытудың жаңа технологиялары. 2сағат.
Негізгі сұрақтары:
Географияны оқыту әдістерінің жіктелуі.
Оқытудың жеке әдістерінің сипаттамасы.
Географияны оқытуда жаңа технологияны пайдалану
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыту тәсілдерінің түрлері:
• ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
• мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
• оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
• жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару
тәсілдері.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің жүзеге асуына көмектеседі.Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, станоктар, оқу кабинеттері, зертханалар, ЭЕМ және ТВ, нақты объектілер, өндіріс, құрылыс.
Оқушының білім алу көздеріне қарай оқыту әдістері былайша жіктеледі:
а) сөздік әдіс (білім негізінде ауызша сөйлесу немесе басылым сөзі жатады);
б) көрнекілік әдіс (көрнекіліктер, бақыланатын, зерттелетін нәрселер құбылыстар);
в) практикалық әдіс (оқушылар практикалық жұмыстарды орындай отырып білім алады, біліктілігін арттырады);
Оқушылардың таным әрекеттері сипатына қарай ажыртылатын географияны оқыту әдістері: түсіндірмелі көрнекілік, репродуктивті, проблемалық баяндау, ішінара іздену және зерттеу. Әрбір әдістің міндеті оқытушы мен оқушылардың іс әрекеттері, географияны оқыту процесінде қолдану мүмкіндігі.
Оқытудың түсіндірмелі көрнекілік әдісі – оқшылардың білім алуын ұйымдастыру. Әдістің басты бағыты оқушының ақпаратты оқу құралдарын хабарлау арқылы игеруін ұйымдастыру және жақсы қабылдауын қамтамасыз ету. Мұндағы оқушының іс әрекеті берілген ақпаратты қабылдауға, оймен және есте сақтауға негізделген.
Репродуктивті әдістің басты бағыты — алған білімді қолдану мен пайдалнуды білу және дағдыны қалыптастыру. Оқушының әрекеті әртүрлі тапсырмаларды шешуде олардың белгілі бір жаттығуларды орындау амалдарына ие болуға, практикалық іс әрекетке алгоритіиге сүйенуіне тура келеді.
Проблемалық әдістің мақсаты – меңгеретін оқу материалдарына әр түрлі мәселелер мен әдістер және олардың шешімдерін ашып көрсету. Оқушының әрекеті дайын ғылыми нәтижені ойлау мен еске сақтаумен, қабылдаумен қатар шектелмейді, сондай дәлелдеудің логикасын бақылау, оқушының ойлау әрекетіндегі қозғалысты бақылауға да бағытталады.
Ішінара іздену әдісінің негізгі бағыты – оқушының үнемі дайындық үстіндегі мәселені өзіндік қою және мәселені шешуі. Оқушының әрекеті проблеманы қою және шешу жолын табуды меңгеру барысында оқушы белсенді қатысады.
Зерттеушілік әдіс – ғылыми таным әдістерімен қамтамасыз ету, оқушылардың шығармашылық әрекетін дамыту және шығармашылық әрекетті ойдағыдай қамтамасыз ету, епті пайдалынатын білімнің тұрақталуын үйрету. Оқушының әрекеті олардың өз бетімен мәселе қойып, оны шешу тәсілін табумен аяқталады.
"Оқыту технологиясы ”ұғымы педагогикада және жеке әдiстемеде әсiресе соңғы уақытта кең таралып отыр. Байқауымызша, бұл ұғымның педагогикада пайда болуы техногендiк өркениеттiң дамуымен байланысты және ХХ ғасырдың басындағы Еуропаның елдерi мен АҚШ–та "технология” ұғымының өзi де, оған байланысты мәселелер де арнайы зерттеулерге арқау бола бастаған кезге жатады. ХХ ғасырларда педология шеңберiнде "педагогикалық технология” терминi туындады. Осы кезеңде педагогикалық техника ұғымы да кеңiнен қолдалынады. "Педагогикалық технология” ұғымы рефлексология идеяларына негiзделген.
"Бiлiм берудегi технология” терминi оқытудың техникалық құралдарын (ОТҚ) қолдаумен техникалық құралдарын қолдану әдiстемесi мәселелерiн қарастыруда оқыту технологиясы (50-60 жж.), сондай-ақ педагогикалық технологиялар терминi қолданыла бастады. 60-жылдары педагогикалық технология қандай да бiр әдiстеменi, мысалы, бағдарламалық оқытуды ғылыми негiздей отырып қолданылуы тиiс деген түсiнiк қалыптасты. 70–жылдарға қарай педагогикалық тәсiлi туындады. Педагогикалық әдiстер технологиясы, яғни, оқу процесiн өзiн немесе оқытуды құру технологиясы пайда болды. Осы бағыттың тұңғыш перзентi және педагогикалық технологиялардың салынатын iргетасы бағдарламалық оқыту болды. Оған тән сипат – оқу мақсаттарын нақтылап алып, соларға бөлiк-бөлiгiмен бiрiздiлiкпен жету. Бұл сипаттамада оқыту технологиясының арқауы мектептегi оқыту жүйелерiн құрастыру болып табылады.
70 – жылдары жүйелiлiк тәсiлдiң дамуына байланысты педагогикада педагогикалық технологиялар нақты белгiленген мақсаттарға сай оқу процесiн басқаруға бағытталған дидактикалық мiндеттердi шешуi тиiс деген идея қолданыс тапты. Бұл бағыттың мәнi мектеп жұмысының толық басқарымдылығы идеясында жатыр.
70-80 жылдары оқыту технологиясы және оқу процесiнiң технологиясы терминi пайда бола бастады. Кейiнiрек педагогикалық технология терминi көбiнде оқыту технологиясы терминiмен теңестiрiлдi.
Кеңiнен қолданылатын "оқыту технологиясы”, "бiлiм беру технологисы”, "оқу процесiнiң технологиясы”, терминдерi ақыр аяғында оқу–тәрбие процесiн ұйымдастыру және басқару дегенге келiп саяды.
Қазіргі заман ғылыми және ақпараттық технологиялар заманы. ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет. Уақыт өткен сайын ақпараттардың таралуы да арта түсуде. Осыған орай адамзат баласы оның соңынан ілесіп келе жатыр. Кейінгі кезде ақпараттар көлемінің артуы мен компьютерлік технологиялардың жылдам дамуына байланысты компьютерлік технологиялармен оқытуды белсенді түрде дамытып келеді. Компьютерлік техниканы барлық қызмет ету саласына енгізу жоғары кәсіптік деңгейлі мамандарды дайындау үшін жаңа талаптар қойып отыр, соның нәтижесінде бұрыннан қалыптасқан оқытудың әдістері мен тәсілдері біртіндеп қазіргі заманғы ғылымның қолы жеткен жоғары технологияларды қолданып оқытатын прогрессивті тәсілдерімен ығыстырылып келеді.
Ақпараттық - коммуникациялық технология электронды есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электронды оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Оқу - ағарту жұмысына келетін болсақ, оқытудың компьютерлік технологиясы информатика пәніне негізделген және компьютер көмегімен іске асырылатын оқу технологиясына негізделген. Оқу - білім ордаларында заманның ағымына байланысты білім беру әдісі де өзгеріске ұшырап отыр. Қазіргі кезде оқу жүйесін басқаруды автоматтандырудың әдістерін көлемді және қарқынды дамыту алға қойылған.
"Педагогикалық технологиясы” терминдерiнiң өзара байланысына келсек:
1.Педагогикалық технологияда педагогикалық жүйесiнiң жобасы ретiнде объектiлердi, процестердi және олардың өзара әрекет ету жағдайларын ажыратады, яғни, педагогикалық технология кең мағынасында бүкiл бiлiм беру жүйесiнiң тұжырымдамасын, стратегиясын бiлдiредi.
2.Оқу процесi технологиясының ерекшелiгi мұнда қойылған мақсаттарға жетуге кепiлдiк бере алатын оқу процесi құрылады. Оқу процесi технологиясын түсiнудiң бiрден бiр кiлтi бiрiздiлiкпен айқын белгiленген мақсаттарға бағытталу болып табылады;
- Оқушының iшкi интелектуалдық, эмоционалдық, тұлғалық даму процестерi арқылы мақсаттарды анықтау;
- Оқытылатын мазмұн арқылы мақсаттарды анықтау;
- Оқушылардың оқу қызметi арқылы мақсаттарды анықтау;
- Мұғалiм қызметi арқылы мақсаттарды анықтау.
Мұндай тәсiлде "қалай оқыту керек?” сауалы бiрiншi қатарға шығып, педагог оқу материалын емес, оқушы мен оның оқу қызметiн басты назарда ұстайды.
3.Оқыту технологиясы – бұл оқытушылар мен оқушылардың қызметiн құру. Мұнда оқушылардың өнiмдi қызметiн ұйымдастыруға мүкiндiк беретiн оқыту жағдайларына (нысандарына, әдiстерiне, тәсiлдерiне, құралдарына) басымдық берiледi.
Соңғы жылдары педагогикалық технологиялар ұғымы оқу–тәрбие жүйесiн басқару және жобалау құралдары мен процестерiнiң: оның мақсаттары мен мiндеттерiнiң, мазмұнының, әдiс–тәсiлдерiнiң жиынтығы ретiнде түсiнiледi.
Кең таралғандығы мен негiздiлiгiнде, бiлiм беру тарихындағы айқын белгiленген мәнi орнына қарамастан, осы ұғымның мазмұнын ашу, оның көлемi үнемi талдану үстiнде және бүгiнгi күнге дейiн оның бiрiңғай түсiнiктемесе жоқ. Педагогикалық сөздікте мынадай анықтама берiлген: "Педагогикалық техника – оқу сабақтарын айқын да тиiмдi ұйымдастыруға бағытталған тәсiлдер мен құралдар жиынтығы”.
Майкл Кларк бiлiм беруде технология жаңа нәрсе емес, ол тек оқытудың жаңа жолдары ашылған кездерде ғана қызықтырады деп атап көрсетедi де, одан әрi педагогикалық технологияларға "бiлiм сапасын тексеруге болатын бақылау жүйесi”, сондай-ақ "бiлiм, дағдыны бағалау әдiстерiн әзiрлеу” ретiнде анықтама бередi.
П.Буга мен В.Карпов оқыту технологиясы дегенiмiз ғылыми ұйымдастырылған бiлiмдi практикалық тапсырмаларды орындауда жүйелi түрде iс жүзiнде қолдану деп түсiндiредi және оқыту технологияларын оқытудың әртүрлi әдiстерiн қолданудың ғылыми негiзi ретiнде анықтайды.
Жапон педагог ғылымы Т.Сакамотоның сипаттауынша, өз мәнi бойынша педагогикалық технология барлық басқарылатын компоненттер:
1. Бiлу, түсiндiру, пайдалану, бағалау, түсiну, қолдану, жасау, атап көрсету және т.б.
2. Қайта құру, болжау, сауал, қою, қайта ұйымдастыру, топтастыру, жүйелеу, жеңiлдету және т.б.
3. Белгiлеу, қорытынды жасау, мәнерлеп оқу, айту және т.б.
4. Пiкiрiн айту, қолдау, ынтымақтаса қызмет ету және т.б.
Оқу процесiнің мақсаттарын нақтылау (Б.Блум таксономиясы негiзiнде) технологиясының қисынды қорытындысы педагог қызметiнiң күнтiзбелiк – тақырыптық және күнделiктi сабақ жоспары түрiнде көрiнiс табады.
Білім берудегі қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен жаңа білім беру парадигмасы іске асатын құрал ретінде қарастырылады. Білім беру технологияларының даму тенденциялары тұлғаның өзін-өзі тануына және өзін-өзі дамуына мүмкіндік беретін гуманитарлық білім берумен тікелей байланысты."Білім беру технологиялары", "педагогикалық технология" терминімен қатар ''оқыту технологиялары” термині қолданылады. Оның біріншісі көлемді болып келеді. Өйткені, білім беру технологиясында оқушының, үйренушінің тұлғалық сапасын дамыту және құрумен байланысты болатын тәрбиелік аспекті бар.
“Оқыту технологиясы – белгіленген мақсатқа нәтижелі қол жеткізуді қамтамасыз етуде оқытудың формасы, әдістері мен құралдарын ашып көрсетіп, оқу бағдарламасында белгіленген оқытудың мазмұны жүзеге асырылады”, – деп С.Әбенбаев айта келіп, оның құрылымын төмендегідей етіп көрсетеді :
- оқытудың мақсаты;
- білім берудің мазмұны;
- педагогикалық өзара әрекеттестіктің құралы (оқыту және мотивация), оқыту процесін ұйымдастыру;
- оқушы, оқытушы;
- әрекеттің нәтижесі (сонымен бірге кәсіптік даярлықтың деңгейі).
Сонымен қатар, С.Әбенбаев нақтылы педагогикалық процесті талдап жүзеге асыруды “... оқыту технологиясын жобалау процесі деп атауға болады” деп айта келіп, оның құрылымын төмендегідей анықтайды:
оқу жоспары және бағдарламасына сай оқытудың мазмұнын таңдау;
оқытушы бағдарлай алатын оқытудың басымды мақсатын таңдау, яғни жобалау барысында білім алушыларда қандай кәсіптік және тұлғалық сапа қалыптасады, міне соны анықтау;
мақсаттарға немесе басымды бір мақсатқа негізделіп оқыту технологиясын таңдау;
оқыту технологиясын талдап жасау.
Педагогикалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес білім берудің қазіргі заманғы технологиясының нұсқауы, төмендегі принциптердің қатысуымен жасалуы тиістігі анықталуда:
-дидактикалық жүйені көрсететін технологияның бүтіндік принципі;
-қойылған мақсатқа жету үшін нақты педагогикалық ортада технологияларды қайта өндіру принципі;
-сәйкес келетін педагогикалық жүйелердің өзін-өзі дайындау механизміне әсер ететін факторлардың приоритеті және педагогикалық құрылымдарының сызықтық емес принципі;
-оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына және оның танымдық қабілеттілігіне оқыту процесінің бейімделу принципі;
-біріктірілген білімдерді құру үшін оптимальді жағдай жасайтын оқу ақпараттарының потенциалды көп болу (артық болу) принципі.
Педагогикалық технологияның міндеттері:
- әр түрлі қызмет саласындағы іскерлік пен дағдылардың шыңдау, білімнің тереңдігін, беріктігін арттыру;
- мінез – құлықтағы әлеуметтік құнды әдеттер мен формаларды нығайту және арттыру;
- технологиялық құрал-саймандармен жұмыс істеуге үйрету;
- технологиялық ойлау дағдыларын дамыту;
- оқу міндеттері мен қоғамдық пайдалы еңбек ұйымдастыруда технологиялық тәртіпке сай нақты әдеттерді тәрбиелеу.
Педагогикалық технология әр түрлі жағдайлардағы нақты өзара іс-қимылдарды, жүйеленген, бағдарланған, оқыту және тәрбиелеу стандарттарына сай тәсілдер негізінде компьютер мен техникалық құралдар қолдану арқылы да ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің құрылымдарында оқытудың айқындалған көптеген технологияларын пайдаланып жатқандығы белгілі. Болашақ маманға тәжірибе беруде ақпаратпен жұмыс істеу әдістеріне, жаңа білімдерді құру әдістеріне, ең маңыздысы - әлемнің дамуы туралы білімдердің қажетті деңгейін қалыптастыратын әдістерге үйрету. Сондықтан әрбір оқытушыға және оқушыға "оқыту" мен "үйрену" процестерін игеру үшін 3 тілді меңгеруі қажет: ана тілін, ғылым тілін және технология тілін. Сонымен технология көмегімен білімдерді, іскерлікті, дағдыларды игеру процесінде тұлғалық қасиеттің дамуында нәтижелі шешімге жету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. "Педагогикалық технология" оның ішінде "оқыту технологиясы" ұғымын анықтауда, басым көпшілік мамандар оларды үш маңызды жағдайлармен біріктіреді:
- іс-әрекетінің жиынтығы түріндегі қажет ететін үлгіні дәл анықтау негізінде оқытуды жоспарлау;
- оқытуды талап ететін әрекетті қалыптастыруды іріктеген қатаң тізбекті әрекеті түріндегі оқытудың барлық процесін "бағдарламалау".
- алғашқы белгіленген эталонмен оқытудың нәтижесін салыстыру. М.Чошанов оқыту технологиясы негізінен педагогикалық процестегі «Қалай нәтижелі етіп оқыту керек?» мәселесін шешуге бағытталатынын айтады. Оқыту технологиясы жөніндегі ой-пікірлерді саралай келе, біздер оны: біріншіден, оқытудың мақсатқа сәйкес нәтижесіне қол жеткізудегі нақты қадамдарды және олардың үйлесімділігін зерделейтін ғылым саласы; екіншіден, оқытудың нақты жағдайда нәтижелі жүзеге асырылуын белгілейтін жобалау немесе модельдеу; нақты оқыту процесін нәтижелі етіп оқытудағы процес деп білеміз.
Б.Қуанбаева өзінің зерттеуінде әдістемелік жүйені технологиялық негізде жетілдіруді төмендегідей дидактикалық талаптарының орындалу негізін белгілейді:
а) оқытудың мақсаты диагностикалық операционалды анықтаулы тиіс, яғни иерархиялық тізбек түрінде берілген мақсаттар таксономиясы құрылуы қажет;
ә) білім мазмұны мақсаттар таксономиясына сәйкес анықталып, оны анықтау принциптері ізгілендіру тұрғысында қайта қаралуы қажет;
б) оқытудың белсенді әдістерін басым түрде түрде пайдаланып, оқыту әдістерінің басты аспектілерін ескерілген үш деңгейлі моделі құрылып, кеңінен пайдалануы қажет;
в) оқытудың формасы оқушының жеке даму траекториясын, сондай-ақ педагогикалық жағдаяттарға сәйкес жеке, жұптық және топтық формалардың тиімді үйлесуін қамтамасыз ететіндей түрде жетілдіруі тиіс;
г) оқыту құралдарын жетілдіру компьютерлік техника мен ақпараттық технологияларды олардың дидактикалық мүмкіндіктері нақты анықталып, дәстүрлі құралдармен үйлесімді бірге пайдалануға бағытталуы қажет [2].
Жалпы "Педагогикалық технология" түсінігі қаншалықты қолданыста болғанымен, ол жөніндегі түсінік ұғыныңқы болмаған. Білім берудің қазіргі кездегі практикасында бұл ұғым стандартты емес ғылыми көріністерде ереже ретінде қолданылып, педагог жұмыстарының өндірілген әдіс-тәсілдерін, құралдарын білдіреді. В.П.Беспалько технологияны түсіну үшін ең алдымен педагогикалық іс-әрекеттің өндірушілік белгісіне көңіл аудару қажеттігіне зейін аударады, әлеуметтік тұрғыдан бұл белгі, технологияның басқа белгілерінен оның жалпылық сипатымен байланыстылығын сипаттайды. Қазіргі білім беру технологияларын Г.К. Селевко технологияның классификациялық параметрлері тұрғысынан: қолдану деңгейі, негізгі дамыту факторы, меңгеру тұжырымы, жеке тұлғаның құрылымына бағдарлау, мазмұн сипаты, басқару типі, ұйымдастыру формалары, балаға ықпал ету тәсілдері, әдістердің басымдылығы, жетілдіру бағыттары, оқушылар категориялары бойынша нақтылап көрсетеді.
Ш.Т.Таубаева оқытудың қазіргі технологияларының аттарын атап көрсетіп, олардың мақсаттарын, тұжырымының және мазмұны мен әдістерінің ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді. Жұмыста педагог-ғалымның зерттеулері басшылыққа алынған.
Сонымен педагогикалық технологиялардан төмендегілерін бөле жарып көрсетуге болады:
- ойын арқылы оқыту технологиясы;
- проблемалық оқыту технологиясы;
- тірек сигналдары арқылы оқыту;
- деңгейлік саралап оқыту;
- міндетті нәтижелерге негізделген деңгейлік оқыту технологиясы;
- бағдарламалап оқыту технологиясы;
- оқытудың компьютерлік технологиясы;
- дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы;
- дамыта оқыту технологиясы;
- модульдік оқыту.
Сондай-ақ Қазақстандық ғалымдардың оқыту технологиялары белсенді түрде білім беру жүйесінде қолданылуда. Бұл технологиялардың өздеріне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, В.Ф.Шаталовтың тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясының ерекшелігі:
- үнемі қайталау;
- ірі блокпен оқыту, тіректі қолдану;
- жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал;
- ізгілік;
- зорлықсыз, еркімен оқыту;
- әр оқушының табысының жариялылығын түзетуге, өсуге, табысқа жетуге жағдай жасау;
- оқыту мен тәрбиелеуді біріктіру.
Сондай-ақ әрбір педагогикалық технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың негізгі қарастыратыны оқытуды нәтижелі ету.
Педагогикалық жүйедегі негізгі өзекті мәселе - оқушылардың, студенттердің ойлау қабілетін дамытып, өздігінен жұмыс істеуге баулу, өз ойын тұжырымдауға дағдыландыру болғандықтан сабақ барысында кеңінен деңгейлеп, дамыта оқытудың модульдік әдісін жиі пайдалану қолдау табуда.
Достарыңызбен бөлісу: |